Әбулақап Райымбеков | өмірбаяны

0

Әбулақап Райымбеков 1923 жылы 15 желтоқсанда Жезқазған облысының Ұлытау ауданындағы «Ұлытау» кеңшарында туған. 1939–1941 жж. Қарсақбай аудандық мемлекеттік банк бухгалтері, 1941–1948 жж. Жезқазған аудандық «Қызыл кенші» газетінің әдеби қызметкері, жауапты хатшысы, редактордың орынбасары болады.

1940 жылы облыстық газетте «Есембектің әңгімесі» деген тұңғыш очеркін жариялаған. 1948–1951 жж. – республикалық «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас алаш») газетінің әдеби қызметкері, 1952 жылы Жезқазған кенішінде шахта жұмысшысы болып істейді. 1958 жылы Алматыдағы Қазақ мемлекеттік университетінің филология факультетінің журналистика бөлімін бітіреді. Ұлытау ауданының «Шеңбер» совхозында, Жезқазған кенішіндегі орыс орта мектебінде, кәсіптік училищеде қазақ тілі мен әдебиеті пәндерінен сабақ береді. 1963 жылы ҚазМУ-дің аспирантурасына түсіп, 1966 жылы кандидаттық диссертация қорғайды.


Ташкенттің Низами атындағы пединституты қазақ тілі мен әдебиеті бөлімінде ұстаз, Қазақ КСР Ғылым академиясының М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының ғылыми қызметкері, Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетінің доценті болды.

Қазір зейнетте.

Шығармалары: Жез қазғандар. Өлеңдер мен поэмалар. А., ҚМКӘБ, 1961; Тау ұлы. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1963; Жездария. Өлеңдер, поэма. А., «Жазушы», 1969; Қазақ поэзиясындағы жұмысшы бейнесі. Монография. А., «Жазушы», 1971; Құрыш білек. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1975; Жұмысшы мәртебесі. Монография. А., «Жазушы», 1980; Құштар көңіл. Өлеңдер. А., «Жазушы», 1983.