Адырбек Сопыбеков | өмірбаяны

0

Адырбек Сопыбеков 1937 жылы 5 мамырда Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Кеңес ауылында дүниеге келген. 

Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетін және Алматыдағы Жоғары партия мектебінің журналистика бөлімін бітірген. 

1961–1965 жж. Жаңақорған аудандық «Екпінді» газетінде жауапты хатшы, аудандық партия комитеті хатшысының көмекшісі, Шиелі аудандық партия комитетінің нұсқаушысы, аудандық «Өскен өңір» газеті редакторының орынбасары болып қызмет істеген. 1967–1985 жж. Қызылорда облыстық «Ленин жолы» (қазіргі «Сыр бойы») газетінде әдеби қызметкер, Жаңақорған аудандық «Коммунизм жолы» (қазіргі «Жаңақорған тынысы») газетінің редакторы, Жаңақорған аудандық партия комитеті саяси ағарту кабинетінің меңгерушісі, «Кітап» қоғамы аудандық ұйымының жауапты хатшысы қызметтерін атқарады. 1985 жылдан аудандық мәдениет бөлімі жанындағы Қазақстан Халық ақыны М.Көкеновтың шығармашылық өнер мектебінің ғылыми-әдістемелік кеңесінің төрағасы, 1990 жылдан осы өнер мектебінің директоры болып қызмет атқарып келеді. Бір топ өлеңдері «Қазақ балалар поэзиясының антологиясына» (1977), «Антология казахской детской поэзии» (1983) және «Қазіргі қазақ балалар поэзиясының антологиясына» (1992) енген. Өлеңдері орыс, беларус, өзбек тілдеріне аударылған. Біраз өлеңдері бастауыш мектеп оқулықтарына енген.

КСРО Жазушылар одағының Құрмет грамотасымен (1989), Қазақстан Журналистер одағының Құрмет грамотасымен (1983), Қазақстан ЛКЖО Орталық комитетінің Құрмет грамотасымен (1991), Қазақстан Республикасы Білім, мәдениет және денсаулық сақтау министрлігінің Құрмет грамотасымен (1997), Қызылорда облыстық Мәслихатының Грамотасымен (1996) марапатталған. «Еңбек ардагері», «Еңбектегі жетістіктері үшін» және «Қазақстан Тәуелсіздігінің 10 жылдығы» медальдарының иегері. Жаңақорған кентінің Құрметті азаматы (1987), Қазақстанның Құрметті журналисі (2008). 

Шығармалары: Көзілдірік. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1966; Айға сапар. Фантастикалық поэма. А., «Жазушы», 1967; Шешілген жұмбақ. Суретті кітапша. А., «Жазушы», 1969; Кім қалай ұйықтайды. Өлеңдер мен аңыздар. А., «Жазушы», 1973; Көктем жыры. Өлеңдер. А., «Жалын», 1976; Базарлық. Өлеңдер. А., «Жалын», 1981; Полет на Луну. Стихи и фантастическая поэма. А., «Балауса», 1992; Айналайын. Өлеңдер мен дастандар. А., «Жазушы», 1997; Жаңарған Жаңақорған. Тарихнама. А., «Әл-Фараби», 1998; Күншуақ. Өлеңдер мен поэмалар. «Сөздік-словарь», 2001; Манаптың бір өзі – бір театр. Әдеби зерттеу. А., «Құс жолы», 2004; Ақбаян. Поэма. Шымкент, «Кітап», 2006; Сағынтып кеткен Бексұлтан. Естеліктер. Ш., «Кітап», 2006; Хорасан Ата. Бәйтерек. Поэмалар. Ш., «Кітап», 2007; Хорасан Ата. Тарихи поэма. А., «Білім» 2007; Өнерім сіздерге. Өлеңдер, поэмалар. Балладалар, зерттеулер. А., «Дәуір», 2007; Жүрегі жырдан жаралған. Халық ақыны М.Көкенов туралы естеліктер. Ш., «Кітап», 2008; Жаңақорған. Тарихнама. Ш., «Кітап», 2008; Дөңгеленген дүние. Таңдамалы. Астана. «Фолиант», 2008.