Әділбек Ыбырайымұлы | өмірбаяны

0

Әділбек Ыбырайымұлы Алпысбай 1965 жылы 18 сәуірде Алматы облысы, Ақсу ауданы, Қызылағаш ауылында туған. І. Жансүгіров атындағы орта мектепті бітірген.

 

Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетін, Қазақ мемлекеттік заң университетін заң тану мамандығы бойынша бітірген. Мәскеу қаласында «Корпоративтік мәдениетке диагностика жасау және оны қалыптастыру РR-технологиясы» (2003ж.) және Лондонның PR мектебі (2004ж.) курстарын аяқтаған.

 

1990 жылы «Лениншіл жас» («Жас Алаш») газетіне жұмысқа тұрады. 1994 жылы «Матай» инвестициялық жекешелендіру қоры басқармасының орынбасары, 1996 жылы «Заман-Қазақстан» («Қазақстан-Заман») газеті бас редакторының бірінші орынбасары қызметтерін атқарады.

 

1998-2009 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігі Ақпараттық талдау және жоспарлау басқармасының екінші хатшысы, бірінші хатшысы, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің баспасөз хатшысы болған. Кейін мемлекеттік мұнай тасымалдау компаниясы – «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамында менеджер, бас менеджер, «Мұнайлы ел» журналының бас редакторы, «Астана қ. телевизиясы» жаңалықтар қызметінің продюсері, «Рауан» баспа үйінің бас директоры, «Нұр Астана» газетінің бас редакторы, «Астана қ. телевизиясының» бас редакторы қызметін атқарды. Одан соң Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінде Бақылау және құжаттамалық қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары лауазымына бекітілді.

 

2009 жылдан бүгінгі күнге дейін Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің инспекторы.

 

Қазақстан Жастар одағы мен Журналистер одағының бірлесіп, журналистика саласындағы тағайындаған Баубек Бұлқышев атындағы сыйлығының иегері (1992ж.). Сондай-ақ, әдебиет пен мәдениетке берілетін Қазақстан Жастар одағы сыйлығының (1997ж.), Халықаралық «Алаш» (2012ж.), «Дарабоз» (2015ж.) әдеби сыйлықтарының лауреаты. Қазақ хандығының 550 жылдығына орай өткізілген «Алаш тарихының ақиқаты» атты республикалық бәйгесінің жүлдегері, Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Азаттық аясында» атты республикалық жыр бәйгесінің бірінші орын иегері.

 

«Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен марапатталған. Алматы облысы Ақсу ауданының құрметті азаматы.

 

Шығармалары: Мерейлі мекен. Ұжымдық өлеңдер жинағы. А., «Жалын», 1992; Жігіттің үш жұрты. Ұжымдық проза жинағы. А., «Қайнар», 1994; Пір мен пырақ. Жыр мен дастан жинағы. А., «Шартарап», 1996; Көктемсіз жыл. Жыр жинағы. А., «Шартарап», 1997; Адам-айуан. Роман. А., «Жазушы», 1999; Ақкекіл. Хикаят пен әңгімелер. А., «Сөздік-Словарь», 2001; Ұяластар. Роман. Аст. «Фолиант», 2005; Сана. Өлшем. Ақиқат публицистикалық кітабы. Аст. «Фолиант», 2007; Сүмбіле шуағы. Жыр жинағы. А., «Қазығұрт», 2011; Зауқайыр. Роман-триллер. А., «Баянжүрек», 2014; Ақ тамақ қарлығаштар. Жыр жинағы. А., «Баянжүрек», 2015; Мизам көк. Хикаяттар мен әңгімелер. Аст. «Фолиант», 2015.