Әбдіғали Сариев | өмірбаяны

0

Әбдіғали Сариев (1900–1964) Алматы облысы, Жамбыл ауданы, Амангелді атындағы кеңшарда туған.

Сүйінбай, Жамбыл дәстүрінде тәлім алған. Ауыл мектебінде оқып сауатын ашқан. Ұзынқарғалы болысында комсомол ұйымының, Қаракестекте ауылдық кеңестің хатшысы болды, коллективтендіру, сауатсыздықты жою науқанына қатысты. Ауылдық жер бөлімінде, қамсыздандыру мекемесінде, есеп-қисап жұмыстарында істеді.
Өлеңдері алғаш 1924 жылы Жетісу облыстық «Тілші» газетінде жарияланды. Содан бастап қырық жыл бойы аудандық, облыстық газеттерден қол үзген жоқ. Халық ақындарының республикалық айтыстарына (1930,1943) қатысты. Өлең-жыр, толғау, дастандарын ауызекі шығарып, өзі қағазға түсіріп отырған («Қарасай», «Саурық», «Асу», «Алатау майданы», «Қойшы», «Капитан Гастелло» дастандары). «Капитан Гастелло» дастаны орыс тіліне аударылып, үнтаспаға жазылды. Өлеңдер жинағы 1951, 1976 жылдары жеке кітап болып шықты.

 

Қызыл Жұлдыз орденімен, «1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы кезіндегі қажырлы еңбегі үшін» медалімен, Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасымен марапатталды.