Әбдірахман Айсарин | өмірбаяны

0

Әбдірахман Айсарин  (1898–1938) Бұрынғы Ақмола губерниясы, Петропавл уезі, Аққусақ болысы, Шоға ауылында туған. Жазушы, публицист. 

1916–1918 жж. Троицк қаласындағы «Уазифа» медресесінде оқып, ол жабылып қалған соң, ауыл мұғалімдерінің курсын бітірген (1919). 

1919–1921 жж. Орынборда шығып тұрған «Ұшқын» және «Еңбек туы» газеттерінде әдеби қызметкер, 1921–1922 жж. Ә.Жанкелдиннің басқаруымен Орынбордан Семейге дейін Қазақстанның солтүстік облыстарын түгел аралаған «Қызыл керуеннің» хатшысы, 1922–1923 жж. Семей губерниялық комсомол комитетінде қызметкер, 1923–1926 жж. Петропавл уезінде халық соты, 1926–1932 жж. «Бостандық туы», «Кеңес ауылы», «Еңбекші қазақ» газеттерінде журналист, 1932–1937 жж. Қазақстан Жазушылар одағының Петропавл бөлімшесінің бастығы.1938 жылы жазықсыз жаза құрбаны болған, кейін ақталды. 

1919 жылдан шығармашылықпен айналыса бастайды. «Айжанның азабы», «Мәжен», «Той тарқар», «Бәсекелестер жиыны», «Жол айырығы», «Мырзалар», «Жүрек жұмбағы», т.б. әңгімелері, «Алма өз түбінен аулаққа түспейді» (1927–1928), «Көн құрысса, қалпына барады» (1928) атты повестері шыққан.