Әбен Сатыбалдиев | өмірбаяны

0

Әбен Сатыбалдиев (1914–1974) 31 желтоқсанда Жамбыл облысының Мойынқұм ауылында туған.

1934 жылға дейін Шымкенттегі облыстық «Заготзерно» кеңсесінде инспектор болып істеген. 1937 жылы Алматыдағы Мемлекеттік Банктің экономика-есеп техникумын бітірген соң, 1939 жылға дейін Мемлекеттік Банктің Шымкент облыстық кеңсесінде экономист болып қызмет атқарған. 1939 жылы облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінің редакциясына қызметке ауысқан. Әуелі әдеби қызметкер, сонан соң түрлі бөлімдерде меңгеруші, 1945–1955 жж. республикалық «Социалистік Қазақстан» (қазіргі «Егемен Қазақстан») газетінің Оңтүстік Қазақстан облысындағы тілшісі, одан кейін аударма бөлімін, әдебиет және өнер бөлімін басқарған. ҚазМУ-дің филология факультетін сырттай оқып бітірген (1955). 1956–1960 жж. республикалық баспасөз органдарында түрлі басшы қызметтерде болған. Сатиралық «Ара» («Шмель») журналының жауапты хатшысы қызметін атқарды. «Жұлдыз» журналы бас редакторының орынбасары, «Қазақ әдебиеті» газетінің жауапты редакторы болып істеген.

1961–1968 жж. Қазақ КСР Ғылым академиясы жанындағы Тіл білімі институтында әуелі кіші ғылыми қызметкер, кейіннен (1964 жылдан) аға ғылыми қызметкер болған.

1964 жылы «Қазақ әдебиетіндегі аударма мәдениетінің дамуы» деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғаған. 1968 жылдан өмірінің ақырына дейін Қазақ совет энциклопедиясы Бас редакторының бірінші орынбасары болып қызмет атқарды.

Б.Полевойдың «Нағыз адам туралы аңыз», Е.Мальцевтің «Шын жүректен», Ф.Глатковтың «Балалық шақ туралы әңгіме», И.Гончаровтың «Жар» романдарын аударған.

Шығармалары: Ақмарал. Повестер мен әңгімелер. А., ҚМКӘБ, 1960; Рухани қазына. Аударма проблемалары жайында. А., «Жазушы», 1965; Беласқан. Роман, әңгімелер. А., «Жазушы», 1979.