Әлібек Файзуллаұлы — 1952 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы, Бәйдібек ауданының Ақбастау ауылында дүниеге келген. 1977 жылы Қазақ политехникалық институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша бітірген. Байжансай шахтасында кен мастері, учаске бастығы болып жұмыс істеді. 1980 жылы кеніштің кәсіподақ комитеті төрағалығына, 1985 жылы халық депутаттары поселкелік кеңесінің төрағалығына сайланды. 1987–1992 жж. республикалық «Кітап жаршысы» газетінің редакторы, «Ұлан» газеті бас редакторының орынбасары, 1992–1996 жж. Шымкент қалалық және Оңтүстік Қазақстан облыстық әкімшілігінің жауапты қызметкері, 1996–1997 жж. «Фемида» республикалық ғылыми-көпшілік заң журналы бас редакторының орынбасары болған. 1998 жылдан бастап «Қазақстан заңдары» (қазіргі «Заң») журналының бас редакторы, 2002 жылдан «Заң газеті» және «Заң» журналы бас редакторының бірінші орынбасары қызметтерін атқарған. 2004 жылдан ҚР Жоғарғы Соты жанындағы Сот академиясында, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында жауапты қызметтер атқаруда.
«Ескі сурет», «Екі алма», «Көрші үйдің жарығы», «Бақыт туралы сөз», «Қатыбезер», «Ең ұзақ түн», «Күміс кекілік», «Өрт», «Сынық бұтақ», «Ақмышым», «Арлан күшік», «Ақ көбелек», «Хайуанаттар патшалығы», «Үш тілек», «Кәрім Нұрбаев», «Қыз Жібек» атты прозалық кітаптардың авторы. «Тастанды» атты драмалық туындысы Ж.Шанин атындағы Оңтүстік Қазақстан облыстық сазды драма театрында сахналанған. «Үй таңдаған лақ», «Күміс кекілік» атты драмалары театрларда сахналанған.
Бірқатар дерекнамалық-танымдық, құқықнамалық кітаптар, әдістемелік құрал-жинақтар шығаруға қатысты. «Екі алма» кітабы мен «Күміс кекілік» драмасы өзбек тіліне аударылған. «Қыз Жібек» кітабы орыс тіліне тәржімаланған.
«Балауса» баспасының балалар мен жасөспірімдерге арналған жабық бәйгесінің, Халықаралық «Дарабоз», Республикалық «Астана-Бәйтерек» конкурстарының, Алматы қаласы әкімдігі, «Бөбек» ұлттық ғылым-практикалық білім беру және сауықтыру орталығы ұйымдастырған әдеби бәйгелердің жеңімпазы.
Қаралым саны: 61