Айзат Рақыш | өмірбаяны
Айзат Серікқызы РАҚЫШ — жазушы, ұстаз, ҚР Журналистер одағының мүшесі. Қаламгер 1983 жылы 23 қыркүйекте ШҚО Күршім ауданы Жиделі ауылында дүниеге келген. Жиделі орта мектебін тәмамдаған соң, 2002 жылы С. Аманжолов атындағы ШҚМУ-дың қазақ филологиясы факультетіне оқуға түседі. 2006 жылы оқуын аяқтап, 2007 жылы үлкен шығармашылық ортаны аңсап Алматы қаласына келеді. Сол жылдан бастап тілшілік, жазушылық жолға түседі. Алғашқы әңгімелері республикалық «Мұқағали» журналында, халықаралық «Қазақстан Заманы» газетінде жарық көрген.
Қаламгер 2015 жылы тұңғыш прозалық жинағын «Өлгендер қайтып келеді» атауымен оқырмандарына ұсынды. Бұл кітап үлкен қаламгерлер тарапынан оң бағасын алып, оқырмандарының жылы ықыласын туғызды. 2018 жылы сәуір айында автор өзінің екінші прозалық жинағының тұсауын кесіп, оқырмандарына «Мұз үстіндегі қызғалдақ» атауымен ұсынды. Сонымен қатар, Айзат Рақыш 100-ден астам мақалалардың авторы. Қоғамдағы көкейтесті мәселелерді жұртшылық назарына ұсына білу де қаламгердің қанына сіңген.
Кітаптары
- «Өлгендер қайтып келеді» прозалық жинақ
- «Мұз үстіндегі қызғалдақ» әңгімелер мен хикаяттар жинағы
Мақалалар
- «Айзат айшықтары» Шерияздан Елеукенов, «Қазақ әдебиеті» газеті, 2016 жыл, №41-42
- «Тегеурінді .ойдың иесі» Зүбәйдә Сахиқызы, «Қазақ әдебиеті» газеті, №21, 8-14 маусым