Әдібай Табылды | өмірбаяны

0
571

Әдібай Табылды 1926 жылы 2 қаңтарда Жамбыл облысы, Тұрар Рысқұлов ауданы «Жаңа тұрмыс» ауылында дүниеге келген.

1944–1968 жж. ауыл мектептерінде пионер вожатый, оқытушы, оқу ісінің меңгерушісі (1944–1950), мектеп директоры (1950–1957), 1969–1980 жылдары «Қазақ совет энциклопедиясының» Бас редакциясында педагогика, тіл-әдебиет редакцияларының меңгерушісі, 1980 жылдан бері ҚазМҰУ-де жалпыпедагогика және этностық педагогика кафедрасында этнопедагогика, педагогика және оқыту-тәрбиелеу әдістемелері бойынша дәріс беріп келеді.

1959 жылы жарық көрген «Бөбекке сөз» кітабынан бастап 2001 жылғы «Қайырлы таң, балалар» атты таңдамалы жинағына дейін балаларға арналған 31 кітап шығарды. Үлкендерге арналған: «Ана – жүрек», «Жырлайды жүрек», «Қой бағу оңай ма?», «Мен кіммін, білесің бе?», «Жыр өмір» кітаптары жарық көрді. «Алыптардың алыбы», «Бәрекелді, Кірпі», «Ғажайып бақ», «Тентек балапан», «Абайлаңдар» сияқты ертегі пьесалары республикалық қуыршақ театрында (1969–1988) қойылды. «Ұлттық тәрбие иірімдері» (2001), «Қазақ этнопедагогикасы» (2001), «Қазақ этнопедагогикасын оқытудың әдістемесі», «Қазақ этнопедагогикасындағы құқық тәрбиесі» атты оқу құралдары шыққан. «Әдеп әліппесі» (1997) атты оқу құралы қазақ мектептерінде жеке пән ретінде, тәрбие құралы ретінде кеңінен пайдаланылады. Ғалымның «Халық тағылымы», «Тағылым», «Қазақ этнопедагогикасының методологиясы мен мәдениеттану мәселелері» (2000), т.б. ғылыми-монографиялық еңбектерін жоғары мектеп оқытушылары оқу-тәрбие ісіне пайдаланып жүр.

Ы.Алтынсарин атындағы сыйлықтың иегері болды (2001). Қазақ КСР және КСРО оқу ісінің озаты, бірнеше медальдар мен Құрмет Грамоталарының иегері.