Әлия Бөпежанова | өмірбаяны

0

Бөпежанова Әлия Қахарманқызы — әдебиет және театр сыншысы,  сарапшы, ҚР еңбек сіңірген қайраткері

 

Жамбыл облысы, Сарысу ауданы,  Саудакентте 1952 жылы 4 желтоқсанда дүниеге келді. Қазақ мемлекеттік Қыздар педагогикалық институтын, Әл-Фараби атындағы ҚазМУ аспирантурасын бітірді.

 

Еңбек жолын мұғалімдіктен бастап, республикалық «Қайнар», «Жалын» баспаларында (1976-1980),  «Қазақ әдебиеті» (1980-2001),«Алтын орда» (2001-2003) апталықтарында, «Хабар» (2001-2013) телеарнасында қызмет етті. М.Әуезов атындағы академиялық драма театрдың әдебиет бөлімінің меңгерушісі (1993-1998 және 2008 жылдан қазірге дейін).

 

«Өрнектер» (1991), «Дүние -имани құбылыс» (2001), «Өнер- жеке тәжірибе» (2007), «Мәдениет- жасампаз сана» (2008) сын жинақтарының, «Атырау облыстық драма театры» (2015) зерттеуінің, әдебиет, театр, кинодан он бестен аса кітап жобасының, баспасөзде жарық көрген жүздеген мақалалардың, бірнеше деректі сценарийдің  авторы.

 

А.Ким, И.Ракша, Азия жазушыларының прозасын; М.Әуезов театрында қойылған  Е.Замятиннің «Аттила», В.Смеховтың «Әлі баба…», А.Чеховтың «Апалы-сіңлілі үшеу», У.Шекспирдің «Отелло» (сахналық нұсқа), сондай-ақ Г.Томскийдің «Аттила мен Аэций», т.б. пьесаларды,  Д.Бидни, Б.Малиновский, И.Гердер, Леви-Стросс философиялық еңбектерiн («Мәдени-философиялық  антропология» 10 томдығында, 2005), басқа да көптеген мәдениеттанушылық-философиялық мәтіндерді аударған.

 

Т.Жүргенов атындағы Ұлттық Өнер академиясында «Қазіргі өнер сыны» атты авторлық бағдарламасын және арнайы курстар (2003-2015) оқыды.

 

Көптеген әдебиет, өнер байқауларының сарапшысы. Халықаралық және Республикалық театр фестивальдары Қазылар алқасының мүшесі; Халықаралық, республикалық семинарларда шеберлік сабақтарын өткізуші. Бірнеше журналдың редколлегия мүшесі. Қоғамдық қорлар сыйлықтарымен марапатталған.

 

Халықаралық «Алаш» әдеби (2003) және Ұлттық «Сахнагер» (2018) сыйлықтарының лауреаты. Қазақстан Журналистер Академиясының академигi (2001).

 

ҚР Президентiнiң Құрмет грамотасымен (1995), «Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығы» (2011),  «Қазақстан тәуелсіздігінің 25 жылдығы»  (2016)  медальдарымен марапатталған.  ҚР еңбек сіңірген қайраткері (2012).