Айтмұхамбет Қасымов | өмірбаяны
Айтмұхамбет Қасымов 1950 жылы 29 маусымда Шығыс Қазақстан облысы, Ұлан ауданының Аюды ауылында туған.
1965 жылы жоғарғы Тайынты сегізжылдық мектебін, 1967 жылы Өскемендегі Жамбыл атындағы мектеп-интернатты бітірген.
1973 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін бітіріп, Большенарым (қазіргі Қатонқарағай) ауданындағы Парамоновка, Алыбай мектептерінде мұғалім, директордың орынбасары, мектеп директоры болып қызмет істеген.
1977 жылғы қыркүйектен бастап облыстық «Коммунизм туы» газетінде (қазір «Дидар») әдеби қызметкер, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, 1997 жылдан бері Бас редактордың орынбасары болып еңбек етті. 2009 жылғы ақпан айынан осы газеттің Бас редакторы қызметін атқаруда.
«Алтайдан ұшқан ақиық» (1999), «Арулар әлемі» (2000), «Үміт патшалығына саяхат» (2003), «Қызыл қырғынның құрбаны» (2004), «Қазақ халқының тұңғыш әскери ұшқышы Жақыпбек Малдыбаев» (2007) атты бес деректі-көркем кітаптың және «Дидар» газетінің 75 жылдық тарихын баяндайтын «Тарихи жол» (2006) атты ғылыми-зерттеу еңбегінің авторы.
Қазақстан Респубикасының Мәдениет және ақпарат министрлігінің «Мәдениет қайраткері» белгісімен (2006), «Астанаға – 10 жыл» медалімен, 2008 жылы «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталған.