Әділбек Абайділданов | өмірбаяны

0

Әділбек Абайділданов (1932–1984) — 18 наурызда Алматы облысы Ақсу ауданындағы Бақалы ауылында (қазіргі Сарқант ауданы) шаруа отбасында туған. 1950 жылы Лепсі педучилищесін бітіргеннен кейін Ақсу ауданының «Октябрь» жетіжылдық мектебінде мұғалім болған. 1956 жылы Қазақтың мемлекеттік университетінің филология факультетін бітірген. Университет қабырғасында жүргенде алғашқы өлеңдері республикалық баспасөз беттерінде жарық көрген ақын сол кездеақ газет жұмысына араласқан. 1956–1959 жж. Талдықорған облыстық «Советтік Жетісу» газетінде, кейін Алматы облыстық «Жетісу» және «Қазақ әдебиеті» газеттерінің редакцияларында қызмет істеген.

Ә.Абайділданов аударма жұмысымен де шұғылданған. Лермонтов, Блок, Иван Франко шығармаларын, орыс кеңес поэзиясының антологиясын аударуға қатысты. 1969 жылы «Жазушы» баспасынан шыққан «Латын Америкасының ақындары» жинағынан Чилидің ХХ ғасырдағы әйгілі тұлғалары Габриэла Мистраль мен Павло Неруданың өлеңдерін, 1976 жылы «Өнегелі адамдар өмірі» (ЖЗЛ) сериясымен жарық көрген «Николай Островский» атты кітапты (авторы Раиса Островская) аударды.

Шығармалары: Ақ қайың. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1961; Салтанат. Өлеңдер. А., ҚМКӘБ, 1964; Қыран. Поэма. А., «Жазушы», 1966; Алыс көкжиек. Өлеңдер мен поэма. А., «Жазушы», 1968; Сокол. Стихи и поэма. А., «Жазушы», 1969; Маржан. Өлеңдер мен поэма; Прометейдің аспанға қарап айтқаны. Поэмалар. «Ана тілі», 2003.