Айгүл Кемелбаева | өмірбаяны
Айгүл Кемелбаева 1965 жылы 21 наурызда Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы, Құндызды ауылында туған. 1984–1987 жж. ҚазМУ-дің журналистика факультетінде оқыған. 1989–1994 жж. Мәскеудегі М.Горький атындағы Әдебиет институтының негізгі (проза) бөлімін бітірді.
Республикалық «Абай» журналының ғылыми қызметкері. «Жетінші құрлыққа саяхат» атты балаларға арналған повесть және «Тобылғысай», «Мұнара» атты әңгімелер жинағының авторы. Республикалық баспасөзде 100 шақты әдеби-зерттеу мақалалары, эсселері, аудармалары жарияланған.
1983 жылы «Жалын» баспасының республикалық жабық конкурсында балалар әдебиетіне арналған ІІ жүлдені, 1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдық мерейтойы құрметіне жарияланған шығармашылық конкурста ІІІ орынды иеленді. Жастар одағы мен Журналистер одағының Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының лауреаты (1998). Сорос-Қазақстан –Дебют конкурсының лауреаты. Сорос Қазақстан қорының «Қазіргі заманғы қазақстандық роман» атты конкурсының жеңімпазы (2000). Бірнеше дүркін республикалық, халықаралық бәйгелердің жеңімпазы болған.