Ахметжан Талаптан | өмірбаяны

0

Ахметжан Талаптан (1961–2009) — 16 желтоқсанда Шығыс Қазақстан облысы, Күршім ауданы, Теректібұлақ ауылында туған. 

1977 жылы Теректібұлақ орта мектебінің 8 сыныбын өте жақсы бітіріп, Өскемен қаласындағы Жамбыл атындағы мектепинтернатқа ауысады. 

1979 жылы мектепинтернатты бітіріп, Өскемен құрылысжол институтына оқуға түседі. 

1985 жылы институтты бітіріп, құрылыста мастер, Шығыс Қазақстан облыстық телерадио комитетінде редактор, республикалық «Қазақ әдебиеті» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, Қазақстан Республикасының Баспасөз және бұқаралық ақпарат министрлігінде Бас маман, «Егемен Қазақстан» газетінде бөлім редакторы, «Парасат» журналында Бас редактордың орынбасары, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы Төрағасының орынбасары, «Ан Арыс» баспасының Бас редакторы қызметтерін атқарған.

Қазақстан шығармашылық жастарының Республикалық «Жігер» фестивалінің (баспасөзде жарияланған әңгімелері үшін, 1988), Қазақстан Жазушылар одағының Оралхан Бөкей атындағы сыйлығының (жазушы жайлы жазған естеліктері мен сын мақалалары үшін, 1995), Қазақстан Жастар одағы сыйлығының («Тұма» атты тырнақалды кітабы үшін, 1996), Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының («О дүниенің қонағы» атты кітабы үшін, 2002), Халықаралық Валентин Пикуль атындағы сыйлықтың (шығармашылықтағы жетістіктері мен халықаралық әдеби байланысқа сіңірген еңбегі үшін, 2008 ) лауреаты. 

«Тұма» («Жалын» 1995 ж.), «Сұлу мен суретші» («Білім» 1997 ж.), «О дүниенің қонағы» («Елорда» 

2001 ж.), «Ақиқат жолы» («Қазақпарат» 2003 ж.), «Мұң» («Қазақапарат» 2003 ж.) атты прозалық кітаптары, Таңдамалы шығармаларының үш томдығы («Жалын» 2006, 2007, 2008 ж.ж.) жарық көрген. 

Драмалық шығармалары республикалық театр сахналарында қойылуда. «Қараторғай» атты спектаклі он шақты жылдан бері Батыс Қазақстан облыстық театрының сахнасында қойылып келеді. Алматыдағы Ғ.Мүсірепов атындағы академиялық Жастар мен балалар театрында «Екі жүрек», «Тазша бала», М.Әуезов атындағы академиялық драма театрында «Сұлу мен суретші», Жамбыл атындағы Шығыс Қазақстан облыстық драма театрында «Қараторғай» атты спектакльдері жүріп жатыр. Республикалық басылымдарда бұл спектакльдер жайлы жылы лебіздер көп жарияланды.

2005 жылы Түркияның Стамбул қаласында өткен Халықаралық Жазушылар форумына, 2007 жылы мамыр айында «ДиалогЕвразия» платформасы ұйымдастырған Украинаның Киев қаласында өткен Халықаралық конгреске, қараша айында Мәскеу қаласында өткен Халықаралық Жазушылар конгресіне қатысқан. 

Шығармалары орыс, түрік, корей тілдеріне аударылды.