Абайдың өмірбаяны

0

Абай (Ибраһим) Құнан­байұлы қазақтың ұлы ақыны, ағартушысы, жазба қазақ әдебиетінің, қазақ әдеби тілінің негізін қалаушы, философ, композитор, аудармашы, саяси қайраткер, қазақ мәдениетін жаңартуды көздеген реформатор. 

1950 жылы Абайдың өмірбаяны атты  еңбек жазған Мұхтар Әуезов: Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс деген тауды жайлаған Тобықты руының ішінде, 1845 жылы туған. Абайдың өз әкесі Құнанбай, оның әкесі Өскембай, үшінші атасы Ырғызбай. Бұлардың барлығы да ру ішінде үлкен үстемдік жүргізген адамдар. Өскембай — Ырғызбайдың өзге балаларының ішінде ең дәмелісі болды. Сол кездегі Кеңгірбай маңайындағы ағайын-туысқан, іні-баласының бәрінен пысық, епті болыпты. 

Өскембай Кеңгірбай қартайған кезде атқа мінеді.

Өскембай өзінің ел меңгеру әдісінде ең алдымен, Кеңгірбайдың көпті мезі қылған парақорлық мінезінен бойын қашандау ұстауға тырысқан көрінеді. Ру басылар ортасында сақталып қалған сөздің бәрінде: Ісің адал болса, Өскембайға бар, арам болса, Ералыға бар деген сөз бар.

 

Бірақ осындай болумен қатар, Өскембай елді күшпен, зорлықпен ықтырып аламын деп, асқақ мінезді көп қолданған.

 

Мысалы бір уақыт аулына жүгініске келіп отырған Мәмбетай деген кісіге ашуланып, мұрнын кесіп алғаны… сияқты ісі жаңағы айтқанға дәлел.

 

Өскембай орта жасқа келгенде, баласы Құнанбай ер жетіп, атқа мінген. Құнанбай 1804 жылы туған. Құнанбайдың шешесі Зере, кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған деседі.

 

1850 жылы, 72 жасында Өскембай өледі. Зере байынан кейін көп жасаған. Ол бертін келіп: 90-ға жетіп өледі. Мұның ақын болатын немересі Абайдың бала, бозбала күнінде бәрі Зерені кәрі әже дейді екен. Кәріліктен құлағы есітпейтін болады. Балаларына дұға оқытып, үшкірте береді. Сонда өз қолындағы немересі Абай кәрі әженің құлағына өлең айтып келіп үшкіреді екен.

 

Құнанбай жасында әке-шешесі мен өскен ортасынан алған тәрбиеден басқа оқу тәрбиесін көрмеген.

 

Мұның орайына жас күніндегі өмірі, елдің ол кездегі дағдысы бойынша: батырлық, жорықшылық сияқты істерге көбірек ауған. Өзі құрбы жас жігіттердің ішінде ер, мықты найзагер болып та саналған.

 

Жасында осындай өмірге салынған Құнанбай кесек мінезді, қатты адам болғанға ұқсайды. Қаттылығы әншейін ғана емес, әке, шеше, жанашыр жақынға да бір қалыпты болған сияқты.

 

Ел билеп, іс басқаруға келгенде Құнанбай әкесінен өтімдірек болған. Мұның кісілікке толық ілінген кезінде Сібір даласы 1822 жылдағы Сібір қазақтарына арналып шыққан устав бойынша өкірікке бөлініп, өкіріктік приказ билейтін болған. Өкіріктің бастығы аға сұлтан, приказдың қалған екі мүшесінің бірі өкімет чиновнигі болады (елдің көбі мұны майыр дейді). Үшінші мүшесі кіші сұлтан атанады. Осы кезде Құнанбай екі жылдай аға сұлтан болады.

 

Бұрыннан өз орталарынан біреудің болуына көп тілеулес болып жүрген ру жуандары Құнанбайдың аға сұлтан болуын Құсбек, Жамантайдың партиясынан, патша саясатынан дегісі келмей, Құнанбай басының қасиетінен деп кеткен сияқты.

 

Сол кездегі атқа мінерлер аузындағы аңызға қарағанда, Құнанбай: қарадан хан болған деп аталады.

 

Құнанбай аға сұлтан болған уақытта, өз еліне старшындыққа өзінің тоқал шешесінен туған Майбасар деген інісін сайлаған. Майбасар тентек, ұрыншақ мінезді, сыйымсыз адам болған. Ел мұны адамшылық, ақыл, мінез жағының қайсысынан болса да басшы болып, ел меңгеруге жарайтын кісі деп білмеген.

 

Майбасар қылығының салдарынан Жігітек деген ру бастығы Бөжей болып, Құнанбайға өкпелі болады. Бірақ бірде аға сұлтан болып жүрген Құнанбай, әрі сырт елдерге атақты, әрі үмітке салмақты болып ап, Жігітекті де, басқаларды да бойымен басып шыға берген. Сонымен алғашқы араздық, жаулық кейін ұзақ замандарға созылып кетсе де, Құнанбай тұсындағы алыстың бір буыны Жігітектің жеңілуімен бітеді. Құнанбай Жігітектің он жеті адамын Сібір айдатады.

 

Бұл кезде Абай ержетіп, ел меңгеруге кіріскен еді. Әкесінің Жігітекпен алысқан, Тоқпамбет үстіндегі, Мұсақұл үстіндегі төбелестерінде баларақ болса да, ер жете бастаған сайын, әкесі мұны ел сөзіне, ел ісіне жұмсай бастайды. Осы Құнанбай ісінің жоғарыда айтылған көп уақиға, көп тартыстары және барлық сол заманның мінездері ақын Абайдың бала күнінен бастап нық байланыса өскен ортасы еді.

 

Көп басты адамынан айырылған Жігітек талай заманға шейін көзге қамшы тигендей болып қалады.

 

 

Абай елді меңгеріп алған кезде, Құнанбай біртіндеп кеп ел сөзінен шыққан. Сонымен 72 жасында қажыға барып, қажыдан қайтып келген соң 8-9 жылдан кейін қайтыс болады.

 

 

Абай әкесі Құнанбайдың 41 жасында туған. Ақынның өз шешесі — Ұлжан. Тегі Құнанбай көп қатынды болған. Үлкен қатыны қыздай алған — Күнке. Бұдан туған бал асы Құдайберді. Екінші әйелі Ұлжан — ол Құнанбайдың інісі Құттымұхамбетке айттырылған қалындық екен. Інісі өлген соң келінін алған. Бұдан туған балалары: Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі — Айғыз. Одан Қалиолла, Ысмағұл деген балалары болған. Атадан алтау, анадан төртеу дейтін Абай өлеңінің мәнісі осы. Төртінші әйелі — Нұрғаным. Бұдан бала болмаған.

 

Күнкенің жасы Құнанбайдан үлкен екен. Берірек келгенде жасы ұлғайып, күйеуін күте алмайтын болған соң, Құнанбай Ұлжанның қолына шыққан. Бірақ Ұлжаннан туған балаларының бәрі бірдей өз шешесінің қолында тәрбиеленбеген. Үлкен баласы Тәңірбердіні жас күнінде Өскембай қолына алып өсіріпті. Ысқақты Құдайбердімен бірге Күнкенің қолында өсірген. Күнке ерте уақыттан бөлек ауыл болып кеткен.

 

Ұлжан мен Айғыз бір ауыл болып, Құнанбай осылармен тұрған уақытта, екі шешесінің ортасындағы тел баласы кішкене Ыбырай болады. Бұл екі шешесінен кейінірек Оспан, Ысмағұл деген екі бала туған. Бірақ бұлардың жасы Абайдан едәуір кіші. Айғыздың үлкен баласы Қалиолла болса, оқуда жүрген. Сондықтан Абай алғашқы балалық шағын екі шешесінің ортасындағы жалғыз баланың қалпында өткізген. Екі шешеге бірдей бала болып жүргендіктен, сол кездегі үлкендері Абайға Телқара деп ат қойыпты. Кейін Абай ер жеткен уақытта бірталай жеңгелері ертеден қойылған атпен Телқара дейді екен.

 

Абайдың өз шешесі Қаракесек ішінде Бертіс тұқымы болады. Ұлжанның әкесімен бірге туысқан ағалары Қонтай, Тонтай қалжыңымен даңқы жайылған, белгілі мысқылшыл, тапқыш күлдіргілер болған. Бұл әдет Бертіс, Шаншар руына түгел жайылған мінез. Көрші ел, Шаншардың қулары легенде: кісіні жазым қылып кететін ит-құсты сөз қылғандай сөйлейді. Жәрмеңке сияқты қалың жиындарда, бір жерде тобымен жиылып, күліп сөйлеп келе жатқан Шаншарды көрсе, көп елдің кісілері: ойбай, Шаншар келе жатыр! деп өрттен қашқандай дүркірей қашады екен. Бұл әдет Шаншардың мысқыл, мазаққа ұста болып, тауып айтқыш өткір тілдігінен туған нәрсе. Қандай жанның болса да мінін таппай қоймайды, мінін тауып алса түңлігін ұшырғандай қылып соқтығады. Сөз табуымен кімнің де болса есін шығарып, есеңгіретіп кетеді.

 

Осы Шаншардың бұрынғы-соңғы заманға шейін аузынан тастамайтын атақты қуы Тонтай болған. Тонтайдың барлық өмірі тұтас күлкі болып кеткен. Түгелімен, бастан-аяқ жеке-жеке күлкі әңгімеден құралады. Сол әңгімелерге қарағанда Тонтайлар қалың қазақ ортасының үнемі көңілін көтеріп жүрген, таусылмайтын думаны, ұдайы қызық күлдіргісі. Бүгінгі Европа, Американың Чарли Чаплины, Бестер Китоны сияқты. Осы Тонтайдың інісінен туған әйел бала Ұлжан болады.

 

Ұлжан сабырлы мінезді кісі болған. Абай — балалық шағын сөз қылғанда өз шешесіне қатты ырза болып, Айғызға іші ренжіңкірейді екен. Анау күндестікті көп сыртқа шығарып, білдірмесе де, Айғыз сол жағынан белгі бергіш болса керек. Бұнысы — өзгемен бірге көп қатынды семьяның зәрін татып өскендігін де сездіреді.

 

Ұлжанда тұқымының тауып айтқыш қалжыңшылдығы әбден болған. Анда-санда әлдеқалай айтып қалған сөздері қалжың болып, ел есінде ұмытылмай сақталып қалған. Ұлжан да өлерінде қалжың айтқан.

 

Тонтай өлерінде маңайына жиылып келіп отырған қожа-молдаларға қарап: жазыла, жазыла қожа-молдалардан да ұят болды, енді өлмесек болмас деп айтты деген сөз, екінің бірі білетін мәтел сөз сияқты болып кеткен.

 

Осындай тапқыштық және біреудің мінін ащы тілмен қатты түйрегіштік, нағашысы мен шеше жағынан Абайға да мол келген. Шынға келгенде: Абайдан қалған сөздің ішінде барлық ақындықтың шарты болатын жалынды жанды, өткір сезімді былай қойғанда, қалған сарынның ішінде салқын ақылмен сөйлегіштік көп пе, жоқ шанышпа тілді, соқтықпалы, ащы мысқыл, улы күлкіге бой ұрғандық көп пе? Бұл екі ортасын дәл кесіп-пішіп айыру, ұзақ тексеруді керек қылатын шығар. Бірақ біздің ұғынуымызша соңғы түрі көп сияқты.

 

Құнанбай жанның бәріне суық болған қалпында, өзінің балаларына да қатты, зілді болған. Сол қаталдық, зілін, ауыр өмір бұйрығын жас шағында еріксіз орындап, Абай да әке мінезінің ауыртпалығын көп көреді, басынан көп кешеді. Ал Ұлжан мінезді адам болғандықтан орайы келгенде, өзінің бала, бауыр, қайын сияқтыларына мысқыл әзілді айта береді екен. Қалжыңмен жауаптасуды Абайға бала күнінен өзі де еккен сияқты. Осының бір мысалы: Абайды сүндетке 8-9-ға ілініп, ересек болып қалғанда отырғызса керек. Сонда Абай қашып жылап құдай, бүйткенше қыз қып жаратпаған екенсің! депті. Ұлжан соған: Балам-ау, қыз болсаң бала таппас па ең, содан қиын боп па, — дейді. Абай: Ә, онысы тағы бар ма еді! — деп қуанады екен.

 

Абайдың ақындық жолында өзге талай жазушы, талай ақынның жолынан бөлек өзіне ғана хас, ерекше тағдыры болған. Ақындығындағы сол ерекшелік Абайдың бала күнінен бастап, соңғы өлер шағына шейін өзгеше шарттардың ішінде өткен ерекше өмірінен туған. Сондықтан енді қолға түскен азын-аулақ мағлұматтар бойынша Абайдың өз басының өміріне келейік.

 

Абай жоғарыда айтылғандай екі шешенің тел баласы болып жүрген, кішкене кезінде сырт мінез жағынан аңқау, нанғыш және тентектеу де бала болса керек. Бірақ сол кішкене күнінде өзге балалардан ерекше жері, үйге қонған қонақтың әлде қалай айтқан ертегі сияқты әңгімелерін құлай тыңдайды. Жай өмірде пысық, ширақ емес аңқау болғандықтан, өз шешесінің аулындағы үлкендері: Құнанбайдың бұл баласынан да Күнкенің қолындағы Ысқақтан көбірек дәме қылған. Ол Абайға қарағанда жас күнінен тықылдаған пысық, ширақ болса керек.

 

Абай он жасқа келгенде, әкесі Семей қаласына әкеліп оқуға берген. Бұдан бұрын қырда да біраз оқыған болады. Семейдегі алғашқы берген молдасы Ғабдұлжаппар деген татар. Артынан бұдан шығарып, Ахмет Риза деген молдаға тапсырған. Екеуі де мешітте имамдық қылады. Және сол мешіттерінің жанында медресе болған. Оқушы шәкірттің көбі медреседе жатып оқиды. Оқу, әрине, ескіше, ылғи дін сабақтары. Соның барлығын да араб, парсы тілдерінде оқиды. Жалпы медреселерде кейінгі заманға шейін сақталып келген салтқа қарағанда: түрік оқу, жолшыбай ғана оқылатын қосымша оқу болу керек.

 

Оқушы мен оқытушының да барлық уақыты, түгелімен дін діңгегі сияқты болған арабша, одан қала берді парсыша болу керек.

 

Абай осы медреседе үш жыл оқиды. Оқуға өзімен бірге оқыған үлкен, кіші балалардың барлығынан сонағұрлым зейінді, ұғымтал және ерекше ықыласты болған. Дәрісте арабша кітаптан молдасының бір оқып, бір-ақ рет түрікшеге аударып берген сөздерін екінші ретте кітапқа қарамай өзі жатқа айтып шыға алатындай зерек болған деседі. Сонымен дәріс ретінде оқылатын сабақтарды ұғып, білу Абайға өзге балалардан сонағұрлым оңай болған. Көп уақытын да алмаған. Сондықтан барлық артылған уақытты Абай өз бетімен өзі сүйген кітаптарын оқуға жұмсап, көп тімтінуге салынады. Өз бетімен оқитын кітаптары араб, парсы, түрік жұрттарының ақындары. Одан соң сол тілдерде жазылған ертегі, дастан, хисса сияқты әдебиет мұралары.

 

Бұларды Абай, бала кезіндегі құлай берілгіш мінезі бойынша барын салып, көп оқыған болу керек. Оқуға кірген соң-ақ, балалық дегенді көп білмей, тез есейіп, ілім қуған кісінің қалпына оңай түсіп кеткен. Оқыған кітаптың көбіне сынмен қарай білетін, сезімді оқушы бола бастаған сияқты. Өйткені, сол жылдары Абайдың араб, парсы, түрік ақындарының ішінде өзінің әбден сүйіп, таңдап алған ірі ақындары болған. Солардың әр сөздерін оқып шығып, талай бәйіттерін ұзыннан-ұзақ жаттап алғандары да болған.

 

Сол бала күнінде жаттаған кей сөздері ұлғайып, кәрілікке жеткен уақытына шейін есінен шықпаған, ұмытылмаған. Абайдың 30 жасында туған баласы Тұраштың айтуынша, балалары оқып жүрген кітаптардың ішіндегі кейбір сөздерді Пәлен кітаптың пәлен бетінде деп, жаңылмай жатқа айтып отырушы еді дейді.

 

Осы сияқты белгілерге қарағанда Абайдың медреседегі оқуы көбінесе Мұқтасар сияқты дін кітаптары болмай, дені ақын сөздері болу керек. Ерте күннен әңгімелі, өлең сөздерге ерекше ынтық болып, қатты құмартқан талапты жас шәкірт, ақындық өнерін кәдірлейтін мінезді сол балалық шағынан ала шыққан.

 

Медресенің ауыр тәрбиесінде жүрген жас шәкірттің шын сүйетін жандары — Науаи, Сағди, Қожа-Хафиз, Фзули сияқты ақындар болған.

 

Бұлардың сөздерін Абай бері келіп ұлғайған уақытына шейін тастамаған. Әрқашан оқып, әрқашан сүйсініп еске алып отырған.

 

Медреседе оқып жүрген кездерінде жаз болып елге қайтқанында қаладан ала қайтатын кітаптары тағы сол ақындар. Үй ішіне оқып беріп отыратыны да солар болған.

 

Өзі оқымаса да балаларын оқытып жүрген Құнанбай, бір баласы Қалиолланы орысша оқытып, Абайды мұсылманша оқытып жүргенінде, соңғы баласына Сопы Аллаяр сияқты ақындарды көп оқытып, өзі де тыңдай жүреді. Сол кезде Абайдан Ысқақ артық болады дегендерге: Не күтсеңдер де осы жаман қарадан күтесіңдер ғой дейтін сөзі Абайдың өз есінде қалған екен.

 

Ескіше оқыту тәртібі шынымен, инемен құдық қазғандай өнімсіз оқу болғанда, Абайдың үш-ақ жыл оқуы сырт көзге аз оқу болса да, өзіне көп жаңалық беріп, көп жаңа дүниенің шетін ашқан сияқты. Алдымен ақындарды көп оқу себепті, Абай араб, парсы тілін сол үш жылдың ішінде жақсы біліп шыққан. Мұның белгісі, сол заманнан қалған бірен-саран өлеңдерінен білінеді.

 

Кітап жүзінен алған тәрбие мен жазба үлгілер бойынша ол уақыттағы өлеңге жарайтын тіл жалғыз ғана араб, парсы тілі деп біліп, Абай да алғашқы өлендерін араб, парсы тілдерімен Фзули, Аллаяр, Бабырша айтады. Балалық шағындағы өлең жазамын деген талабын:

 

Фзули, Шәмси, Сайқали,

Науаи, Сағди, Фирдоуси,

Қожа-Хафиз бү һеммәси

Мәдәт бер иә шағири фәрияд!—

 

деп, өзі кәдірлеген ескі ақындардың аруағына сыйынумен бастайды.

 

Осы аталған аттардың өзіне қарағанда, шығыстағы көпке белгілі болған ірі ақындардың талайымен Абайдың ерте күнде танысып алғандығы даусыз сияқты.

 

Абай оқуды тастап елдің жас бозбаласы, жас жігіт болып жүрген кезінде де, осы ақындардан алған үлгі әсерден түгел айықпай, көкейінде көп сақтап еді. Сол кезде ұнатқан әйеліне өлең жазса әлгі ретпен кітапшалап жазады.

 

Әлифдек ай юзіңе ғибрат еттім,

Би бәләи дәртіңә нисбәт еттім…—

 

деп, әліп, бимен жазған өлеңі, одан соң юзи раушан, көзі гауһар, лағилдек бет үші әхмәр… деген өлеңдері жас шағында қиялына қатты әсер етіп, тіл кестесінде өздерінің үлгісіне тартып алған жоғарғы ақындар әсерінен туады.

 

Абайдың жас күнінен бізге жеткен өлеңдері жоққа тән. Тіпті азғана. Сондықтан бұл туралы ақынның өмірбаянының ішінде ұзақ сөйлеуге орын аздау. Бірен-саран пікір болса ақындық жәйін тексерген мақалада айтылады. Абайдың нағыз ақындық белгісін беріп, өнімді өлең жаза бастаған кезі жігіттік шағы өткен соң басталады. Ол кездегі Абай арабшыламақ, парсышыламақты теріс нәрсе деп түсінген.

 

Медреседе үшінші жыл оқып жүрген уақытта Абай жалғыз мұсылманша оқумен тоқтамай, Семей қаласындағы Приходский школге түсіп, орысша да оқи бастаған. Бірақ, мұндағы оқуы ұзақ болмайды. Бас-аяғы үш-ақ аймен орысша оқуы бітеді. Үш жылмен мұсылманша оқуы доғарылады.

 

Жасы 13-ке толғанда, ерте есейіп, ақыл сезімі ашыла бастаған, өткір зейінді, ерекше талапты жас шәкіртке аз да болса оқу, тәрбие беретін мектептің есігі жабылады.

 

Екі-үш жылдай қырдан гөрі тәуірірек үлгі беретін қал ада болғанда, ақын болатын баланың алған жалғыз ғана нәрлі азығы: Шығыс ақындарын тану, солардың сөздерін ынтасы ауып сүйіп, көксеу болады. Осындай дүние есігін енді ғана ашқалы жаңа ғана саңылау көріп келе жатқан уақытта, Абай, аздаған біліммен үлкен кісінің өміріне кіріседі.

 

Оқу, білім, кітап тәрбиесі сияқты нәрселер осы қалғаннан көп уақытқа шейін бұйырмаған ас сияқты болып, Абайдан алыста қалады. 13 жасқа толғанда әкесі Құнанбай ел билеу жұмысына өзіне серік қылмақ болып, жаңа міндетке арнап, сол жолға баули бастайды.

 

Баласын оқудан ерте шығарып алуына себеп болған нәрсе: ел жұмысында өзіне серік болатын іні-баланың Абайдан қолайлысы болмағандығы. Бала болса да сол кезде Абай әкесі дәме қыларлық белгілерді көрсете бастаған сияқты. Барлық балаларына қатал, қатты сыншы болған Құнанбай, Абайдың өзгелерден артық екенін ертеден сезген деуге болды.

 

Баласын оқыта түспей, асығып алған себеп, жоғарыда Құнанбай өмірі туралы айтқан сөздерді еске алсақ, оңай ұғылады. Құнанбай өзі тұстас ру басылардың қақ жартысын өзіне қарсы тұратын жау қылып алып, көп өмірін сол жаулықтың жолында алыс-жұлыспен өткізген. Қарсысына шыққан ру басыларды үлкен тартыстың аяғында жеңіп алса да, сондағы ішке байланған мұз аналардың көбінің есінен кетпеген. Құнанбайдың өз істері, өз мінездері бір болса, екінші жағынан: сыртқа да, ішке де әмірі жүріп жуандап алған Құнанбайдың маңайында да талай сотқар туысқандары болады.

 

Бұлар Құнанбайдың ұлықтығына мас болып, пәлен ауылдың жігіті, түген жақсының туысқаны деген атпен, шамасы келгенінше емін-еркін пайдаланған. Көп елді мазақтап, қорлап, орынсыз зорлық, қисынсыз жуандық істей берудің үстіне тіпті Құнанбайдың дос боп жүрген ру басыларын да қажытып алған. Сол Құнанбай қарсысында жүрген адамдар Құнанбайдың өзі ғана емес, жаңағыдай жақыны, өрен-жараны дегеннің барлығына да жауығып, жирене қарайтын болған. Тартыс ретіндегі өшпендік жөнімен Құнанбайдың жас баласын да өздерінің ертең алысатын жауы есепте біледі. Оны да дұшпан санайды. Осының бір мысалын Абай өзі де айтады екен.

 

Бір күні жас бала өзен жағасында ойнап жүргенде, анадай жерде келе жатқан Байсал, Бөжей, Түсіпті көреді. Олар әкесімен араз. Бірақ Абай алдарынан көлденең шығады да, қол қусырып тұрып сәлем береді. Бөжей сәлемін алса керек. Байсал жақтырмай: Антұрғанның баласының сәлемін алып неғыласың? — депті. Бөжей тоқтап, баладан: Бізді көрсең сәлем бер деген әкеңнің үйретіндісі ме, жоқ өзің бердің бе? — дейді. Абай: Үйретінді емес, танып әдейі сәлем берейін, батаңызды алайын дедім десе керек. Байсал сонда тағы да: Жетпегірдің баласына тағы не бата беруші ек? — деп жүре бермек болады. Бірақ, Бөжей жүрмей, бата берді дейді. Батасында, жалғыз-ақ әкесінің мінезін бермесін дегенді баса айтқаны Абайдың есінде қалыпты.

 

Осы бала оқуды тастап әкесіне көмекке келеді. 13 жастағы Абай, әкесі берген бетпен ел сөзіне кіріседі. Әрине, жас бала алғашқы аяқ басқан жерден келелі кеңеске кіріп кеткен жоқ. Ел жұмысын шет жағалап, ептеп бастауына керек.

 

Сондықтан ең алғашқы жылдарында әкесінің барып келінде жүреді. Кейде қасына кісі қосып беріп, кейде жалғыз өзіне сөз тапсырып, келісім жасауға да ерік береді.

 

Абай жасына жетпей ұлғая бастайды. Балалық белгісін ерте жоғалтып, сөйлесіп жүрген үлкендеріне бала көрінбеу, олқы түспеу жағын көп ойлайды. Әкенің билігі, өмір талқысы және араласып жүрген үлкендері болсын, барлығы да Абайды оқудан алыстатып әкетумен тоқтамай, табиғи балалық қалпынан да жырып әкеткен.

 

Жас күнінен-ақ Абай өмірі әлденеше қиқы-жиқы, шиырға түскен. Ішкі балалық дүниесін онды-солды соққыға алатын, теріс қалыпқа кептейтін, ерекше халдарға ұшыраған.

 

Өзінің дене қуаты мен ой қуатына лайық келмейтін салмағы зор міндеттер басына түскен соң, Абай жаратылыстағы зеректік, талаптылық сияқты өнерінің барлығын еріксіз осы жолға салған.

 

Ел кісісімен араласқанда, сөз керек, тапқыштық керек, кезенді жерге келгенде, айла да, ашу да керек. Әрбір көлденең келген істің тұсында өзгелер не сөйлейді, не істейді. Бұрынғы билер не айтып, не істеген. Өз әкесі қайтеді? Оған қарсы адамдар не тәсілде? Осының бәрін Абай ел сөзіне кірісе бастаған соң-ақ тесіле қарап, толық ұғынып, жете білуге тырысады.

 

Сонымен балалықтан асып, бозбалалық, жігіттік шағына жеткен уақытта қазақтың ескі сөзі, ескі жол-жобасы, мәтел-тақпақ, ескі биліктеріне елдің маңдай кісілерімен қатар түсетіндей білім алады. Бұл уақыттарда қазақтың ескі ақындары, кемел шешендері, жорықшыл батырлары, ерлері болсын барлығының жәйіндағы әңгімелер Абайға таныс дүние болып қалған.

 

Қаладағы оқудан шығыс ақындарын сүюді, ақындықты сүюді ала келген Абайға, ендігі тәрбиеші ұстаз қазақтың халық қазынасы болады. Осылайша ел даналығын танып, соны ерте қамту, жас талапкерге жаңа зор мектеп болады. Бұл жөніндегі азық білімді ол әкесінен алмайды, халықтан шыққан шешен ділмәр, ақын, ескі әңгімешіден, көпшіліктен алады. Ең алғашқы өлең жәйін баяндаған жырында Абай Шортанбайды, Дулат, Бұқар жырауды ауызға алса, солардың өзін бала күнінен естіп, танып, жаттап, тіпті тамашалап өскенін сезуге болады. Әрине, осындай ақындық мұраларымен қатар мысал, мақал, аңыз, дастан, айтыс, жарыс сияқты өзге де неше алуан сан қазынаны әжеден, анадан, қонақ жолаушылардан көп есітеді. Ол әңгімелердің, жырлардың көбіндегі ел зары, ел сыны, жуанның зорлығы, қыздың мұңы сияқтыны да көп естіп өседі. Осындай мұраларды сүю Абайдың негіз іргесін қатал, суық билер ортасында ғана қалдырмай, халық мұрасына бейім етіп жүреді.

 

Бір айтқанды ұғып алу, ұққанын ұмытпау, ел сөзіне соларды керекке жаратып, әңгіме арасына кірістіріп отыру, жақсы деген шешендерге көп жайылған салт еді. Абайға да сол парыз сияқты болған. Жас жігіт сол білімді орнымен керегіне жаратып, келістіріп, көркейтіп сөйлейтін болады. Ел көзіне шешен сияқты көріне бастайды. Басында балалығының арқасында ел сөзіне қорғана кіріскен Абай, аз жылдың ішінде үлкен табыс тапқандай болып, адымын ұлғайта бастайды. Бірнеше рет жол көріп, көзі қанған соң елдің пәлен жақсы, түген жақсы, айла мен еп болмаса, өзге жалпы білімге, ақыл шалымға, өзінен соншалық артық емес екенін сезеді. Абайдың өзінен үлкен кісілерден өзін кем санамауына себеп болатын тағы бір нәрсе — мұның оқуы барлығы. Ел кісілерінің көпшілігі Құнанбай сияқты, оқымаған адамдар болған уақытта, Абай олардың қасында өзін өзгерек көрген. Надан кісілердің ортасына келіп өлшескенде, өзінің үш жылдық оқуы дардай көрінген.

 

Бұған халық ескілігі, қазақ фольклорының мол байлығы қосылған соң, Абай аз заманның ішінде ел ортасындағы шешендік, жүйрік, жарыс сөзде өз қайратына сенген өршілдікпен құлаштайды.

 

Абай бұл кездерде үлкен-кішінің ұтымды, шешен жауап айтқанын тәуір бағалап, дау, талас, тартыс егесте өзі де сондайды айтып қалуды машық етеді. Бұны ылғи жәй сөз түрінде айтпай, кейде өлеңмен айтып жіберетіні де болады. Осы күнге шейін бізде Абайдың сөз байлығын, лексиконын тексерген еңбек жоқ. Бірақ қазақшасын оқыған адамның барлығына Абай тілінің аса бір мол, бай тіл екенін тану қиын емес. Сол байлық Абайда бала, жігіт күнінен құралып, өсіп келген байлық. Және шешендік өзі де тапқырлық пен кестелі сөзден, келісімді, ұтымды ойлардан құралғанда — ақындықтың бір ағайыны. Абай ақындығы оның жас кезінен көп мұралар қалдырмаса, ол кезде Абай ақын емес еді деу қата болады. Абай сол уақытта да ақын. Ақындығын және мол қолданған, күнде сынға салып, күнде безеп отырған ақын. Онысы және өмір құрылысына күнбе-күн, қолма-қол ұштасып отырған ақындық. Ол, жүйрік шешен, әсем ұшқыр сөздің ақындығы. Көбінесе қара сөзбен айтылған тапқырлық, алғырлық. Бірақ Абай онда өзін ақынмын деп санамаған. Өлеңді де, дәл өлең түрінде, келелі тартыс үстінде аз қолданып, жәй ойын, қалжың, мысқыл түрінде көбірек айтып тастап жүрген. Әсіресе жігіттікке жеткен шағында қыз-келіншекке арнаған сәлем хат, қалжыңды көбінесе өлеңмен айта беретін болған. Бірақ ол кездегі өлеңнің көбін өзі де ескермей, өзге де көп елемей, барлығы ұмытылып қалған. Есте қалғанның бізде жиылғаны: Әліп, бимен жазылған тілек хат. Сонан соң Сап-сап, көңілім деген өлең еді. Ол Сүйіндік қызына айтылған өлең екен. Бозбалалық шағында Абайдың қатты құмар болған әйелінің бірі осы қыз. Мұның аулына көктемде бір жыл барып түнеп қалғанда, өз аулымен екі арадағы өзен тасып кетіп, қайда барарын білмей қатты сасады. Қыздың аулы мен өзеннің бұл жағасында отырған елдің бәрі ол күнде Құнанбаймен қатты жауласып тұрған кезі болады. Көзге көрінсе, кем қойса сабалуы анық. Сөйтіп сасқалақтағанда Сүйіндік аулының қызметшісі Ербол деген жігіт мұны бір байталға мінгізіп, өзі өгіз мініп, тасып жатқан өзеннен өткізіп салады. Осы Ербол мен Абай кейін жақын болып көпке шейін сенісіп, достасып кетеді.

 

Абай — жас жігіт кезінен бері, тіпті, ұлғайып келген уақытына шейін, өз басынан махаббаттың көп романдарын кешірген адам. Сонда, әсіресе, жақсы көрген әйелдері — тоғай бойындағы Нүркен дегеннің қызы болады. Онымен Семейде Тінібай үйінде кездесіп, бір ай бойы барлық болыстық, партия істерін ұмытып, жүріп алған уақыттары болған. Сыбан ішінде сондайлық жақсы көріскен әйелі — Сабырбай ақынның қызы Қуандық. Бұл өзі де ақын қыз болған. Абай Аягөзге бір топ кісімен бара жатып, сол қыздың аулына қонады. Абайдың қасында Сүйіндік баласы Асылбек бар екен. Ол — Қуандықтың жездесі. Сол арқылы қалжыңдасып отырып, ақыры Қуандық пен Абай айтысып кетеді. Бұлардың айтысын Сабырбай үй сыртында тыңдап тұрады.

 

Ақын Абай ол кездегі қазақтың барлық басқа ақындарының үлгісімен ауызша айтатын, соған машықтанған ақын болады. Тегінде ақын емес кісі, бұрын ақын аты бар жүйріктермен өлеңмен айтыспайды. Ал Абайдың жаңағы ісі оның бір жер емес, талай жерде, жеңіл айтысқа батыл кірісе жүргенін дәлелдейді. Шешендік айтыстың қатарында ақындық айтыстың ілесе жүргенін сездіреді. Ол тіпті жазушы ақын болған кезінде, бертін уақытта да талай ұсақ өлеңін осылайша қолма-қол суырып сала айтатын. Көкбайға, Қыздарға, Қара қатынға, Масақбайға деген сияқты толып жатқан эпиграмма, әзіл өлеңдері жазушы Абай емес, фольклор көлеміндегі Дулат, Шөже сияқты ақын боп жүрген бір кездерін, әсіресе жастық кездерін анық танытады.

 

Жаңағы айтылған әйелдер сияқты Абайдың жас күнінде қатты сыйлас болған, кейінде тәтті болып жүріп, әр кезде еске алып отыратын әйелінің бірі — Мұрын Тананың қызы Тұржан сұлу екен. Бұл кейін Сыбан ішіндегі Быжы деген өзбекке тиіп тұрғанда, Абай әдейілеп барып, амандасып қайтып жүрген.

 

Мінеки жігіттік шағында осындай өзге көп жастың салтын қолданып, кейде ақындық өнерінің шетін шығара жүрсе де, Абайдың ауған жағы бұлар емес, ел келесіне атсалысқан шешендік пен алғыр, жүйрік билік болады.

 

Сонымен ақыл-ойға, шешендік сезімділікке келгенде ерте ер жеткен жас жігіт, сол уақытта-ақ өз ортасынан иығы асып, басып оза бастағанын сезгендей болады.

 

Жалпы ақылмен болжайтын сөздерге келгенде, біреудің айтып тоқтаған жерінің аржағынан жаңа саңылау табамын деп талап етеді.

 

Біреудің таптым дегеніне сынмен қарайтын, жеттім дегенін қанағат қылмайтын, аржағынан асырып түсіруге тырысатын талап, Абайдың жігіттік шағындағы көптен бөлек ерекше мінезі сияқты. Осы пікірдің дұрыстығын дәлелдеу үшін, ел есінде қалған екі-үш мысалды айталық.

 

Тегінде Абай өзі жүрген ортада бастығы әкесі боп, барлық ол күндегі жақсы дегеннің шама-шарқын тез таниды.

 

Оларда ескі пандық, надан қара күш болмаса, нағыз адамгершілік, шыны талант қасиеттің аз екенін таниды. Елдің күйзелуі күшті екенін, халықтың сыншы жыршылары айтқан сөздерден әбден біле бастайды. Бұл жағынан қарағанда өз әкесі бір күш иесі болса, соның қарсысында жуандар да ешбір жағынан абзал, әулие емес екенін біледі. Ұрлық, пара, пәлеқорлық оларда да бығып жатады. Жалғыз-ақ баларақ шағында бұның әкесі, өзін бұған танытқанда сол елдің телісімен, тентегімен алысамын деп, өз жағын дұрыс қып танытады. Абай бері келгенше осының шынын дәлелдеп тани алмай, әке ығында, еріксіз бағынумен келеді. Бірақ бертін кеп танығанда сол әкесінің достары мен өзіне де сыншы бола бастайды. Соларды ең алдымен, күштімін деген жақтары — жүйріктік, шешендік, озғындық жағынан төңкеріп тонамақ боп, соқтыға бастайды.

 

Сонымен Абай өз қайратына сенімді көзбен қарап, өз ойына өзі ие бола бастаған соң-ақ, ел ішінде кез келген шешеннің қайсысын болса да әңгіме ішіңде бір сөзбен мүдіртіп кетпесе ырза болмайтын болады.

 

Балалық шағынан жаңа өтер-өтпесте әкесінің жұмсауымен барып, сөйлескендердің барлығына да осы мінезді істей бастаған.

 

Абайдың жас жігіт кезінде Құнанбайдың Көкше ішіндегі тұрғылас, дос кісісі Қаратай болған. Көп елдің сынынша шешен, жүйрік атанған кісі. Сол Қаратай бір күні Абайдың өзі құрбы жас жігіттерімен жиналып отырған үстіне келіп, жастардың заманын жамандап, өз заманын мақтай бастайды. Онда Абай бұл сөздерге көп дау айтып келіп, ақырында: Сіздің заманыңызда көрші елдің арасында бір қол кісі болып, жиналып алып түн қатып жүрмесеңдер, жалғыз-жарым кісі қатынаса алмаушы еді. Ұрлық, барымта, бұзықтық көп болғандықтан әні алып кетті, міні алып кетті деп, кемпір-шал, қатын-қалаш, жас бала тыныштықпен асын іше алмаушы еді. Сол заман да жақсы ма? дегенде Қаратай дау айтып келіп: Менің заманым пайғамбарға жақын депті. Бұған қарсы Абай: Алатаудың басы күнге жақын, бірақ басында мәңгілік қар жатады. Сайында неше түрлі өсімдік, неше алуан жеміс шығады. Рахым, жақсылыққа алыс жер, алыс заман жоқ. Қайда болса да жетеді. Сіз пайғамбарға Қазірет Әлінің әкесінен жақын емессіз, ол кәпір болған депті.

 

Осы сөзді Қаратай Құнанбайға келіп айтқан соң, әкесі Абай келгенде әдеттегі қаттылық, суықтығына салып, көп сөз айтып ұрсыпты. Абай үндемей тыңдап алып сыртқа шығады. Сонда Қаратай келіп: бала, қалай, қайсымыз жақсы екенбіз? дегенде, Абай: Бәсе, қайсымыз жақсы екенбіз? Біздің тобымызға, ортамызға жалғыз өзің келіп ойдағыңның бәрін айтқанда, түгелімен қол қойып, тыңдағаннан басқамыз жоқ еді. Сендердің ортаңа келсек қыруар жанды жалғыз шалың ауызға ұрып сөйлетпейді депті. Осы қағысудың тұсында әке заманы, бала заманының айырмасы ғана айтылып отырған жоқ. Екі буынның біріне-бірі қайшы, қарсы көзқарастары да танылады. Ел мен елді атыстырып, шабыстырған бұрынғы пәле басы басшы болыстарды сынаған, жақтырмаған сарын бар. Өзін ел мұңына, ел тілегіне жақын адам сезініп, сол ел тілегіне бейім болсаң жақсысың, болмаса өзің де жақсы емессің, өзің билеп қалыптаған заманың да жақсы емес деген саналы жаңа жастың, жаңа адамның аңғары сезіледі. Осылайша бірін сынаудан бастап өз уақытындағы, өзінің аржағындағы үлкен жүйрік дегеннің әрқайсысына да ұрынып қалып отырады. Бәрінің де шама-шарқын сынап алып отырады.

Жаңағы сияқты біраз сөзбен Шорманның Мұсасымен де жанасыпты. Мұса — Құнанбай тұрғылас адам. Өз ортасының шешен жүйрік деген маңдайалды адамының бірі. Бір жылы Семейде Мұса Құнанбаймен бір мәжілісте отырғанда (тегі Құнанбайдың сұрауымен болса керек), үйдегі балаларының атын атап, Садуақас деген баласы барлығын айтады. Сонда Абай: Бір адамға екі бірдей кісінің атын қояды екен! Ол Сағд бин Уақас деген әкелі-балалы екі кісінің аты емес пе? — депті.

Осыдан Мұса Абайдың тілін еске алып қалса керек. Екінші бір жерде, Абайдың бірталай кісінің мәжілісінде кіршіме ішіп отырғанда үстіне келіпті. Отырған жұртпен бірге Абай Мұсаны мәжіліске кіргізуге шақырғанда, ол: жоқ бұл нәрсенің аты кірішмә, тегі ноғайдың кіршім? деген сөзінен болса керек. Сондықтан кіріспегенді мақұл көремін депті. Бұл сөзге Абай: менің ойымша, ең әуелі бұл сөз ноғайдың тілі емес, парсының гәршама— шамаға қарай деген сөзінен болуға қисынды. Екінші, әрбір нәрсенің ісіміне қарай жисмин ала ма, жисмине қарай ісімін ала ма? Алма деген, жемістің аты, сол атына қарап алмайсыз ба? — депті.

 

Осы сияқты жұрттың тапқыр деген кісілерінің құр атағына жығылмайтын, бойұсынбайтын, ізденгіш, өр мінезді қасиетін Абай оқта-текте өз әкесіне де білдіріп жүрген. Бұл туралы мына бір әңгімені айта кетейік.

 

Ел ортасының бір үлкен жиынында Құнанбай көп ортасында сөйлеп отырған уақытта, Абай әлденеше оқталып бір нәрсе айтқысы келіп киліге беріпті. Сонда Құнанбай, тек отыр деп тоқтатып тастайды. Артынан ел арылып жиыннан қайтып келе жатқанда, әкесі Абайды шақырып алып, көп алдында көлденең дегені үшін наразылық айтады. Маған біткен саған да біткен екен. Алдыма кісі түсірмеймін деуші едім. Шіркін, Қаратай-ай, Бөжеймен де сол араз қып еді, сені осыған баулыған да сол ғой депті. Абай көп көзінше әкесімен таласқан кінәсін мойнына алады. Содан кейін Құнанбай:

 

Кезі келгенде айтпақ болып жүрген сөзім бар еді, соны айтайын:

 

Ең әуелі — сен жұрттың бәріне күліп сөйлейсің. Жайдақ су сияқтысың. Жайдақ суды ит те, құс та жалайды, кісіге кәдірің болмайды.

 

Екінші: көрінгенмен жақын боласың, кісі талғамайтын желбегей жүрген кісінің басына ел үйірмейді. Ел алатын қылық ол емес депті.

 

Осыған Абай: Қолында құралы бар бірен-саранға ғана тиетін шыңыраудағы судан да, қойшы-қолаңшы, жалшы-жақыбайдың бәріне бірдей пайдасы тиетін жайдақ су артық деп білемін дейді. Екінші сөзге: Қазақ ескі бір заманда қой сияқты болған, бір қора қойды жалғыз қойшы айт десе өргізіп, шәйт десе жусататын заман болған. Одан бері келе ел түйе сияқты болды. Бір шетіне тас тастап шоқ деп дыбыстаған уақытында аңырайып тұрып барып, бетін бұратын болды. Енді біздің заманымызда ел жылқы тәрізді болды. Мұны ақ қар, көк мұзда, қар төсеніп, мұз жастанып, етегін төсек, жеңін жастық қылуға шыдаған жылқышы ғана баға алады. Еңбек сіңірген адам ғана ие болады депті. Әкесімен осы айтысқан сөзі Абайдың бұрынғы жуандардан біржолата бөлекше, өзгеше зор програмын көрсетеді. Алдымен әкесінен өзгеше болмақ. Бұдан халық мұңын ойлаған, халыққа адал еңбек етем, сонымен халық көпшілігімен қабыса табысам деген тілек бар. Осы сөздің артынан ол өзі тұстас ру басының жаңағы әкелерге ұқсаған, солар ортасына ұқсаған мінез-әрекеттерімен алысуға бекінеді. Ең алдымен әкенің ырқынан шығады. Өзін: елге пайдалы адамгершілігі бар, әділ басшы болсам ғана, жақсы адам боламын деп есептейді. Бұл жөнінде ол өз алдында, осындай ниетпен шыққан басшыны көрген жоқ еді. Өзі тұстастың бәрі де ескіше жуан еді. Сол ортадан үнемі етек бастыны, үнемі қара күштің қарсылығын көрумен күн кешеді. Бірақ олардың кәрісіне де, жасына да бойұсынбайды, ірге бермейді. Менсінбей алысумен кетеді. Кейде надандықтарын мазақ етеді.

 

Жаңағы сияқты мінездің белгісін Қаракесек Алшымбайға да көрсетіпті. Абай Алшымбай аулының күйеуі болады. Үлкен әйелі Ділдә, сол Алшынбайдың немере қызы. Ділдәні алғаннан кейін Абай Алшымбайға сәлем бере, амандаса барады. Қайтарда қайны әдет бойынша қалаған-сұрағаны бар ма деседі.

 

Сонда Абай шұбар айғырдың үйірі деген бір қысырақты алғысы келгенді айтады. Мұны Алшынбай бере алмай, батамды алсын дейді.

 

Абай: ондай батагөй шал өзімде де бар деп, Алшымбайға бармай кетіпті. Өз тұсындағы ру басыларымен кездескенде жас Абайдың қолданатын мінезі осы сияқты. Ол көпшілігін менсінбейді, місе қылмайды.

 

Абай жаңағыдай өз талабын алға қойып шыққан кезде жалғыз Тобықты іші ғана емес, бүкіл қазақ даласының барлығында штат партия таластарынан туатын алыс-жұлыс өте көп еді. Оның түбі патшалық саясатының ру басылары ортасына әдейілеп егіп тұратын әрекеттік айласынан болатын. Неғұрлым тартыс күшті болса, солғұрлым даланың ісі ру басылар арқылы қалаға кеп сарқатын. Әмір иесі болам дегендер дала мен қалада бірдей алысатын.

 

Патша үкіметінің қырдағы өкіл-ұлықтары бұрын аға султан, беріде болыс, би, елу басы, старшын деген ортаның өзі де, өзгеше нәрсіз, шірік орта болатын. Абайдың бертінде жазған: Болыс болдым, мінеки , Болды да партия, Бөтен елде бар болса, Қалың елім, қазағым деген сияқты көптен көп өлеңдеріне көз салып, ойлап қарасақ, сол ортаның жиренішті, құнарсыз сурет, мінездерін, әдет-машықтарын — ақын таниды. Патшалықтың парақор ұлық-жандарал, ояз, начальниктеріне, адвокат, чиновник, тілмаштарына табынған жаңағы атқамінерлер — қоғамдық тірлікті ылайлаған неше алуан мін мен дертке толы еді. Ең әуелі патшалық законы, сот, әкімшілігі қазақ ішінде атқамінер ортасының айла-тәсіл, салт-індетінен түк білмейтін. Бұлар мойындарына құрық түсірмейтін қашаған сияқты боп, олақ законды олай да, бұлай да алдайтын. Сондағы көп атқамінерге машық болған бір мінез өтірік арыз болатын. Өштескен адамнан ең алдымен ауылда, қара күшпен, қолмен есе алуға тырысады, ол болмаса, жауын мықтап жоймақ болса ұлыққа шабады. Онда, кісі өлтірді, ауыл шапты, жер өртеді, патшаны жамандады — деген сияқты неше алуан жалалар ойлап табу, сол үшін сот алдында жан беру, өтірік куәлар салу — жиі кездесетін іс болатын. Немесе, бір жағынан жаңағыдай арыз беріп, жала жауып қойып, артынан қыр жөнімен табысып, татуласып алып, сол жауын қайта барып сот алдына, жаңада қиялап өздері ақтау, бұрынғы айтқанын қайтару сияқты әдеттер де толып жатады. Өздері парақор, өздері қолдарына ұры ұстағыш, мөр басқыш, приговор бергіш, би, старшын ел басылары да сансыз көп болатын. Ұлықпенен жемтіктес болып, парамен ақты қара, қараны ақ дегізе алатын айлакерлер де мол еді. Сөйтіп, ол күндердің арыз, тартыстарын тексергенде кім кінәлі, кім ақтан күйген екенін айыру тіпті қиын болатын. Көбінесе кінәлі жаза шекпей, кінәсіз ақтай күйетін қалдар да аса көп еді. Әсіресе ел жуандарының тартысы момын елге, көпшілікке сор болушы еді. Әсіресе ел жуандарының тартысы олардың өзі емес, ел шығынымен, ел бейнетімен бітуші еді. Абай ел ісіне араласқанда, басында әке ырқымен кетіп, соның күндестерімен еріксіз жауласатын күнге душар болды. Сол әке мен әке достарының бала басына қалдырған ауыртпалығы зәредей болса да, ол еріксіз сол тағдырына көнуге міндетті болды. Бірақ сол зәрді іше жүре, әділетсізді, қиянатты таныды. Өз ортасы ел қамы емес, ел сорына біткен жуандар ортасы екенін таныды. Соны жоғарыда әкесімен айтысқан жерде анық білдіреді. Енді құнсыз, залалды мінездермен алысып, тым құрыса пайдалы азамат болғысы келеді. Бірақ бұның ол жолын ұққан жуан жоқ. Олар өз машығына тартып, Абайдың өзін де бұрынғы өтірік пәле-жала жабумен жарға жықпақ болды. Солардан бас қорғау ретінде және бір жағынан жаманын жазалаймын, жөнге саламын деген талаппен Абай алысатын болды.

 

Сонымен осындайдан туатын талас-тартыс, жаулықтың астар жағы, екінші бір саласы үйез, жандаралдың кеңсесіне қарай ағылған көп шағым пішінінде болады.

 

Қалайда болса ел ішінде Абай өз бетіне жүре бастаған соң-ақ, аз уақытта-ақ талас-тартыстың кіндігі қалаға қарай ауысады.

 

Сонымен 28 жасқа келгенде Абайдың үстінен берілген партия басы жалақорлардың өтірік арызы, көп шағымы Семейдің кеңселеріне түсе береді. Абай бұған орай ешкімді де шақпайды. Бірақ арыздар бойынша мұны жазаламақ болған ұлық 1872—73 жылдың қысында оны қалаға шақыртады.

 

Осы жолда Абай 12 үлкен іспен тергеліп, Семей қаласынан 3-4 айға шейін шыға алмай жатады. Бірақ жұмыс саны көп болып, тергеуден тергеу болса да Абай бірде-біріне жығылмай ағарып, аман шығады. Біздің қолымызда Абайдың осы жолы тергелген істері қандай-қандай екені туралы мағлұмат жоқ. Бірақ кейін Абайдың өмірбаянын толықтырып, түгел тексеремін деген кісі осы жұмыстарды түгел қарастырып танысу өте қажет болады.

 

Сонымен Абай 79-жылдарға шейін бір жағы әкесінің ығында болса, екінші жағынан сол әкесінің басындағы міндеттерді амалсыз арқалайтын болды. Әкесінің барлық жаулары, барлық талас-тартыстары түгелімен кеп Абайды басады. Ел билейтін кісілікпен сол кісілік жолындағы партия майданы, бас балуанға Абайдың өзін жырып шығарады.

 

Бұл жолда алғашқы жекеленіп шығу жаңағы 12 тергеуден басталуға керек. Сол тергеулердің тұсында Абай ұлық атаулының талайын көріп, барлығымен де, әлденеше халда кездескен болады.

 

Ұлық алдында жұмысты болу, бір ғана ұлықтың өзі емес, сол кездің көп-көп адвокат, тілмаш сияқтыларымен де кездестіру керек. Соның барлығымен араласу көп нәрсеге көзін қандырып, Абайға заң-закон дегендерді білдіру керек. Әрине, осымен қатар орыс тілін білу, әлсіз жағын ұғыну, Абайға жаңа міндет сияқтанады.

 

Қыр тартысын ұлықпен закон шеңберіне қай жағынан әкеп сыйғызуға болады? Ұлықпен қалай арбасуға болады? Осының бәрі Абайдың түгел ұғынып, толық білуіне қажет нәрселер сияқты көрінеді. Ел ортасында жетер өріс, алар нәр болса бәрін таныған, баураған Абай, өзінің ойшыл, жүйрік сыншы ақылымен енді бұрынғыға қанағат етпей ілгері қарай дамуды, жаңа азық, нәр табуды талап етеді. Арыз үшін, ұлық үшін емес, білім-тәлім, тәрбие үшін көксейді. Білсем, жетсем деген зор тілек, үлкен талап пайда болады. Бұл үшін орыстың тілін білу керек. Оқу, зерттеу, іздену керек.

 

Сонымен алғаш рет орыстың тілін іздеп, оқу біліміне барынша құмартып көңіл болу осы кезден басталады. Бұл уақытқа шейін Абайдың барлық орысша оқуы үш-ақ айлық сабақпен біткен. Әрине, ол білім кейінгі күндерге Абайға азық болды деп айтуға болмайды. Орысша жағынан іздену жаңағы істің тұсында, сол 27-28 жасынан басталады. Бірақ, алғашқы жылдардағы қарастыруда үнемі салынып іздеген іс емес. Қалада болған уақытта оқта-текте қарастырады.

 

1872—73 жылдардың қысы жаңағыдай боп өтсе де, Абай ел жұмысынан босай алмады. Құр тергеуге іліндіргені болмаса, жаулары да жеңе алмаған. Бұрын дос тұтып жүрген елі әлі де болса мұның қасында қалған.

 

Бұл уақыттарда Абай қыр жұмысын жалғыз әкесінің ғана нұсқауымен жүргізбейді. Өз жанынан жаңалықтар тауып, өзі сүйген жолдарын да қолдана бастайды.

 

Абай әкесі қолданған бұрынғы қара күш орнына зорлықтың ешбірін де қолданбайды. Жоғарыда әкесі тапқан мін көбінесе осы жағынан болу керек. Патшалық күшін Құнанбай қолданса да, сонымен қатар қыр жолымен, өз күшімен қол қимылын жұмсау да аса көп болған. Мысалы үшін Қодарды өлтіруін еске алсақ та болады.

 

Сонымен Абай 29 жасқа толғанында, қарсысындағы ру басыларды ең алғашқы рет емін-еркін басып, жеңіп алады. Жеңгенінің белгісі өзімен көп алысқан, Оразбай Аққұлы баласының аулында болған сайлауға жанына туған-туысқандарынан ешкімді ертпей, өзі тапқан достарын қасына алып барып, үйдегі Ысқақ деген інісін болыстыққа сайлап қайтады.

 

Ысқақтың алғашқы болыс болғаны 1873 жыл, Абай сол Ысқақты ұдайымен үш сайлауда 9 жыл болыс қылады. Осыдан кейін оқта-текте болмаса Құнанбай баласы, Құнанбай немерелері болыстықтың үнемі иесі болады да, өзгенің бірде-біріне тимей қояды.

 

Абай осы кезге дейін өзінің ақын екенін білсін-білмесін, бірақ өз басына ақындық іс екен, жол екен, уақыт бөліп, еңбек қылатын кең өріс екен деп білмеген.

 

Тегінде Абайдың жас шағында айтқан ірі өлеңдері өте көп болмау керек, ұсақ жағы көп. Оны да қағазға жазбай, орайы келген жерлерде қалжың сөз ретінде ауызша айта салып, артынан өзі де ескермей ұмытып қала берген.

 

Сөйтсе де қолға түскен бірен-саранның айтылған себептерін қарасақ, көпшілігі біреуді қалжың қылған, мысқыл, мазақ аралас өлеңдер. Бұларының бәрі де өлең қылған кісінің көзіне қалжыңдап, күліп айтқан сөз сияқты. Абайдың ерте баста айта бастаған өлеңі осы тәрізделеді.

 

Екінші түрлі өлеңдері қыз-келіншекке жастық дағдысымен жазған хат өлеңдер, ол жайын жоғарыда айттық.

 

Одан соң жігіт күнінде Сүгірдің қызына құмар болып, Ақ етің аппақ екен атқан таңдай деген бір өлеңі болса керек. Бірақ ол өлеңін түгел білетін кісі кездеспеді.

 

Күлкімен қалжың қылып айтатын өлеңді Абай бала күнінен бастаған көрінеді. 12 жасында бір жолаушы қатынға айтты деген бір ауыз өлең бұған дәлел. Сол уақытта-ақ мінегіш, мысқылшыл, кішкене Абай болашақ үлкен сатирик Абайды танытқандай. Кейін айтатын қалжың өлеңнің барлығы да осы бетпен өседі.

 

Осымен әр жылдар, әр жерде, кейде ұзақтау болса, кейде бірер ауыз ғана қалжың өлеңдер айта жүріп, Абай жаңағы Ысқақ болыс болған жылдарға келеді. Бұл уақытта бір деген басшы кісі атанып, айтқаны кімге боса да бұлды боларлық дәрежеге жетеді. Болыс болып, күндегі істі інісі бастағанда, өзі елдің сыртқы шеңберін ұстап, үлкен таразысын бағатын кісі болады. Кісілік, билік барлығының тұтқасы Абай болады. Дос атаулы да Абай басына үйіріледі. Ел ортасының дау-шарын, билік съезін түгелімен өзі атқарып, өзі басқарады.

 

Осылайша сырт жағынан қарағанда біраз тыныштық сияқтанған халмен тіршілік еткен кезінде Абай өзінің, өзге әмірші биден өзгешелік пішінін таныта бастайды. Бұрынғы атқамінердің парақорлық, өз жағына бұрғыштық, әділсіздік мінездерінің бәрінен аулақ. Барынша әділ, шыншыл болуға тырысады. Өз ортасына бұл жағынан үлгі, ұстаз болғысы келеді. Осымен қатар енді ілім-білім өрісін табуға беттейді.

 

Жасы 30-дан асқан соң, бұрынғы азды-көпті білімін есіне түсіріп, орыстың тілін мықтап оқиды. Қалада жатып едәуір тіл білген соң, енді көп кітап оқуға кіріседі.

 

Содан біраз жыл өткенде Абайдың күндегі өмірінде үлкен орынды кітап алады. Кітапты тәртіппен, ретпен оқымаса да, пәлен жақсы, түген жақсы дегендердің сөздеріне, бірі артынан біріне ауысып, құмарлана қадалып оқи береді.

 

Бір жағы ел сөзі, ел жұмысымен жатса, екіншісі әдейі қала кітапханасының кітаптары үшін де Семейде қысқы айларда ұзақ уақыт жатып алатын болып, өз-өзінен ізденіп, қармана бастайды.

 

Осымен 35-36 жастардың шамасында кітап қарастырудың жолында жүріп, Абай 1880 жылдарда Петербурдан айдалып келген төңкерісшіл, халықшыл Михаэлис деген кісімен таныс болады. Михаэлис ол кезде жас. Петербур университетінің студенті болып жүрген күнінде айдалған екен, атақты Чернышевскийдің жақын танысының бірі болса керек.

 

Сол Михаэлис Семейдің кітапханасынан Толстойдың кітабын сұрап тұрған Абайды көреді. Танысады.

 

Басында кітапханада кездесіп жүріп, артынан жақын таныс, тату адамдардың қалына жетеді.

 

Михаэлис осы барғаннан Семей облысынан қайта алмай 40 жыл тұрып, сол жақта өлген. Әуелгі кезде Семейдің өзінде тұрып, арғынан Өскемен қаласын мекен еткен. Міні осы уақыттардың барлығында, алғашқы рет таныс болып алған соң Абаймен ұдайы кездесіп, немесе хатпен хабарласып тұрған. Бертін келе Абайдың аулына қонаққа да барады. Аздан соң Михаэлис арқылы Абай 80-жылдарда айдалған басқа халықшылдармен де танысқан. Соның ішінде халықшыл адвокат — Гросс, жас доктор — Долгополов сияқтылар болған. Гросс айдалып келген соң, қазақтың ескі жобасы бойынша айтылатын билік — келісім сияқты ескі әдет заңдарын жиып қарастыруға салынған. Сонымен бұ да Абаймен араласып, қырға шығып 3-4 айдай Абайдың аулында жатып қайтқан. Кейінірек уақытта Абайдың аулына Долгополов та келіп, қонақ болып жатып жүреді.

 

Абайдың қазақтан басқа, ел адамдарымен танысуы жалғыз бұл аталған кісілермен бітпейді. Патшалық үкіметімен араласып, каторгіге айдалып, Сібірден қашқан Кавказ адамдарының да бірнешеуі Абайды тапқаны бар. Бұлардың ішінде Шәмілдің баласы, Тәштемірдің баласы деген адамдардың да Абай қолына келіп, ат мініп, пұл алып кетіп жүргендері болған. Тәштемірдің баласын бір жаз бойы қонақ етіп, күтіп аттандырған деседі. Қазан татарынан шығып солдаттықтан қашып, ел ішіне келген Ғабитхан, Кішкене молда деген кісілер елде Абайдың туысқаны сияқты боп қазақтан қатын алып, біржола қазақ боп тұрып қалғаны да бар. Патшалық үкіметі бұл жөндерде Абайға қырын қарап, аулына бірнеше рет тінту шығартқан. Ал Долгополовтар шыққанда жасырын полиция арқылы қырда астыртын надзор жасатып қойғаны да бар. Бұл жай — соңғы жылдар Семей архивінен табылған Долгополов ісі деген істен әбден анық болып отыр. Абай өзіне білім берер, жаңалық айтар дос іздеген уақытта чиновник төреден іздемей, бертін келе ылғи жаңағыдай адамдарды дос тұтады. Соларды кәдірлейді. Солар арқылы өз мағлұматын зорайтып, осылар ұсынған кітаптарды оқиды. Бұл жағдай Абайдың өздігінен оқып, өсу жолында өзгеше жақсы жағдай болады. Керекті, дұрыс өнімді бағытпен барып, Европа мәдениетінің ең қымбат қазыналарына қол артуына себепші болады.

 

Осындай өзгеше достардың барлығының ішінде ең алдымен таныс болып, Абайға алдымен пайдалы әсер еткен кісі — Михаэлис. Михаэлистің істеген еңбегі көп болғандықтан, Абай кейінгі уақыттарда дүниеге көзімді ашқан кісі Михаэлис деп, алғашқы басшылық істеп, бет нұсқағандағы үшін өмір бойы алғыс айтып кеткен. Михаэлистің өзінің тексерген саласы табиғат ғылымы болса да (жердің жаратылысын оқыған) әр тарау жолдардан мағлұматтары болған мәдениетті адам. Абайға қандай кітапты оқу туралы шынымен үлкен ұстаз есебінде бағыт берген.

 

Бұрын қолына түскеннің бәрін талғаусыз, ретсіз оқып жүрген Абай, енді Михаэлистің ұсынысы бойынша үлкен тәртіпті ретке қойып, көркем әдебиет, сын, фәлсафа, тарих, табиғат ғылымдары, әлеуметшілдік жайындағы кітаптарға шейін тарау-тараумен, жоспармен оқитын болған.

 

Осы бетпен орыстың белгілі ақын-жазушыларынан — Пушкин, Лермонтов, Некрасов, Толстой, Тургенев, Салтыков-Щедрин, Писарев, европа ақындарынан — Гете, Байрон; фәлсафашыл, табиғатшыл, білгіштерінен — Спенсер, Спиноза, Иуис, Дарвин, тарихшылдарынан — Дрепер сияқты талайларды оқыған.

 

Алғашқы кезде оқығандарының көбі орыстың көркем әдебиет пен сыны болу керек. Көп заманға шейін қалада жатып оқып, кейінірек талай кітаптарды қырға да алып шығып, елде де қарастыратын болады.

 

Әдебиет тұсында жалғыз орыс жазушыларымен тоқтамай, Европаның көпке жайылған романшыларын да оқыған.

 

Әр-беріден соң сол кітаптарды өз оқуымен қанағат қылмай, маңайындағыларға әңгіме қылып, айтып отыруды әдет қыла бастайды. Со 35-40 жастың арасында өзі кітап қарастыра бастағанымен қатар, екінші баласы Әбдірахманды Семей қаласындағы үйездік школға оқуға береді. Бұл баласы кейін өндіріп ұзақ оқып кетеді.

 

Артынан біраз жылдан соң, үшінші баласы — Мағауияны да, әйел баласы — Күлбаданды да әкеп, орыс школына береді.

 

Абай енді Семей қаласының үйез, жандарал, судьялар сияқты құр төрелікке мәз болған ұлықтарынан мүлдем басқаша адамдарды тапты. Ұлықтардан білімді, ой-санасы сонағұрлым жоғары тұрған Михаэлис, Гросс сияқты зор білімді кісілердің мәжілістерінде болып, өзі де ғылым зерттей бастайды. Абайға жаңа жарық дүниенің шеті енді ашылғандай болады. Сонымен 1884—85 жылдары жасы қырыққа таман ілінгенде Абай дүниеден көп мағлұматы бар кісі болады. Әр нәрсе туралы, ғылым-философияға сүйенген арнаулы көзқарасы, сыны бар, әншейін ел кісілерінен сонағұрлым қырағы, озған кісі болып, жекеленіп шыға бастайды.

 

Бұдан кейінгі Абай елге де құр Құнанбайдың баласы болмай, ең алдымен өзге жақсы дегеннің бәрінен білімі, ақылы, сөзі мен өнері артық кісі болып таныла бастайды. Көптің ұғынып жүрген құр сөз жақсысы емес, Абай ең алдымен білгіш, кемел, шешен, жүйрік болып санала бастайды.

 

Енді өз елімен кейде келісіп, кейде келіспей жүрсе де, сырт елдердің сөз ұғарлық тәуір деген кісілері Абайдың атағын көп естіп, әңгіме-мәжілісіне құмар бола бастайды. Бұлардың ішінде өз ортасындағы басшылық үстемдікті нық ұстап қалам деп, өз уақытындағы әр алуан қоғамдық, шаруашылық жаңалықтарға бойұсынып ойыса бастаған адамдар да бар еді.

 

Абай тегінде білім алып, өзге бұрынғы ескі үлгідегі ру басыдан басқаша болғанда, сол ортаның өзін де өзгертіп, түзеткісі келеді. Елге пәле әкелуші емес, қоғамына пайдалы еңбек етерлік адамдар шығарғысы келеді. Сол өз ортасы өзінше жаңғырып, өнерленіп, жаңа заманға бұрынғылардан гөрі көбірек үйлесіп, мәдениетке ие болсын деп тырысады. Осындай бағытын ұғар-ау деген адамдарды өз елінен де, басқа елден де тапқысы келеді. Өзіне қосарға алуға тырысады.

 

Сонымен көбінің өз тілектері бойынша Абай құда болып, кейбірімен сыйлас, тамыр, дос болады. Жалғыз Семей үйезі емес, Қарқаралы, Өскемен, Аягөз айналасының ру басыларымен де жақындық таба бастайды. Абайдың атағы мен дәрежесі Тобықты емес, сан Тобықтыдай елдерге жете бастайды. Бұрынғы шешендік, зеректік, сыншылдықтың үстіне европаша жақсы, сенімді құрал тауып алған соң, Абаймен қай елдің мақтаған жақсылары, атақты шешендері болса да, тіресіп сөйлесіп, пікір таластыруға жарамайтын болып қалады. Қай-қайсысы болса да, сыртқы даңқы зор болғанмен Абайға келіп кездескенде дүниені болжар білімі, шалымы жоқ болғандықтан, Абайдың қасында білгіштің қасындағы наданның халінде қалып отырады.

 

Сонымен Семей қаласында болсын, басқа дуандарда болсын бірнеше үйез елдердің болыс, билері бас қосқан үлкен съездерде Абай өзімен толық тең түсіп, толық мәжілісте болатын қазақ кісісін көре алмаған.

 

Бір Тобықты емес, өз туысындағы қазақтың қайсысынан болса да өзінің сонағұрлым озып кеткендігін сезген. Осыны сезіп, ұғынуының арты, қазақ еліне әмір жүргізуші жуанның барлық жай-күйіне бұрынғыдан да өткір, қатты сынмен қарауды күшейтеді. Ел жайына, ел ортасындағы өз жайына болса да қанағат қылмайтын, заманынан озған ойларды ойлай бастайды.

 

Абай енді тентек-тебіз, ұрлық-қарлық, алыс-жұлыс сияқты теріс мінездердің барлығы атқамінер тобына түгел жайылған мін екенін көреді. Сол терістіктерді түзететін тез болғысы келеді. Ұғарлық, ойланарлық санасы бар-ау деген кісілерге өсиет, ақыл айтып ұстаз бола бастайды.

 

Сонымен 40 жасқа толған Абай енді өз ортасының ақылды, ақылшы басшысы болады.

 

Отыз жасқа шейінгі өмірі өз ырғынан басқарақ, әке тізесімен өткен болса, ендігі өмірді, жаңа құрылған негіз, пікір бойынша жаңа мағыналы түрде өткізгісі келеді.

 

Осы соңғы мақсатқа қарай ауысуына Европа оқығандарына таныс болып, кітап жүзінен алған пікір, тәрбиесі де қосымша себеп болады. Сонымен қатар, ауысып, өзгеріп келе жатқан заман жайындағы өзінің ойлаған ойы, жаңа түсініктері әсіресе себеп болады.

 

Өз айтуынша Отыздың ішінен бастап Европа оқымыстыларының көп кітаптарын оқып, қырыққа таман келген уақытта, бұрынғы дүниенің асты-үстіне шығып өзгеріп, күншығысым күнбатыс, күнбатысым күншығыс болып кетті дейді. Абай әрбір жақсы сөзді оқығанның артынан, соның ағымына ақыл-ойымен терең бойлайтын әдеттер табады. Мәселен, Будданы оқып шыққанның артынан: Будданың сөзі қалай терең еді, жасымда кез келмеді-ау деген сөзі, не болмаса өмір бойы Лермонтовты сүйіп: Бұл махаббатқа уланған шын ақын, махаббатын улаған ашу деген сияқты сөздері, бұның шығыс, батыс өнерін аса зор бағалай бастағанын көрсетеді.

 

Осы сияқты өзгерген сана, жаңарған ұғым, бағыт бойынша Абай енді өзі мінеген партия тартысынан айығып, аршылып шығуға тырысады. Бірақ ортасы мен айналасы Абайды бұдан түгел босатпайды. Еркін өзіне билетпейді.

 

Ерте ояндым, ойландым жете алмадым,

Етек басты көп көрдім елден бірақ, —

 

дейді.

 

Болмаса:

 

Ой кіргелі тимеді ерік өзіме,

Сандалмамен күн кешкен түспе ізіме! —

 

дейді. Ақыл айтады, сөгеді. Көппен бірге өз мінін де теріп, өзін де жазалайды. Бірақ ем болмайды.

 

Осыдан соң сыртқы өмір бұның ырқына көнбей, қайта өзінің билігіне бұны еріксіз көндіріп, ескі жолға қайта тарта берген соң, Абайдың ойы мен ісі екіге бөлінеді.

 

40 жастан асқан соңғы Абай бізге бір Абай емес, екі Абай болып кетеді. Біреуі — бұрынғы күйге үйлескісі келмей, заманның ортасынан озып шығып, сыншы, ұстаз, ақын, данышпан болуға айналған Абай да, екіншісі — күндегі өмірдің талқысы мен шырмауынан шыға алмаған, ел меңгеруші Абай.

 

Абайдың ішінде осындай екі тарау жол шығады. Бір жүрек екіге бөлініп, жыртылып айрылады. Заманнан ақыл сезімі артып, озған жалғыздың трагедиясы (қайғысы) туады. Сол қайғысы сыртқа шығатын бір жол болу керек. Абайдың ендігі ұғынуы бойынша сыртқы өмірі жеміссіз, ажарсыз, мағынасыз болса, оған өзі ішінде толып жатқан жартылық бар. Ойына жиылған улы зар, үлкен мұң, қалың арман бар. Осының бәрін сырт көзге көрсетіп, іштегі өкінішке тыныс ем етерлік нәрсе, ақындық болады. Сонымен 1884—86 жылдардан бері қарай Абайдың нағыз өнімді ақындығы басталады.

 

Енді бұл кездегі Абайға ақындық үлкен қадірлі мағынасы бар әлеуметтік қызмет, қоғамдық зор еңбек боп танылады. Ол — надандық, зорлық, жуандық, пәлеқорлық сияқты атқамінерлер мінезімен мықтап тұрып алысуға кіріскен еңбегі. Абайды кейінгі буынға және сол кездегі қалың елге, көпшілікке, саналы жастарға, нағыз кәдірлі Абай етіп көрсететін еңбегі. Ақындықты сыншы, тәрбиеші, қасиетті дос етіп ұсынады. Зұлымдық, надандықпен кектене алысады. Мін атаулыны көзге шұқып, басқа сабап айтады.

 

1884—86 жылдардан бастап, Абай осындай өлеңге кіріседі. Бұлайша кірісуіне себеп болған нәрселердің барлығын мәлімдедік.

 

Бірақ осы жылдарға жаңағы айтылған жәймен қатар, Абайдың ақындық еңбегінде сыртқы өмірдің үлкен бөгеттері тағы араласады.

 

Құнанбай балаларының дәуірі ұзақ жүргендіктен, барлық Ырғызбай деген рудың ішінде болысы да, болыс емесі де түгелімен бақ-мастыққа салынып, орынсыз жуандық, орайсыз тентектік молаяды. Сонымен ел ортасындағы жалпы наразылық күшейеді. Ырғызбаймын деу: орынсыз еркелік, орайсыз тентектік, жуандыққа кепілсіз, шексіз берілген билет сияқты болады.

 

Сондай себептер жиылып келіп, және ру басылардың тек жүре алмайтын пәле іздегіш мінездері де себепші боп, Абайдың туыстары мен сол ел жуандарының екі арасынан зор тың тартыс туады. Абайдың өз басы кінәсіз болса да, тек отырайын десе де, жау жағы да, өз жағы да еркіне қоймайды. Жақындары пәлені бастап алып, салмағын Абайға әкеп тастайды. Күншіл, кекшіл, арамза атқамінерлер де Абайдың ақтығына, жазықсыздығына қарамай, арызбен шағым айтса, ылғи пәле басы қып Абайды атайды. Соны сүйрейді. Осы мінезді бұрын Абайға жақынмын деп жүрген кісілер алдымен бастайды. Ең алдымен, бұрынғы дос болып жүрген Ербол, Жиренше, Күнту сияқты сенген адамдары кетеді. Осылардың ішінде Абайдың Күн ашықта қойнында дейтін құнсыз, бұзақы ағайындарынан да қосылушы болады.

 

Кісілік, әкімдік болса оны таласып, алатын да солар. Жаманшылық бұзық мінездерінен ел бөлінгенде пәледен бас сауғалап қашатын да солар. Өз мінездерімен Абай басына пәле әкеп тастайтын да солар. Мысалы, Шыңғысқа ол кезде болыс боп тұрған Ысқақ ойына келгенін істейді. Өз қолымен Жігітек ішіндегі көрнекті атқамінерлердің бірі Бұламбай дегенді сабайды. Тоғалақ руынан Мақсытбай дегенді сабайды. Болыстың қатыны кез келген қостың семізін сұраусыз, тергеуіз ұстатып алып сойғызып жатады. Осындайлар бұларға жақын жүрген Жиренше, Оразбайларды да түгелдейді. Сондай кісілер болып жиылып кеп, Абайдан өтініш етіп Ысқақты түсіруді сұрайды. Абай Ысқақ мінезінен өзі де жиреніп, жаңағылардың дегенін істеп, оны орнынан түсіртуге себепші болады. Бірақ оның есебіне басқа біреуі сайланып, Ысқақтардың іс жүзіндегі үстемдігі қайтадан сақталып қалады.

 

Сондықтан сайлау басынан кете бере өздерінің біреуі сайланбаған, сол үшін өкпелі болған жаңағы Жиренше, Ербол, Абралы, Күнту бастаған бірнеше ру басылар біріне-бірі сыр шешіп, серт байласады. Енді Абайдың қарсысына бұрынғы досымын деген кісілердің өздері басшы боп, шығысатын болады. Келесі сайлауға әзірленеді.

 

Бірақ, жаңағы сайланған кісілер болсын, өзге ел болсын, қай-қайсы болса да нақ сайлау күніне шейін сырттарымен баяғыша Абайдың ала көңілсіз досы болып жүреді. Не істесе де бірде-бірін Абайға айтпайтын, сездірмейтін болып, барлық дос атаулысы түгелімен анттасып, баталасып алады. Істің бәрін жасырын істейді. Сонымен ел ішінде партия бары да білінбейді. Бұл айлакер атқамінерлердің ерекше шебер жасаған, кәдімгі жасырын ұйымы болады. Басшылары іс пен сөздің барлығын бірнеше сенімді кісілеріне тапсырып, қалың елге өз ниеттерін, үлкен сырларын шашпай қойған. Елге сенбей бүркеп, тығып ұстаған.

 

Осымен 1884 жылдың сайлау күні болды.

 

Бұл сайлаудың алдында Абаймен алысушылар өз жағына әркімді әртүрлі еп, есеппен тартады. Мысалы, Оразбай көпке шейін Абайдан қол үзіп кетпей, мыналардың сырын білсе де өзі қостамай, үндемей жүреді екен. Ол — малға бай да, тартысқа белді адамның бірі. Соны алу үшін Жиренше болыстыққа Оразбайдың екі жақын адамын белгілейді. Бірі құдасы — Күнту, екіншісі құда әрі дос, ниеттесі — Абралы. Осының бірін болыс, бірін кандидат қоямыз, күш, билік өз қолыңа келеді деп тартады. Оразбай мұны шырға көріп, басында елікпейді. Абайдың әзірлігі бар шығар деп біледі. Бұған келіп сыр тартып, ел бөлінбес пе екен, қалай болар екен? — дейді. Оны Абай тыңдамайды. Ойы тартыс емес. Оразбайдікін құр дағдылы пәле іздегіштік деп біледі. Оразбай сонан кейін аналарға қосылып кетеді.

 

Үйездің алдында елдің елу басылары болыс болатын кісіге тас салар жерде, Оспанмен бірге шарға түсетін болып ойда жоқтан Күнту Жоңға баласының аты аталады. Баталасып алған елу басылары түгелімен тастарын Күнтуға салып жіберіп, бұл күнге шейін дайындалып келген болысты, төңкерістің бетін Күнту болыс болып шыға келген жерде бір-ақ ашады. Күнтуға кандидат қылып Абралы баласы Арапты сайлайды. Абай жағының атағынан бірде-бір кісі ілінбейді. Бидің бәрін де ана жақ өзінен сайлайды.

 

Осы оқиға бұдан бұрын елге жанашыр достығым бар, үлгі берер еңбегім бар, адал, шыншыл ниетім бар, өзгелердей емес, жаманшылығым жоқ деп келген Абайға үлкен, орынсыз қаза сияқты көрінеді.

 

Қаза, бөгде біреудің болыс боп кеткендігінен емес, өйткені Абайдың аулында жатып, соның дегенін істейтін сайлаушы үйез Тихонов сайлауды қайтадан бұзбақ болады. Бірақ бұған Абай көнбей, өзі бекіттіреді. Бұл іс Абайға ең алдымен адамгершілік қазасы болған сияқты. Досым деп жүрген кісінің барлығы түгелімен бір-ақ сағаттың ішінде жау екенін білдіріп, ол жаулықты сыртына шығармастан, іштеріне үлкен еппен жасырып жүріп кеп, қатты кеткені, Абайдың досқа сенгіш, таза көңілін мазақ қылып кеткен сияқты болады.

 

Абай, осы істің тұсында өмірдің де, барлық хиянатшыл достың да бұған қарап бетін тыржитып тұрған мінезін көрген сияқты болады.

 

Ел ішіндегі іс осыған келіп тірелген соң, кітап тәрбиесі, ой тәрбиесімен жаңа бағыт ұстанармын деп жүрген ниетінің барлығы уақытша еріксіз бөгеліп қалады да, Абай амалсыздан тартыс, жаулықтың ортасында қалады. Бұл уақытта Абай тоқтайын десе де, тоқтай алмас еді. Өйткені, өз кісілерін болыс қойып, жеңіп алған ел Құнанбай балаларынан есебін алу керек. Жеңгендіктің жемісін теру керек. Одан соң олардың ұғынуынша Абай жағы қайта алыспай, кек алмай қоймайды. Сондықтан оны әлсіретіп, біржолата меңдетіп алу керек. Қырда түгел жыға алмасаң, ұлыққа шағып, соның күшімен жаныштау керек. Олай болса үстінен арыз беріп, әсіресе өздерінің сайлаған болыс, бидің мөрін, приговорын пайдаланып, қылмысты кісі қылып көрсету керек.

 

Мұның бәрі тынымсыз алыс, тоқтаусыз партия тартыс болмай қоймайды. Сонымен Абайдың ендігі алысы, бас қорғаудың алысы болады. Енді ерік өзіне тимей, тілесе де, тілемесе де, алысу керек болады.

 

Осымен 1884—86 жылдар түгелімен алыспен өтеді. Бірақ 80-жылдардан кейін Абай бір кісі емес, екі кісі болып бөлінеді дедік. Қайтадан еріксіз алысқа кірсе де, жаңағы жылдардың ішінде Абай бірталай өлең шығарады. 84-85 жылдар Жасымда ғылым бар деп ескермедім, Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы деген сияқты бір-екі өлеңді ғана туғызса, 1886 жылы Абайдың нағыз ақындыққа шынымен бой беріп, көп үңіле бастағанын білдіреді. Бұл жылда 16-17 өлең шығарады. Абайдың осы күнге шейінгі баспаларында халық туралы деп жүрген өлеңдерінің көбі осы жолда өз ортасынан алғашқы рет қатты торыққан көңілінен шыққан сөздері болады. Сол өлеңдерінің ішінде:

 

Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да,

Алдамаған кім қалды тірі жанда…—

 

деген сияқты талай-талай сөздерден Күнту болыс болатын сайлаудың алыстағы сарыны сезілгендей болады. Сонымен қатар бұл өлеңдерінің барлығы өзінің шын налыған, зары да сияқты. Бірақ бұл жылдарға шейін Абай өлеңді жазса да өз атымен жазбай, ылғи Көкбай айтқан өлең деп жүргізеді. Сондықтан зарланып жатқан Көкбайды аяп, кейде:

 

Сорлы Көкбай жылайды,

Жылайды да жырлайды.

Жыламай қайтіп тұрады;

Мынау азған қу заман,

Қалыбында тұрмайды.

Біреу малды ұрлайды,

Біреу басты қорлайды,

……….болмаған соң

Жылауына зорлайды, —

 

дейді. 82-жылдардан бастап, 85—86-жылдардан Абай, Пушкин, Лермонтовтан бірен-саран өлеңдерді қазақшаға аударып та байқайды.

 

Бірақ, жоғарғы айтқан ретпен Күнту болыс болып алған соң, Абайдың үстінен арыз, шағым ұлық кеңселеріне ойлағандай-ақ топырлап түсе бастады.

 

Өз атаған кісісі болыс болған соң, ру басылары осы жолғы қолына тиген әкімшілікті әбден пайдаланады. Сол ретпен өзіне ерген 400 үйін алып, Оразбай Шыңғыс болысынан бөлініп шығып, Бұғылыға қосылады. Бұрын бұл бөлініп шығам дегенде болыс боп отырған Құнанбай балалары мөр, приговор бермей өз ауқымынан шығармайтын. Түбі жаулық ойласа басқа болыста отырып аңдысқан кісіні өз қасынан шығармай қоятын, көп болыс, көп мықты жуанның есебі саясат болатын. Оразбайды бөлек болыс қып жібере қою Күнту, Жиреншелерге де түп есеп үшін керек. Құнанбай балаларына үнемі бар Тобықтының елін билетіп отырмас үшін, өз орталарынан бірер мықтыны аналардың құрығынан ұзатып жіберіп, соған Тобықты шеңберіндегі партияның бір қабырғасын сүйетіп, өздері соны арқа тіреу, бел қып отырып алысуға да дұрыс келеді. Күнтудың болыс болуы жеңген жаққа осындайда бір нәтиже береді.

 

Екінші, сол Күнтудың өзі де Құнанбай баласының қол астына қайта қарап қалмас үшін өзіне ерген Жігітек, Бөкенші руларын алып, көршілес Мұқыр болысына шығуға жол әзірлеп қояды. Кейін мұны түсіретін мезгіл болғанда, Күнту өзіне қажет болатын мөр, приговорды сайлап жүріп өзі болыстықтан түсісімен Мұқырға шығып кетеді. Бұл Күнту болыс болудың ең соңғы уақиғасы.

 

Бірақ бұған жетпестен бұрын, ол адам ең әуелі Құнанбай жағынан барлық бұзақылары үшін Абайды жазалауға кіріседі.

 

Осындай қызу тартыс үстінде Құнанбай баласынан болыстық кетті деген дақпырт, ұлық айдатқан Жігітек адамдарына да жетеді. Сонымен Бөжей заманынан бері қарайғы жаулықты мықтап ұстаған Базаралы қашып келеді. Күнтудың болыстығына сеніп, қайта ұстатпайды, ұлыққа көрсетпейді деп бір сеніп, екінші енді орайы келсе, ескі кегін қуып көрмек боп та келеді.

 

Осы сияқты әр алуан түрде құралып келген уақиғалар алыстың түйінін шиелендіре береді. Тартыс қырда да, ойда да қатты қозады.

 

Осындаймен жүргенде, 1885 жылғы Қарамола деген жәрмеңкеде ол күндегі әдет бойынша, бірнеше дуан бас қосатын шербешнай (төтенше) съезд болады. Осыған Абай да келеді. Бұл уақытта Тобықты ішінде Абайға жау болып шыққан кісілер, өздерінше іштей тілектес болатын атқамінерлерді басқа елден де тауып алған болады. Бұрын Абайдың өзге сырт елдегі достары көп болса, сол достарының қарсысында жүрген жаулары да бар еді. Енді Тобықты іші жіктеліп алғанда солар шұрқырасып келіп, Абайдың Тобықты ішіндегі жауларымен табысып тобын молайтады.

 

Шербешнай съезге жиналған топтың ішінде осы сияқты Абайға қастық ниет ойлайтын кісілердің барлығы Қарамолаға келетін жандаралдан Абайды жазалауды күтеді. Абай айдалар деп те үміт қылатындар болады. Сонымен жандарал келіп, тосып тұрған ел кісілерін жағалай жүріп әрқайсысымен танысып келе жатып, Абайға келгенде: Партияшыл, ел бүлдіргіш Құнанбаев сенбісің? дейді. Абай: Мен депті. Неге партия қыласың дегенде: жалғыз мен қылмаймын, дүние түгел партия, жанды-жансыз мақұлықтың барлығы да алыс-тартыспен тіршілік етеді. Тіршілік — күрес. Сіздің өзіңіз де партия қыласыз дейді.

 

  • Сені ел адамдары неге көп жамандайды, — дегенде:
  • Олар көп, мен жалғызбын. Көп — жуан, әрқашан тентек, бұзық. Бұзық көппен алысқан жалғыз жаманатты болмай тұрмайды. Бірақ көп екен деп жаманның сөзін мақұлдау керек пе? — депті.

 

Абай өзге ұлықтарға істейтін мінезін осы жандаралға да істеген. Жалпы атқамінерлерше ұлыққа пара беру, жалынған дегенді Абай ешуақытта білген емес. Оны өз тұсындағы дұшпандары да айта алмайды екен. Қай ұлықпен болса да тең сөйлеседі. Елдің тыныштық іздеген тілегін жеткізе айтады. Және, әсіресе, ешбір ұлық баса алмайтын ұрлық, шабуыл, құн дауы, жер дауы сияқты дау-шар атаулының бәрін де қалай шешіп, қалай аяқтау жолдарын Абай барлық басқа адамнан артық біледі. Сол жолда ел-елге тыныштық тапқызып, мағынасыз құр алыс, бос пәледен құтқарады. Бұл өзінің де іздейтіні. Сондықтан ұлық атаулы бұның ақылына өзі келіп, өз әлсіздігін біліп келіп, амалсыздан қоңсы қонатын. Жаңағы жандаралша Абайға құлшынып, жазалаймын деп келіп, артынан жаңағыдай, мәдениетті түрде өзімен тең сөйлесетін Абайды көргенде еріксіз құралынан айырылып қалатын. Мына жандарал да Қарамола съезінде соны істейді. Абайды сөйлесіп, танып алған соң еріксіз келіп сол съезге төбе би қып өзі ұсынатын болады. Өзге шағымқор, шен құмар, парашыл атқамінердің, ешнәрсені шеше алмайтынын көреді. Ел арыздары шешілмесе кеңсеге тағы көп тілектер үйіледі. Сондайлардың себебімен Абайдың билігіне өзі құштар боп, өзге ру басыларға кеп: Съезді жақсы өткізіңдер. Ұрыда ақысы кеткендердің ақысын толық әперіңдер. Съезді жақсы өткізу үшін Абай сияқты кісіні төбе би сайлаңдар деп, Абайды шербешнай съездің төбе биі қылып, қайтып кетеді.

 

Бірақ съезд осылай өтсе де, Күнту болыс болып тұрған уақытта Абаймен ұстасқан ел тартыстан да, арыз-шағымнан да тыйылмаған.

 

Сонымен 86-жылы көрсету қатты молайып кеткендіктен, Абайды қарсы жағы жер аудартуға да жақындайды.

 

Осы орайда Семей қаласына Ақмола, Семей облысының Корпус генерал-губернаторы келеді. Абайға жаулық ойлағандардың арызы оның алдына да жаңбырша жауады. Корпус бұл істерді көрген соң, Абайды жер аударуды бекітпекші болады. Бірақ, сол уақытта мұның қасында, Корпустың кеңсесін басқаратын Досовский деген чиновник бар екен. Бұл бұрын Семей уезіне начальник болып, Абайды жақсы білетін адам еді. Сол араға түсіп, Абайды Корпусқа жолықтырып бетпе-бет сөйлестіріпті, Абай мұнымен де жай арызшы түрінде емес, жаңағы жандаралмен сөйлескендей, оқымысты кісіше еркін, тең сөйлессе керек; дәл не сөйлескені мәлім емес. Бірақ әңгіменің артынан Абайға: Сен ортаңнан басың асқан адам екенсің депті дейді.

 

Осы әңгіменің артынан бұрынғы жер аударылу деген сөз қалады. Аздан соң Күнту өтірік шағымдары үшін болыстықтан түсіп, қызметті басқа кісіге тапсырады.

 

Бірақ Семейде болып жатқан бұл түрдегі өзгерісті ел білмейді. Абай айдалатын болыпты деген, дақпыртқа нанған қарсы жағы осы кезде Абайдың Тәңірберді деген ағасының бір қос жылқысын тиіп алады. Алумен тұрмай топты жылқыны талап әкетіп, көбін қырып салады. Дәл осы уақытта Күнту болыстықтан түсіп қалады. Назначениемен Абай жағынан болыс болады деген хабар келіп, пәле басы атқамінерлердің берекесі кетіп, қатты сасады.

 

Айдаудан қайтқан Базаралы тегі осы кезде кеп киліксе керек. Абайды әлсіреттік деп, бойына күш кіріп жүрген жуандарға бұл келіп екпін беріп жібереді. Сонымен Тәңірбердінің мыңға тарта жылқысын тиіп алған бетте, бата қимылдайтын әсіресе Жігітек болады. Шабуылға жігітін мол жіберген ел де сол. Оразбай, Күнту сияқтылардың өз бастары бұл уақиғадан сырт қалады. Жігітек жылқыны алған бетінде пышақ үстінен үлесіп әкетіп, бүтіл Қарауыл өзенінен өрлей, құлай отырған ел, жағалай сояды. Бұл іс ол уақытта да ел естімеген ірі іс боп шығады. Күнту, Оразбайлардың өзі де қатты қорқады. Болыстық тағы қолдарынан кетіп қалған. Ендігі тартысқа басшылық ету былай тұрсын, өздері бас сауғалай бастайды. Күнту Мұқыр болысына осы орайда шығады да, Оразбай Құнанбай балаларынан татулық іздеп, бұрынғы кетіп қалған болысынан шығып, Шыңғысқа қайта кеп кіреді. Күнту құдасы болғандықтан, сол ұшырап кетеді деп араға дәнекер болмаққа қайта келеді. Құнанбай балалары бұны жуасып келген күйінде, қайта алуын алады. Бірақ Оразбайдың өз басына тимегенмен Жігітекті оқшаулау шығарып ап, қатты кек қуады. Алынған жылқыны Жігітек сойып, қырып, жеп қойған еді. Енді соның әр жылқысына екі бестіден төлеу кестіріп, қолма-қол тіздіріп алады. Тәңірбердінің шығынынан кірісі асып түседі. Бірақ, соған орай Жігітек тегіс кедей боп, тұралап тұрып қалады. Сол жылдар көшуге жарамай, қыстау-қыстау басында ошарылып жатақ боп отырып қалған ауылдары көп болады. Сонымен, Күнту болыс болғанның арты сол ру басылардың айдап салған көпшілігіне тағы бір ауыртпалық боп бітеді. Аман қалған, пәлеге бастық болған ру басылардың ұпайы түгел боп аман тұрады да, көпшілік ерін арқалап қалады.

 

87-жылы келесі сайлау болғанда, қалған Шыңғысқа Оспан болыс болады.

 

1884 жылдан соң елдің сөзінен безер боп, басын алып қашқан Абай жаңағы уақиғалар тұсында амалсыз кіріссе де, енді бар іс пен сөзді іні, балаға тастап, өзі шамасы келсе кіріспеуге тырысады. Шынымен ел тыныштығын іздейді. Өз басы нәрлі еңбекке берілмек болады. Сондықтан Оспанға екі жақтағы болыстарға өкпелеп шығып кеткен ағайындармен татуласуды тапсырады. 89-жыл шамасында айтқандай ағайынның барлығымен табысады.

 

Абай ел жұмысын Оспанға тапсырып, өзі бір беткей ілім іздеу жолына, ақындыққа бой ұрады. 80-жылдардан бұрын кітап оқуға кіріскен ақын кітабын ешуақытта да тастамаған еді. Сонымен бірге 86-жылдан кейін, 89-жылға жеткенше тағы да ел жұмысымен, кітаппен қатар өз өлендерін де жазып отырған. Рас, 87—88-жылдар көп өлең жазған жоқ. Бірақ дәл 86-жылдай болмады демесек, бұрынғыға қарағанда бұл жылдар да тегін өткен жоқ. Екі жылда жиыны оншақтыдай өлең жазады.

 

Сонымен 89-жылға келіп, сыртқы өмірінде әлгідей тыныштық, толас болған соң, мүмкін болғанша бұрынғы арман қылған, мағыналы өмірін бастап көреді. Ең алдымен бұл жылда тағы да кітапты көп оқиды. Өз қолындағы кітаптары біткенде әдейі ат айдатып қалаға кісі жіберіп, Семей кітапханасынан жаңа кітаптар алғызып, оқығанын қайтарып жіберіп, жаңғыртып отырады.

 

Осы жыл Абайдың барлық ақындық қызметінің ішіндегі ең өнімді, ең жемісті жылы болады. 89-жылы 25 шамалы өлең жазылады. Бұл сөздердің ішінде бұрынғыша өз ортасының өзі көрген кемшілік-міндерін қатал сыншы, үлкен ұстаз тілімен шенеп, тексеру бар. Сонымен қатар, махаббат жайындағы сөздер, табиғат суреттері, бас қайғысы да бар. Одан соң Пушкиннің Онегинін аудара береді.

 

Және осы жылдан бастап Абайдың білімі мен өсиетіне құмар болған, ел ішінің көзі ашық жастарына Абайдың аулы: үлкен білгіштің медресесі сияқты болады. Абай — ұстаз да, мұның алдына келген, сөз ұғатын, ынталы, талапты жастардың бәрі — шәкірт. Абай іні, бала ағайындарына мағыналы тәрбиеші бола бастайды.

 

Өз өмірінде көрген істерінің барлығы жеміссіз болып, ілгері бастырмағандықтан, енді сөз ұғатын жастарды жаңа жолмен өзі қиял қылған өнер-білімге және адамгершілік үгіттерге қарай жетектеп баулығысы келеді. Бұларға өз өмірін мінеп, басынан атқарған қата жұмыстарының барлығын жасырмай, бүркемей мойнына алып айтып отырып, ендігі жастың ол түрдегі өнімсіз жолдан аулақ болғанын тілейді. Ескі үлгіде қалма, өзгерген заманның жаңа түрлі басшысы болуға әзірлен дейді. Сондықтан өлең сөздерінде бір айтса, ауызша өсиет мәжілістерімен тағы да баулып, ылғи ғана сол атаған жаңа жолына қарай бастайды. Абай жалғыз өз өсиетін қанағат қылмай, жаңағы жастардың сезім тәрбиесін толтырмақ болып, сол 89-жылы көбіне музыка үйретпекші болады. Сол мақсатпен Көкен еліндегі Мұқа деген скрипкашыны аулына алғызады. Тағы сол жылы Әсет деген ақынды да сақтайды. Осымен 91-жылға шейінгі өмірі Абайдың өзінше ең мағыналы өткізген жылдары болады. 90—91-жылдарда жиырма шақты өлең жазады. Сол уақыттарда жас шәкірт болып, әкесінің қолында тұрып, оқып жүрген Тұраш мынаны айтады: Осы жылдарда мәжілісінде ілім сөзінен басқа сөз жоқ болады. Бар талапкер жастар болып, сөзін тыңдап, медреседегі шәкірттерше ақиқат олай емес, бұлай деп, бір-бірімізбен дауласып жатушы едік дейді.

 

Сол екі жылдың ішінде жоғарыда айтылған өлеңдермен бірге және де көп өлеңдеріне ән де шығарып еді. Ұстаздық қылып отырғанда бізге: малқұмар, мансапқұмар адам — адам емес деп ұғындырушы еді. Әрдайым сағынып, көксеп, қатты рахаттанатын уақыты: сөзді ұғар-ау деген адамдарға, жастарға, ілім сөзін сөйлеп, насихат айтып отыратын кезі болушы еді. Онда сөзге түсіп отырғанында шаруа судай ағып бара жатса да, қаперіне алған емес. Біреуі не шаруа айтып, немесе ел арасындағы партияның жайын айтып сөзін бөлсе кейіп, я ашуланып қалушы еді.

 

Сауданың, ақшаның есебі секілді есеп әңгімесі шықса аза бойы қаза тұрып, жеркенген кісідей болып мазасы кетіп, есептерің бар болса аулаққа барып есептеңдер деп, өзі отырған үйінен қуып жіберуші еді дейді.

 

Осы айтылған сөздердің барлығы жалғыз Абайдың өз баласы емес, сол кездерде Абайдың тәрбиесінде болған көп адамдардың бірдей айтатын сөздері. Сондай өмір, осындай мағыналы, үлгілі жол Абайдың барлық кейінгі өмірінде, айнымай ұстансам деген жолы болады.

 

Егерде ел ішінің бір қалыпта тұрмайтын тынышсыз, тынымсыз әдеттері осындай өмірден Абайды кей уақытта еріксіз тартып алмаса, Абай 89-жылдан бастап, соңғы күндеріне шейін өз өмірін осы жолмен өткізбекші еді.

 

 

Бірақ, ойлаған мақсат, ниеті бұл тұста түгелімен арман қылған өрісіне жете алмады. 90-жылға дейін тыныштық болып келіп, дәл сол жылдың жазында, Оспан мен Оразбай қайта араздасып, жауласа бастайды. Абай басында бұл екеуін татуластырмақ болып арасына жүріп көреді. Бірақ екеуі де тоқтаса алмай, жауласып кетеді. Осы жаулық тоқтамайтын болып ұлғайып өсіп, тағы да Шыңғыстың шегінен асып Тобықтыға жетіп, Тобықтының лаңы басқа сырт елдерге де жаңадан жайыла бастайды. Ол араздықтың түбі тағы да Абайға кеп мықтап соғады.

 

Тартыс үстінде Оспан Оразбайды жазаға іліндірмек болса керек. Соны білген Оразбай қалаға қашып кетеді. Оспан ел ішінде билер съезін өз дегенінше өткізіп алып, қалаға Оразбайды қуа барады да, ояз кеңсесінің алдынан оны өз арбасына таңып алып, елге әкеледі. Бұрын зорлыққа бойұсынбаймын, көнбеймін деп теріс жүрген Оразбайға мынау істеген іс, құлақ естіп, көз көрмеген қорлық жаза болады. Содан ол, енді қайтып Құнанбай баласымен бітіспейтін, кескілескен жау болып, ант етіп кетеді. Оспан бұрыннан елді шошытқан қатал, тентек мінезі бойынша қарсыға шығар-ау деген Оразбайды жаңағыдаймен біржолата шошытып, жаныштап жібермек болады. Бірақ осы істеген істің арты көп арыз, көп қуғын болып, ең алдымен өзі болыстығынан түседі. Орнына кандидаты Арапты қоймай, сол кездегі долынжы би (бұл болыс пен кандидат екеуі де орнынан тайса, уақытша болыстық міндетін атқаратын бірінші би) Шәкен деген інісін болыс қояды. Осы араздық жаулық арты Абайға ең зор дұспандық, ең салмағы ауыр міндет боп тағы кеп ошарылады. Алдында Абай іс міндеттің бәрін Оспанға тастап, босандым деп қойып еді. Сол Оспан жаңағы ұлы пәленің артынан үлкен тартыс енді молайып келе жатқанда, 1891 жылы өліп қалады. Мұның өлімі, Абай көрген қатты ауыр қазаның бірі болады. 92-жылғы өлеңдерінің көбінде Абай Оспанның өлімімен уланып, дерттенген жәйін, көп жерде сездіреді. Осы өлімнің өзіне арнап та өлең айтады.

 

Оспан өлген соң, барлық жаудың азабы мен елдің әлегі түгел келіп Абайдың жеке басына түседі. Еңбекке толық, тыныштық өмір бұзылады. Барлық ішкі қуат сезімімен бұрынғыны барынша жек көріп, жиреніп алған Абай қайтадан сол әуелгі қалыпқа келген соң, тіршіліктің бұл сыбағасын ас орнына у тартқандай көреді.

 

Бірақ қалай да болса кіріспесіне болмайды. Кірісу міндет болып алған. Өсиет көксеп, мәжілісін іздеген жастарға медресе есігі жабылғандай болады.

 

Осыдан кейін өлеңдері де бұрынғылар сияқты тыныштықпен отырып жазылмай, ерекше тынышсыздық, алыс-жұлыстың үстінде әр жерде жазыла жүреді.

 

Шынында осы жылдардан соң Абайдың өлеңімен қатар аудармалары көп орын ала бастайды. Жыл сайын жазатын жалпы өлең саны 10-12-нің шамасында болғанда, соның бірталайы аударма болады. Өмірдің аяқ жағына жақындаған сайын өз өлеңінен аударманың саны артық бола береді. Мәселен 86-жылдан соң ең көп жазған жылы 89-жыл еді. Сондағы барлық өлеңнің саны жиырманың ішінде болса, ішінен бес-алтауы-ақ өзінікі. Қалғандары аударма. 91-жылғы жаулық тағы да ұзаққа кетеді. Осы тартыс бір ел емес, әлденеше түрлі жұмыстардың тұсында бола келіп, 98-жылға шейін созылады. Бұл екі арада, Абай өмірінде болған үлкен өзгерістер, 92-жылы Оспанның үйіндегі (бұл Құнанбайдың үлкен үйі болады) Еркежан деген келінін алады. Оспан өлгенде артында қалың дәулет пен үш қатыны қалады. Бірақ, ешбіреуінен бала болмаған. Оспанның үш қатынын Тәңірберді, Абай, Ысқақ сияқты үш ағасы алып, ауылдары мен мал-мүліктерін де, келіндері отырған орындарға қарай бөлісіп алады. Көп сыбаға үлкен келін мен Абайға тиісті болады.

 

Еркежанды Абай өле-өлгенше аса жақсы көрумен кеткен. Мұны алған соң, өзге екі әйеліне көп жуымайды. Қыс болса олардың қыстаулары Еркежан қыстауынан (Жидебайдан) алыс болады. Абай үнемі осы Оспан үйінде, үлкен ауылда орнығып тұрып қалады.

 

Еркежаннан басқа бұрын Абайдың екі әйелі бар еді. Біреуі — жоғарыда айтылған Алшымбай аулының қызы Ділдә. Екіншісі — тоқал алған Әйгерім. Алғашқы әйелінен: Ақылбай, Әбдірахман, Мағауия деген балалары болған.

 

Абай Еркежанды алмай тұрғанда, көбінесе Ділдәнің аулында болып, кіші әйелінің балаларын сол ауылда өз қасына алып жүріп, Мағауиямен бірге тәрбиелеген. Әйгерімнің қыстауы Аралтөбеде. Ол Еркежан қыстауынан 70 шақырым жерде болады. Өзі Оспан аулына орнаған соң, балаларының көбін қысы-жазы өзімен бірге ұстаған. Өз қолында болмаған баласы оқудағы Әбдірахман ғана.

 

Ол Семейде үйездік оқуды бітірген соң, Түменнің реальный училищесіне барып, соны бітіреді. Содан кейін Петербурға барып, Семейде үйез болған Лосовскийдің маслихаты бойынша Михайловский — Артиллерийский школға түскен. Басында Абай Технологический институтқа түс деп, жіберген екен. Сабаққа кешігіп келіп, түсе алмайтын болған соң, жаңағы Досовский айтқан мектепке түсіп, соны бітіріп шыққан. Әбдірахман Абайдың қатты сүйеніш көріп, қатты үміт қылған баласының бірі болған.

 

Бұл жаңағы мектеп бітірумен де қанағат қылмай, енді әскерлік артиллерия академиясына түсемін деп жүргенде, костоед (құрт ауру) болып, 1895 жылдың ғинуарында қызмет етіп тұрған жері Алматы (Верный) қаласында қайтыс болған.

 

Оспанның өлімінен соң Абайды қатты күйдірген өлімнің бірі осы болады.

 

Бұл баласы Абайдай әке өмірінің жалғыз бір үлкен жұбанышы болған. Соның мұратына жете алмай ерте өлгені, артында қалған әкесін қатты қайғыға салған. Ел ортасында етек басты көріп талпынған, білім, мәдениет өзіне алыс болғанда, Абайдың аңсап, іздеп, көп күткен сол баласының келешегі еді. Шынымен көп үшін өнімді еңбек істеп, мағыналы адамшылық ұрығын шашады деген жалғыз үміт сол еді. Соның ерте өлгендігі Абайдың жүрегінен тағы да қатты толқынып келген көп зарды шығарады. Әбіштің (Әбдірахман) өліміне арнап айтқан өлеңдері, Оспанның өліміне айтқаннан да зарлы, шерлі сөздер болады. Бұл өлім де осы кездегі барлық басқа өлеңдеріне қайғы мен өкініштің, қалың арманның уытын жайғандай болады.

 

Әрине, бұл уақыттарда Абай нағыз қалыптанған ақынның өзі еді. Сыртқы өмірдің у қосып тартып жатқан сыбағасы бар. Өз ішінде, қалыптанып толған сыншы ақылдың, бұның табынан ұзатып әкететін жалғыздығы бар. Оның үстіне жанына сүйеніш санап, тіршілігін жұбаныш қылған сүйікті жандарының өлімі бар. Осының бәрі жиналған соң, елмен алысып жүрсе де, Абай өлеңді өз жүрегінің тынысы сияқты қылып алған. Сондықтан, Лермонтовтай ақындардың өлендерін қазақша аударса, сол сөздерді құр ғана сыртқы келісімін сүйгендіктен аудармайды. Барлығы да өз жүрегіне түсінікті, өз халына жанасатын, өз қиялына дәл келетін, ерекше бір жақындығы болғандықтан аударады. Өзі шығаратын өлеңдерімен қатар, аудармалар, ақынның өз жүрегінен толқып шыққан қайғылы шердің де айнасы, толас тынысы сияқты болады.

 

Осындай болып қалыптанған ішкі өмірдің күйі Абайдың соңғы күндеріне шейін біржолата нығайып, орнығып алған сарын болады. Әредікте қыс болсын, жаз болсын ел сөзінен қолы босап, аз да болса орнығып отыратын уақыт болса, 89—90-жылдардағыдай тағы да тәрбиешілік, ұстаздық қылады.

 

Бұл уақытта жалғыз өсиетін айтпай, шығыс пен батыстағы өзі таныс болған бұрынғы соңғы данышпан ғалым, ақын, жазушы атаулының бәрінен мысал келтіріп отырады. Ұдайы ойшылдыққа салына бермей, көркемдік тәрбиені де көп ойлайды. Сол ретпен өзі оқыған қызықты, шебер романдардың көбін де өз тілі, өз аудармасы, редакциясымен әсем әңгіме қып айтып береді. Абай мектебінен тараған осындайлық жаңа, соны әңгімелердің ішінде, өз уақытына жаңа болған Мың бір түн, Шаһнама, Бақтажар, Ләйлі-Мәжнүн, Көрұғлы Сұлтан сияқтылардан басқа, Европаның да талай романдары болады. Абайдың айтқанынан тараған А. Дюманың: Үш мушкетері, Он жылдан соңы, Король қатын Маргосы, Пушкин әңгімелері және Батыс Европада орта ғасырда инквизиция сотының заманын суреттейтін Қызыл сақал деген роман, онан соң Америка, Африкада жабайылар ортасында күн кешкен жаһанкездер жайындағы романдар да көп айтылатын болған. Абай тәрбиесінің тағы бір ерекшелігі — ол өзін Шығыс адамы едім, мұсылман едім деп дін тұсауына бағындырмаған. Жастарға үлгі, тәлім етіп айтқанда, өлеңінде Толстой, Салтыков-Щедринді ұсынғаны сияқты, ауызша өсиетте де Сократ Хакім, Аристотель сияқтыларды көп атайды. Ұлттықтар көлемде де қалмайды. Сондықтан өзінің тәрбиесінде болған жас ақындарға әңгімелі поэмалар жазуға тақырып бергенде, құлашты тіпті кең жаяды. Көкпай сияқтылырға қазақ тарихының ескілігін баяндайтын тақырыптар берсе, Мағауияға патшалықпен алысқан Шәмильдің жайын поэма еткізеді. Және сол Мағауияға Медғат-Қасым деген поэмада Африкадағы плантатор мен намыскер ер құлдың алысқанын әңгіме еткізеді. Ақылбайға Кавказдағы Дағыстан жәйінан, Африкадағы Зұлыстар жәйінан поэма жазғызады. Міне жастардың ұстазы болған Абай ең алдымен осындай көркем тәрбиеші, аға ақын боп зор қызмет етеді. Бірақ жаңағы атқамінерлер пәлесі тағы да ырық бермейді.

 

Оразбаймен ұстасқан жаулық 91-жылдан бастап 1897 жылға жетеді. Бұл кезде Абайдың ел ұстарлық Ақылбай, Мағауия сияқты балалары, Кәкітай сияқты немере інілері жетсе де, Абайдың соңынан ерген ел, жалпы тартыс болсын, ел ішінің келелі кеңесі, билігі болсын, үлкен шербешнай съездер мен болыстық съездері болсын, барлығынан да Абайды босатпайды.

 

Жоғарыда біз Абай өмірінің сыртқы өзгерістерін санаған уақытта, көбінесе партиямен алыс-тартысты айттық. Бірақ, соның барлығымен қатар, Абайдың ел ішінде ең үлкен, ең дана, әділ басшы болғанын да еске алу керек.

 

Қарамолада бірнеше елдің бас қосқан съезінде төбе би болған сияқты Көктұмадағы, Жетісу мен Семей облысының бас қосқан шербешнай съезінде, Абай тағы төбе би болған.

 

Мұндай жерде Абайдың білімі мен жүйріктігіне және көлденеңге айтатын шебер, әділ билігіне талай рет көзі жеткен атқамінерлер іштей жау болып жүрсе де, сырттай ешуақытта қарсылық көрсетпеген. Өз беттерінде ру араларының дау-шарын шеше алмайтын ұлықта, бұл сияқты дала заңына жетік адамға еріксіз жол беретін болған.

 

Сол шербешнайда ақылдасатын елдердің қашандағы істерін, қандай істерін қандайлық жол-жобамен қарау керек, соған жалпы ереже жасалады. Осы ережелер көп байлардың ортасына салынып, тексеріліп өткен соң, қаулы болып бекітіледі де: ақыры жұмысты тергейтін третей билері түгелімен сол ережені қолданады.

 

Міні осындай тәртіппен болатын шербешнайлардың қайсысына барса да, Абай көбінесе төбе би болып, солардың ереже атаулысының барлығын өзі жазып, көптің сынына салып өткеріп отырған. Мәселен Көктұма съезінде Абай жазған ереже 92 статья еді деседі. Бұл ережелердің барлығы да қазақ елінің ескіден келе жатқан жол-жоба, әдет-заңына, ескі билік салтына сүйеніп, елдің өз ортасындағы ғұрпына дәлденіп жасалады. Патша үкіметі қазақ елінің ішкі өмірін білмей, жалпы әкімшілік жұмысын ешуақытта жөнге сала алмай қойған соң, жалғыз тапқан шарасы осы болатын. Абай болса елге жаны ашып, ел тыныштығын табу үшін осы істерге араласады. Ол жазып әкеліп ұсынған ережелер дау-шарды бітіруге аса қолайлы болғандықтан қосымшасыз, түзетусіз түгел өтіп отырған.

 

Осы тұста айтылған ерекшелігінен басқа, Абайдың би болуын көп-көп елдің тілейтіні тағы бір себеп, Абайдың билігі өзге ру басыларының парашыл, бұра тартқыш билігінен басқаша болған. Дәл өз басы, өз алдына келген билікке шамасынша әділ болуға тырысқан.

Басшылық, ұстаздық, ел түзеуші тез болу жайында ұдайы айтатын тазалықты Абай осы тұста өзі толық орындауға тырысқан.

Мұның белгісіне Абайдың сырт елдердің талай-талай үлкен дауларына билік айтуынан басқа, дәл өз елінің ортасындағы биліктерінен де мысал қылуға болады. Тобықты ішінде жер дауы, жесір дауы, күн дауы сияқты үлкен сөздер болғанда, Абайға келіп билік айтқызуға әрқашан жау жағы ынтық болады екен. Өзгені қойып, Құнанбай заманынан бері қарай ұдайы жаулықпен күн кешірген Жігітек ішінің ру басылары да үлкен даудың тұсында алдымен сол Абайға баруға өзі ұмтылады екен. Тіпті дауласқан кісісі Абайдың тілеуіндегі адам болса да соны істейді екен.

 

Сондай істерге билік айтқанда, Абай әрқашан өзіне жақын кісілерге кесіктің ауыр салмағын баса салып, жау жағына кеңірек қарауға тырысады.

 

Мінеки, осындаймен 97-жылдарға шейін, Абай ел сөзі мен ел жұмысынан шыға алмай қойғанда, көбінесе, ел ішіне өз түсінігі бойынша, әділ билікпен тыныштық орнатып, тым болмаса дау-шарды тоқтатармын деген үміт болған. Әйтеуір босатпайтын болған соң, тым болмаса осымен бірдеме істеп болмас па екен дегендей. Мұндай жолға Абайдың түскені осы соңғы айтылған жылдарда ғана емес, бұдан көп бұрын, 80-жылдардан басталу керек. Бірақ берірек келген сайын, ел сөзінен шынымен қашып жүрсе де, еріксіздік кірістірген уақытта көп еңбегін осы жаққа салады.

 

Болды да партия

Ел іші жарылды,

Әуремін, мен тыя

Дауың мен шарыңды… —

 

дейді.

 

Бірақ 97-жылға шейінгі іс жалғыз бұл емес. Оразбайдың партиясы бір Шыңғыс, бір Тобықтымен тоқтамай, тағы үлкен ауданға, кең майданға шығып кеткен. Абай не қылса да, бұл тартыс тыйылмайды. Оразбай кегі сондай күшті болған. Үндемей отырайын десе тыныштықпен отырғызбайды. Еріксіз келіп түрткі салып, соқтығып, ерік алдына қоймай майданға алып шығады.

 

Оразбай өз болыстарымен қанағат қылмай, көрші болыстардың барлығының сайлауына барып, Абайға қарсы болатын елдің басын құрап, сайлау басында партия, тартыс шығарады. Сонымен жауы баратын болған соң ықтиярсыз Абай да барады. Балаларын, інілерін жібергеніне бөтен елдегі достары қанағат қылмай, өзін керек етеді. Осындайдың әлегімен жүріп, 97-жылдың сайлауына келгенде Абайдың үнемі арманы болып, өткізген өмірдің ең мағынасыз қорытындысы сияқты болып, бір үлкен үлкен уақиға туады.

 

Бұл уақиға Мұқыр болысының сайлауында болған. Мұқырға сайлаушы үйез келер кезде берісі Тобықты, әрісі барлық Семей үйезінің шеңберінде түгел партия болып, барлық болыстар қақ жарылып, жартысы Оразбай, жартысы Абай ниетінде жүреді. Оразбайдың бұл кезде байлығы асып, дәуірі Тобықты ішінде Абаймен қатар жүре бастаған уақыты болады.

 

Сонымен Мұқырдың сайлауы жақындаған соң, сол болыстағы Абайдың тілеулестері: сайлауға өзің жүрмесең, болмайды. Оразбай келіп сүйген адамын болыстыққа сайлап алып, басымызға бәле жаудырады деп Абайды еркіне қоймай алып барады.

 

Екі жақ та осы елдің сайлауын бір ірі түйін деп білген болады. Шынында көп алысқан Оразбай бұл болыстың ішінде дендеп тұрады. Абай жақында бұрынғы барлық Қоңыркөкшеден жалғыз ғана аз ғана ру Көкше қалады. Одан басқа Мирза-Жөкең деген ел, және бұрын Шыңғыстан, Құнанбай балаларынан қашып осында шыққан Жігітек, Бөкенші болсын, барлығы да Оразбай ниетінде болады. Мұқырдың осы сайлауға шейін болысы боп келген Әбен де Оразбай досы. Ол мықты, ожар, берік адам болады. Бұлардың басқа Шыңғыстың өз ішінен және тіпті Құнанбай балаларының арасынан да Оразбайдың өзіне қаратып, астыртын тілеулес қып алған адамдары болады. Соның бірі — Абайдың ағасы Тәңірберді, бұл Оразбаймен құда. Және болыс боп тұрған баласы Әзімбай, сыртына шығармай, Абайға білдірмей, іштей Оразбайға ақыл да, сыр да қосып қояды. Сонымен Мұқырға ояз келіп сайлау болғалы жатқанда, өз елінен Оразбай да аттанады. Ол жолшыбай Тәңірбердінің аулына қонып, отырып: Абай бұл топқа бармасын, барса бүлік болады дейді.

 

Ақыры Абай да, Оразбай да сайлау басына барады. Оразбайға Әбен: Елді алатынбыз. Бірақ, Абай келеді. Енді тағы алып кетеді дейді. Оразбай сонда Абайдың аз кісімен келгенін біледі. Және Әбен жағында ел күшінің көп жиылып тұрғанын көреді. Өзінің барлық ыза-кегінің қайтатын бір кезеңі осы деп түсінеді. Сонымен Абай ұлыққа жолыққанша қол қимылын істеп жіберуді тапсырады.

 

Айтқанындай Абай келген жерде, Әбеннің өзі бастаған бір топ кісі бұның үйіне қаптап келіп, жабылып кетеді. Абайға таяқ тиеді. Әбендер Абаймен қоса Көкпайды да сабайды. Олар қашып оязға барады. Содан ояздың стражниктері шығып, мылтық атып барып, арашалап алады.

 

Бұл уақиға ел ішін астаң-кестең етеді. Шыңғыстың Абай үшін күйзелген жігітінің бәрі тегіс атқа мінеді. Жарым жұрт жол тосып, өз еліне қашып кеткен Оразбайды ұстап ап, өлтірмек те болады. Ашу үстінде әртүрлі ірі жаулықтың жолдарын келісіп қалысады.

 

Бірақ Абай оның ешбірін де қостамайды. Қол қимылынан елді тоқтатады. Жалғыз-ақ жол осы күні Оразбайдың Тәңірберді аулына тілдесуге жіберген жансызы сезіліп қалады. Абай осыны білген жерде: менің жауым бауырымда отыр ғой, бүйткен елде қайтіп тұрам, кетем деп атына міне, қасына жолдас болған бір жігітті ала күнбатысқа беттеп қашады. Артынан қуа келген Ысқаққа бұл елде тұрмаймын, жоғаламын дейді. Бірақ, қуғыншылар шылбырына оралып, жетелеп қайта әкеледі. Барлық осы уақиғаның терең тамыры жалғыз партия таласында емес, одан әріде жатыр. Бұл жаңашыл Абайға ескішіл, діншіл, қараңғы надан феодалдардың өштігін де көрсетеді. Олар үшін Абайдың білімі, әрі өлеңі де жаңа жарық дүниені іздеуіне жат жандық боп көрініп еді. Жуандардың шірік ортасы намысқа дақ салғанда өздерінің қаншалық нәрсіз, құнсыз екенін көрсетіп еді.

 

Осы уақиға үстінде сол ру басылар ортасының іштей шіри бастағанын Абай жалғыз Тәңірберді мінезі емес, одан да жақын, тіпті өз баласы Ақылбай басынан да көреді. Өзімен өзі боп ойланып басылған соң, біртүрлі жуасып, шөгіп қалады.

 

Осы жай туралы ел әңгімелерінің айтатыны:

 

Мұқыр уақиғасының артынан ағайын-туған, ел-жұрт, бала-бауырлары жиналып, біз де пәлен-түглен етеміз, өлеміз, өлтіреміз, бітім жоқ дескенде, Абай: барша жамандықтан жамандық туады, жақсылық тумайды. Мен жасымда қарғағанымды жер қыламын, алғанымды зор қыламын деп, ашуға да, айлаға да шырақ жағып түнегендей болғанмын. Мен алғашқы атқа мінгенде Жігітектің дәулеті де, дәурені де өзімізбен тең ел еді: солардың қанша жандарының айдалып, байланғанына, бірінің артынан бірі барамын деп, бейнет пен қазаға ұшырауына біздің тұқым себеп болған. Рас, өздерінің ұрлық, зорлығынан да болған шығар. Бірақ Құнанбай тұқымының қатты зерттеп соңына түскенінен де болды. Сол Жігітек қаншалық торғайдай тозса да, бүгін астымда жатып аяғымды шайнауға жарады. Бұл — жаманшылықтан туған жаманшылық деп біліңдер. Өлеміз, өлтіреміз, бітім жоқ деген сөз дұрыс емес. Мен бұл бітімсіздікті қостамаймын! деп, елді тоқтатты дейді.

 

Бұл уақыттағы Абай елден азайып, қайраттан кеміп, мал-дүниеден тапшылық көрген жоқ-ты. Оразбай істеген іске бұрынғыдай ой түспеген ашулы күн болса, он есе артық іспен, жазамен қарсылық көрсету 97-жылда да қолынан келуші еді.

 

Бірақ өзі көрген өмірдің жақсылық дегенінің барлығына Оразбай сияқты әншейін қазақтан сонағұрлым бөтен қарап, Абай жаңағы оқиғаны өзіне жаза санап, іштей әдейі қабыл алған сияқты.

 

Одан соң сол тұстағы барлық ісі мен мінезі де осы айтқан сөзді дәлелдейді. Өйткені, 98—99-жылдың қысында Оразбай Меккеге жүрмек болып, Абайдан ырзалық алып кетемін дегенде, ырзалығын беріп, қош айтысады.

 

Осыдан соң 99-жылдың жазында землемер болыс-болыстың арасында меже салып, шек жүргізгенде бұрын Мұқыр болысына Абаймен араздасып шығып кеткен және сол жылғы жанжалдың кіндік енесі болған Жігітек жер-қоныс ыңғайы бойынша Шыңғысқа қарап қалады. Бұл оқиға болғанда ел әңгімесі бойынша Жігітек:

 

Ашулы арыстанның алдына қол-аяғын байлап тастаған адамның ойын ойлады. Бірақ Абай сол араз ағайынның бар адамдарын шақырып алып: қырық жыл елдік, қырық жыл жаулық болмайды деген. Енді бұрынғы араздық, кекті тастайық деп, Жігітекпен де шын татуласты дейді.

 

97-жыл оқиғасының тұсында бұрынғыдай ашуланбай, ашуланғысы келмей, кек аламыз деген жақындарын тоқтатып, өзінің де қатты өзгеруінің тағы бір белгісі Абай бұл жұмысты ұлыққа да шақпаған. Заң-закон арқылы кек алуды да іздемеген. Және 98—99-жылдың қысынан кейін Семейге біржолата бармайтын болған.

 

Жаңағы жылдарда бұрынғыдан біржолата тыйылмаған, өмірден суынып қажи бастағаны да себеп болған. Алды үміт, арты өкініш өмірден енді шын түңілген сияқты.

 

Дәмі қайтпас, бұзылмас тәтті бар ма?

Бір бес күннің орны жоқ аптығарға.

Қай қызығы татиды қу өмірдің,

Татуды араз, жақынды жат қыларға?—

 

дейді.

 

Бірақ Абайдың өз басы осы күйде болғанмен, 97-жыл уақиғасының арты Тобықты ішінде із-түзсіз өшіп қалды, партия, пәле, алыс-жұлыс тыйылуы деп ойлау керек емес. Ру басы, атқамінер атаулыға ол: әуе мен су сияқты тыныс болып, қорек ететін талшығы. Сондықтан Абайдың өз бала, інілері де Абай жаңағыдай қарады деп тоқтап қалған жоқ. Енді солар кекті боп, солар қуғыншы болады. Аналар болса күштерін ел келесін алуға салады. Абай мен Оразбайдың жас кездеріндегі әдіс, тартыс қайта қолданылады. Ел келесін алу деген Тобықтының өз ішінде тілеулес дос-жарды қай жағы көп алады, соның тартысы. Елді көп алғандық шербешнайларға тоғысатын билерді көп алудан білінеді. Биді молайтып басып алған жақ кесікті өз қолына алып, түпкі кекті сол кесік жазаларымен орындайды. Абайдың намысын, ісін қуған іні, баласы барды осы шербешнайларға салады. Сол аталған шербешнайлардың барлығын да екі жағы бірдей би атаулыға мал мен пұлды кезек беріп, қатты шығындап жатады. Жалпы сол ортаның құнсыз, шірік, тозған орта екенін парашыл билер ғана емес, сол пара беріп тартысып жүрген жақтардың өз мінездері де жақсы көрсетеді. Мысалы, Мағауия биге жеңген орайда Оразбайдың баласы Медеу мен Абай баласы Мағауияны ояздың тілмәші Омарбек татуластырады да, Абай көрген соққы үшін, жүз түйе айып-құн кеседі. Осының қырық түйесін Медеу Жігітек, Бөкеншіден әпереді. Бір үлесін Әбенге төлетеді. Медеу, Оразбайдың өз бастары аман қалады. Жігітек бұларды өз басын амандап қалды деп өкпелеп шығып, қайта кеп Абаймен табысуды содан шығарады. Ал Абайдың жақындары Абай көрген намыс соққысын малмен емдеп, ырза болысады. Абайдың ел мінезі деп ру басылар мінезін, өз ортасының мінезін алып торығып, зарлап жырлауы осы қалдардан туады. Ақын тіршілігінің ең ауыр қорытындысы әсіресе сол 97-жылдарда және өзі тоқтаған жылдарда тіпті айқын боп шығады. Абай енді жылдан жыл өткен сайын түңіліп, шөге береді. Осы жылдарда Абай өлімді де ойлай бастайды. Сондықтан өзі кешірген ерекше дертті, өмірдің барлық қайғысын ерекше еске алып отырып, қазақ әдебиетінде мәңгілікке ұмытылмайтын: Өлсем орным қара жерді жазады.

 

98-жылы осы өлең жазылған соң ғана, өзінің бұдан бұрын жазған барлық өлендерін жиналсын деген. Бізге бұл жұмыс қаншалық ғажап көрінсе де, осы 98-жылға шейін Абайдың өлеңдері бір араға топталып жиналмаған болатын. Абай өзі бір жазып тастаған өлеңін қайтадан жоқтап, жинап отырмаған. Әрқашан, кейде кітап оқып отырғанда, кейде жай бір ойлармен қозғалып отырғанда, қолына бір табақ қағаз бен қарындаш алып, айтпақ өлеңін жазып тастайды екен.

 

Соны қасында отырған балалары, інілері, я жай адамдар болса да, қалтасына салып жүріп кетеді. Содан бірден біреу жазып алып жаттайды. Кейбірін әнге қосып домбырамен айтып жүреді.

 

Өлең жазу қызметі осы сияқты болғандықтан, қазір де біздің қолымызға Абайдың өз қолымен жазылған жазбасының бірде-бірі де жетпей отыр. Барлығы да жігіттерінің қалтасында, қойны-қоншында жүріп жоғалып біткен. Осы ретіне қарағанда: Абай жазған талай өлең ешкімге мәлімсіз болып, біржолата жарық дүние көрмей, шығысымен жоқ болып кетпеді ме екен деген де күдік туады.

 

Өйткені жасынан біткен әдет бойынша Абай біреудің оғаш мінезін көргенде ылғи қалжың, мысқыл өлең айтқыш болатын. Осындай сөздерінде әрқашан өз жанында жүрген жақындарын, ағайын, туысқандарын мазақ етіп, солардың мінді мінезін күлкі қылып айтады. Кейде қалжың қылып жазып, өз қолдарына да береді. Сол кісілердің көбі қолына өлең түсісімен, өз мінін айтқан сөздердің көзін жоғалтуға тырысқан. Онан соң кейбіреулер Абайдың өзінен жалынып, жалпайып сұрап алып та жыртып тастайтын болған.

 

Мысалы Көкбайға, қыздарға шығарды деген өлеңдер осындай күйге анық ұшыраған. Онан соң тағы бір алуан өлеңдерінде жақын туысқан, жақын тұрғыластарын қатты мінеп айтқандықтан, інілері мен балалары — ана кісілер өкпелер деп жасырып, жоғалтып жібергені де бар сияқты. Осындай өлеңдердің турасында еске алатын бір нәрсе: Абай кісі мінін айтып өлең шығарғыш болғанда, осы құралды ешуақытта нағыз жауына қарсы жұмсамаған. Өлеңмен мысқыл қылатыны ылғи жақын жүрген атқамінерлер болады. Сондықтан бұлардың Абай сөзін жоқ қылып жіберуі өзгеден сонағұрлым оңай болған. Қайта өлеңдеріне қарағанда, Абайдың қара сөздері көбірек, түгелірек сақталған сияқты.

 

90-жылдарынан бастап ұстаздық, үгітшілік жолына түскен соң, Абай өлеңді аз жазса да, қара сөзбен айтатын өсиетті көп жазатын болған. Осы жинақта оқушының алдына ұсынылып отырған Ғақлия деген өсиеттері соңғы 90-жыл мен 98-жылдың арасында жазылған. 91-жылдардан соң айтпақ болған сөздердің талайын қара сөз үгітіне айналдырып жіберген. Кей уақытта бірталай өлендерін сол қара сөзде айтқан пікірлерінен шығарып, өлең қылып кеткені де бар.

 

Қалайда болса Абай соңғы 10-15 жыл ішінде осы сияқты бір жаңа түрді тауып, соған кейде өлеңнен де көп уақыт бөледі. Бұл кездері Абай өзін кәдірлі көріп, әрбір шыққан жаңа өлеңдеріне ынтық болып отырған ел оқушылары қара сөздер шыға бастаған соң, мұны өлеңінен кем көрмейтін болып алған.

 

Қайта берірек келгенде ел ішіндегі оқушының барлығы да Абай сөздерін молдаларға ақша беріп жазғызып, көшіріп алып жүргенде ең алдымен қара сөзді тілейтін. Үйде отырып оқығанда да өлеңін қойып, ылғи ғана қара сөзін оқып, соған көп масаттанатын.

 

Тегі қара сөздер кім болса соның қолында кетпей, жазылысымен маңайындағы сауаттылардың қолына түсіп, соларда шашылмай, аман сақталып қалған сияқты.

 

Өз өлеңдерін 98-жылға шейін жиғысы келмегені, Абайдың өлең сөзге өте үлкен сынмен қарап, үлкен шарттар қойғандығынан болған. Өлең Лермонтов, Пушкин сөздеріндей болмаса, одан берідегі сөздерді өз сөзі болса да, толық қанағат қылмаған. Барлық қазақ әдебиетінің өзі білген ескілігінен жалғыз Марабай мен Шөжені ғана нағыз ақын дейді екен. Бірақ Абай Махамбет, Мұраттарды ести алмаған сияқты.

 

Абай әдетінде бір жазған өлеңін қайта түзеп жазып, қайтадан қарастыру көп емес. Жалғыз ғана Сегіз аяқ деген өлеңінің басын қайта біртүрлі қылып еді деген сөз бар. Басқа жалпы өлеңдері туралы, қайта жазсам, бұдан жақсырақ, толығырақ болар еді деп қана айтады екен. Өлең сөзге келгенде азға місе қылмай, қатты сынайтын Абай өз сөздерін сынаумен қатар, маңында өлең жазатын жастарға да сондай мінез істеген. Тегінде Абайдың өсиеті, үгіттері, білімді, мағыналы кеңестері мұның маңына, өз тұсындағы талапты жастардың талайын жинаған дедік. Солардың ішінде бірталайдың ақын болғысы келгені де бар.

 

Ақындыққа, өлең шығарып көруге Абайдың іні, балаларының да көбі ұмтылған. Абайдың алды анық әдебиет мектебі болды.

 

Сол жас шәкірт ақынның бәрі де қысқа өлең, өсиет өлең айту Абайдың жолы, дағдысы болғандықтан, өздеріне бөлек бет іздеген сияқты. Сондықтан көпшілігі ұзақ әңгімелі өлең жазады. Ақылбай Дағыстан, Зұлыс деген поэмаларды; Мағауия Медғат-Қасым, Шәміл, Абылай, Еңлік-Ке- бек поэмаларын жазады. Және Тұрағұл, Кәкітай сияқты жастардың Әбдірахман науқасына арнап жазған ұсақ өлеңдері де көп. Бұлары қайғы-уайым өлеңдері.

 

Қазақ әдебиеті сол күнде баспа жүзінде шығып отырарлық жайға жетсе, Абай айналасынан, Абай мектебінен шыққан ақындар түгелімен Абайдың ізін баса шыққан күрделі әдебиет ағымын көрсеткен болар еді.

 

Абай бұл жастардың өлең жазуын өте жылы қабылдаған.

 

Бірақ бұлардың өлеңдеріне де, жалпы өлеңге қоятын қатты сынын түгел қояды. Сондықтан өздері ұнамаған уақытта міндерін өлеңге қосып та жібереді. Мәселен, Көкпай, Әріптердің өлендерін еске алып:

 

Хат жаздым Әзірет Әлі айдағарсыз,

Бізде жоқ алтын иек, сары ала қыз,

Кәрілікті жамандап, өлім тілеп,

Болсын деген жерім жоқ жігіт арсыз… —

 

дейді… Алғашқы жолдағы Әзірет Әлі, айдағарды Көкпайға арнаған. Оның діншіл, қыса жазғыш болғандығын жақтырмай айтқан. Алтын иек, сары ала қызды Сыбан Әріп деген ақын: Зайда деген қысасында, сұлу қызды сипаттаймын деп, иегі алтын, көзі гауһар деп түсіне қарамай, асыл тастарды санай берсе керек. Соған айтқан.

 

Осы сөздер ақындардың барлығына да ауыр тиген шығар. Бірақ істерінде әсіресе, Әріп қатты намыс қылып, кектеніп Абайдан есесін қайтармақ болып, Біржан — Сараның айтысын шығарған деседі. Қалайда болса осы айтылған мысалдар өлеңші боламын деген жастардың сөзіне Абайдың қатты сынмен қарап, үлкен шарт қоятынын анық көрсетеді.

 

Абай сөздері көбірек жайыла бастаған соң Тобықты іші болсын, басқа көрші елдер болсын, барлығы да мұның жазбаларының ұдайы оқушысы, тыңдаушысы болады. Бұларға ол сөздерді жеткізетін жалғыз жазу ғана емес, қайта көбінесе домбырашы, әнші жігіт болады. Осы жағынан қарағанда Абай өлеңдерінің тыңдаушысы мен жаттаушылары, хат білетін арнаулы аз адамдар ғана болмай, жалпақ ел болады. Фольклор мен жазба, баспа әдебиеттің жапсарында шыққан ақынның шығармалары әрі ауызша, әрі жазба әдебиеттің күйін бірдей кешеді.

 

Абай айналасында өлең айтып, ән саламын деген әнші, ақын болса, қыз-келіншек, жас-кәрі болса — барлығының да топта, ойын-тойда айтатын өлең жырларының көбі Абай сөздері, Абай өлеңдері болады.

 

Біз бұл уақытқа шейін Абайдың нәрлі еңбегін айтқанда, ылғи ақындығын сөз қып келдік. Енді осымен қатар, одан қалған мәдениет мұраларының ішінде үлкен, елеулі орны бар, композиторлық еңбегін де атау керек. Абай, өзі жақсы домбырашы болған. Қазақтың ескі ән-күйін жете білген, барынша сүйген. Елдің ән-күйін елти сүйіп айтқан:

 

Құлақтан кіріп бойды алар,

Жақсы ән мен тәтті күй.

Көңілге түрлі ой салар,

Әнді сүйсең менше сүй, —

 

деген өлеңдері бұған дәлел. Және қалды ойлап, толғанып кеп:

 

Есіткендей болады,

Құлағым ескі сыбырды,

Ескі ойға көңілім толады,

Тірілтіп өткен құрғырды, —

 

деген жолдары бұның өз еңбектерінің терең тамырлары, сол қазақтың өткен өнер мәдениетімен жалғасып жатқанын көрсетеді. Осы сияқты әр кезде, көп өлеңінде Абай ән-күйге талай-талай сұлу, мағыналы жырларын арнайды. Ол музыкаға ақын боп қосқан әні. Сонымен қатар Абай музыканың өзіне композитор болып та атсалысады. Абайдан қалған 16- 17 он бар. Бұлардың көбі өзі жазған жаңа уәзін, жаңа ұйқас, жаңа түрлі өлеңдеріне арналған әндер. Мысалы, Сегіз аяқ, Сен мені не етесің, Қор болды жаным сияқты 6,7,8 жолды өлең түрлерін шығарса, соларын жұрт құлағына жұғымды, сіңімді ету үшін қосарлық әнін де шығарады. Бұл ісі осы сияқты өлеңдерін өте даңқты, әйгілі қып әкетеді. Сол сияқты Пушкиннен аударған Татьяна, Онегин хаттарына да арнаулы әндер шығарады. Қазақ көпшілігіне әншейінде ұғымсыз, тосаң көрінерлік орыс жастарының аттарын, өмірін, сезімдерін мынау әндер арқылы аса түсінікті, әсерлі және өте даңқты етіп жібереді. 90-жылдардан бастап Онегин, Татьяна аттары белгілі аттардың бірі болады.

 

Абайдың композиторлық еңбектеріңде де ақындық еңбегі сияқты сөзіне тиісті үлкен жаңа өзгешеліктер бар. Бұрынғы ауызша әдебиетке Абай көп еліктемей, жалпы қорын пайдалана отырып сөз түзелді, тыңдаушы, сен де түзел деп, өзіне жаңа мазмұнды, жаңа түрлі өлеңдер жаза бастағаны сияқты, әнде де бұрынғы әннен гөрі өзгерек түрлер шығарады. Бұрынғы әнді өзі, бұрынғы әдебиеттен сонағұрлым артық бағалағанмен де, ендігі өз әнін жақсы-жаман болса да жаңаша үлгімен айтпақ болады. Шырқауы, айқайы аз, көбінесе құлақ күйге ұқсаған қоңыр баяу әндер. Және әсіресе, не бәйіт, не орыс пен европаның камерный әніне, романстарына ұқсаңқырап келеді. Бұрынғы қазақ әнінен мүлдем басқаша әндер болады. Бұл да өзінше жаңа жол табам деген нық ізденудің нәтижесі. Абайдан қалған мәдени мұраның бұ да бір күрделі үлкен саласы боп саналады. Жеке әндерінің шығарылған жылдары, дәлді мәлім болмаса да, әйтеуір жиыны 1886 жыл мен 97-жылдар арасында шықты деседі. Тегі өлеңі қою шыққан жылдарда әндері де жарыса шығып отыратын сияқты.

 

Енді ақындығының соңғы жылдарына оралып келсек, Абай 99-жыл өлеңді едәуір жазады да, осы жылдан соң алғашқы жаза бастаған 80-жылдардағыдай өлең сандары тағы азая бастайды. Көп жазылған жылы 4-5, әйтпесе екі-үш өлеңмен 1903 жылға келеді де, содан кейін біржолата өлең жазылмай қалады.

 

1903 жыл мен 1904 жылдың қысына Абайдың тірі қалған балаларының ішіндегі ең жақсы көргені — Мағауия, бұрын көптен әлсіретіп жүрген құрт ауруынан төсек тартып жатып алады.

 

Мағауия әке ұғымынша да және өз ортасының көпшілігінің бақылауынша да, Абайдың барлық баласының ең жақсысы, ең ірісі деп саналған. Бұл ақындығының үстіне, ерекше мінезді кісі болған. Жасынан денсаулығы нашар болғандықтан, қаладан толық тәрбие ала алмаса да, әкесінің үнемі өз қасында ұстап, шын жақсылап тәрбиелеп шығарам деген баласы осы болатын. Елде отырып Европа тәрбиесін алған адамдай ақыл, мінез, адамшылдығы түгелімен мәдениетті кісінің қалыбында болған. Бұл да әкесі сияқтанып, қырда отырып көп оқып, өзінен-өзі қарастырумен көп білім алып қалған еді.

 

Ел жұмысына кіріссе әкесінің міндетін өз мойнына алған. Жұмсақ мінезді болып, ел көпшілігіне аса сүйікті болған. Сол Мағауия 1903 жылы қыс бойы төсек тартып ауырып келіп, жазғытұрым қайтыс болады.

 

Абайдың өзі бұл өлімнен бұрын да өмірден қажып, талып ендігі тіршілігін артық нәрседей санай бастаған еді. Өз сынынша ажарсыз, мағынасыз өткен дәурені жалғыздық дертімен құлазытып, жүдетіп тоздыруға айналып еді. Соның барлығының үстіне Мағауия өлген соң Абай бір алуан ауруға айналады. Төсек тартып жатпаса да, отырып ауырады. Ешкіммен сөйлеспейді де, еш нәрсемен өзін жұбатпайды. Ауруын емшіге де көрсетпейді де. Мұның бәрін керексіз деп біледі. Сонымен Мағауияның өлімінен кейін 40 күн отырып, 23 июньде 1904 жылы 60 жасында қайтыс болады. Абайдың сүйегі Жидебайда Еркежан қыстауының жанына қойылады.

 

 

Абай жазған кейбір өлеңдердің қай кезде, не себепті айтылғаны туралы түсіндіру

 

 

Кім екен деп келіп ем түйе қуған деген бір ауыз өлеңі ел ішінің бір кәриесінен алынған. Ол кісі, бала жігіт күнінде аулындағы бір әйелді төркініне ертіп барады. Төркіні бір жауыр айғыр береді. Соны алып екеуі қайтып келе жатып, Құнанбай аулының жолда жатқан түйелерінің арасын аралап өтіп бара жатыпты. Сонда он жасар бала — Абай, ауылдан тайға мініп шауып келіп, әлгілердің аты-жөнін сұрап алып, бұрылып бара жатып осы өлеңді айтқан.

 

Осы иүзі раушан деген өлең, және мұның артынан келетін Фзули, Шамси деп басталатын өлең, тағы әліпдек ай иүзіңе деп басталатын өлеңдердің — үшеуі де Абайдың жас шәкірт бозбала кезінде жазылған. Бұларда Фзули, Фир-доуси, Хожа-Хафиз сияқты шағатай, парсы, араб ақындарының тілімен сөйлеп, солардың үлгілерінде өлең жазбақ болып, кейде соларды жәрдемге шақыра жырлайды.

 

Аяғыңды андып бас, ей, Жақсылық деген өлеңнің айтылған реті: 1880 жылы Абай Қоңыркөкше деген елге назначениемен (атап сайлау) болыс болғанда, Мырза деген елдің Жақсылық деген кісісі борышымды елге бөліп салып, мені құтқар депті. Борышты болғанда өзінің жарамсыз қылығынан борыштанса керек. Бұл өлең соған айтылған.

 

Қан сонарда бүркітші шығады аңға деген өлеңді Абай 1881—1882 жылдарда жазған. Сол кезде қостап салбурынға барып, бүркіт салып жүрген. Сондағы аңшылық суретінің кейбір көрінісін осы өлеңде көрсеткен.

 

Абайдың бүркітті жақсы көретіндігіне, өзі бүркіт салып, басқаға да салдырып құмарланғандығына дәлелдер толып жатыр. Абайдың тұсында Тулақтың қара шолағы дейтін атақты қыран бүркіті болыпты. Абай оны кісі салып сұратып ала алмапты, кейінірек сол бүркітті Абайға иесінен рұқсатсыз біреу алып келіп береді. Артынан иесі қуып келіп, малға бітпек болады, бес түйе сұрайды, Абай он түйе беріп, иесін ырза қылып, бүркітті алып қалады. Осы бүркітті Абай аз уақыт өте құмартып салып жүреді.

 

Кейінірек Абайда Шақырауық деген бүркіт болады. Бір күні Шақырауық бүркіт бір түлкіні жерден іліп, сексен қадамдай жерге көтеріп алып кетеді. Абай бүркіттің қырандығына, күштілігіне ырза болып: бұл бүркітімді енді ешкімге бермей салып, қызығын көремін дейді. Қасындағы жолдастарының біреуі бүркітті дәріптеп мақтайды. Осы мақтауды естіген бір танысы Шақырауық бүркітті қалап келеді. Абай ешкімнің көңілін қалдырмауға тырысатын мінезді болған сияқты, сол себепті бүркітті әлгі қалаған кісіге беріп жібереді.

 

Абай Жиренше деген бір құрбылас кісісін бүркіт сынағыш деп естиді екен. Бір күні сол Жиренше Абайдың үйіне келеді. Сонда Абай:

 

Сені жұрт бүркітті сынағыш деседі, қандай бүркіт жақсы қыран болады, айтшы! депті. Сонда Жиренше:

 

Дәмегөй көзденген, Айымқан тұмсықтанған, Зейнеп түстенген бүркіт аң қояды дейсіз бе? — депті. Сонда Абай: Бәрекелді, білсең-білгендей екенсің! депті. Аттары аталған үш әйел Абайдың үш баласының әйелі — келіндері екен.

 

Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ деген өлеңді Абай әуелде Көкбайға жазып берген. Көкбай Кенесары, Наурызбайды өлең қылып, Наурызбайдың Ақауыз ат деген атын сипаттағанда, Абай: Сенің атың шыға шауып, жайылып қалатын болыпты деп, мына өлеңмен Ақауыз атты сипаттамақ болған екен. Бірақ, артынан: Шіркін мес болып кетті ғой! депті (Бұл туралы толығырақ сөз Көкбайдың естегісінде).

 

Абай жақсы атты жақсы көрген, оған мысал: Абай тұсында біреудің Құлаат деген жақсы аты болған. Абай осы атты бес түйе беріп қалап алыпты. Абайдың тағы бір ерекше мінезі — өзінің сүйгенін біреуден малға жығып алатын болса, өзінен біреу сүйіп қалағанын екі етпей беретін болған. Бұған Абай өмірінен талай мысалдар келтіруге болады.

 

Сорлы Көкбай жылайды деген өлеңді Абай өзіне айтқан. Себебі, 86-жылға шейін жазып жүрген өлеңдерінің барлығын бұрын Көкбай айтты деп жазады екен. 86-жылдың аяқ кезінде ғана өлендерін өз атынан шығарыпты. Мынау өлеңді сол Көкбай болып шығарып жүрген өз өлеңдерін еске алып айтыпты (Бұл туралы да Көкбай әңгімелерінде толығырақ айтылған).

 

Бірақ бұл өлең түгел емес, өйткені Көкбайдан басқа білетін кісі жоқ екен. Ол: бірталай өлең еді, көбі есімде қалмапты деп толықтыра алмаған.

 

Жамантайдың баласы Көжек деген өлеңді Көжекбай дейтін кісіге айтқан.

 

Көжекбай 1886 жылы Құнанбай өлгенде Абайға: Қажының басқа балалары жабдық әкелмей, болыспады деп Абайдың бауырларын шағыстыра бергенде айтыпты.

 

Бөтен елде бар болса, ежеттесің, сыйласың деген өлеңді де жаңағыдай мінезбен жүргенде сол Көжекбайға айтыпты. Бірақ, басы соған арналып басталса да, артын жалпыға бола айтып кеткен. Мұны Көжекбайға айтуының себебі: Сабырсыз, арсыз, еріншек деген өлеңді жазып болып оқыса, ылғи қасында жүретін жолдасы Қарасақау деген: Көжекбай-ақ қалды ғой депті. Сол сөзден барып бөтен елдені Көжекбайға арнап бастаса керек:

 

Назарға (Мынау келген Назар ма?) деген өлеңді Қанай руынан Назар деген кісі бір аттың майын сұрай келгенде айтыпты.

 

Қыс (Ақ киімді, денелі, ақ сақалды) деген өлеңді 1884 жылы қатты жұт болып, қар апрельге шейін жатқан екен, сол қысты еске алып отырып, 1888 жылы жазған.

 

Күлембайға (Уағалайкумуссалам, болыс, мал-жан аман ба?) деген өлеңді: өзінің құрдасы Күлембайға айтқан. Бұл, Мұқыр еліне байлығымен болыс болса керек; соны мінездерін қалжың қылып осы өлеңді айтқан.

 

Көкбайға (Бұралып тұрып, буыны құрып) дегенді Көкбайдың бір мінезін ұнатпай қалып айтқан екен. Көкбай артынан сұрап алып жыртып тастапты. Сонымен ерте кезде жарыққа шықпаса да, артынан Көкбайдың өзі айтты (Бұл туралы да Көкбайдың әңгімесінде бір талай сөз бар).

 

Болыс болдым мінекей деген өлеңді де жаңағы Күлембайға: 1888 жылы Бақанас деген жерде болған черезвычайный съездегі түрін көріп айтқан.

 

Біреуден біреу артылса деген өлеңді Әсет деген ақынға айтқан. Әсет — терісі тар ызақор, өзін-өзі әлденелік көріп отыратын адам екен. Сол мінезіне шығарып айтқан.

 

Мәз болады болысың деген өлеңді: 1890 жылы Семейге барон Таубе деген Ақмола, Семей облыстарының генерал-губернаторы келіп, бір сыпыра болыс-билерге шекпен, қылыш сыйлағанда айтқан. Шекпен алғандардың есі шығып қуанғандарына ыза болып жазыпты — дейді.

 

Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін деген сөздің ішінде бір ауыз өлеңмен: Әріп, Көкбай, Шәкәрім үшеуінің үш өлеңін қағытып мысқылдап айтқан (Бұл туралы Абайдың өмірбаянын қара).

 

Қараша, желтоқсан мен сол бір екі-ай деген өлеңді өзінің бір туысқан ағасы Тәңірбердінің аулын көріп отырып айтқан. Әсіресе, соның ішінде бұрынғы баспаға кірмей қалып, осы жолы қосылған: Бай үйіне кіре алмас тұра ұмтылып деген жолдан басталатын екі ауыз өлеңді сол ағасы мен жеңгесінің бала асырағанына арнаған.

 

Қара қатын дегенде, қара қатын деген өлеңді Баймағамбет деген көршісінің қатынына қалжың ретінде айтқан.

 

Баймағамбетке (Ажының жақсы-ақ қызы едім) дегенді жаңағы қара қатынның атынан Баймағамбетке: сенің қатының осылай деп айтып отыр деп қалжың ретінде айтса керек.

 

Антпенен тарқайды, жиылса кеңеске деген өлеңді 94-жылы болған болыстық съездегі билердің мінезін шенеп жазған.

 

Қыздарға (Қойдан қоңыр, жылқыдан торы Бәкең) деген өлеңді Тобықтының Бәкең деген тобынан шыққан Қыздар деген құрдасы, досына айтқан. 1892 жылы Оспан өлген соң, соның үлкен әйелі Еркежанды Абай алып, сол жылы болыстық съез қыла елге шыққан. Сонда Қыздар қалжыңдап биыл үлкен үйге кірген соң тойынған екенсің депті. Жаңағы өлеңді соған ыза болып айтқан. Бұл бір сыпыра өлең екен: Қыздар жалынып сұрап алып, отқа тастап жіберіпті. Бұл өлеңдегі Лекер, Бітімбай, Аталық, Жанқожа дегендер — Бәкең тобынан шыққан, бұрынырақ өткен адамдар. Байұзақ — Қыздардың ағасы. Бірақ, мына кезде тұғырдан түскен. Даулыбай — қанды балақ ұры, Айпар-жайпар жалмауыз жегіш дегені. Шотқара, Қыздардың атасымен теңдес Бәкеңнің бір тобы. Айтқожа деген — епті, жұғымды адам, Шотқара тобынан. Досақ — Бәкеңнің ішінде Қыздардың тобы.

 

Рақым шалға (Сұлу аттың көркі жал) деген өлеңді өз аулының бір көршісі Көжекбай дегеннің баласы Рақымшалға арнап айтқан. Рақымшал бос, болжыр жігіт болса керек. Соның бір мінезін кешке дөң басында отырып айтыпты.

 

Соры қалың соққы жеген пышанамыз деген өлеңді Дала уалайаты деген газетке, шет елдің біреуі Абайды сынап: Әкесіне ас бермеді. Атадан бала туса игі, ата жолын қуса игі, ата жолын қумаса, онан да өлсе игі деп жазған.

 

Сол сияқты Оразбаймен жауласып жүргенде, бөтен елдің осындай адамдары Абайды Оразбаймен бірге жаулап, кейбірі приговор да жасасып беріп жүрген. Жаңағы өлеңді соларға айтқан.

 

Қабидоллаға (Жазғытұрым қылтиған бір жауқазын) деген өлеңді Абай өз аулындағы Ғабитханұлы деген жігітке айтқан. Бұл бір уақыт сауда қылып, мал тапқанына масайып, білімді кісімсініп, қалай болса солай шалқып, сөз таластыра бергенде айтыпты.

 

Сұм дүние тонап жатыр, ісің бар ма? деген өлеңді 1898 жылы тісі түскенде, назаланып, өмірдің өзгерісіне айтқан.

 

Белгілі сөз өлді-өлді дегенді өзінің кедей көршісі Жаманбала дегеннің баласы өлгенде айтқан.

 

Дүтбайға (Жылуы жоқ бойының, жылмиғаны неткені) деген өлеңді Мұқыр болысындағы өзінің жақын досы Дүтбайға айтқан. Ол бір болыс Мұқырдағы Көкшенің бас адамы болған. Артынан Абайдың Күлбадан деген қызын алып, Абайға күйеу де болған. Бірақ, дос, жақын болса да мінездерін ұнатпағандықтан, Абай осылайша өлең қылған.

 

Қуанбаңдар жастыққа деген өлеңнің айтылған реті елде Ысқақ Мақмұтов деген татар болған. Соның балалары Құнанбай балаларынан қыз алып, қыз беріп, құршасқан құда, дос, туысқан болып кеткен. Соның бір-екі немерелері келіп отырғанда Абай осы өлеңді айтқан.

 

Осы қымыз қазаққа мақтаның ба, асың ба? деген өлеңді де сол күні, сол жерде қымыз ішіп, қызып отырғандарға арнап жазыпты.

 

Сап-сап, көңілім— Абайдың жігіт шағынан қалған өлеңінің ең көлемді, ең көрнектісі. Бұның толық басылып отырғаны осы. Бұрын бұл өлеңді Абай жас кезінде өзі құмар болған бір әйелі — Сүгірдің қызына айтқан екен деуші еді. Бірақ, соны айтушылардың сөзіне қарағанда, бұл өлең Сүгір қызына емес, Сүйіндік қызына арналған көрінеді. Құнанбай мен Жігітек жаулығының тұсында Абайдың қауіп-қатерге қарамай, бейнетпен барып жолығып жүретін әйел осы. Ерболмен достығы да осы қыз арқылы болған. Және Тұмабайдың айтуынша бұл өлеңдегі қыз, Сүйіндік қызы екенін білдіртіп:

 

Қыз ағасы Әлібек,

Ұстап ап дүре салмай ма? —

 

деген бір-екі жол да бар екен. Жалғыз-ақ кейінгі айтуында ол жолдар түсіп қалыпты. Біз орнын білмегендіктен ол жолдарды өлең ішіне кірістірмедік.

 

Саудайы-ау, сауды алмады-ау деген өлеңді бұдан бұрынғы баспада Мырзақұлға деп басып едік. Дәлінде ол Мырзақұл емес, соның ағасы Дүйсенқұлға арналған екен. Бұл, Абайдың Жақып деген ағайынының күйеуден қайтып келіп отырған ауру қызын алса керек. Өзі бұрын қатын тастағыш болса керек. Және қатын тастағанда қыз алмай, ылғи байсыз отырған қатынды алады екен. Сондай жайларын мысал етіп айтқан.

 

Мына үйде отыр Разақ деген өлеңді Разақ деген жігітке айтқан. Бұл Абайдың аймағындағы қожалар аулының жігіті. Ол бір жылы Абай аулына келіп, Абайдың өз үйіне бармай, өз құрбысы Әбубәкірдікіне қонақ боп отырады. Сонда айтқан өлеңдегі Үлкен қожа — Әуез.

 

Әкімбай өлгенде деген өлең — дәлді Әкімбай өліміне айтылған ба, жоқ басқа бір жақынының өліміне айтылған ба, осы күнге шейін анық емес. Әкімбай өз баласы, Ділдадан туған. Бұны Ысқақ асырап алып, соның қолында жүргенде, жас шағында өлген екен. Сөз қисынына қарағанда өзінің ет бауыр жақыны туралы айтқан өлең сияқтанғандықтан, айтушылар Әкімбай деп ұйғарды.

 

Әзім әңгімесі деген әңгімелі жырды бұның алдындағы жинақта да басып едік. Қазірде де басып отырмыз. Бас жағындағы біраз өлеңіне қарағанда бұл Абай шығармасы сияқты емес, әлсіз де, үстірт те көрінеді. Бірақ, Тұраш Абайдың басылмаған сөздерін жиғанда осыны да Абайдікі болуға тиіс деп әкеліп кіргізген еді. Оның дәлелі: осы өлеңді тауып беруші Ырсай ұлы Ысқақ деген Абайдың жақын туысқаны Әзімді даусыз Абай сөзі депті. Ысқақ ерте күннен Абай сөзіне ұқыпты болып, көп жинаған туысқанының бірі екен. Ол: Абай мұны ерте уақытта өлең етіп, бір жазған соң қайта қарамай тастаған еді. Мен сол уақытта жиыстырып алғанмын дейді екен. Өлеңнің бас жағында кездесетін шикілеу жерлер, ескіріп, жыртылып қалған жазбадан Ысқақтың я шала көшіріп, я шала ұғынып, өз жанынан төлеу салып айтқан жері болса да ғажап емес.

 

Абайдың аудармаларына берілген түсініктер

 

1. Лермонтовтың Скажи-ка, дядя, ведь не даром деп басталатын Бородино атты өлеңінің аудармасы.

 

Оригиналда бұл өлең 98 жол, Абай аудармасында 20 жол. Бұл өлеңді Абай түгел аударды ма, аудармады ма, мәлімсіз. Өлеңнің аударылған жерлері жалпы мағына жағынан дәлге жақын болғанмен, бірақ Абай бұл өлеңді сөзбе-сөз аударуды аса құнттамаған көрінеді.

 

— Да, были люди в наше время,

Не то, что нынешнее племя:

Богатыри — не вы!

 

Абай:

 

Ондағы біздің адамдар,

Сендердей емес баландар, —

 

деп аударады.

 

2. Лермонтовтың И скучно, и грустно деп басталатын өлеңінің аудармасы. Лермонтовта бұл өлең 13, 14 жолдай, Абай тек басқы жолдарын ғана аударған сияқты. Лермонтов өлеңінің кейінгі жолдарын Абай аударды ма, жоқ па, белгісіз.

 

3. Абай бұл өлеңде Евгений Онегиннің бірінші тарауының X, XI шумақтарын (строфаларын) түгел аударыпты, XI шумақтың тек басқы 6 жолы ғана аударылмаған. Пушкин романында әрбір шумақ 14 жолдан болып отырады; Абай сол он торт жолды шумақты, он торт жолды сыйғыза аударған көрінеді. Абай оригинал мен аударманың мағынасы, көркемдігі сәйкес келуін ескертіп:

 

После ей наедине

Давать уроки в тишинені —

 

Ел аулақта оңаша қолына алып,

Көңіліндегі сабағын айтып тынар, —

 

деп аударады.

 

4. Евгений Онегиннің үшінші тарауындағы XXXI шумаққа жалғас келетін Татьянаның Онегинге жазған хатының жалпы сарынының аудармасы деуге болады. Бұл өлең Пушкинде 79 жол, Абайда 76 жол. Пушкин хаты:

 

Я к вам пишу — чего же боле?

Что я могу еще сказать? —

 

деп бастаса, Абай:

 

Амал жоқ қайттім білдірмей,

Япыр-ай қайтіп айтамын, —

 

деп бастайды, хаттың:

 

Зачем вы посетили нас?

В глуши забытого селенья

Я никогда б не знала вас,

Не знала б горького мученья, —

 

деген жерін Абай:

 

Келмесең егер сен бізге,

Cay болмас па ем әлбетге?

Болмасам ашына мен сізге

Түспес ем мұндай бейнетке, —

 

деп аударады. Сүйтіп Абай аудармасының сөзбе-сөз болуын қадағалап жатпағанмен, оригиналдық ақындық мағынасын айтып беруді құнттаған.

 

5. Онегиннің Татьянаны жұбатып, бақшада айтқан сөзінің жалпы сарыны, аудармасы деуге болады. Бұл аудармада Пушкин өлеңінің тек ұзын сарыны ғана сақталған көрінеді. Онегиннің торыққандығын Абай:

 

Тәтті дүние көңілімнен,

Кетті менің, нан маған,

Енді бізге бір өлімнен,

Басқа түк жоқ арнаған, —

 

деген сөздермен білдіреді. Романда Онегин Татьянаға жалпы торыққандығы туралы айтқанмен, бірақ өлім туралы аузына бір де сөз алмайды.

 

Мен жаралы жолбарыспын,

Жұрттың атқан оғы өтіп,

Мен сынық жан, жамағанмен

Түзеле алман түрленіп, —

 

деген сияқты бейне образдар Пушкинде жоқ. Пушкинде бұл өлең 70 жол болса, Абай аудармасында 76 жол.

 

6. Бұл өлеңді аударма деу қиын. Пушкин романындағы Онегин хаты, Абай жазған Онегин хатына тек сарыны жағынан ұқсастығы болмаса, мағына сөз жақтарынан әлдеқайда бөлек. Онегиннен көңілі суыған Татьяна бір кньязға тиіп қатын болып, сұлулығы, ұстамдылығымен жағымды болып жүрген кезінде Онегин көріп, Татьянаға құмарланып, ғашықтығын білдіріп хат жазады. Бұл хат романның сегізінші тарауының XXXIII шумағынан былай басталады:

 

Предвижу все: вас оскорбит

Печальной тайны объясненье.

 

7. Онегин хатына жауап ала алмай, ақырында Татьянаның үйіне жетіп келіп, жалғыз отырған әйелдің аяғын құшақтай, өксіп құлайды. Сонда Татьяна Онегинге романның сегізінші бөлімінің XXIII—XXIV шумақтарында:

 

Онегин, я тогда моложе,

Я лучше, кажется, была,

И я любила вас; и что же? —

 

деп бастап айтқан сөздерінің аудармасы деуге болады.

 

8. Бұл өлең аударма емес. Абай өз жанынан Онегин туралы жазған. Онегин туралы Пушкинде мұндай өлең жоқ. Бұл өлең Пушкин сарынымен жазылғаны көрінеді.

 

9. Онегинмен дуэльге жекпе-жек шығар түні Ленский жазған өлеңді (романның алтыншы тарауы, XXI шумағының екінші жолынан кейін басталып, XXII шумақпен бітетін жері) Абай осылайша бастап аударған екен. Бірақ жазбасы да, көшірмесі де табылмады. Мынаны әнге салып айтып жүрген жігіттердің аузынан алдық. Пушкинде бұл өлең ұзағырақ. Абайдың қанша жерін аударғаны мәлім емес. Чайковский операсында Ленский айтатын ария:

 

Куда, куда вы удалились,

Весны моей златые дни? —

 

осы сөздермен басталады. Абайдың бұл аудармасы бірінші рет басылып отыр.

 

10. Романның төртінші тарауындағы Онегиннің бақшада жолығып, Татьянаның жазған хатына өз жайын айтып, ауызша берген жауабының, сөйлеген сөзінің аудармасы. Бұл өлең Абайдың бұрынғы баспаларынан қалып қойып жүрген. Пушкинде Онегин сөзі ұзақ, бес шумақ (XII, XIII, XIV, XV, XVI) өлең, Абай Онегиннің Татьянаға айтқан сөзін түгел аудармай, 70 жолды 44 жолға сыйғызыпты. XII шумақтың:

 

…Вы ко мне писали,

Не отпирайтесь. Я прочел.

Души доверчивой признанья,

Любви невинной излиянья; —

 

деп басталатын басқы жолдарын Абай:

 

Хатыңнан жақсы ұғындым сөздің бәрін,

Кірі жоқ, кіршігі жоқ мағыналарын.

Жасырмай жастықпенен, нанғыштықпен

Айтыпты шыншыл тілің бар іңкәрін, —

 

деп аударады. Абай осылай аударып келеді де, Онегиннің сөзіне арнаған шумақтарды түгел аудармаған сияқты, басқа түгел аударма болса, оны біз білмейміз.

 

11. Бұл өлең Лермонтовтан аударылған болар деген жору бар. Лермонтовтың бөлек өлеңдері, поэмаларында, Абай өлеңдерінде айтылған сипат, ұғым кездеспеді. Мүмкін, Абай Лермонтовты өте өзгертіп, өзінше бір сипат бере аударған шығар.

 

12. Бұл өлең Пушкин, Лермонтов, не Мицкевич сарынымен жазылды ма, болмаса Абай солардың бірінен аударды ма, шынын білуге мүмкіндік болмады.

 

13. Лермонтовтың Еврейская мелодия деген өлеңінің аудармасы. Лермонтов Байроннан аударыпты. Байрон Джордж Гордон (1788—1824) әдебиетте болған байроншылдық ағымына ең бастан жол салған ағылшынның атақты ақыны. Байроншылдықтың бір белгілері: қоғам тәртібі заң-законге көнбейтін, ақсүйектерді көзге ілмейтін күшті адамды көксеу. Лермонтов аудармасында бұл шумақ, әрбір шумағы 8 жолдан. Абай өлеңнің басқы сегіз жолын ғана аударған, бізге белгілісі де осы. Өлеңнің соңғы төрт жолынан гөрі басқы торт жолы дәлірек аударылған. Абай бұл аударманың сөзбе-сөз болуын аса қадағаламаса да, оригиналда кездесетін ұғымдар, бейнелер тапқанын көреміз. Душа моя мрачнаны Абай: Көңілім менің қараңғы деп, И если навек надежды рок унестиді Егер сорым түбінен әкетпесе деп аударады.

 

14. Не верь, не верь себе, мечтатель молодой деп басталатын Лермонтов өлеңінің аудармасы соңғы төрт жолынан басқасы жолма-жол дәлге жақын аударылған.

 

15. Бұл өлең (Ғашықтық іздеп тантыма) Абай шығармасына бірінші рет кіріп отыр. Бұл жолдар Мұхтардағы Мүрсейіт қолжазбасының 151-бетінде. Өзіңе сенбе, жас ойшылдың аяғына жалғас жазылған екен. Біз сол тәртіпті қолданып сол өлеңнің артынан жібердік. Өлең аударма емес сияқты.

 

16. Бұл өлең Абайдың қолжазбасында Буниннен делінген, ал 1933 жылғы баспасында Пушкиннен делінген. Бірақ, Буниннің, Пушкиннің қандай шығармаларынан аударылғандығы мәлім емес. Өлеңнің сарынына қарағанда Лермонтовтан аударылған ба деуге болады.

 

17. Лермонтов Горные вершины деп бастайтын өлеңін Гетенің Вандерес Начһлид деген өлеңінен аударған, Гете Вольфганг (1749—1832) немістің атақты ақыны. Буын санының дәл келмегендігі болмаса, Абайдың бұл өлеңі жолы — жолына, мағынасы — мағынасына сәйкес келіп, көркемдік жағынан оригиналындай болып шыққан (Лермонтов өлеңіндей) өлеңінің бірі.

 

18. Лермонтовтың Молча сижу под окном темницы деп басталатын Пленный рыцарь деген өлеңінің аудармасы. Бұл өлең Лермонтовта да бес шумақ, әр шумағы төрт жолдан. Лермонтовта өлең жолдары он бір буыннан болса, Абайда да 11 буыннан. Мағына жағынан да дәлге жақын аударған өлеңнің бірі.

 

19. Бұл өлең қолжабада Лермонтовтан делінген. Лермонтовтан аударылуы ықтимал, бірақ, Лермонтовтың қай шығармасынан аударылғаны мәлімсіз.

 

20. Бұл өлеңді Лермонтовтың И скучно, и грустно деп басталатын өлеңінің ұзын-ырғасының аудармасы деуге болады, өйткені Абай өлеңді өте өзгертіп жібергені көрінеді.

 

21. Бұл өлең қолжазбаларда Лермонтовтан делінген, бірақ Лермонтовтың қай шығармасынан аударылғанын анықтауға болмады.

 

22. Лермонтовтың Печально я гляжу на наше поколе-нье деп басталатын Альбомға атты өлеңінің аудармасы. Абай Лермонтовтың бұл өлеңін сөзбе-сөз аудармай, жалпы мазмұнын ғана аударғаны көрінеді.

 

23. Лермонтовтың:

 

Нет, я не требую вниманья

На грустный бред души моей, —

 

деп басталатын Кинжал деген өлеңінің аудармасы.

 

24. Лермонтовтың:

 

Люблю тебя, булатный мой кинжал,

Товарищ светлый и холодный, —

 

деп басталатын Кинжал атты өлеңінің алғашқы он екі жолының аудармасы, Лермонтовта өлең 16 жол. Аяққы төрт жолын Абай аударды ма, жоқ па, мәлімсіз.

 

25. Лермонтовтың Исповедь деген поэмасының үзіндісі. Лермонтовтың бұл өлеңінің басқа жерлерін Абай аударды ма, аудармады ма, мәлімсіз.

 

26. Лермонтовтың:

 

Я не хочу, чтобы свет знал

Мою таинственную повесть, —

 

деп басталатын өлеңінің аудармасы.

 

27. Бұл өлең Абайдың бұрынғы баспасының бәрінде де жоқ, бірінші рет жариялануы осы. Академиядағы Мүрсейіт қолжазбасында да бұл өлең жоқ. Мұхтардағы Мүрсейіт қолжазбасының 224-бетінен табылды. Абай бұл өлеңге Қасиетті дұға деп ат қойыпты; өлеңінің басқы он екі жолы Лермонтовтың В минуту жизни трудную деп басталатын өлеңнің аудармасы (Лермонтов өлеңі де он екі жол); сол өлеңнің:

 

В минуту жизни трудную

Теснится ль в сердце грусть?

Одну молитву чудную

Твержу я наизусть, —

 

деген жерін Абай:

 

Өмірде тепкі жесем жазығым жоқ,

Ешнәрсеге көңілім болмаса тоқ.

Қайта-қайта оқысам бір дұғаны,

Сөніп қалған жүректе жанады шоқ, —

 

деп аударады. Ал өлеңнің Ерекше естен кетпес қызық қайда? деген жерінен бастап, қалған он екі жолы Абайдың өзіне тән өлең көрінеді; Лермонтов өлеңінде айтылған ой, пікірді қосымша өлеңдермен Абайдың өзінше толықтырғаны байқалады.

 

28. Лермонтовтың В минуту жизни трудную деп басталатын Молитва деген өлеңінің екінші түрлі аудармасы.

 

Бұл өлеңді Абай бірінде Өмірден тепкі жесем жазығым жоқ деп бастаса, бірінде Өмірде ойға түсіп кем-кетігің деп бастайды; бұл аудармалардың қайсысы бұрын, қайсысы соң аударылғаны мәлімсіз. Өмірде ойға түсіп кем-кетігің 1897 жылы жазылған. Өмірден тепкі жесем жазығым жоқтың қай жылы жазылғаны мәлімсіз.

 

29. Лермонтовтың Выхожу я один на дорогу деген өлеңінің аудармасы. Бұл өлең Лермонтовта да бес шумақ өлең. Абай өлеңнің шумақ ретін, мағынасын дәл беруді құнттаған көрінеді.

 

30. Лермонтовтың Дары Терека деген өлеңінің аудармасы. Бұл өлеңді Абай өзгертіңкіреп аударыпты:

 

Терек воет, дик и злобен,

Меж утесистых громад,

Буре плач его подобен,

Слезы брызгами летят, —

 

дегенді Абай:

 

Асау Терек долданып, буырқанып,

Тауды бұзып, жол салып, тасты жарып.

Арыстанның жалындай бұйра толқын,

Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып, —

 

деп аударады. Сүйтіп Теректің қаһарлы пішінін Абай өзінше сипаттайды, Лермонтовта жоқ (Арыстанның жалындай бұйра толқын, айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып) сипат, бейнелер жасайды.

 

Лермонтовтың бұл өлеңі 76 жол, торт бунақты, хореймен жазылған; өлеңнің әрбір жолы 8 буыннан. Абай аудармасында бұл өлең 38 жол. Бұған қарағанда өлеңнің кей жерлері аударылмай қалған сияқты, ал аударылған болса, өлеңнің ондай жерлері бізге мәлімсіз. Лермонтов өлеңінің:

 

Я привез тебе гостинец

То гостинец не простой,

С поля битвы кабардинец,

Кабардинец удалой.

Он в кольчуге драгоценной,

 

В налокотниках стальных,

Из Корана стих священный

Писан золотом на них, —

 

деген жері Абай аудармасында жоқ. Мүмкін, Абай әдейі аудармаған шығар. Бұл бір өз алдына зерттеу керек қылатын мәселе.

 

Я родился у Казбека,

Вскормлен грудью облаков, —

 

дегенді Абай:

 

Кавказдай құзда туған перзентіңмін,

Бұлттың суын ішіп ер жеткенмін, —

 

деп қадағалай аударғанын көреміз.

 

Видел березу — сломилась она,

Верхушкой к земле прислонилась она, —

 

деп басталатын романстың аудармасы сияқты.

 

31. И.А.Крыловтың (1768—1844 ) Дуб и трость деген мысал аудармасы.

 

32. Бұл өлеңді Абай Крыловтың Крестьянин в беде деген өлеңінен аударған, оригиналда өлең 39 жол, Абай өлеңге тыңнан сөз, ұғымдар қосып, өлеңді толықтырып, аясын кеңітіп әкеткен көрінеді, сондықтан Абай аудармасында өлең 56 жол болып шыққан. Өлеңнің қазақтың жалпы ұғымына жатық болу жағы да ескерілген. Мысалы, Қарны да әбден ашады, ішеріне шай да жоқ деген ұғым Крыловта жоқ. Абай оригиналдың кей жерлерін өзінше толықтыра аударса, кей жерлерін аударуды қажет деп те тапағанға ұқсайды. Крылов өлеңінде сөз болатын қаза көрген қара шекпеннің құда, көршілері — Климыч, Фома аттары Абай өлеңінде аталмай қалған.

 

33. Крыловтың Бедный богач деген мысалының аудармасы. Абай аудармасының сөзбе-сөз болуын қажет деп таппай, өлеңнің мазмұнын, жүйесін сақтағанмен, бірақ өлеңді өзгертіңкіреп аударыпты.

 

34. Крыловтың Осел и соловей деген өлеңінің аудармасы. Өлең көркемдік жағынан жатық аударылған. Бұлбұлдың сайрағанын суреттеу Абайда да, Крылов өлеңінің көркем, күшті жері. Крылов өлеңін есектің бұлбұлға тіке жолығуынан бастайды. Абай өлеңіндегі басқы үш жол (тойған есектің сонырқап жүріп, шатқа барып бұлбұлға жолыққаны) Крыловта жоқ сурет. Абай бұлбұл мен есекті кенет жолықтырмай, шаттың ішінде жолықтырады. Сөйтіп бұлбұл мен есектің жолығуына бір ақындық жағдай туғызып алады. Бұл өлең Крыловта 29 жол болса, Абай аудармасында 28 жол.

 

35. Крыловтың Вороненок деген өлеңінен аударылған. Өлеңінің қысқаша мазмұны: бір қарға қозы іліп алып кеткен бүркітті көріп еліктеп, қозыны кім ілсін деп насаттанып, қошқарға жармасады, тұяғы жабағыға ілініп қалып, босана алмай қолға түседі, қойшылар қанат, құйрығын кесіп, қарғаны балаларға береді. Абай аудармасында осы мазмұн сақталғанымен, өлеңнің кей жерлерін Абай өзінше толықтыра жазған. Аспаннан келіп құйқылжып бүркіт қозыны іліп алып кетті деп қана қоймай, бүркіт қозыны:

 

Құздағы қиын ұяға,

Екпіні күшті ер үшін,

Еңбек қылды жем үшін,

Ұядағы балаға, —

 

дейді.

 

Крыловта мұндай сурет жоқ, бұл Абайдың өз қосымшасы. Крылов бұл өлеңде өз заманындағы теріс қылықтарды көрсетпек болып, нағыз залымдар елді тонап құтылып жүр де, кейбір ақымақтар соларға еліктеп тұтылып жүр деген пікір айтса, Абай қарға сияқты қолдан келмес іске ұмтылғандарды шенеп, Азат басың болсын құл, қолдан келмес іске ұмтыл деген пікірді айтады. Сөйтіп Абай қарға мен бүркіттің ісінен Крыловтан басқа қорытынды шығарады.

 

36. Крылов Стрекоза и муравей деген өлеңін Лафонтеннен аударған, Крыловтан Абай аударған. Бұл өлең Крыловта 42 жолдай, Абайда 36 жол.

 

37. Крыловтың Музыкант деген өлеңінің аудармасы. Абай оригиналдың мазмұнын сақтағанмен, сол мазмұнды айтып беруге қолданған сөздерді өзінше алып отырады, не оригиналда бар сөздерді тастап та кетіп отырды. Абай аудармасында Кто в лес, кто по дрова деген сөздер жоқ, Ынтасы даусын білдірмек деген сөздер Крыловта жоқ.

 

38. Крыловтың Пестрые овцы деген мысалының аудармасы.

 

39. Абай Крыловтың Ворона и лисица деген мысалынан аударған. Крылов Лафонтеннен аударған.

 

40. Бұл өлең бұдан бұрынғы Абай шығармаларының жинағында жоқ, бірінші рет Абай жинағына кіріп отырғаны осы. Бұл:

 

Жұрт біледі, күледі,

Сұрқия тілдің жаманын, —

 

деп бұрынан басылып келе жатқан Ворона и лисица деген Крылов мысалының екінші түрлі аудармасына ұқсайды. Жұрт біледі дәлірек аударма, Боқтықта талтаңдаптың аудармаға келмейтін жері көп.

 

41. Бұл өлең Абайдың өзіне тән өлең секілді.

 

42. Крыловтың Лягушка и волк деген мысалынан аударылған. Бұл мысалды Лафонтеннен аударған.

 

43. Крыловтың Слон и моська деген мысалының аудармасы.

 

44. Лермонтовтың Демон деген поэмасының:

 

Печальный Демон, дух изгнанья,

Летал над грешною землей, —

 

деп басталатын әуелгі бөлімінен және шайтанның Тамарамен сөйлескен сөздерінен аударған.

 

45. Лермонтовтың қай өлеңінен аударылғандығын білу қиын. Абайдың бұрынғы баспаларында Лермонтовтан деп келе жатқан соң, біз де сол жору дұрыс болар дейміз.

 

46. Бұл өлеңді Абайдың бұрынғы баспаларында Лермонтовтан деп келген. Бірақ Лермонтовтың қай өлеңінен аударылғандығын анықтауға мүмкіндік болмады.

 

47. Бұл өлең Лермонтовтың қай өлеңінен аударылғаны белгісіз. Бұрынғы қолжазбасы мен баспаларында Лермонтов өлеңі деп келе жатқан соң, сол мақұл болар дейміз.

 

48. Лермонтовтың Парус деген өлеңінің аудармасы. Бұл өлеңді Лермонтов төрт бунақты ямбымен жазған. Барлығы 12 жол, ор жолы 8 буыннан. Абай аудармасында бұл өлең 12 жол, бірақ өлең 7 буыннан болып келеді. Соңғы екі жол болмаса, аударма дәлге жақын.

 

А он, мятежный, просит бури,

Как будто в бурях есть покойды, —

 

Абай:

 

Қарашы ол бүлік, құдайдан,

Сұрайды дауыл күні-түн, —

 

деп аударады.

 

49. Лермонтовтың Утес деген өлеңінің аудармасы. Абай аудармасы оригиналда 4 жолды, екі шумақты болып шыққан. Бірақ, бұл өлеңдерді сөз, мағына жақтарынан дәлме-дәл деуге болмайды. Абай өлеңіне қыз деген сөздің қалай кіргені де түсініксіздеу, оригиналда қыз деген сөз жоқ, із деген сөз бар. Но остался влажный след, — дейді Лермонтов. Оригиналдың бесінші жолындағы Остался влажный след деген ұғымды, Абай басқы шумақтың 3-жолында қалды үміт деген сөздермен айтып бергенге ұқсайды. Абайдың Ночевала тучка золотаяны қонады бір күн жас бұлт деп аударғанына қарағанда, оригиналда жоқ қыз деген сөзді қолдануы ғажап емес, немесе із деген деп, болмаса іздеген деп аударуы да мүмкін, бірақ бұл үш жорудың мынасы даусыз деп кесіп айту қиын, толық дерек жоқ, сондықтан бұрынғы баспаларында, академиядағы Мүрсейіт қолжазбасында қыз деген болғандықтан, сол қыз дегеннің өзін қалдырдық.

 

50. Бұл өлеңді бұрынғы қолжазбалар мен баспаларында Лермонтовтан аударған деседі. Бірақ Лермонтовтың қай өлеңінен аударғаны туралы мықты дәлел жоқ, мүмкін Абай басқа бір ақын, жазушылардан аударған шығар, қалайда бұл өлең бөлен өлеңнің аудармасы деуге әзірге дерек жоқ.

 

51. Лермонтовтың На буйном пиршестве задумчив он сидел деп басталатын өлеңінің аудармасы. Бұл аударма — еркін аударма. Өйткені өлеңнің кей жерлерін өзгертіп және жолдар қосып, аударма түбірінің мазмұнын өзгертіп әкеткен көрінеді.

 

52. Лермонтовтың Вадим деген қара сөзбен жазылған ұзақ әңгімесінің бірінші бөлімінің бірінші, екінші тарауларының жалпы мағынасын түгел аударып, екінші тарауларының жалпы мағынасын түгел аударып және үшінші тарауының бас жағын Абай осылай аударыпты. Абай өлеңінде оригиналдың тек ұзын-ырғасы ғана бар. Бірінші тарауындағы Какая странная мысль принять имя раба за два месяца до Пугачева деген сөздері және сол тараудың Вадим оборачивался деген сөздерден кейін басталатын ақыры Абай аудамасында жоқ. Осындай қалып отырған сөздері, ұғымдар аз емес көрінеді. Бұл қалып қойған жерлерді Абай әдейі тастап кетті ме, жоқ па? Ол жері бізге мәлімсіз.

 

Вадимнің бірінші бөлімінің бірінші тарауы Батар күнге шымылдық көк бұлт кең деген сөздермен басталса, екінші тарауы елуге келген шашы бурыл тартқан деген сөздермен басталады. Сол бөлімнің үшінші тарауы бай: ер! деді, артынан ере берді деген сөздермен басталған көрінеді. Мүрсейіт қолжазбасында бұл өлең тарау-тарауға бөлінбей тұтас жазылған. Біз де өлеңді сол тұтас қалпында жіберуді мақұл көрдік.

 

 

 

Абайдың өмірбаянына қосымша материалдар

 

Бұл жинақта Абайдың өмірбаяны бір қыдыру толықталып жазылса да, әлі де соған кірмей қалған қосымша материалдар аз емес. Бұл соңғы материалдар ақын өмірінің үлкен кезең, үлкен іс мінездерін баян етпесе де, оның ұсақ әдет-машықтарын білдіреді. Өмірінің әр кезіндегі әралуан жайдан айтып өткен бірен-саран пікірлерін білдіреді. Әртүрлі халдан алған әсерін, соның орайына айтқан қалжың, сын, билік сияқты қысқа қайырымды сөздерін де көрсетеді. Және үлкенірек, маңыздырақ уақиғаларға сүйеніп, жазылатын өмірбаянының ішіне әдейі кіргізілмеген ұсақ фактілер кіреді. Абайдың аңшылық, сауыққойлық сияқты мінездері, үй іші, қатын-бала мен келімді-кетімді кісіге істейтін кейбір мінез, кейбір айтқан сөздері де осы бөлімге кіреді.

 

Бұл жолғы толық баспада көздеп отырған мақсатымыз — ақын жайында осы күнге шейін мәлім болған мағлұматтың бәрін жарыққа шығару. Сондықтан жаңағы сияқты үлкенді-кішілі қосымша материалдардың барлығын өз алдына бір бөлім еттік. Бұның ішіндегі сөздер көбінесе Абайды көзі көрген адамдардың айтып берген, естегі сияқты әңгімелерінен тізілді. Оның ішінде Көкбай мен Тұраштың айтқан әңгімелері шамасынша желілі болып айтылған сөздер. Олар Абайды ең алғашқы сөздерін анықтап біле бастаған кезден сөз бастап, беріге қарай жылжиды. Көкбай 1880 жылдан бастап Абайдың жолдасы, досы болған адам. Бірақ өзі сол ру басы ортасының адамы. Абай істеген іс пен мінездің барлығын құптаған, мақұлдаған адам. Өзі атқамінерлігімен қатар жасында ақын, әнші болса, бері келе молдалықта қылған. Сондықтан біз Абайдың дін жайындағы, билігі жайындағы, адамшылық үгіті жайындағы сөздерін келтіргенде, әдейі сол замандастарының Абайды түсінуі, бағалауы қандай болғанын көрсету үшін кіргізіп отырмыз. Абайдың баласы Тұраш дәл осы Көкбай сияқты. Бұл екеуінің ұғымынша да Абайда ешбір олқы мінез жоқ, мін жоқ. Ру басы болған, партияға араласқан, бірақ елге Құнанбай өктемдігін жүргізген деген Абай бұларша тіпті жазықсыз елдің телісі мен тентегін бағамын, түзеймін деп, өз басын әуре етіп өткізген Абай ғана болып көрінеді. Шынында Абайдың уағыз, өсиет айтып: Адам болсаң сен ғана боласың, үміт қылатындарым сендер ғана дейтін ет-бауыр, жақын жастары да осы Көкбай, Тұраштар болатын. Бұлардың Абайды бағалауы, түсінуі, үлгі етіп көтеруі қандай? Соны көпшілікке білдіру үшін және осымен қатар екеуінің де әңгімелерінің ішінде, әсіресе, Көкбайда ақын өмірінің әр алуан қызықты, ірі фактілерін білдіретін бағалы мағлұматтары бар.

 

Қосымша материалдардың бір алуанын бергендер: Мәдияр Түсіпұлы, Қорамжанұлы Қатпа, Архәм Ысқақұлы, т.б. Бұлар да Абайды көзі көрген адамдар. Әрқайсысы әралуан жайда Абаймен кейде дос, кейде араз болып жүрген ауылдардың адамдары. Бұлардың әңгімелері желілі болып құралған, жыл мөлшерімен тізілген, кезегімен келетін әңгімелер емес. Абай жайындағы естігені мен білгенді жеке-жеке үзінді, оқшау-оқшау әңгімеше айтып өткен сөздер. Ақынның өмірбаянына жанасатын материалдардың бір алуаны осылайша болғанын біз теріс те көрмедік. Сондықтан бұлар айтқан әңгімелер сол айтылған қалпында үзінді-үзінді болып тізіледі. Оның ішінде кейбір адамдардың Абайға айтқан үлкенді-кішілі сөздері болса, олар да көрген қисынына қарай айтыла отырады.

 

Көкбай әңгімелері

 

1880 жылдан бастап, 1886 жылдарға шейін Абай әр кезде аз-аздап өлең жазып жүрді. Бірақ бұл уақыттағы сөздерінің барлығын Көкбай сөздері деп жүргізді. Кейін Омбыда Дала уалаяты мен Серке газеті шыққанда, бірер өлеңді тағы да менің атыммен жіберді. Сорлы Көкбай жылайды, жылайды да жырлайды деген, мен қалып қойып өзін айтып еді.

 

Осы қал 85-жылға шейін келді де, сол жылдың жазында ел жайлауға шықты. Абай аулының ең өрістеп баратын жайлауы — Бақанас өзенінің бойы еді. Соған қонғалы келе жаттық.

 

Көш жүріп кеткен еді. Біз Абаймен бірге бірнеше кісі болып артынан келдік. Осы жылы Абай аулында доктор Долгополов та қонақ еді. Ауыл Бақанастың бойындағы Көпбейіт деген жерге қонып жатыр екен.

 

Абай қонып жатқан ауылды көріп, осы суретті өлең қыл деді. Мен біраз өлең қылып едім, жақтырмады да, өзі жазбақшы болды. Сонымен үй тігіліп болып бәріміз жайланған соң, Абайға келіп едім: Өлең Көкшенің бойынан асайын деді ғой, — деді.

 

Мен: Асса, басында, мен қолқаланып алған нәрсе емес еді. Енді өзіңіз ретін тауып қайта аларсыз, — деп қалжыңдадым, сөйтсем сол күні Жазды күн шілде болғанданы жазған екен, оқып берді.

 

Өзі жазған сөзіне ең алғашқы рет, аз да болса қанағат қылғанын көргенім сол. Менің қалжыңыма орай қылып: Сен соғымыңа бір ту бие ал, мен енді өлеңімді өзім алайын деді.

 

Жаз өлеңіндегі Абайдың суреттеген аулы — өз аулы. Байдың астындағы аяңшыл — Абайдың Әбдірақметтен алған аяңшыл, күрең төбел аты. Айқайшы шалы: сол жылы өз аулымен көрші болып отырған Әнет Бармақ деген шал. Құс салып жүрген жас жігіттер өзінің балалары: Ақылбай, Әбдірахман болатын.

 

Осыдан кейін өлеңді жиі жаза бастады. Тегінде өлеңді көп жазатын уақыты қысты күні мен жазға салым болатын. Кейін 89-90-жылдарда тыныштық алып отырғанда, көп әндерін де бір-ақ қыста, жазға салым шығарды.

 

Өзі біреуге ұзақ әңгіме, ұзақ жыр сияқты нәрселерді айтқызғанда ешуақытта басқа бөтен нәрселерге аумай, таза көңілмен, үлкен ықыласпен тыңдайтын. Және әрқашан сондайды тыңдап болған соң, сол нәрсенің мағынасы мен жөнін ұғындырып, сын айтатын. Сол ретпен: Ақбала Боздақты айтқанымызда, осы жырдың ішіндегі бір-ақ ауыз өлеңін жақсы көрді де: мынаны шығарған кісі ақын деді. Тегінде өлең ішінде бірер ауыз дәмді, әдемі сөз табылса, сол үшін қатты риза болып қалушы еді. Жаңағы өлеңде: Ақбала мен Боздақ, тау аралап келе жатса, алдарынан шағылысып жүрген құр, ұйығып жүрген екі түлкі кездесіпті. Сонда Боздақ Ақбалаға:

 

Бір қораз, бір мекиен талда ойнайды,

Адам түгіл хайуан мал да ойнайды;

Құдайым бір нәрсеге бастап жүр ме,

Алдымыздан кез келген аң да ойнайды… —

 

депті.

 

Абай осы сөзінен айтушының ақындығы білінеді деп сынады.

 

Әрқашан Абай ақындық туралы сөйлегенде: Ол — қуат, табиғат сыйы, құдай сыйы деп құрметпен сөйлейтін. Ақындық шабыты шын келгенде, адамды қайта тудырып жібереді. Ол келгенде адам жай жабайы адам болмайды, — дейді.

 

Осы сөздің шындығы бәріміздің көзімізше, ел ішінің бір ақынының тұсында ақталғандай болады.

 

85-жылдың шамасында Қарамолада болатын шербашнайға Абаймен бірге көп кісі болып келе жаттық. Ішімізде Байкөкше деген ақын да бар еді. Бір мезгілде Байкөкшенің түсіне Абайдың көзі түсті де: Мына кәрінің жыны ұстап келе жатыр екен деді. Айтқандай сол арада Байкөкше Абайға түнде көрген түсін айтып, ұзақ өлеңді шұбатып жөнелді. Түсінде Абайдың бірталай қиындық, қауіптен өтіп, мұратына қолы жеткенін көрген екен. Соны айтумен бірге өзінің жоруын да өлеңге қосып Қарамоладан жолы болып, алысқандарын жеңіп қайтатындарын айтты.

 

Абай ел ортасында өлең шығарып жүретін, ақынмын деген жігіттердің кейбіреулеріне кездескенде, солардың өз жанынан шығарған өлеңдерін айтқызып, ықыласпен тыңдайтын уақыттары да болушы еді. Бірақ ол ақындар өзіне өлең шығарып айтсын, басқаны өлең қылсын, сөздерін жай тыңдағаны болмаса, өлеңдеріне орай өлең айтып, айтысқа кіріспейтін. Өзім білгенде мұндай іс бір-ақ рет болды.

 

Ел ішінің тағы бір съезі болып, Семейдің уезі келгенде соған тілмаш болып Сыбан Әріп келді. Әріп екеуміз құрбы болатынбыз. Кездескен жерде әрқашан бірер ауыз өлеңмен жанасып қалатынбыз. Съез болып жатқанда менің бір ақы сұраған арызым болып, соның тез қаралуын тапсырамын деп Әріпке:

 

Найманша адырайма, кеуіп ісіп,

Ежелден Арғын аға, Найман кішік,

Төбеңмен жүр, тез бітір қызметіңді,

Күнде бүйтіп мөлимен ісім түсіп! —

 

дегенімде, ол:

 

Асықпа бітірермін қызметіңді,

Тапсырған құрбылықпен міндетіңді.

Арғынға, Көкше — сенен Қызай жақын,

Ата қумай түзей бер өз бетіңді, —

 

деді. Мен мұның орайына:

 

Көкше атам, Тобықтының бел баласы,

Бөтен деген білместің бос таласы.

Нарымбайды тәшкендік сарт дейді ғой,

Сол сияқты қазақтың құр жаласы, —

 

дедім. Әріп:

 

Тіпті, Тобықты Арғын емес Көкше тұрсын,

Ата қуып қайтесің езің жүрсің.

Құдай ақын, теңдесім Алтай-Қарпық,

Құр көңіліңді көтерген кеудең құрсын, —

 

деді.

 

Біз осылай сөйлесіп жатқанда, өзіміздің елдің біреулері Абайға барып: Әріп пен Көкпай айтысып жатыр депті. Сонан соң біреуі келіп, екеумізді де Абай шақырады деді. Келіп едік: Не айтыстыңдар?, Мынау ананы айтты, мен мынаны айттым дедім. Абай тыңдады да, әлгі даудың орайына:

 

Ақсұпы дүниеден ұлсыз кеткен,

Енеден жалшысынан бала біткен.

Өкіреш Найман ұлы болмаған соң,

Атасыз да Найман кеп, деп ап кеткен, —

 

деді.

 

Өлең айтқыш жігіттердің сөздерінде, нәр жұғын болса, дәмді сөзін көріп ырза болса, ондайлардың өлеңді көбірек айтқанын тілейтін. Кейбіреулеріне өлең қыларлық теманы да беретін сияқты еді.

 

Бір жылы менің өзіме: Абылай мен Кенесарының өмір тарихтарын ұзақ әңгіме қылып, айтып беріп, осыны өлең қыл, — деді. Абылай да, Кенесары да қазақтың ерлері. Бұлардың еңбегі де айта қалғандай, ұмытылмастық еңбек. Солардың бастарынан кешкен дәуренді жақсы сөзбен жыр қылып, ел ортасына жаю, жақсы өлеңшінің меңдеті. Сен үйіңе барып, орнығып отырып, осыны өлең қылып кел деді.

 

Содан келіп, үйге келіп отырысымен өлең қылуға кірісіп, күндіз-түні тыным алмай жаздым да, 5-6 күнде бітіріп, Абайға қарай қайта жүрдім. Абай бұл уақытта үлкен аулынан, бауырдағы аулына тоқалынікіне барып, сонда жатыр екен. Кіші аулы Аралтөбе деген жерде. Үлкен аулы Ділдә қыстауы, Ақшоқыда. Біздің ауылдан 70 шақырымдай жерде еді.

 

Осы жолға қасымдағы атшыммен қысты күнгі аязда салт атпен келе жатып, жазған өлеңімді ойлап көрсем, жатқа айтуға бірде-бірі есте қалмапты. Абайдың барысымен айт дейтіні мәлім. Сондықтан, жол жүріп келе жатып, өз өлеңімді өзім жаттауға кірістім.

 

Күн суық. Қағазды екі жеңіммен ұстап, атымның басын жолдасыма жетектетіп қойып, жол бойы жаттадым.

 

Сонымен кеш болып, ел орынға отыратын кезде кіші ауылға жетіп, Абай отырған үйге сәлем беріп кіріп келдім. Үйде кісі көп екен. Алдарына кешкі шайды жаңа алған екен. Кірген жерімде сәлемімді алмастан: Абылай келді ме? — деді.

 

Тегінде сол 25 жыл жолдас болған уақытымда, анда-санда қасынан кетіп, қайта келгенімде, сәлем алып, мал-жаның аман ба? — деп амандасып көрген емес. Ылғи ғана жаңа көрісіп шыққан кісідей іліп ала әңгімеге кірісетін. Бұл жолы да соны істеді.

 

Мен сұрағанына келді деп едім, олай болса айт деді.

 

Киімімді шешінбестен отыра қалып айта бастадым. Өлеңді алғашқы айта бастағанымда тымағымның да бауын шешкен жоқ едім. Тегінде шешінейін, жайланайын деген сөз, Абайдың нашасын кетіріп, ықыласын қайтарып тастайды. Сондықтан өлеңді айта отырып, тымағымды шешіп бір алып қойып, тағы бір әредікте белдігімді тастап, содан өлеңнің желісін үзбей отырып, сыртқы киімді тастап, жүгімнен бірте-бірте барып қана босандым.

 

Абайдың өмір бойғы әдеті осындай еді. Біреу өзіне келсе, келген жерден жұмысың не? — деп сұрайды да, сол арада шаруасын бітіріп, содан кейін өзінің әңгімесіне кетеді. Алғаш сұраған жерде шапшаң айтып жіберген кісі болса риза болып қалады. Басында айтпай, артынан пәленім бар еді дегенде ашуланып қалатын. Бағана неге айтпадың? — деп ұрсып, тыңдамай да қоятын.

 

Сол әдеті мәлім болғандықтан, өлеңді әнге салып айтсам да шаршаған, талғанымды білдірмей, желісін үзбей айтып отырдым. Қағазыма да қарағаным жоқ. Ылғи жатқа айттым.

 

Алдарына келген шай ішілмей қалды. Алғашқы самауырын суып кетіп, оны алып барып екінші рет қойып тағы әкелді. О да суып қалды. Абай да, басқа ешкім де ішкен жоқ. Сонымен үшінші самауырын келгенде, Абылай мен Кенесарының жорығын аяқтатып болып, енді Наурызбайға көшіп едім. Бұған келгенде: Енеңді ұрайын, ашулы тентек, Кененің бағын да осы алып еді. Енді шайынды іш! — деп, Наурызбайдың жайын бұл арада тыңдағысы келмеді.

 

Осы өлеңдердің ішінде Наурызбайға Меркенің бегі берген Ақауыз аттың тұлғасын сыпаттап едім. Ол атты менің сөзімнен сынады да: Мұның шыға шауып, жайлап қалатын ат болған екен деп, сол күндерде Ақауыз атты жазамын деп, Шоқпардай кекілі бар, қамыс құлақ деген белгілі ат сынын шығарды. Басында мұны, Ақауыз аттың сыпаты деп айтқан соң, мен Абылай-Кене жырына кіргізейін бе? деп сұрап едім: Бұл шіркіннің өзі де мес болып кетті ғой деп кіргіздіртпеді.

 

Ұдайы жолдас болған уақытымда: орыс болсын, қазақ болсын, үлкен я кіші болсын, әрқашан мінезінде бояма болмай, шынымен келген кісіні жақтырушы еді. Бойын бағып, қымтырылып пәлен көрінем, түгілен көрінем деп қолдан пішін жасайтын мінезді көре бастаса, қытығына тигендей жақтырмай қалатын.

 

Ондайды кекетіп, мысқыл қылып, қалжыңмен өлең айтып жіберетін. Қалжың өлеңінің көбі маңындағы жұрттың осындай мінездерінен туады.

 

Бір күні осындайдың тұсында, өзімді де өлең қылды. Ел ішінің бір тобынан келе жатыр едік, жолда бірер сөз, бірер мінезді Абайдың жақтырмай қалғанын сездім. Ауылға жақындағанда Абай бізден озып кетіп еді. Үйге келсем қолына бір табақ қағаз бен қарындашты алып жазып жатыр екен.

 

Не қылса да, өзімді өлең қылып жатыр-ау деп ішіме сезік кіріп, қасына жетіп келіп едім, мына өлеңді оқып қоя берді:

 

Бұралып тұрып,

Буыны құрып,

Қисайта тартып мұрынын,

Әсемсіп, сәнсіп,

Білгенсіп, бәлсіп,

Әрнәрсенің орынын,

Керенау, кердең бір керім,

Жақпайды маған сол жерің! —

 

деп, өзімді өлең қылып қойыпты. Сонан соң жалынып отырып сұрап алдым да, көзінше жыртып тастадым. Өлеңін өзімнен басқа ешкім білген жоқ. Сол бір оқып шыққанда есімде қалғаны осы еді.

 

Жалпы өмірдегі мұрат қылған қиялы әділшілік пен дұрыстық болғандықтан, қазақтағы досы өтірігі жоқ, шыншыл кісі болатын.

 

Өтірік айтпай, шынын айтатын болса, мал ұрлайтын ұрыны болса да сүюші еді, ұрыдан алатын парасаты шынын айтқаны. Шындыққа, дұрыстыққа құмарлығын билікте анық көрсетіп жүрді. Билікке келгенде Абайдан әділ, таза, дұрыстығы күшті биді Тобықты іші бұрынғы заманда көрген жоқ деп айта аламын.

 

Абайдың билігіне, Абай тергеуіне әрқашан ел ішінде шиеленісіп, ұстасып жүрген жаулары құмар болатын. Сондықтан Абай айтқан билікті көбі, әрқашан сол жау жақтарының даулары туралы бола ма деп ойлаймыз.

 

Өзіміз көріп, өзіміз естіп білген заманда жауына келіп билік айтқызу Абайдан басқа кісінің тұсында болды деп білмейміз. Тобықты ішінің өзге ешбір адамына дәл билік турасында, мұндай сенім болған жоқ.

 

Биліктегі әділдігімен қатар, осыған егіз сияқты бір мінез: Абайдың ерекше мырзалығы, жомарттығы, дүниеқор еместігі болатын. Жақын маңайдағы елде өз атағын есіткен: атышулы жүйрік ат, қыран құс, ит сияқты сауық аспаптары болса, Абай қалап та алады; қызыққаны кедейдікі болса сатып та алады. Бір жазда бес түйе беріп, бір бәйге ат алып, бес құлынды бие беріп, екінші ат алғанын көрдім. Солардың екеуін де сұраған екі кісіге өзі қызықтамастан беріп жіберді.

 

Тобықты іші: бір досыңнан қызығып алып, бұлдап алған жақсыңды, үйіңе жеткізбей бір жақсы көрген адамың алып кетсе содан қызық не бар деп, Абай айтпап па еді, — деп аңыз қылысады.

 

Өзі шаруа басқарып, қырда малдың санын, қалада ақша пұлдың санын ескерген емес. Қыр шаруасында ескерсе, жылқыны ғана ескеріп, жақсыдан айғыр салып, тесе мініліп ер батып кеткен арықтары болса сол жағын ғана ескеретін. Малшысына еңбек ақысын толық қылып беріп, мықты малшы салуды ескеретін. Осындай басқа ауыл шаруасына істейтін қамы болушы еді.

 

Қалада болған уақытта ақшасының барлығын қасындағы атқосшы жігіті ұстайды. Одан қанша қалды, неге ұстадың? — деп сұрамайтын. Жалғыз-ақ бітіп қалды дегенде ғана, тыңнан ақша тауып, тағы қалтасына салып береді де отыра береді.

 

Ауыл қысы-жазы өте қонақшыл. Әрдәйім күндіз-түні басып жатқан неше алуан кісі болады. Солардың ішінде Абайдың түстігінен жейміз деп, ас аңдып келетін кедей-кепшікпен бірге ел-елдің: басты адамдары, ертекші, құсбегі, домбырашы, әнші, не болмаса тоғыз құмалақ, дойбы ойнағыш ойыншылары да жатады.

 

Абай қысты күнгі бос уақыттарының бірталайында өзі оқып алған романдарды кейде ертек қылып, маңындағы жұртпен бірге, әсіресе, өзінің ұдайы қасында болатын ертекшісі Баймағамбетке айтып беретін.

 

Баймағамбет орыс романдарын бір айтқаннан жаңылмай ұғады. Ішіндегі европаша аттарды да жаттап алады. Содан кейін бірнеше күндер өткенде, өзі айтып берген ертектерін Баймағамбетке қайтып айтқызады да, ешнәрсеге алаңдамастан, бөлінбестен қайтадан түгел тыңдап шығады. Қатесі болса сонда түзеп береді. Содан анау айтып, таратып кете барады.

 

Осындай әдетпен қатар, Абай қырдың тоғыз құмалақ, дойбы сияқты ойындарына көп уақыт беретін. Әсіресе, көп салынып ойнайтыны тоғыз құмалақ болушы еді. Бұл ойындарға Тобықты ішіндегі ірі ойыншылардың ең ілгергі қатардағы бірі болып саналады. Ойнай-ойнай келе бірден-біреу озып, екшеліп келген соң, Тобықтыда бес-алты-ақ үлкен ойыншы шықты.

 

Солар: Көрпебай, Құттықожа, Қуаттың Құдайбердісі, Мақыштың Смағұлы дегендер еді. Абай осыларды кезек-кезек алғызып, кейде бәрін бір уақытта жиып, көп күндер бас алмай ойнап жатады. Артынан ойын тарқап әлгі кісілер қайтатын болғанда, дәулеті аз нашарларына: соғымдықтай, тайынша, қой, киім сияқты нәрселер беріп қайырады, осы сияқты ел ортасының көңіл сергітетін, қазақ сауықтарының барлығын Абай молынан көріп, толық қызықтады.

 

Аңшылық құру, бәйгеге ат апарып қосу; палуан апарып күрестіру; қаршыға, лашын салғызу; жүйрік ат пен мықты жігіт сақтап ұры түсіру; қасқыр соққызу; ақын, әнші, күйшіні сақтап өнерді қызықтау сияқтының барлығын да өзі де көрді, бала-інілеріне де толық көрсетті. Осындай көп әдеттері маңайының барлығына үлгі болып жайылды.

 

Қыс бойы елсіз қалатын сыртында: бұғы, арқар, киік, түлкі болады. Абай көп кісі, көп жақсы құсбегі, мерген сияқты жақсы аңшылармен қостап, бірнеше үймен, көп соғым сойып барып бір ай, екі ай жүріп қайтады.

 

Бірақ, берірек келгенде аңшылықты қойып, жоғарыда саналған өзге түрлі сауықтарға көбірек ауысты.

 

Бірақ, бұл істерінің қайсысы болса да, Абайдың жалпы тыңдаушыға айтып отыратын өсиет үгітіне, келелі мәжілісіне, кітап оқып, білім табуына көп бөгет болған жоқ. Бөгет болатын нәрсе болса ел сөзі, ел тартысы болды.

 

Абай Европа ғалымдарының ірі пәлсапамен жазылған кітаптарын оқығанда, өзінің басындағы ой-пікірлерінің ірге негізін аналарға оңай беріп жіберіп отырған жоқ. Жұртқа өсиет қылып, өз сөзіне мысал қылып сөйлегенде, әрқашан өз ақылының елегінен өткізіп алып айтушы еді. Көп насихатының түп қазығы: адамшылық, ақтық, әдет болса осының барлығын мұсылман дінінің діңгегіне әкеліп, бір шалып кетіп отыратын.

 

Абай діншіл еді. Бірақ, діншілдігі молда-қожа айтып жүрген сыртқы сопы, діншілдік емес-ті. Бергі жерлердегі кітап сөзі, молда сөзі, шариғат жолы дегеннің барлығына сынмен қарап, діннің негізін, мақсат бағытын ғана алып, соны хақиқат діні деп қолданған. Сондықтан сыртымен тақуалық қылып ұдайы намаз оқып, ұдайы ораза тұтып, ұдайы құлшылық қылған да емес. Намазды оқығысы келген кездерде оқиды. Бірақ ондайда қасына ешкімді алмайды; оңаша үйде жалғыз өзі ұзақ уақыттар отырып оқиды.

 

Онан соң жалпы мұсылманшылық жолындағы үлкен ғұламалар жазған, ірі сөздердің көбін білетін. Бәрінен өз тұсындағы үлкен молдалардың қайсысымен болса да қатар түсерлік мағлұматы бар-ды. Семейге барып жатқан уақытта, Семейдің Камали хазрети сияқты үлкен молдаларымен, анда-санда бас қосып мәжіліс те жасап қоятын. Осындай мәжілістер арқылы Семей қаласындағы қазақ, татар молдаларының барлығы да, Абайдың дін мәселесіне әбден жетіктігіне көзі жеткен соң, бұл кісіні өз заманының ғұламасы сияқты да көрген.

 

Сонымен кейінірек жылдарда Семейге миссионер Сергей деген кісі келіп: Мұсылман дінін қорғаушы молда имандар болса сөйлесемін деп іздегенде, Семей қаласындағы молда хазіреттер араларынан бір ауыздан, Абайды сайлап шығарады. Сергейден жеңілмей өз дінінің әбүйірін аман сақтап шығуына мешітке жиылып, дұға қылып, Абайға бата беріп жөнелткен.

 

Бірақ Сергейдің не мақсатпен сөйлесемін дегенін қала молдалары шала ұғынып, алыпқаштымен ұлғайтып жіберіп, елді де үркітіп, өздері де босқа үріккен ғой деймін. Абай барғанда Сергей дін жайына талас жасамай, бірер нәрселерді сұрап қана, артынан жай әңгімеге кетсе керек. Бұл мәжілісте Абай дін жайынан қаншалық сөйлесіп, қанша таласты, ол арасын мен толық білмеймін. Бірақ, артынан өзіміз сұрағанда, азын-аулақ айтқаны:

 

Сергей: Мұсылман дінінше құдай күш иесі, қорқытушы, сондықтан құдай жолындағы құлшылық, тазалықтың барлығы да қорқудан туатын сияқты деді.

 

Оған мен: Біздің құдай рахыман, рахим, қуат қана иесі емес, рахым да қылушы: қуаты қара күш бастаған қуат емес, махаббатты бар қуат. Әке мен баланың арасы сияқты. Әкеше сүйеуші ие дедім дейді.

 

Сонан кейін Абай Айса дінінің нанымы бойынша үш жүзді құдай деген ұғымға қарсы дау айтыпты, бірлігіне үш жүзді болу сия ма, сол үш сипат бір жүзінде болса құдайлығына көп бола ма? десе керек. Бірақ, бұл сөзге Сергейдің не айтқанын толық білмеймін. Жалғыз айтқаны: Сергей дін жайынан аз сөйлесті де, жалпы ғылыми әңгімеге түсіп кетті. Сонан соң мен де дін жайын қайта қозғағам жоқ деді.

 

Бұл мәжіліс туралы тағы да бір есімде қалған нәрсе: осы сөйлесетін күні Сергейдің қасында Семейдің көп поптары бар екен. Солардың кейбіреулері бір әредікте мұсылман дінінің ұзақ мәселесі туралы Абаймен дауласқысы келсе керек. Сонда Сергей: Сендер қойындар, Ыбырайым Қунанбаевич сендердің тісің бататын кісі емес деді дейді.

 

Абайдың осы Сергеймен сөйлескен сөздерін кейінгі уақытта қаланың жатақтары мен шала молдалары үлкен жырдай қылып, ертек қылып әкетті. Соның ішінде Сергей үй депті, Абай бүй депті деген талай ұйқасты сөздер толып жатыр. Бірақ мұның бірде-бірін де біз Абайдың өз аузынан есіткеніміз жоқ дейді Көкбай.

 

 

Тұраш әңгімесінен

 

 

Мен бала шағымда әкемді танығанда: жүзі жарқын, ажары сыртында, көзі өткір; ашуы да, қуануы да жылдам, ширақ жанды адам еді. Мәжілісі қызықты. Ойын, сауықшыл, дастарқаны аса мол еді. Бір істі қызықтап отырғанды іздейді. Жай шаруасын ғана істеп отырмайды. Маған десе бала болсын, я үйіндегі қызметкер қатынның да болсын бір тәуір мінезін тауып отырар еді. Сүймеген адамымен ешуақытта жылы ұштаса алмайды. Ондай адамдармен бас қоспақ уақыт еріксіз кез келсе, сол мезгілін абақтыдай көруші еді. Сыпайылық, сыйлық қылып, әдептіленіп, аяғының басынан, аузынан шыққан сөзін санап отыратын адамды жақсы көрмейді. Жарқын жүзбен, ашық көңілмен қытықсыз келетін адамды аңсап, сағынып, ондай адамды көргенде не баласы, немесе туысқаны, бауыры келген кісідей қуанып қалар еді.

 

Менің бала кезімде әкем қандайлық жылы шыраймен ойнап, қалжыңдап отырса да қытығына тисе, ашуы тез келгіш болатын. Сондай мінезінен ауылдағылар да, бәйбішелері де айғырмен ойнаған ат секілденіп, қорғаныштары кеуделерінен кетпей, қымсынып жүруші еді.

 

Өзім білген мезгілден бастап үйде отырғанда бірталай уақыттарын тоғыз құмалақ, дойбы сияқты ойындар алатын. Сонда таңертеңгі шайды ішкен соң бауырына жастығын алып, алдына құмалағын құрғызып, ойынға кіріп кетеді. Күндізгі келген ел арасының бас адамдары да ойынға кіріп кетеді. Құмалақтан кезек тимеген, я құмалақтың ойынына жаттықпаған іні, балалары секілділері өз алдына дойбы, карта сықылды ойынның дүкенін құрады. Сонымен бір шет елдің қабілетті адамы келіп қалмаса, я бір үлкен жұмыс кездесіп қалмаса, ертелі-кешкі тамақтарынан басқаға бұрылмай, ойнап жатысады.

 

Бері келіп кітапты көп оқитын болған соң, уақытының көбін кітап алатын болды. Бірақ кейбір күндерде я кітапқа, құмарлыққа түсіп кетпесе, біреуге ертек айтқызып, я өзі айтып отыратын еді. Біреуге айтқызғанда: есітпеген ертегісіндей ынтасын сала тыңдап, бір сөзін қақпай, әбден айтып болған соң, айтушының адасқан жері болса қайтадан өзі айтып, түзеп беруші еді. Қазақтың ертегілерінде есітпеген, білмеген ертегісі кем шығар. Сонда: қазақтың ескі ертегісінен, бұрын қай жерлерде жүргені; көршілес, күндес елдері қай жұрттар екені; діні, білімі қандайлық кезде шығарғаны, елдің ескі салты, арманы, кәсіп-қаракеті не екені көрінеді деуші еді.

 

Жас кезінде де, парсы жұртының: Ямшид, Қаһарман секілді ертегі кітаптарын көп оқыса керек. Өзім көргенде Мың бір түннің кітабын оқып, алғашқы біздің елді Мың бір түнмен таныстырған осы кісі.

 

Орыстың әңгімелі кітаптарын да көп оқып, көп айтып, елді романдармен таныстырғандығынан, біздің ел Мың бір түнінен жалығып, романның қызығын күштірек көріп, соған әуестеніңкіреп кетті.

 

Жалпы жай отырған кезінде, ақылынан гөрі, махаббатын ардақтап, ақылдың суық сынынан қашып, көңіліне билетіп отырғыш еді. Айтпасақ та, не ойлап, неге риза яки неменеге наразы болып жүргенімізді бүлк еткізбей біле қоюшы еді. Көңіл сезіміне билеткіштігінің бір белгісі: жас баланы әлпештеп, шақырғанына бала ұмтылып келсе, қатты қуанып қаны тартып, біліп тұр деп рахаттанады. Егер шақырғанына жатырқап: келмей қашса, өкпелеп, ашуланып қалушы еді.

 

1889 жылы үлкен әйелінен туған Райхан деген қызды ұзатып, үйдің ішінің бәрі жолаушы кетіп, үйде екеуміз-ақ қалдық. Сол жыл, артынан абайлап қарасам, ғылым жолына белсеніп шыққан жылы екен. Сонда таңертеңнен кешке шейін бас алмай орыстың кітаптарын оқиды да, ара-тұра өлең жазып тастайды. Өлең жазарда ширек табақтай ақ қағазды алдына алып, қолында қарындашы, көзі жасаураңқырап (тегінде көзі жасаурағыш еді), әндетіңкіреп, күңіреніп отырады. Сол күңіренудің арасында есітер-есітпес қылып, күбірлеңкіреп келіп, жазып кеткен соң көп ойланып тоқталмайды. Алдыңғы жазғанын көп сызып түзетпейді де.

 

Кейде бір елден бөлек, ерекше мінез де шығарып отырады. Бір жылы Алдоңғар деген кәрі ұрыны, ұрлығыңды қой деп қасына көшіріп алып, Мәніке деген жастау әйел баласын теңіне қосамын деп асырап алған. Шайын қойып, төсегін салып беретін сол Мәніке.

 

Оңашада, Мәнікеге: мен қонақтарға сөйлеп-сөйлеп болған соң Солай ма, Мәніке? дермін, сен солай деп қой деп үйретіп қояды. Кешке сөз ұғар ма дегендей адамдар қонақ болса, қазақтың ойында жоқ ғылымның үлгілі сөздерінен сөйлеп келіп, осылай ма, Мәніке? десе, Мәніке осылай дейді, япырм-ай, мынау баланың біліп отырғанын қарашы деп, қонақтар таңырқап қалады. Мұнысы қазақтың ақыл-шамасына күлгені-ау деймін.

 

Кейде қонақтарға: осы сөзімнің жалғанын тапсаңдар, көк бөркімді берейін дейді. Онысы қонақтың қытығын тарқатып ойнағанының себебі.

 

Ұлғайған сайын ашуы азайып, жұмсақтарта береді. Жасы ұлғайған адамның бәрі де жасып, қайрат, ажары кеміп жұмсармағы табиғаттың жолы шығар. Бірақ мына кісі осы жұмсарғандығын ардақтап, өзіне қасиет санады. Сондықтан бұл жұмсармағын бір жағынан өзі еңбек қылып тапты деп білемін. Өз әкесінің қайтпайтын қатты, суық мінезін мін сияқты көріп: Қорықпақпен сүймек, от пен су секілді, бір жерге жиылмайды. Адам сүйген адамының ақылын ұғып, содан бәһре алады. Қорқытып, ұрсып айтқан ақыл дарымайды деуші еді.

 

Сондықтан көз алдында қандай ойындарды ойнап, күліп шуылдап отырсақ та, бетімізді қақпай, еркелетіп отырады. Егер алдынан қашып жаман деген адамымен ойнағымыз келгенін білсе, қатты ренжіп, ұрсып: Адамға үш алуан адамнан мінез жұғады. Ата-анасынан, ұстазынан, құрбысынан, әсіресе, солардың қайсысын жақсы көрсе содан көп жұғады. Сендердің менен жақсы көріп, барғыларың келіп тұрған жақсы құрбыларың қайсы? — деп, ондай жаман адамдардың мәжілісінен әйел баласындай қорғаштап, тыйып өсіргісі келді.

 

Мен білгенде: жалпы қазақтың байларынша — ертемен малын айдап салып, кешке малдың алдынан шығатындары секілді мал, шаруасы үшін атқа мінбейді. Атқа мінсе ел ішіндегі топқа, кеңеске, ас, той сықылдыға бару үшін мінеді.

 

Көбінесе үйде отырғандықтан ба, я тыныштығын күтемін дегендіктен бе, әйтеуір еріншектік ертерек иектеп, атқа мінуді әлден көп ерте азайтып, шәу тартты.

 

Үлкен үйдегі келіні Еркежанды алып, сол үйге кірген соң дәулеттің молы да, ел ортасындағы үйі де сол болып, әмісе сол үйінде отырып, басқа үйіне оқта-текте ғана келетін болды.

 

Топтағы, биліктегі мінезінен жалғыз айтатыным: я билікке тартысып, я аразымен бас қосқан жерде кінә айтысып, сөзін сарқа сөйлеп, суырылып отырғанын көргенім жоқ. Байлаулы жерінен қысқа, тұжырымды сөзді ақырын айтса, сол тоқтау болып қалушы еді.

 

Жалпы дүниеқор, сараң еместігінің белгісі: өмірінде орайы қайтпайтын, бір соқпа бөгде кісілерге де көп көмек істеуші еді. Менің бала күнімде Кавказдағы атақты батыр Тәштемірдің баласы Үркітке айдалып барған жерден қашып, қасында екі жолдасы бар, қыстай біздің ауылда қыстап жатып, жаз шыққан соң әкемнен үш жақсы ат мініп кетті. Ол басында Тәштемірдің баласы екенін жасырып жүріпті. Жалғыз-ақ, ауылдағы бір жігітке ашуланып: сені өлтірмесем Тәштемірден тумай кетейін депті. Содан кейін Тәштемірдің баласы екені білініпті. Бұл адам туралы сол елдің тағы да Үркіттен қашып келгендерінен әкем сұрағанда айтқаны: Барған соң, белгілі батырдың баласы тек отыра алмай, батырлықтың жолын ұстанса керек. Сонан соң жау туысқандары терезеден атып өлтіріпті деді.

 

Жыл сайын Үркіттен қашқан, көбінесе Кавказдағы Дағыстанның, Түріктің айдалған адамдары бірден, екіден келіп, кейі қыстап, кейі бір-екі ай жатып тынығып, бір-бір атқа мініп кетеді. Осындай ат мініп кеткен қашқындардың менің көзім көргендегісі 15 шамалы.

 

Өз басының күтіміне өзі істейтін еңбегі аз болып, жан тыныштығын сүйіп, еріншектеу болып кеткені де бар еді. Осы ретте бір жаз бойы қонақ болып жатқан доктор Долгополовтың бір сөзін айтайын:

 

Бір күні Долгополовқа балаларын сынатып отырып, соның артынан өзім туралы не айтасың? депті. Сонда Долгополов:

 

Басы алтын адамсың, бірақ үйренген әдет, салтың жаман. Таңертең төсегіңнен тұрғанда біреу келіп, арқаңа шапаныңды жабады. Есікті ашып тысқа шығарады. Қайта келсең есікті ашып енгізіп, алдыңа шылапшынды әкеліп, қолына суды құйып жуындырады. Шай ішсең, шайынды біреу қуады, ет жесең, етінді біреу жапырақтайды, атқа мінбек болсаң оны ерттеп, қолтығыңнан көтеріп салады. Кешкі төсекке жатарында, төсегіңді біреу салып, өзіңді шешіндіріп, үстіне көрпеңді жауып, орамалыңды бір жағыңа, шақшаңды бір жағыңа тығып қояды. Өзің үшін өзің не қыласың? Әйтеуір бірдеме қылып ұйықтап көресің де! депті.

 

 

 

Абай жайында Мәдияр, Қатпа, Арқам, т.б. айтқан әңгімелері

 

 

Абайдың жігіт шағында аса жақсы көрген әйелінің бірі Керей Сағындықтың қызы екен. Бұл кейін Аржақтағы Әділхан төренің әйелі болады. Абай екеуінің тәттілігі көпке шейін үзілмеген. Бертін келгенде Әділхан өліп, сол әйел жесір қалып, өзге күйеуге тимей отырып, Абайға бір үлкен әдемі өлеңмен сәлем хат жазады. Бұл жесір қалған уақытта Абайдың соны тоқалдыққа аламын, Әділханның қопасын қыстау қыламын деген де ниеті болған екен. Оған бір себеп бұрынғы жақындығы болса, соның үстіне жаңағы айтылған хат та қамшы болады. Бізге бұл әйелдің өз аты мәлім болмады. Өйткені, көпшілік төре қатыны болғандықтан ханым деп, тіпті қадірлейін дегенде Бүбі деп атандырып кетіп, дәл өз атын білуші кейінгі кезде сиреп қапты. Осы әйелдің өлең хаты, ол кездегі әйел аузынан шықты деген сөздердің бір көріктісі болғандықтан, біз тұтас келтірейік:

 

Ей, мырза, ғарып міскін сөзін тыңда,

Болса да кем-кетігі жария қылма.

Сайраған бақ ішінде бұлбұл едім,

Кіріфтар бұл қафасқа қылды ұда.

 

Шаһизат көңіл қойдым жарлығыңа!

Кең дүние душар болдым тарлығыңа.

Ұжұтке[4] келгенімде-ақ жазған екен,

Хұдайым бұл ғисматпен[5] зар қылуға.

 

Әзәлде мұны жазған қаһар фәләк[6],

Алладан өтінемін, қылып талап,

Лә тақнәтну мин рахмә тиллаһи[7] деген аят,

Қосылсақ инша-алла құдай қалап.

 

Сізге жаздым бір намаз ғұсса зардан,

Ренжу көңлімде бар, қайғы да арман.

Сәһилу фәлә тәнһәр[8] деген аят,

Нәзилдүр[9] хақ рахматы фарманынан[10].

Зылиха Жүсіп үшін әйләгән аһл[11],

Болар ма дертке дәрмен аһ, дариға?

Бәндәңә ғибратларың көбдір Кәрім[12]

Қылмасын ақырында хұдай рәсуә.

 

Хұдая кең дүниені әйләдің тар[13],

Шадлықтан халас[14] болып қыламын зар,

Уә бәршә мүбтәләлік[15] бұ қисматы,

Лә тақнату аяттан үмітім бар.

 

Өкініп өткен іске болмас пайда,

Адамға фиғлы камил жолдас қайда?

Әуелде раббім[16] жазып қойған болса,

Қылады ғариф пенде нешік айла?

 

Айтқан сөз түбі қиын шаһизатқа[17]

Тұрамын көңіл бермей һиш тарапқа.

Айналдым атаңыздың аруағынан,

Ғайыпқа бұйырмаңыз жазған хатқа.

 

Үш жүзден ақылы асқан арыстаным!

Бәндәден фиғлі камил данышпаным,

Мүратым Хаф тауының қақ басында,

Қасымда туғаным жоқ, туысқаным.

 

Ғашықты ғашық көрсе көңіл тынар,

Айналар ғамкин[18] көңіл көрсе дидар,

Қафаста[19] пенде болған мен бір сабил[20],

Қараңғыдан қолыңнан келсе, құтқар.

 

Ішінде көп жапалақ сіз бір сұңқар,

Асылды асыл білер деген сөз бар:

Миуәсі салбыраған бәйтерексің,

Қонуға бұтағыңа үмітім бар.

 

Ақ сұңқар сіз ішінде бір топ қарға,

Жәй жатып жар қылмаңыз жалшыларға.

Сайлансаң аға сұлтан тезірек кел,

Білезік ауып кетер шар салғанда.

 

Сіз үшін мен ризамын айдалуға,

Көңілім бар, бір орынға сайлануға.

Дидарың көзден ғайып тұрған бақыт,

Көлеңкең табылмай тұр айналуға.

 

Бұл дүние сізден де өтер, бізден де өтер,

Тез ғашық, мұратына жылдам жетер.

Қашан кемеліне келтірем деп жүргенде,

Бәндәден шолақ дүние етіп кетер, —

 

деген. Бұл хаттан әйелдің тимектігін білген соң, Абай аламынды шын ойлайды. Бірақ ауыл-ауылдан дос-жары ол ниетін мақұл көрмейді. Бөтен ел ішіндегі біреудің жесірін алып, мал-дүниесімен жіктену деген оңай да емес. Соларды ойлап қайта қобалжыса керек. Осы себептерге қосымша ғып бергі айтушылар тағы бір әңгімені қосады. Онысы: әйелдің Абайды қызықтырғаны өлең-хаты деп біліп, Абайдың қатындары Қарасақау деген бір айтқыш адамға сол өлеңінің мінін тап та айныт депті дейді. Қарасақау келіп, оқытып көріп, Абайға: мынау адамның сенен басқа да жіп таққан адамы бар ғой, білезік ауып кетер шар салғанда дегені, сен бірнеше адаммен таласып, шарға түсіп барып аласың дегені ғой. Оның көңілінде бірдің өзі емес, көптің бірі екенсің, ұмтылып қайтесің? — депті. Абай содан да тоқырапты деседі.

 

Абай жас уағынан бастап, қырықтар шамасына келгеніне шейін, әр жылы: қостап салбурынға шығып бүркіт салып, арқар, бұғы, киік атқызып, аңшылықты көп қызықтап жүрген. Бәшей, Сыбанбай, Қорғанбай дейтін кісілер Абайдың ұдайы салбурынға ертіп жүріп аң атқызатын мергендері де, Тұрғамбай деген саятшы үнемі Абайдың өз құсын ұстайтын құсбегісі. Тобықтының жазғы жайлауы Шыңғыстың сырты. Сол өлке қыстыгүні елсіз болады. Аңның көбі сонда жүреді. Салбурынға шыққанда Абай соғымын, ат-тонын, жолдастарын сайлап ап, бірер айға тұтас кетеді. Саятшы інілерін, туысқандарын, көңілдестерін алып бір қос емес, бірнеше қос болып шығады. Кейде түлкі жүретін, ел арасындағы қиын тауларға барып та құс салады. Мұндайда көбірек баратыны Сыбан жеріндегі Арқат тауы. Бір рет сол Арқатқа Жиренше екеуі құс сала барады. Қастарында: атақты саятшы жігіт Абылғазы бар және Абайдың құсбегісі Тұрғамбай болады. Абай өзі де құстың сынын, бабын жақсы білген. Бірақ осы сапарда Тұрғамбай екеуі Сарышолақ деген құсты Абылғазы, Жиреншеге ақыл салмай, айтқан кеңестері болса тыңдамай, өз беттерімен күйлейміз деп, тарс түлкі алғызбай қояды. Жиренше ақыл айтайын десе, Абай Тұрғамбайдан басқаның бабын тыңдамайды. Бір күні Тұрғамбай Сарышолаққа жем беріп отырғанда, Жиренше Абылғазыдан ақырын мынау ертең қайтеді? — деп сұрайды. Абылғазы: алмайды, үстінен шығады дейді. Жиренше мұны өз сөзі қып, жай, өз бетімен Сарышолақ ертең үстінен шығады, алмайды дейді. Дегені болады. Кешке Тұрғамбай құсты жемдеп отырғанда Жиренше Абылғазыдан: енді қайтеді? — деп сұрайды. Анау: Енді ұша түсіп жолға қонып қалады, — дейді. Жиренше мұны да өз бетімен айтып қояды. Тағы дегені болады. Үшінші күні Жиренше: қайтсе алады деп сұрағанда, Абылғазы: кешке сойылатын қойдың бауыздау қанына байлап, мойын етіне отырғызып, жемсауы арқардың асығындай болып шыққанда, байлап тастаса алады, — дейді. Тұрғамбай кешке тағы ақ жем бергелі жатады. Абай Жиреншенің айтқаны келе берген — де бұрын ыза болып, егесіп, ақылын тыңдамаса да, енді келіп кеңес сұрайды. Жиренше жаңағыны айтады. Абай сонда: бұл не білуші еді, анау аузыңды ұрайын айтып отыр ғой, істе соның айтқанын деп еріксіз мойындайды. Бұл аңшылар ортасының бір алуан бәсекесін білдіреді. Абылғазы өзіне ақыл салмаған соң, Абайды ең болмаса Жиреншеге мойындатып берейін деп әлгіні істейді.

 

Абай қыран бүркіт, бәйге аттың аса даңқы шығып мұны қызықтырғаны болса, кімдікі болса да я сұрап, я сатып алады. Бірақ сол иесі бермегенде алып қашқызып алғаны да бар. Бір жылы Сыбан Тұлақтың Қарашолақ деген бүркітін сұрап ала алмаған соң, Елеусіз деген ұры туысқанын жіберіп алып қашқызып алады. Құстың артынан Қамбар, Қартай деген кісілері қуа келіп, Тұлақ он түйе сұрайды. Абай он түйені осы сұрай келген екеуіне төлетіп, құсты алады. Кейін осы Қамбар мен Абай құда болған.

 

Мұрын ішінде Бұлан дегеннің асы болып, сонда бәйгеден келген Кедей құла деген атқа Абай қызығып, алғысы келеді. Ат Молдаш дегендікі екен. Абай бес түйе беріп атты алған жерде, Молдаш баласына ақылдасқан болып: елімізге атымызды алдырдық деп барар ма екеміз, қайтер екеміз? — дегенде, Абай тағы бір ат бергізеді.

 

Осындай талай жерде талайдың жүйрігі мен жортақысын беріп те, сұрап та алып жатады. Сонан соң қалап сұраған көңілдесі болса көбінесе беріп те жібереді екен. Бұл бертін келгенге шейін көп қолданған дағдысы. Ол мінезді Абаймен қатар Оспан да жиі істейді екен. Екеуінің осы әдетін, бұлардың маңында көрші боп жүретін бір кедей, мысқылшыл адам Өрімбек деген, қатты күлкі еткен. Бір тойда жаяу бәйге боп, қатындар жарысады. Өрімбектің қатыны озып кетеді. Сонда Өрімбек жалма-жан өз қатынын өзі топтан жетелей үйіне әкеліп тығып тастап, есігін басып отыра қалады. Жұрт аңтаң боп бұған кеп: бұның не? Бәйгеңді ал! — дейді. Өрімбек ұрыс салып: шапқамыз да, озғамыз да жоқ, жаным, бәйгең не? Аулақ жүр! — деп безер болады. Соның артынан жұрт мәнін сұрағанда: Пәле болды десеңші! Бұны естіген соң ертең Абай мен Оспанның бірі тағы қағып әкеткені ғой! Және онымен қоймай біреуге беріп жібереді десейші, — дейді. Жұрт күледі. Осы сөз Абайға барғанда ол: Қой, мынау күлкі емес. Антұрған таздың (Өрімбек таз екен) мынасы сынау ғой! Етімнен өтіп, сүйегіме жетті ғой мынасы, Оспанға айтшы, осы мінезді қоймаса болмайды екен. Елге жүйрік ат, қыран бүркіт алғыр, тазы дегенді қоймайтын болыппыз ғой. Бізді сынарлық іс екен. Мен қойдым, енді Оспан да қойсын депті дейді.

 

Абайдың кейбір кесек терең сөздері, ел ішінде мақал, жора болып кеткені толып жатыр. Сондай сөзінің бір қыдыруын ел кісілерімен бас қосқан жиында, я билік дау үстінде әлдеқалай айтып қап жүрген. Көктұмадағы шербешнай үстінде Абайға амандасамын деп Сұлусарының болысы — Бәйеке, Қалбаның болысы — Бәкен, Шардың болысы — Үсен деген кісілер кеп отырады. Бұлар келгенде Абай ашылып сөйлемей, үндемей отырып қалады. Сонда Бәйеке: Ыбырай, неге үндемейсің? Сен ұлық болсаң, біз де болыспыз дейді. Соған Абай: Ей, Бәйеке-ай! Биік мансап, биік жартас қой, оның басына ерінбей еңбектеп жылан да шығады. Екпіндеп ұшып қыран да шығады депті. Үсен осы жөнде Бәйекені қалжақ етіпті. Сонда анау: Сендерге не бітті? Қайта мен арқылы осындай жақсы сөз есіттің депті.

 

Абайдың өз інісі Смағұл мен Әзімбай Қаражырық деген бір құс жөнінде даулы болады. Әзімбай бұл бүркітін басында Смағұлға тамыр болып беріп, артынан орайын қайтармадың деп бұзылады да, алып қашып алады. Сол екеуінің дауына тамыр болдың айтыс жоқ, қолдан бердің қайтыс жоқ деп кесік айтыпты.

 

Қарабас Тоқа деген өзінің бір Мамайымен айтысып, бір құнан даулап Абайға келеді. Абай жауапкер жағын тыңдамастан құнанын бер, — дейді. Тоқа сонда: құнанын бергізбей тұра тұрып екінтіге дейін сөзімді тыңдашы дейді де, ұзақ дауды айта береді. Абай намазшамға дейін үндемей тыңдап кеп, аяғында жауапкерге енді сен құнанды берме!— дейді.

 

Тоқа: Е, неге? дегенде: Құнан саған тиген еді, өзің сөзге саттың, бір дауда екі аласың ба? — дейді. Осыдан исі Қарабасты Ырғызбай іші қырт атандырып кеткен.

 

Бір күні бай баласы мен кедей баласын салыстырып отырып Абай Бай баласы көп ішсе, ішіп үйренген, — дейді. Аз ішсе негізі тойған, — дейді. Кедей баласы көп ішсе, көні кеуіп қалған дейді, аз ішсе шілдесінде шық көрмеген, — дейді. Осы кедей баласының құтылары бар ма? — депті.

 

Абай бір нәрсенің жөнінде іліп ала жөнеліп, ұтымды сөйлеп жібергенді үлгі қылады. Өзі кейде өлең, кейде мысқыл, кейде мақал тәрізді сөзбен сондайды көп айтады. Бір қыдыру адамды сондаймен сынап қояды.

 

Абай Қоңыркөкшеге болыс болып тұрғанда бір күні Байкөкше ақын бұл отырған үйге кіріп келе жатады.

 

Сонда Абай:

 

Тақыр жерге қауындап шөп бітеді,

Кей адамға мал мен бас көп бітеді, —

 

деп, осының аяғын отырғанша айтып жіберші дегенде, Байкөкше:

 

Кей жігітті пысық деп болыс қойсаң,

Қашан түсіп болғанша жеп бітеді, —

 

деп отыра кеткен. Осы сияқты әдетпен Қияспай дегенді де сынаған. Қияспай — жарыместеу, дуаналау сыбызғышы. Үстіне киетіні тігулі киім емес қой терісі болсын, бұл болсын барлығын да ойып, тесіп бой-бойымен борша-борша қып үстіне іліп жүреді. Оқта-текте қызық сөздер айтып жіберетін, жұртқа думан бола жүретін жұғымды мінездері де көп адам. Соған Абай бір күні:

 

Үстіндегі киімің,

Киім емес қызыл шу,

Жүрген жерің күнде ду,

Уайым жоқ, қайғы жоқ,

Атадан тусаң, сендей ту, —

 

деп, аяғын өзің айт дейді. Сонда Қияспай:

 

Тамағым тоқ, уайымсыз,

Жаным-ау, менің өзім неткен қу!

Әгөй, әгәгөй… —

 

дейді.

 

Осындай кем-кетіктер ішінде тағы бір көңіл бөліп, көмек етіңкіреп жүретін кісі Мұқаммараз деген жындылау жас жігіт болады. Соған бір уақытта:

 

Ауру астан болғанда, дау қарындастан,

Мұқаммараз атандым бала жастан;

Мұқаммараз дейтұғын шайтан аты,

Қандай молда қойды екен аямастан?! —

 

дейді.

 

Осындай адамның бірі Еркежан үйінде жүретін Шәукімбай деген болған. Ол Оспан заманынан сол үйдің тезекшісі, қазаншысы болып, ылғи жерошақ басынан кетпейді. Өзі ешкіммен сөйлеспей, жалғыз отырып, бай-бәйбішені қирата боқтап отырады. Абайды: Көзі бадырайып ап ет жегеннен басқаны білмейді, арамтамақ, тым болмаса балта қайрап беруге де жарамайды деп боқтайды екен.

 

Абай өзі шығарған, кейбір түрі және мазмұны өзгелеу өлеңдеріне арнап ән шығарған. Біз білген мөлшерде, мұндай әндерінің әзіргі саны 16.

 

Ол мыналар:

 

1) Тәңірі қосқан жар едің сен.

2) Амал жоқ, қайттім білдірмей.

3) Сегіз аяқ.

4) Көзімнің қарасы.

5) Қор болды жаным.

6) Бойы бұлғаң.

7) Ішім өлген, сыртым сау.

8) Айттым сәлем, Қаламқас.

9) Біреу біреуден артылса.

10) Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа.

11) Өлсем орным қара жер.

12) Сен мені нетесің?

13) Ата-анаға көз қуаныш.

14) Сұрғылт тұман дым бүркіп.

15) Сүйсіне алмадым, сүймедім.

16) Мен көрдім ұзын қайың құлағанын…

 

Бұл әндерінің біразы орысшадан аударылған өлеңдеріменен айтылады. Сондықтан, кейбірінде сол Абай кезінде айтылып, таралып жүрген орыс ән-күйлерінің жұғыны болса ғажап емес. Абайдың мынасы өзімдікі, анасы пәлендікі деп айтқан сөзін естіген кісі жоқ. Және өлеңіне қосылған әнді өзі домбыраға тартып, ән қосып бірер айтып берген соң, маңайындағы жігіттер қағып алып кетеді. Содан әрі не күйде, қалай тарап, қалай айтылып жүргеніменен Абайдың көп жұмысы болмаған. Бірақ осы ән шығару үлгісі, Абайға қарап өлең шығаруды машық еткен жастың көбіне және әсер етіп Ақылбай, Мұқамбетжан деген іні-балалары да бірнеше әндер шығарған. Ол жөнінде бұлардың өз арасында бірталай бәсеке де бар екен.

 

Бір жылы Семейде Таңжарық дегеннің үйінде Мағауия бастаған бірталай жастар мәжіліс құрып отырады. Абай елде екен. Бір уақытта бұлардың үстіне Мұқамбетжан келеді. Әзіл, сауық үстінде бұлар ән сал деп Мұқамбетжанға өтініш жасайды. Ол өлең де, ән де шығарып жүретін адам. Сонда Мұқамбетжан домбыраға қосылып, бұрын аналар естіп көрмеген бір өлеңді өзгеше бір жаңа әнмен айтып береді. Жұрт үндемей тыңдап болған соң, біреуі бұл кім әні, өлеңі кімдікі — деп сұрағанда Мұқамбетжан: Абай ағамның жаңадан шығарған өлеңі мен әні дейді. Бұл өлең соның алдында анау жастар қалада жүргенде Абай шығарған Өлсем орным қара жер екен. Сонда жастың бірі Абай шығарды дегенді естігенде: Уһ, жүрегім жаңа орнына түсті ғой, өзім шығардым деп сала ма деп жаман шошымадым ба? — депті. Өзі шамалас Мұқамбетжан шығарды дегенге қимаған бәсекелестік белгісі.

 

Абай жастарға өз үнімен қатар, әсіресе, елдің ескі ән-күйлерін үйренуді көп тапсырған. Өз тұсындағы атақты әншілерден Біржан, Әсет, Мұқа сияқтыларды қонақ етіп, аулында ұзақ-ұзақ уақыт сақтағаны да бар. Мысалы, Біржаннан ән үйрен деп өзінің тоқалы Әйгерімге де тапсырады. Бұл жасында ірі әнші болған әйел екен. Кейбіреулер Абай оны, әсіресе, әншілігіне қызығып алған деседі. Сол Әйгерім жас шағында Біржаннан ән үйренгенін айтып кеп: Абайдың айтуынша Біржан ақын емес, әнші еді. Ал әншілігінің ерекшелігі, даусы өте зор еді. Қыстауда отырып салған үні Тізесуға естілетін (бұл екі ара қозы көш жер. — М.Ә.). Өзіме осыдан ән үйрен деп Абай тапсырды. Біржанды жаз бойы қонақ қып сақтады дейді.

 

Ән, дауыс сияқтыны Әйгерімге Абайдың өзі де үйреткен екен. Тәңірбердінің Мақұлбай деген баласы өлгенде, Әйгерім Абай үйретіп берген дауысты айтып жүріпті. Кейін Әбдірахман өлгенде келіншегі Мағыш деген келініне де Абай өзі жоқтау өлең шығарып, жазып берді деседі.

 

Бертінде Әсет, Мұқаны қолына ұстап, балаларына да ән салу, домбыра тартуды, скрипка тартуды үйреттірген. Мұқа Абай өлгенше қасынан кетпейтін жолдасы, әнші, домбырашысы болған. Абай әндерінің көпке тарап, алғашқы ерекшелік қалыптарын көп өзгертпей сақтап қалуына осы өз қасында ән салып, домбыра тартушылардың көп болғандығы себеп болады. Бұл жігіттер Абайдың өзге өлеңдерін де жай үнге салып көп айтпақшы болады. Жалпы Абай шығарған шығармалардың газет, журнал жоқ заманда көпке мәлім болуына да осы адамдар себеп болады.

 

Бұл кісілер Абайдың өлең сөзі ғана емес, жәй ауыз өсиет, билік шешендіктерін: Абай сүйдеп еді деп, мәтел, мысал етіп жая жүрген. Өздеріне Абай сөзін біліп, айтып отыруды ірі білім, жақсы үлгі деп санаған. Осындай кісілер Абайдың айтқан ертек, романдарын да тез ұққыш, көпке жайғыш болады. Абай айтып берген ертегілерді шындап, келістіріп жаюшы бір жағынан Баймағамбет болса, екіншіден осы жаңағы адамдар да көп айтады. Сонымен бертін уақыттарда Абай айтуынан жайылған ертегі роман едәуір болды. Мың бір түннен басқа Шаһнамадан, Рүстем жәйі, Европа романдарынан Александр Дюманың Үш мушкетері, Жиырма жыл өткеннен соң дегені және Он жылдан соң яки Виконт де Бражелон деген романдары, Король қатын Маргосы көп айтылушы еді. Орыс романдарынан Пушкин, Лермонтов әңгімелерінен басқа Петр Великий деген әңгіме айтылушы еді. Европаның қызық романдарынан Черный бек Марта, орта ғасырдағы инквизиция сотының жайындағы бір әңгіме және Американы отарлауға барған ақ жұрттың адамдарының өмірін көрсететін Таза жүрек деген романдар айтылатын.

 

Өзі айтатын ескілі-жаңалы әңгімелермен қатар кейбір ақын деген жігіттерге тема беріп, соны өлең қыл деп тапсыратынын Көкпай айтады. Оған Абылай-Кенесары жәйін жыр қылғызған. Осы сияқты Топай Бейсембай деген ақынға Қозы Көрпеш — Баян жәйін қайта өлең қыл, түзеп айт деген екен. Кейін Семей үйезіне жайылған Қозы Көрпеш Жанақтың Қозы Көрпеші делінуші еді. Осының аяғын Бейсембай өзгертіп, Қозыны өлтірмейтін қып, Баян екеуін мұратына жеткізіп шығарады. Абай осылай ет деп айта қоймаса да, ол өзі солай бұрып жіберген көрінеді. Бұның қайта ажарлануына Ақылбай да атсалысыпты деген сөз бар. Бейсембайдың айтуындағы көпке жаққан бір ерекшелік Қозы Көрпеш жырының көп жеріне ән қосып айтады. Сонда: ханымға Сарыбайдың өлімін естірту, Аңға да кеткен Сары-екем-ау!, Қарабай мен Сақау қатын айтысы, Ай, Таңсықтың жерге қоштасуы, Қодардың жыры сияқты жерлерінің бәрінде қызықты, әдемі әндер болатын. Жыр айтушы әнші болған кезде (мысалы Абайдың тағы бір әншісі Әлмағамбет сияқтылар айтқанда) Қозы Көрпеш ерекше бір әнді-күйлі жыр болып шығушы еді.

 

Абайдың бертін келгенде Жігітек ішіндегі қатты кекесінді болған кісісі Базаралы еді. Бұл өзі сөзге жүйрік, тартысқа белді, берік, Абайға тең түсе беретін мығым адам болған. Абай жалпы Жігітекпен ұстасқан жаулығынан басқа Базаралы басына айрықша өш болды. Оның себебі Құнанбайдың тоқалы Нұрғаныммен өсегі болғандықтан деседі. Абай бұны, бір жағынан шет елден жылқы алған айыбы үшін жер аудартып жіберсе де, Күнту болыс боп тұрғанда ол қайта қашып келеді. Ел көпшілігі Базаралының шетке кеткеніне қатты күйзелген болуы керек. Бұны Базаралы қайта келгенде айтқан екі жас ақынның өлеңдерінен байқауға болады. Сол ақынның бірі Абайдың өзі қасында жүрген Көкбай, ол:

 

Алашқа абұйырың әлі дардай,

Келбетің қырық пұт тартқан қара нардай.

Ішімнен тілеуіңді тілемесем,

Жарияға тұрмын ғой жарай алмай, —

 

депті.

 

Екінші ақын Әріп. Ол Көкбайша Абай жаққа жалтақтамайды. Құнанбай, Абай мінездеріне өзінің бүкіл Сыбан елі боп зығыры қайнаған адам. Абайларға өш. Олардан көресіні көргендерді өзінің мұңдасы есепті санайды. Сондықтан Базаралы қайтып келгенде, бұл Абайларға ащы тиетін, мынаны хан көтеретін ерекше бір өтімді шебер өлең айтқан. Сәлем бере келіп отырғанда, Базаралы бір ауыз өлең айтып жібер десе керек, сонда Әріп:

 

Шығып ең амандасып келмес белге,

Оралып, өнеріңмен қайттың елге.

Тілеген ел дұғасы жібермейді,

Айналып, аққу құстай қондың көлге.

 

Жасында шепті бұздың жаудан қашпай,

Ер-ақ болып өсіп ең адам баспай.

Балағаз, Базаралы қатар шықтың,

Бірігіп, тұлпар аттай тізеңді ашпай.

 

Ер едің тұлпар кетпес тақымыңнан,

Қатты бұзар, кетіп ең ақылыңнан;

Тірі сынап секілді жұрт қозғалды,

Кім опа көрер дейсің жақынынан?!

 

Ақ иық қыран едің бұлғын ілген,

Талай құрбың сағынды ойнап-күлген.

Жаманды атылса да кім жоқтайды,

Ердікі қиын екен алаш білген.

 

Бар екен кей мінезің жел ескендей,

Әр жақтан мал алушең ел көшкендей[21].

Тұлпар ең арда күрең жауға түспес,

Үстіңе сегіз жігіт мінгескендей.

 

Бермедің жегеніңді иесіне,

Қой бердің сан жуанның түйесіне.

Жасында үйірсек деп естуші едім,

Шауыпсың өш айғырдың биесіне.

 

Үркіттің барып қайттың көбесіне,

Бақ қонған бір ер едің денесіне.

Кеудең керген кегіңді қайтып алып,

Жемде тұрған шауыпсың енесіне.

 

Арғы атан, би Кеңгірбай, әкең Қаумен,

Себеп боп елді таптың денің саумен.

Жеті қойлық бестімен орай болдың,

Алысқан зеңгір едің-ау талай таумен,—

 

дейді.

 

Осыдан қайтқан бетінде Базаралы Тәңірбердінің қосын шауып алатын үлкен тартыс, ұлы дүбірге араласады. Ол уақиға Абайдың өмірбаянында айтылған. Жалғыз-ақ Абаймен бұрын ұстасып жүрген Оразбай, Күнту, Жиреншелер бұл істің пәлесінен қорқып, бұғып қалып, Жігітекті жалғыз тастап, тіпті Құнанбай балаларына жағынуға айналып кетеді. Сонда мол пәленің ортасында жалғыз қалған Жігітектің сөзін ұстап, дауын айтатын жалғыз Базаралының өзі ғана болады.

 

Жасында Базаралының өзі де батыр атанып, жорықшы, жортуылшы болса керек, соны айтады.

 

Жігітек пен Құнанбай баласының жаңағы қос шабуыл жөніндегі дауы тағы да көп арыз, көп шағымға сайған. Сонымен Семейде тағы бір чрезвычайно боп, осы іске билік айтуға 61 би отырады. Бидің көбі Ертіс-Тоғай бойының адамдары екен. Жүгініске бір жағынан Абай, екінші жағынан Базаралы түседі. Екеуінің дауын тыңдап алған соң билер әдет бойынша бұларды шығарып жіберіп, өзара екшеседі. Сол билер үйінен шығып, енді байлауын күтіп отырғанда Базаралы Абайға қалжыңдап: мына жалпақ төбелер (Семей уезінде Тоғай бойы мен Ертіс маңын жайлаған елдердің тымағының үлгісі жалпақ төбелеу келеді, соны айтқан) темекісін тарта түсіп, екеумізге кебісін күзеттірді-ау деп күліп қояды. Артынан билерге келгенде: Мына Құнанбай баласының аты, асы, ақшасы да мол. Бірақ, білсеңдер мен сендерге осыдан да көп бердім дейді. Аналар: Не бердің? — дегенде : Осы Құнанбай баласы құдайдан туды мекен, әлде қайтті екен деп тіксініп жүр едіңдер. Дәл өз алдыңа әкеліп бір жүгіндіріп бердім, ол бергенім емес пе? — дейді. Бірақ, Жігітекті сорлатып, Тәңірбердіден шыққан жылқы басына екі бестіден кесетін осы билер.

 

Семейдің ояз, жандаралы бертін келіп, Абайды таныңқырай бастаған уақытында, бұны патшалыққа қарсы ниеті бар, саяси сенімсіз адам емес пе екен деп те қағыстырған көрінеді. Оның бір белгісі 1885 жылы Долгополов жандаралдан Абай аулына баруға рұқсат сұраған уағында сезілген. Жандарал бұған рұқсат етумен бірге Семейдің оязы мен полиция бастығына қағаз түсіріп, артынан бақылау жасаңдар дейді. Аналар артынан Долгополов Құнанбай аулына кетті, тапсырылған ісіңіз орындалды деп жауап қайырады. Долгополов болсын, Абайлар болсын ол жылы жазда ел ішінде астыртын бақылауда болған сияқты.

 

Екінші, осы жөндегі бір елеулі факты 1902 жылы Абайдың аулына Семей қаласынан бір үлкен тексеру келеді. Бастығы Семейдің оязы Наброцкий болып, қасына пристав, урядниктерді, жәй стражниктерді ертіп, көп қарулы топ болып келіп, Абай аулын қоршап тұрып үлкен тінту жасайды. Абайдың өзі отырған үйін, әсіресе, қадағалай тінтіп кеп, ақыры оның өзінің өнбойын да тінтеді. Содан Абай іздегенің не? — деп сұраған соң, аналар керек қылған қағазын айтады. Абай сонан соң Еркежанға: сенің қалтаңда еді ғой, бер мыналарға дейді. Еркежан шығарып береді. Сөйтсе, поштамен келген бір хат екен. Семейде оны оқып көріп, жіберген екен. Абай ұлыққа көз қылғаны ма, жоқ шыны ма, әйтеуір сол хат жазушы жөнінде: бұрын бір хат жазып еді, жауап бермеп ем. Менің ұлықпен теріс емес екенімді білмейді. Қоймай жаза береді. Өзі арабшылап жазады. Не қылған шайқы адам екенін білмеймін, қоймайды депті. Қисынына қарағанда бұл хатты жазушы Мәшһүр Көпеев болу керек. Ол 1905 жылдың алдындағы қамдану жөнімен Абайға саяси мазмұнды хат жазып, тамырын ұстап көрейін деген болу керек. Бірақ Абай бір жағынан хатына жауап қайырмайды және тінту келгенде әлгіні айтады. Хаттың дәл мазмұнын кейінде де ешкімге шешіп айтпаған.

 

1904 жылы көктемде Абайдың Мағауия деген баласы өлді. Соның өлімінің үстінде Абай қатты толғанып отырып: Мағаштың өлімі ерлік пен ездікті сынайтын өлім ғой! дейді. Осы жайды баласының артынан тесіле ойлап, көңіл күйі ғып алған сияқты болады. Күннен күн өткен сайын сөзден де, ас пен күтімнен де қаперсіз болып, өзі де ұсына береді. Бұл уақыттарда пәлен депті деген жартымды сөз қалған жоқ. Жалғыз-ақ алғаш Мағауия өлген күндерде ат қойып, жылап кеп, көрісіп жатқан көптің ішінде Дәулеткелді деген адам Мағауияны жоқтаймын деп, бергішім-ай, бергішім- ай деп жылап келе жатса керек. Сонда Абай жылау үстінде: келе ғой, алғышым-ай, қайт дейсің-ай! деп көрісіпті дейді. Осыдан басқа ешбір сөзі естілмеді. Сонымен Мағауияның қырқы жақындаған кезде бұл төсек тартып жатпаса да астан, ұйқыдан, сөз дегеннен мүлдем тиылып қалады. Кейбіреулер: Есінен айрылған емес пе екен? дейді. Жақындары Абайдың өзінен де күдер үзе бастайды. Сонда Тәңірберді деген ағасы келіп: қарағым, сенің үндемей кеткенің не? Бөтен дүниелік болайын дедің бе? — деп жылайды. Сонда: Ез күнде өледі, ер бір-ақ өледі депті дейді. Аз күнде өзі де өледі.

 

Мұсылманқұл Жиреншиннің әңгімесі

 

Абай үйіне барғанда үлкен демей, кіші демей, төре-қарасына қарамай баламен болса да бар көңілімен шешіліп, ескі әңгімелерді айтып отырушы еді. Ондай әңгіме айтып отырғанда біреу көлденең бірдеме айтып әңгіменің шырқын бұзса әбден ренжіп қалатын. Барған адамды мейлінше күтетін. Қонаққа қол ашықтығы, ренжімейтіні ол кісіге бөлек біткен мінез сықылды еді.

 

Келген қонақ шаруасын қолма-қол айтып қалса, оны өте жақсы көретін еді. Ал ескі әңгіме, ертек айтқан адамды жалықпай тыңдап, арасында бір жерін теріс айтса, оны түзетіп отыратын.

 

Жас күнімде өз әкеммен еріп, Абайдікіне бара беруші едім, Абайдың өз аузынан естіген әңгімелерім өте көп — олар қазақтың атақты батырлары, ақылды адамдары жайында; Иран, Араб, Қытай, Иунан, Рум жұрттарының жайынан, батыс европа халықтары жайынан, адам сүйсінерлік жақсылық, ерлік жөнінде, я жан түршігерлік айуандық жөнінде, я болмаса бір елдің мінез-құлқын мысал ету, бұрынғы өткен ғалымдар жөнінде, ғылым, өнер, төңіректің төрт бұрышының хабарын сол кісіден есітуші едік.

 

Болмаса оқымаған біз Аристотель, Сократ, Абуғали-Сина сықылдылардың, Ескендір, Ақсақ Темір, Шыңғыс, Абылай жайындағы әңгімелерді қайдан білейік. Тіпті адам жоқта өз әйелімен, я ауылдағы бала-шағамен әңгіме құрып жадырап отырушы еді. Бірақ Абайдан естіген әңгімелердің мыңнан бірі ғана есте қалыпты. Сол есте қалғандарым — Абайдың Абылай және Ағанас пен Құнанбай туралы айтқандары.

 

Абылай туралы айтқаны

 

I

 

Абылай әкесінен кішкене күнінде жетім қалған екен. Абылай Ұлы жүз Төле бидің қолында малшы болыпты. Абылай басына үлкен сеңсең тымақ киіп түйе жаяды, үсті-басы далба-дұлба, қалай болса солай жүреді екен, сонда Төле би мұның аты Сабалақ болсын депті.

 

Бір күні Төле би ауылдан келе жатса Сабалақ төрт тағандап ұйықтап жатыр екен. Сонда Төле би жолдастарына айтыпты: мынау Сабалақ қалай ұйықтап жатыр, мұны білдіңдер ме депті. Жолдастары би, біз қайдан білейік депті. Төле би бұл төрт ру елді билейді екен депті. Сонан Төле кешке келгеннен кейін Сабалақты түйеден шығарып, жылқы бақтырыпты.

 

Бір күні Төле би мал сойып, Сабалақты сынауға, малдың басын пісіріп Сабалаққа беріңдер, қайтер екен деп, 3-4 адам жібереді. Барса Сабалақ алдарынан шығып сәлем береді. Біз саған Төле берген басты жесін деп әкелдік деп басты береді. Абылай аттан түсіп шапанын жайып, аналарға өле жегенше бөле же деген, жасың үлкен ағасың, келіндер дейді, аналар аттарынан түседі. Сабалақ қолын жуып, пышағын алып бір құлағын біріне, бір құлағын біріне, екі көзін ойып екеуіне беріп, тілін өзі жейді. Басты жеп болғаннан кейін аналар Төле биге қайтып келеді. Сабалақтың жасы 18-ге келген екен.

 

Сол уақытта қазақ, қалмақ соғысуға жиналыпты. Мен де осы соғысқа ерсем екен деп Төле биден Сабалақ рұқсат сұрайды. Төле би балам, қой, бір жерде өліп қаларсың, — деп рұқсат бермепті. Абылай ата, барам деп болмапты. Жарайды, балам, барсаң бар, — деп батасын беріпті. Сабалақты бір бәйге атқа мінгізіп, қазақтың көп қолына қосып қоя беріпті.

 

Қазақ қалмақ екеуі беттесіп соғысқа келіпті. Қазақтың батыры Қанжығалы қарт Бөгембай батыр жасы 80-ге келген екен. Қалмақтан жекпе-жекке бір қасқа атты батыр шығыпты. Қазақтан оған қарсы ешкім шықпапты. Сонан кейін Бөгембай мынаған ешкім бармадыңдар ма деп, өзі шапанын киіп, белсеніп майданға шығуға айналады. Бұл кезде Сабалақ тура шауып, Бөкеңе жетіп келіп, мен барайын, ата деп, Бөкең бетіне қарап тұрып: барсаң бар, балам деп батасын беріп, астындағы аты мен қолындағы қияқ найзасын беріпті. Сонда Сабалақ Абылай! Абылай деп ұран шақырып, жауға қарсы шауыпты. Екеуі де найзаны тіке салысыпты. Найзамен екеуі бірін-бірі алалмай, ат үстінен жағаласып қанжарласыпты. Сол жерде Абылай қалмақтың батырын жағасынан ұстап, аттың үстінен жұлып әкетіп, бастан қанжарымен бір салып шауып, басын кесіп алып, Абылайлап ұран салып жауға кіріп кетіпті.

 

Қалмақтар мұны көрген соң қаша жөнеліпті. Қашқан қалмақтарды жау қашты деп, қазақтар қиратып салыпты.

 

Қазақты бастап келген Шақшақұлы Жәнібек батыр мен Абылайдың атасымен бірге туысқан Әбілмәмбет хан екен. Соғыс біткен соң жаңағы қалмақтың батырын жыққан бала қайда депті Жәнібек пен Әбілмәмбет. Бір батыр Абылайды ертіп келіп, міні, қалмақтың батырын жыққан бала, міні депті.

 

Абылайдың өз аты Әбілмансұр еді, жауға Абылайлап ұран шақырғаннан Абылай атанып кетіпті.

 

II

 

Бір күні Абылай өз әскерімен жорыққа шыққан екен. Абылайдың жолдасы Уақ руынан шыққан Өтеген батыр екен. Өтеген батырды жауды шалып кел деп жіберсе, Өтеген қалмақтың күзетшілерімен кездесіп қалады. Сол жерде соғысып кетіпті. Арлы-берлі алысып жүргенде Өтеген батырдың атының аяғы жер ошаққа түсіп, аты жығылыпты. Өтеген батыр қалмақтың күзетшісінің қолына түсіп қалыпты. Абылайдың келерін естіп Қалдан хан отыз мың әскер жіберген екен. Өтегеннің қалмақтың қолына түскенін Абылай білмей қалып, өзі бір жерге әскерімен демалып, ұйықтап жатқанында қалмақтың отыз мың әскері келіп, Абылайдың аттарын тиіп алып, өзін байлап қолға түсірген. Абылайды қолға түсіріп, Түркістандағы Қалдан ханға алып келіпті, Қалдан әскеріне әмір қылып, Абылайды кісендеп қояды.

 

Бұрынғы бір соғыста Қалдан ханның жиені Шарыш деген батырды майданда Абылайдың өзі өлтірген екен. Абылай Қалдан ханның қолында екі-үш ай тұтқында жатып қалады. Сонан кейін Орта жүздің, Ұлы жүздің қазақтары жиналып, ішінде Төле би, Келтен, Қараменде деген бидің баласы және Қабанбай, Бөгенбай, Жәнібек батырлар жиналып қалың қолмен Тәшкенді билеп тұрған Қалдан ханға келіпті. Қалдан хан олармен сөйлесуге рұқсат еткеннен кейін, араға елші салып Абылайды босатуды талап етеді. Бірақ Қалдан хан бірден босатам демейді, Абылайдың өзінен жауап алам депті.

 

Қалдан хан әуелі Өтеген батырды алып кел, одан соң Абылайды алып кел деп бұйырады. Аяғы кісендеулі Өтегенді алып келеді, Өтегеннен кейін Абылайды алып келеді, Абылай еңкеймей босағаға келіп түрегеп тұрыпты, сонда Өтеген батыр қазақтан шыққан ханымыз едің, кел менің беліме отыр деп, еңкейіп төрт тағандап тұрады. Сонда Абылай келіп, Өтегеннің беліне отырыпты. Қалдан Абылай, менің Шарыштай батырымды өлтіріп ең, енді соның орнына өлтірсем арманың бар ма? — дейді. Абылай өлтіргенің дұрыс, бірақ, менің үш арманым бар депті. Үш арманың не, айтшы депті Қалдан. Мен Шарышты өлтірсем қан майданда жекпе-жекте күшім асып өлтірдім. Мені қапылыста ұйықтап жатқанда ұстап алдыңдар. Менің қан майданда айқасып өлсем арманым жоқ болар еді. Бұл бірінші арманым. Екінші арманым: қазақ деген ел басы қосылмаған, буыны қатпаған ел еді, мен кетсем басы қосылмай быт-шыт болып кетеді ғой депті, үшінші арманым: үш атадан жалғыз едім, мен өліп кетсем артымда тұяғым қалмай кетеді ғой, менің арманым өз өлімім емес, осы айтқандарым — дегенде, Қалдан хан уәзірлеріне қарап қалмақшылап: менің Әмірсанам да жалғыз еді-ау деп айтыпты. Сол сөзді айтқанда Абылай, Қалдан ханға: құлдық тақсыр деп ишарат қылыпты.

 

Мен сені әлі босатқаным жоқ, маған неге құлдық деп айтасың, деп Қалдан Абылайға қарағанда, Абылай: Мен өзіңізден де қалмақтың тіліне жүйрік едім, жалғыз балаң Әмірсанаңызбен тең қылып мені аузыңызға алдыңыз, ол мені босатқаның деп ойлап тұрмын депті. Сонда Қалдан хан төмен қарап күліп жіберіп, қасындағы орындыққа шақырып алады.

 

Бағанағы Өтеген батырдың кісенін алып тастайды. Абылайды үш күн күтіп, баласы Әмірсанамен бармақ ұстастырып, енді бұдан былай қазақ баласымен кектес болмаңдар депті. Абылай ханға өзінің қызын беріп, онан кейін Мамыт деген баланы асырап, бала қыл деп сыйға беріпті.

 

Қалдан Абылайға кетерде бір мақал айтыпты. Елің мал баға ма, жоқ егін сала ма, қандай қаракет қылады? — депті. Абылай біз егін салуды білмейміз. Қалдан айтыпты елің орнығып, ел болып отыруы қиын екен, жер емшегін емген ел, ел болады. Жалғыз мал емшегін емген ел, ел болмайды — деген сөз бар еді. Түбі жер емшегін емсе ел болады ғой депті.

 

Осымен Абылай екі кісі алып, еліне қайтыпты.

 

IІІ

 

Абылай өзі Ұлы жүзді мекен қылып сонда тұрып қалған. Абылай ханның жасы 73-ке келгенде ауырып қайтыс болыпты.

 

Абылай ауырып, нашарлап жатқанда Бұхар жырау өлеңмен қоштасқан екен. Сонда Бұхар жырау айтыпты:

 

Қалыңсыз қатын құштырған ханым-ай,

Қарусыз мал бақтырған ханым-ай,

Үш жүздің баласынан үш кісі айтсам,

Қалар да мекен жаның-ай, —

 

деп Абылайдың бетінен сүйген екен.

 

Сонда Абылай: Сен Бұхар жыраумысың? — деп көзін ашты, жылы сөзбен қол беріп амандасты.

 

Құнанбай мен Ағанас батыр туралы

 

Құнанбай Ағанас батырдың қызын алғаннан кейін Салпаңқұлақ деген бәйге атын Өскенбай би сұратыпты. Құнанбай атасы Ағанас батырдың үйіне келіпті. Құнанбайдың қайтатын мезгілінде Ағанас айтыпты: Балам, не қалайсың? Алып кет! — деп. Сонда Құнанбайдың жолдасы Салпаңқұлақатты сұратыпты. Ағанас:

 

Өскенбай қарадан хан болып туып еді, Салпаңқұлақ қарабайырдан тұлпар туып еді, екі сертпен берем, ал, балам — депті. Бірінші, түнде жауға мініп шықпа, басы қатты еді, жазым боларсың депті. Ендігі серт: бәйгеге қосқанда қамшымен ұрып тартпа, желкесінің кежірі бар, тұрып қалушы еді, — депті. Ертеңінде атты жетектетіп қоя беріпті.

 

Аз уақыт өтті, бір күні жылқыға жау тиді, бағанағы сөз қаперімде жоқ, белдеудегі Салпаңқұлаққа міне шаптым, — депті Құнанбай, — келсем жау жылқыны айдап жіберіп, жол тосып, жасанып тұрған екен. Салпаңқұлақ бой берместен келіп жауға кіріп кетіпті.

 

Өзім білмей қалдым, қабырғамнан біреу найзамен салып кетіпті. Жығылып қалыппын, сүйтсем Барақ төренің төлеңгіті Қарақалпақ Қазбек деген батыр екен. Сол жығылып жатқанымда Ағанас батырдың айтқан сөзі есіме түсті, үйге қайтып бір айдай жатып, әрең оңалдым, — депті Құнанбай.

 

Абайдың ата-тегі туралы

 

Мәдениетті қоғамның ортасында болып өткен адам жайында ілгерінді-кейінді замандарда жазылатын тарихи сөздің бәрі сол адамның өз уақытынан қалған хаттар, естегілер, неше алуан документтер сияқтыдан құралады. Бұған қосымша болып әлгі адамның өзі жазған хаттар, өзі қалдырған күнделік-дүниеліктер жәрдем етеді. Ондай мағлұматтар болған уақытта пәлен жыл, пәлен ай, пәлен күнде істелген іс, сөйлеген сөздің барлығының да жылы, ізі суымайды. Көмескі, бұлдыр, екіұдай сөзге айналмай дәл қалпында сақталады. Біз бұрын Абай жайында дәл бұндай күйіндегі, төрт аяғы түгел, толық документтер болмаса да, соған ұқсаған азды-көпті материалдар табылар деп есептеуші едік. Бұл ретте сенген қордың бірі — Абай кезінен қалған Семей, Омбы архивтері еді. Онан соң Абаймен араласы болған Михаэлис, Долгополов сияқты адамдардың істері табылар, Абаймен жазысқан ерсілі-қарсылы хаттары шығып қалар деп сеніп едік.

 

Сол ретпен соңғы толық жинақты әзірлеу жолында СССР Ғылым академиясы Қазақстандық филиалының инициативасымен Семей архиві, Алматы архиві жағалай қаралып шықты. Бірақ әлі күнге Абайдың дәл өз басына байланысты болған істердің ізін таба алмадық. Бірен-сарандап тапқан Құнанбай заманының істері мен Долгополов жайындағы мағлұматтар ғана бар. Оны тиісті жерінде осы сөздің ішінде келтіреміз.

 

Міне, Абайдың өмірбаянына азды-көпті жаңасы бар дерлік жаңадан табылған документ ретіндегі материалдардың жәйі осындай. Бірақ осымен қатар документ те, жазба белгі де емес, жәй ауызша айтылған ұзақ сүре сөз, үзінді, естегі сияқты бір топ қосымша, тың әңгімелер жиылды.

 

Бұрын Абайдың өмірі жайындағы барлық сөздерді айтып берушілер Абайдың інісі, баласы, я жолдасы болған Кәкітай, Көкбай сияқтылар ғана еді. Соңғы кезде Абайды көзі көрген, кәрі құлақты адамдардың ішінен естіген, білгендерін іріктеп, бүкпей айтарлық көлденең адамның біразымен әңгімелесілді. Бұлардың ішінде Жігітек Мәдияр Түсіп ұлы деген шал болды. Құнанбай заманында Ырғызбай тұқымынан көп зорлық көріп келіп, бертінде Абаймен тату болып жақындасқан — Торғай деген елдің бірлі-жарым адамдары болды. Және Абай аулында басында қозышы, қойшы боп қызмет еткен, бертін келе Абайдың дос жақыны боп жүрген Қатпа Қорамжанұлы да болды.

 

Әрине, бұлардың да айтатыны документ емес, ерте кездерден бері көп ауыздан өткен, әртүрлі болып өзгерген ұзын сүре сөз сияқты мағлұматтар. Бірақ солай болса да біз бұрынғы Абайдың ет бауырынан шыққан жақындарының сөздеріне мыналар көп жаңалықтар жасар дедік. Соны уақиғалар қосар дедік. Осы үмітіміз көп жерлерде орындалғандай болды. Қазірде Құнанбайдың да, Абайдың да бұрын белгісіз болған көп-көп іс мінездерін білдік. Міні, Абайдың өзі мен тегін зерттеуге соңғы жылдар қосқан жаңалықтың жалпы жәйі осындай.

 

Абайдың өз әкесі Құнанбай, оның әкесі Өскембай, үшінші атасы Ырғызбай болсын — барлығы да Тобықты руынан ішіне үлкен үстемдік жүргізген адамдар. Өз заманының жуан сіңір феодалы, ру басы, биі, ел ішінде ата тегі мен өмір иесі болып келген нағыз үстем тап өкілдері болады.

 

Ақынның үшінші атасы Ырғызбай — 1750 жылдарда, Ақтабан шұбырындыдан кейін Арқаға қарай сырғып ауған жолда, Ырғыз өзенінің жағасында туғандықтан, соның атымен аталыпты. Ырғызбай — Айдос баласы. Айдостың өзге балаларының ішінде Көтібақ, Торғай дегені, онан соң Айдостың туысқаны Жігітектің баласы Кеңгірбай дегені — барлығы да жаңағы жолдағы өзен, сулардың атымен аталған адамдар. Көтімалды өзен жағасында — Көтібақ, Торғай өзенінің жағасында — Торғай, Кеңгір өзенінің жағасында — Кеңгірбай туыпты.

 

Ырғызбай ер жеткен кезде Тобықты осы күнгі Шыңғыс тауының батыс шетіне келіп ілініпті. Бұл кезде Тобықтының басшысы да, әкімі де Кеңгірбай би (жалған аты Қабекен) болған.

 

Ырғызбай не би, не батыр сияқты болып, арнаулы бір өнермен ел алдына жарқырап шыққан кісі емес. Бірақ сөйтсе де, әке-шешесінің дәме қылғаны осы баласы болу керек. Өйткені шешесі айтты деген бір сөзде:

 

Шынжыр балақ, шұбар төс Ырғызбайым,

Тоқпақ жалды торайғыр Көтібағым.

Әрі де кетпес, бері де кетпес Торғайым,

Сірә де оңбас Топайым…

 

Бұл сөзге қарағанда Ырғызбайдың шешесінде ақындықтың бір шағым қуы болуға керек. Мүмкін бұдан басқа айтқан сөздері де көп шығар. Бірақ біздің құлағымызға тигені осы ғана. Ал, Айдосты өз ортасы шөккен түйеге міне алмайтын жаман Айдос деп бағалайды екен.

 

Ырғызбай тұсындағы Тобықтының ру басышысы Кеңгірбай дедік. Сол Кеңгірбайдың ағайын ортасында сүйеніш етіп, көмекші қылып алған інісі Ырғызбай болыпты. Сондықтан ол анда-санда ел ортасының құн дауы сияқты келелі сөздеріне де кірісіп жүргенге ұқсайды. Кеңгірбай аса жемқор, парашыл бидің бірі болған. Мұның соңынан ертіп, баулып жүрген жақыны Ырғызбай да сондай дағдыдан аулақ болмаса керек. Ел есінде қалған әңгімеде байын кісі өлтіріп, еселі құнын ала алмаған бір жесір қатынның жоқтауының ішінде:

 

Мойны-басы былқылдап,

Ырғызбай жүрді араға,

Кеңгірбай толды параға;

Параға алған сары атан,

Тігілгей еді қараңа… —

 

деген сөз жаңағы айтқанға дәлел. Осы Ырғызбайдың төрт баласының бірі — Өскембай. Бұл ақынның үлкен әкесі.

 

Өскембай Ырғызбайдың өзге балаларының ішіндегі ең дәмелісі болудың үстіне, сол кездегі Кеңгірбай маңайындағы ағайын-туысқанның бәрінен де пысық, епті болыпты. Өскембай Кеңгірбай қартайған кезде атқа мінеді.

 

Өзі Ырғызбай сияқты Кеңгірбайдың жақсы көрген інісінің баласы болғандықтан, оның үстіне қалған елге әмірші бола аларлық шеберліктері білінген соң, Кеңгірбай қартайып, өлерінде Тобықтыға би болуға осы Өскембайға бата бермекші болады. Кеңгірбайдың өз балалары мен өз туысқандары құр бұзар тентек болып, Кеңгірбайдың өзінің де тілін алмайтын болған. Осы туралы Кеңгірбайға Күнту ақын айтты деген мынадай сөз бар:

 

Алпыс асып, жетпіске бағындың сен,

Бұрынғы өткен құрбыңды сағындың сен;

Жұрт тілінді алады таласындай,

Інің менен балаңа не қылдың сен?.. —

дейді.

 

Кеңгірбай Өскембайға бата берерде ағайын ішінде тағы бір ақылдас кісісі Көтібақпен кеңескенде, о да Өскембайды ылайық көріпті. Бұл кезде Өскембай ру басылар ортасының түгел дәме қылған жігіті болуға керек. Өйткені сол кезде Алпыс ақын айтты деген бір сөзде:

 

Кер асқақтың кемелі Кеңгірбайым,

Салаң құйрық, салпы етек Борамбайым,

Ізі, жолы еліне құтты болсын –

Бесті айғырдай сақылдап Өскембайым, —

 

дейді.

 

Әрі ру басылары көтеріп, әрі өзі дәме қылған соң, Кеңгірбай шақырып алып, Өскембайға бата бермек болады. Сонда жас жігіт өз туысқанының аздығын айтып, төрт сояу атанып едім ғой, Еркеңе бата берсеңізші депті. Оған Кеңгірбай: Ой, шіркін, мен өз баламды өзім көрмей тұрмын ба? Менің батам қонса тұсыңнан кісі оята алмас деп, зілді, жуан болуды өсиет қылып, тапсырып кетеді.

 

Өскембай өзінің ел меңгеру әдісінде ең алдымен Кеңгірбайдың көпті мезі қылған парақорлық мінезінен бойын қашандау ұстауға тырысқан көрінеді. Ру басылар ортасында сақталып қалған сөздің бірінде ісің адал болса Өскембайға бар, арам болса Ералыға бар деген сөз бар.

 

Бірақ осындай тәсілмен қатар кей кезде Өскембайда шектен шығып кететін ашу да бар болған. Елді жуан күш, үлкен сөзбен ықтырып аламын деп, кейде жәйін мінезді болып кетуі де бар. Мысалы, Өскембай бір уақыт аулына жүгініске келіп отырған Мәмбетай деген кісіге ашуланып барып, мұрнын кесіп алған дейді.

 

Ол кезде үлкен ру басылардың бір дағдысы: екі ру ел арасындағы дауға ара ағайын деп көлденең елдің биіне билік айтқызатын әдет бар. Мұндай билік сол көлденең елдің биіне атақ, даңқ әперетін, күш, бітіретін іс болады. Сондықтан ондай істер ел-елдің билерінің арасында алма-кезек боп, сыйға сый есебінде орайласып отырады. Бастас билер бірінің шашбауын бірі көтеріп, жалпы феодалдық, билік үстемдігін сақтауда бұны үлкен тәсіл еткен. Осындай ретте өзге себептерге қосымша болып, Өскембайдың параға жығыла бермейтіндігі жәрдем етеді. Сонымен мұның алдына Тобықты ішінің істерінен басқа, өзге көрші елдердің сөздері де келіп, бітім тауып жүретін болған. Бұл жәй Өскембайдың жалпы салмағын арттырып, өз елінің ішінде аса күшейтіп жібергенге ұқсайды. Бірақ бұл айтқанға қарап, Өскембай елден тіпті түк алмаған деуге болмайды. Кейінгі әңгімешілердің айтуынша, Өскембай бері келіп ұлғайған уақытта аулы мен үйі, ағайын ортасының жиын үйі болды дейді. Сонда ел: бидің сыбағасы деп асын да, сыйын да әкеліп жататын болса керек. Әрине, ол заманның биі арнаулы қаржы алмаса да ел үшін істедім деген қызметін текке істеген жоқ. Бірінің есебін бірімен орайластыру Өскембайда да болуға керек. Сол орайда жаңағы сыбаға деген нәрсе ол заманның салтын ойлағанда айрықша еске алатын іс болады.

Өскембай орта жасқа келгенде баласы Құнанбай ержетіп, сол атқа мінген. Бұл 1804 жылы туған. Өскембайдың айттырып алған бәйбішесі Зереден басқа тоқалдары, күң қатындары да көп болған. Зереден туған балалары Құнанбай, Құттымұқамбет және Тайбала деген қыз болған. Құттымұқамбет жас кезінде өледі. Сонымен Құнанбай, бидің жалғызы есептелген. Шешесі Зере кісі ренжітпейтін, жұмсақ мінезді әйел болған деседі.

Сол Зеренің қолында бұлар асырап алған бала Бостамбек те өседі. Біз Семей архивын қарастырған уақытта Өскембайдың осы Бостамбек деген баласының жөнінен бір үлкен мәлімет таптық. Бұл іс 1835 жылы Омбының облыстық сотының тізімінде болған және Аягөздің сыртқы өкіріктік приказынан өткен жұмыс екен. Сол архив материалдары Өскембай, Құнанбай жөнінен және сол замандағы ел аралары, ел мінездемелері жөнінен едәуір фактілердің бетін ашады. Сол себепті біз бұл жерде Бостамбек ісіне көбірек тоқтаймыз.

 

Бұл істің тергеуі әуелі елден бастап, артынан Аягөздің өкірігінде тоқталып, содан 1835 жылдың аяғында, декабрьдің 12-нен 30-на дейін 18 күн бойында Омбының облыстық сотында тексерілген екен. Істің мазмұны Матай мен Тобықтының ел шабысқан жаулығын баян етеді. Сондықтан әуелі бұл істің өзіне көшпестен бұрын, бұл уақиғаның алдында сол екі елдің арасында ертерек кезде шиеленісіп келген біраз жайларды айтып өтейік. Тобықты Кеңгірбай тұсында Арқаның көп жерін кезіп кеп, Шыңғыс тауына орнайды. Шыңғыстың бұрынғы иесі Матай болады. Сол Матайды Кеңгірбай тұсында Тобықты ру басылары алғашқы ірге тепкен жерінен тайдырмақ болады. Бұның арты көп шабуыл болған. Қазақ оқушысының көпшілігіне мәлім болған Ендік — Кебек уақиғасы дәл осы алғашқы талас-тартыстың кезін көрсетуші еді. Ол заманда ел билеген бектер өз үстемдігін жүргізу үшін ру-руды бір-біріне айдап сала берген. Және сол тартыстары бергі замандарға шейін айықпай, желісі үзілмей келе берген. Өйткені Өскембай тұсында осы біз айтқалы отырған уақиға шықса, Құнанбай ұлғайып келген кезге Найман мен Тобықтының жер дауы тағы да үлкен сүргін, ұлы дүбір сөз болды. Бұның кей ұшқыны тіпті Абай ер жеткен кезге дейін де жетеді. Өскембай мен әсіресе Құнанбайдың жер жайындағы зорлығы жалғыз Тобықты емес, тіпті көршілес Найман (Сыбан, Матай), Керей, Уаққа да жеткен. Кейін Абай заманына көп-көп пәле тастаған. Абайдың өмір бойына таусылмаған ата жаулығы деген ескі жаулықтың көп тамыры сол Өскембай заманында жатады.

 

Жаңағы айтқан Омбы сотының ісіне даугер Өскембай, Құнанбай және Өскембайдың туысқаны Мырзатайдың берген жауаптары бар. Іс ретіне қарағанда даугер жақтың сөз иесі — старшын Құнанбай, мұның айтуынша уақиға былай болады.

 

1835 жылдың жазында Өскембай аулы жайлауда отырғанда, бір түнде бұлардың жылқысына жау тиеді. Жау саны жүздей кісі. Ол келген Садыр-Матай болысының қазақтары және Ресей қол астына ол кезде қарамаған Қаптағай, Матай болады. Бұрын Кеңгірбай мен Өскембайдан көп уақыт есе ала алмай келген Матай бұл жолы Найманның бірнеше сыбайлас руының басын қоса келген болу керек. Құнанбайдың жауабына қарағанда бұл жақта күтініп жүрген сияқты. Өйткені сол түнде Өскембайдың 1300 қаралы жылқысын бағып жүрген жігіт саны отыз екен. Соғыс үстінде Матай қаша ұрыс салып жүріп, аңдаусызда қалың ел Өскембай аулының үстінен шығады. Бұның аулында қонақ болып жатқан жүргінші — қазақ орыстар бар екен. Солар мылтық атып, айбар қылады. Және жиі отырған елдің көп қолы аттанға шабады. Сонымен бұл түнде Матайдың соңына түскен қуғын жылқыны айырып алады. Бірақ осы түнде қуғыншы жағынан Мырзатай баласы Әзмұқамбет деген жігіт өледі (соғыста сол көзінен найза шаншылып, содан өлген). Матай бұл түні жылқы ала алмайды. Бірақ ертеңінде түнде сол ауылға тағы шабуыл жасайды. Өскембайларға соншалық кекті, ызалы боп келгенін көрсетеді. Екінші түндегі соғыста аттанға Құнанбайдың өзі де шауып, Матай алып кеткен жылқының соңынан қалмай қуады. Тобықты жігіттеріне жылқыны түгел айырып алмай тоқтама деген болу керек. Қалмай ұрысып отырып мың қаралы жылқыны тағы да тұп-тұтас айырып алады. Және Матай жағынан Қожамберді Жапалақ баласы дегенді түсіріп алады. Бірақ бұның орайына осы түнде Матайлар енді Өскембайдың Бостамбек деген баласын өлтіріп кетеді. Бұған тиген Жұбаныш дегеннің найзасы.

Осымен өзге Матай Ресей қол астына қарамаған ел болып, ұлыққа жауап бермей кетеді. Барлық Матайдан осы шабуылдың жалғыз жауапкері болып, Құнанбай қолына түскен Қожамберді қалады. Омбы сотының ісінде жаңағы үлкен іс бойынша айыпкер боп тергелетін жалғыз адам да осы Қожамберді. Бұл әуелі Құнанбай аулында кісендеулі, керегеге таңулы күйде бір ай жатады. Содан кейін Қарқаралыдан тергеу шығып заседатель Кузнецов жауап алғанда, Қожамберді әуелі Матай болып, Тобықтыдан жылқы ала келгенін мойнына алады. Бірақ артынан Аягөз приказына барып қосымша тергеуге ілінгенде алғашқы жауаптың барлығынан танады. Өскембай аулына жау тиген, тимегенін білмеймін, өзім үш кісі боп жоқ қарап келе жатқан жолаушы едім, Құнанбай ұстап алды. Аяғыма кісен салып, етімді отқа күйдіріп, жалған жауап бер деген соң, Кузнецовқа солардың бұйырған сөзін айттым дейді. Аягөз дәрігері қарағанда, шынында, Қожамбердінің денесінде отқа күйдіргеннің белгілері бар болып шығады. Тегі бұл істегі Қожамбердінің жауаптары сол Өскембай, Құнанбай заманында патшалық сотының алдындағы қазақ жауапкерінің ерекше әдеттерін айқын көрсетеді. Қожамберді соңғы жауабында: ең әуелі көп Тобықтының ішінде жалғыз болдым, маған сүйеу боларлық Аягөз жағының бірде-бір кісісі болмады дейді. Екінші ол кезде жалған айтуының бір себебі: шыныңды айт деп үгіттеген молда да болмады дейді. Сонымен Қожамберді сотты адастырып жауапты неше алуан шатқалаң, бытқылға салады. Екінші жағынан сол кезде Тобықтымен тағы да өз бетімен ұстасып жүрген Арғын болысының қазағы Сары Айдарбекұлы деген мұның соңғы жауаптарын қостап ант ішеді. Осындаймен барып, сот Матай-Тобықтының шабуылынан ешнәрсені ұға алмайды да, Қожамбердінің соңғы жауабы бойынша оны ақтауға бейімдейді.

 

Тегі құн дауының арты сотпен емес, ел ішінде ескі жолмен шешілген болу керек.

 

Құнанбай аулында байлауда жатып, артынан Аягөз абақтысында болған Қожамберді сот алдында әлгідей бірде жауынгер, бірде жылаулар, бірде өтірік аңқау монтаны боп көрінгенмен, расында сол шабуылдың нағыз көрнекті жортушысының бірі болған. Елінің дәмелі ері сияқты көрінеді. Өйткені Құнанбай аулында тұтқында жатып, көресіні көріп, тергеуші ұлықтан да соққы жеп жүрсе де, Қожамберді жасымайды. Бір жағынан ұлықтарға жоғарыдағы сияқты ақпын, саумын деген ақ безердің жауабын бере жүріп, Қожамберді өз жәйін, ауыр күйін дәйімі өлең етіп жатады. Бұл жағынан қарасақ, сот қағазындағы Қожамбердіге нағыз Қожамбердінің он екі де бір нұсқасы келмейді. Жауапқа жазылып жатқан шын сөз емес және не жазылып жатса да есеп емес. Бұның ықпай, бүркенбей айтатын шыны өлеңінде:

 

Мінген атым астымда құла жорға,

Өзім болмай шығып ем осы жолға,

Қырық бес жігіт ішінде қолға түстім,

Амал, айла болар ма қалың сорға…—

 

деп бастап кеп:

 

Ұлық кәпір қояды артын таққа,

Және бізді сабайды жаққа-жаққа.

Ту ар айдың соңында бізді айдайды,

Қарындасым, сәлем де Бауырсаққа.

 

Бұл қылығың, Бөлкебай, жарамайды,

Жүйрік қылған арбаңды қарамайды.

Қаз мойынын қазақтың мінуші еді,

Енді ат қып мінерсің қарағайды, —

 

деп, ертең ұлықтың өзімен алысудан таймайтынын айта отырып:

 

Қысырақтың үйірі ақтан керше,

Енді маған құдайым иман берсе,

Мені алған Тобықты сені де алар,

Қарамай-ақ, Серікбай, жүре берші…

 

дейді. Бұнда сол жорықтың басшысы, Құнанбаймен алысушы Серікбай болғанын айтады. Өскембайды жауламаққа бұларды елден алып шыққан да сол Серікбай екен:

 

Келді де қу Серікбай жылқыны алды,

Теп-тек жатқан еліме бүлік салды.

 

Құс төсектің үстінде жатқан басым

Аяқ-қолым шегелеп байлап салды, —

 

дегенінен көрінеді.

 

Тегі осы ру арасының жанжалын үдетуші Тобықтыда Өскембай болса, Матайда сол Серікбай болуға лайық. Осылардың жұртты бір-біріне айдап салып қоздырып жіберген себебінен, Қожамбердінің күні ел ішіндегі Құнанбайға, қаладағы Бөлкебайға түседі. Соларға бірде өтініш айтса, бірде ашынып кеп, қатты мысқыл, мазақ аралас егес айтады.

 

Айналайын Бөлкебай, шын берейін,

Сомым әзір жоқ еді, соң берейін,

Бір несие аузымнан сөз шығыпты,

Атым менен айыбына тон берейін.

 

Айтамын айт дегенде, Бөлкебай хан,

Хан болғанда жегенің қап-қара нан.

Азар болса мал менен бас аларсың,

Ұрайын шын енеңді, шықты ғой жан! —

 

дегені соған дәлел.

 

Ұлық алғашқы тергеуде Қожамбердіні ақтауға бейімделсе де артынан Өскембай, Құнанбай қағаздары бойынша абақтыда ұстап қап, бұл бірнеше жыл тұтқында болады.

 

Мінеки, ақын Абайдың дәл өзінің өміріне жанасы болмаса да, сол кездегі қоғамдық жайларға айғақ болатын бір документті біз әдейі осылайша таратып айтып, толығырақ көрсеттік.

 

Осы уақиғадан кейін 13-14 жыл өткен соң, 1850 жылы 72 жасында Өскембай өледі. Бәйбішесі Зере байынан кейін көп жасаған. Ол бертін келіп, 90-ға жетіп өледі. Абайдың бала күнінде аулының бәрі Зерені кәрі әже дейді екен. Кәріліктен құлағы есітпейтін болып немерелеріне дұға оқытып үшкірте береді. Сонда немересі Абай, кәрі әжесінің құлағына өлең айтып келіп үшкіргенде, құлағым тәуір болып қалды деп разы болады екен.

 

Құнанбай әке-шешесі мен өскен ортасынан алған тәрбиеден басқа, оқу тәрбиесін көрмеген. Жасындағы барлық оқуы оптиектің ежесін білумен тоқтайды. Сонымен хатты да танымай қалады.

Мұның орайына жас күніндегі өмірі батырлық, жорықшылық сияқты істерге көбірек ауған. Қолға найза ұстап, астына жүйрік мініп жауға шапқыш, жау түсіргіш жігіт болған. Жасынан қайратты, шыдамды болғандықтан, бұл жолдағы талабы да далаға кетпеген сияқты. Тобықтының өзі құрбы жас жігітінің ішінде ер, найзагер болып та саналған.

Сонымен алыс жаққа аттанатын қартаң батырлармен бірге екі рет Құнанбай да ере кетіп, екі үлкен жорықта болыпты.

Құнанбайдың жас кезінде Тума Тоқпақ деген елден Көтібақ жылқы алып, соның арты шабынды болып, Тобықтыдан Тума Тоқпақ барымта әкетеді. Соны қуа барған қолдың ішінде Құнанбай да болып, үлкен ұрыста тұтқынға түсіп қалады. Бұл сапарда Құнанбай көп бөгелсе керек. Өйткені үйде қалған жақыны көп тілеу тілегендіктен: Әкесінің мойнына салған бұршағы, шешесінің басына киген күндігі биттеп кеткенде зорға келіпті дейді.

Құнанбай жасынан-ақ ауыр мінезді, қатты адам болған.

Жігіттіктің ең алғашқы қызу кезі өткен соң, ол әкесінің жолымен ел ісіне кіріседі.

Сонда жоғарғы айтқан мінездері кейінгі өмірінде де толық сақталғанға ұқсайды.

Елді бағындыру саясаты, дін тарату жолындағы зорлықтары — барлығы да жаңағы айтылғандай ауыр мінезінің белгісін көрсетеді.

Қаттылық пен қайрат жұмсап іс басқаруға келгенде, Құнанбай әкесінен салмақты болған. Мұның кісілікке толық ілінген кезінде қазақ даласы: 1822 жылдағы Сібір қазақтарына арналып шыққан устав бойынша өкірікке бөлініп, өкіріктік приказ билейтін болған. Өкірік бастығы — аға султан, приказдың қалған екі мүшесінің бірі патшалық чиновнигі болады (Елдің көбі мұны майыр дейді). Үшінші мүшесі, кіші султан аталады.

Кейін Семей үйезіне қарайтын Тобықты Құнанбай тұсындағы Қарқаралы өкірігіне қараған. Приказ шыққаннан бергі салт бойынша бұл өкіріктің аға сұлтаны ылғи төре тұқымынан болып келген еді. Құнанбай тұсында аға сұлтан болған төрелер Бөкей тұқымынан — Құсбек, Жамантай; Абылай тұқымынан — Шалғымбай деген төрелер болған.

Құнанбай Тобықтының бас кісісі болып өрлеп келе жатқан уақытта, қазақ ортасында төре мен қараның жігі ашылып қалған уақыт болады. Бұл хан тұқымы әмірші мен ру басы бектердің билік үшін тартысқан таласы. Феодал тобының ішінде әкімшілік үшін алысқан әміршілердің жігі. Әрбір елдің Құнанбай сияқты басты жуандары Төре қазақтың әрекесін тілейді, берекесін тілемейді деп тартыстың ор алуан тәсілін іздей бастаған кездері болады. Төренің сол ру басылардың қолдауымен жуан шығып жүргенін сезе бастайды. Оның үстіне әуелде хан мен төрені ұстаған патша үкіметі сол хан, төреге қарсы шыққан қалың бұқара қозғалысын (Сырым, Исатай уақиғасында) көріп алып, енді қалың елді ұстау үшін ру басыларын қолға ұстау керек деген саясатқа ауған кез болады. Осында екі жақты себептермен әр рудың Құнанбай сияқты жуандары төрені сөз қыла бастайды. Бұл турада көп рулардың, көп басшылардың ынтымағы болуға да мүмкін. Сонымен ру басылар ортасында: Қазақ әрекелі болса оңбайды, төре берекелі болса оңбайды деген төреге қарсы қозғалыс белгісі білінеді.

Осы кезде Қарқаралының аға сұлтаны болып тұрған Құсбек төре мен бұрынғы аға сұлтан болған Жамантайдың партиясы басталады. Сайлау жақындайды. Ол кезде приказ сайлауына тас салуға жарайтын екі түрлі сайлаушылар болған. Бірі — пәлен сомадай алым төлейтін ауқаттылар, екіншісі — төре тұқымдары болады. Төренің 25 жасқа жеткені түгелімен тас салу правасына ие. Жаңағы сайлауда Жамантай сұлтан бола алмайды, Құсбек те жеңіліп, Құнанбай аға сұлтан болады.

Құнанбай осы сайлаудан кейін сол орында қанша уақыт болғаны белгісіз. Қалай да болса Қарқаралы өкірігінде ең алғаш төре еместен сұлтан болған Құнанбай, сондықтан бұл оқиға Құнанбайдың даңқын көпке жайып жіберген.

Сол кездегі ел аузындағы аңызға қарағанда, Құнанбай Қарадан хан болған деп аталады.

Оның мысалын мына сияқты бірер сөзден байқауға болады. Сыбан Кеңесбай деген ру басы Жарқымбай деген баласына өзі өлерде өсиет айтқан: Төремен ел болма, екінші ел арасында сөз болса Сабырбайға ақылдаспай іс қылма, басыңа ұлық орманнан іс келсе, қарадан хан туған Құнанбайға ақылдаспай істеме депті дейді. Осылайша Құнанбай жігінде болып, соның шашбауын көтеріп, даңқын зорайтушылар әр жерде болған. Сондай таптың бір тілшісі Балта ақын.

 

Ол 1850 жылдарда Өскембай өліп, соған Құнанбай Көкшетауға барып ас бергенде:

 

Атың шыққан Үрімнің қақпасындай,

Айтқан сөзің кілемнің тақтасындай.

Кешегі етіп кеткен би Әсекем,

Алтынын тастап кеткен ат басындай.

 

Үш жүзді жиып ас бердің,

Келістіріп сәйкесін.

Арғынның өзін биледің,

Алшысы мен тәйкесін,

Келсең-келде кез болдың,

Кейи де беріп қайтесің! —

 

деп дәріптейді.

Осы сияқты дақбырттың барлығы сырт елге Құнанбайдың атағын зорайтып, өз еліне айдынын арттырып, өмірін екі қылғызбайтын дәрежеге жетті. Аға сұлтан болған бетінде Құнанбай көзге түсерлік жаңалық істеді ме, жоқ па? Бұл туралы көрнекті ештеме білінбейді. Қара болды деген ат болмаса елге жүргізген билікте, барлық істеген істің әдіс-саясатында жаңалық болмайды. Оны күтуге де керек емес. Қайта көп жерде Құнанбайдан Құсбек белгілі ел ортасына молырақ із қалдырды деуге болады. Өйткені Құсбек ұрыны қатты тыйған. Ел ортасында жан беруді тоқтатқан, өз бетін қатты ұстаған кісі болған деседі.

Бұған орай Құнанбай жаңалығын айтсақ, ол діндарлығы ғана болады, бұл ел ішінен зекет жиғызып, молда ұстатып, намаз оқу, ораза ұстауды жайған. Осымен бірге өз балаларын оқыту, ағайындарының балаларын оқытқызу сияқты бірен-саран ісі бар.

Діндарлығы болса көп уақытта ұсақ фанатизм түрінде болған. Мысалы, насыбай атқан кісінің танауын тілу сияқты істер соған айғақ. Және дінді ел ішіндегі кейбір қатал билігіне құрал қылып пайдаланатын әдісі де бар. Сыбан ішінде Барақ деген төреге бір жиында насыбайды тастасайшы дегенде, ол менің насыбайымды көргенше, еліндегі келініңмен жүрген Қодарды көрсеңші депті. Қодар деген бір момын адам жөнінде өсек таратып жүрген де сол атқамінерлер болады. Құнанбай еліне қайтқанда Қодардың ақ-қарасын тексермейді. Елді айдындырамын деп қара күшке салады. Тобықтының басшы кісілерін жиып алып, Борсақ ішіндегі Қодарды келінімен алғызып шариғат жолымен үкім қылады да, мойындарынан қосақтап түйеге асқызыпты. Сонда келіні өліп, Қодар өлмей, шала жансар күйде жатады. Құнанбай оның өлімін жалғыз өз мойнына алмас үшін, Тобықтының қырық атасының ұлынан қырық жанды шығартып, сол араға бұда шариғат бұйрығы деп қырық кесек атқызады. Қодарды сол көп ру басылардың қолымен өлтіртеді. Сонымен өмір Құнанбайдікі болса да, өлтіруші Тобықты жиыны атанып, Қодар жәй сөз де болмай қалады.

Дін жолындағы іс осы болса, Құнанбайдың ел билеу жолындағы, әсіресе Тобықтыны билеудегі ісі, оның мінез тұлғасын жаңағыдан көрі де толығырақ көрсетеді.

Құнанбай аға сұлтан болған уақытта, өз еліне старшындыққа өзінің тоқал шешесінен туған Майбасар деген інісін сайлаған. Майбасар тентек, ұрыншақ, сыйымсыз адам еді. Ел мұны адамшылық, ақыл-мінезі жағынан ел меңгеруге жарайтын кісі деп білмеген.

Сол Майбасарды старшын сайлаған соң, Құнанбай әкесіне ас берем деп Көкшетауға кеткенде, елде ұлық болып қалған інісі әуелде жұрттың күткен күдігінің үстінен шығып, ел ішін бүлдіре бастаған. Тілегенінше алым алу, жазықсыз кісіні жазалау, дүре соғу, көлденеңнен терісін айтқан кісі болса көшке салып, көңілін қалдыру сияқты істер шектен асып, көбейіп кеткен. Бірақ ру басылар наразылықтарын ішіне сақтап, Құнанбайдың келгенін күткен.

Бірақ Құнанбай көптің үмітін ақтамайды да, көп ру басылар өкпелі болады. Наразының басы — Жігітек Бөжей. Осымен ағайын ортасы шиеленісіп, араздыққа бет алып жүргенде, Құнанбай бір болымсыз істі сылтау етіп, өкпе ұстап жүрген Жігітекті жасытып, ықтырып жібермек болып, баса қимыл істейді. Жігітек ішіне көп кісімен аттанып келіп, Бөжейді бастық қылып, барлық ірі кісілерін ұстатып байлатып алып тегіс дүре соққызады. Бұл оқиғаны толық жазып отырған себебіміз, осы істен бастап Құнанбай өмірінде де, кейін ел кісісі болып әкесінің орнын басатын ақын Абай өмірінде де, ұзақ заманға созылған үлкен алыс-жұлыс, ірі араздықтың басы басталады. Ең әуелі Майбасардың старшын сайлануы үстінде бір кикілжің туған. Құнанбай аға султан болып старшындық орнын босататын болған соң, ендігі Тобықты ішіндегі ұлықтық Бөжейге ауысатын сияқтанады. Сонда Майбасар Бөжейге: Осы жолғы саған түскелі тұрған олжаны маған қи деп қолқаланады. Бөжей бұған береді де, Майбасар старшын болады. Осы беруді кейінгі айтушылар екі түрлі шешеді. Біреулердің айтуынша, Бөжей Майбасарды Құнанбайдан ажыратып, өзіндік қылып алмақ үшін берген дейді. Екіншілер Құнанбай Майбасармен жөнді болмай жүріп, осы старшындықпен өзіне қайтарып алмақ болды дейді.

Майбасарға қарсы болған ру басы, көпшілігі кейін Бөжейге старшындықты қайта сұратады.

Оған Құнанбай: басында өзің бердің, енді аламын десең, өзің сұрап, өзің ал дейді. Ол сұрамайды. Майбасар орнында қалады да, Құнанбайдың атарманы болып, жоғарыдағы көпшілік наразылығын туғызады.

Бұл кезде Тобықты ішінде Құнанбайдан басқа Көтібақ Байсал, Жігітек Бөжей, Түсіп, Көкше Қаратай, Торғай, Құлыншақ деген ру басшылар болған. Алғаш Жігітек пен Құнанбай шекіскенде бір жақта Жігітек жалғыз болып, өзге рулар Құнанбай жағында болады. Бұл тартыстың кезінде ел ішінде екі үлкен төбелес болған. Біріншісі Тоқпамбеттегі ұрыс дейді. Онда сол барлық өзге ру басыларын артынан ертіп алған Құнанбай Бөжей аулының үстіне келіп, Тоқпамбет деген жерде ұрысады. Саны аз, шамасы жоқ Жігітек жеңіліп қалып, басты адамдары қораға тығылады. Бұлардың ішінде Бөжей де бар екен. Құнанбай барлығын қорадан суыртып алып, дүре салғызып жүргенде біреулер Бөжейді де алып шығады. Құнанбай оны да дүреле деп бұйырады. Сонда Құнанбай жағындағы Пұшарбай деген кісі Бөжейдің үстіне жығылып ұрғызбай, араша тілейді. Құнанбай: ендеше өзін де соғыңдар дейді. Бұған Пұшарбайдың жақыны Байсал намыс қылады. Құнанбай онан сайын ерегесіп, арашашы Пұшарбайды да ұрғызып жібереді. Сонда Байсал бастаған бір топ адам Құнанбайды тастап, Жігітек жаққа шығып кетеді. Бірақ жеңіп алған Құнанбай Бөжейлерді байлап әкетеді.

Осыдан соң Құнанбай мінезінен Байсалша сескеніп, түңілген ел Жігітек жаққа шыға береді. Сөйтіп алғашқыдан саны молая түскен соң, қарсы жақ та қол қимылын істемек болады. Осымен Мұсақұлдағы төбелес деген екінші үлкен төбелес шығады. Бұнда қол қимылына Құнанбай жағы деңдей алмайды. Осындай соғыс, шабуыл арты екі жағының да арыз жаудырып, Қарқаралыдағы ұлыққа шапқылауына әкеліп соғады. Қарқаралы арғындарының ішінен Тәттімбет, Баймұрын дегендер Құнанбайды татулас деп бітім сұрайды. Бірақ аямасқа бекініп алған Құнанбай: Бөжейлердің бойын кездетіп, үстіне көк шекпенді кигізіп айдатқанша бітпеймін дейді. Бұны естіген Бөжей: Көк шекпенді біздің мырза пішкен жоқ, тәңірім пішкен, кімнің киерін көреміз деп қарсылықты мықты ұстанады.

Содан осы жаулық арылмай, аяқталмай бірде салқындап, бірде үдеп созыла береді. Бір рет солғындаған әредігінде ара ағайын Құнанбай мен Бөжейді татуластырған болады. Табысу тұрақты болсын деп, екеуіне сол заманның осындайдағы тағы бір шарасы есебінде: біріңнен бірің бала алыс дейді. Ондайдағы көпке жайылған әдет, қыз алысып құда болу ғой. Бұлар оны істей алмайды. Өйткені аталары жақын ағайын. Бірақ сонда да бала алысады және алысатыны қыз. Бұл жерде оны бауырға салып, асырауға алады.

Осы ретпен Құнанбай өзінің Айғыз деген қатынынан туған бір қызын Бөжейге береді. Ол ауырып өледі. Бұл алысқанмен, татуласамыз дегенмен, Құнанбайдың жуандық зорлығы бәсеңдемепті. Сонымен аз уақыт ішінде татулық тағы бұзылып, бұрынғыша тағы жұлысып кетеді.

 

Сөйтіп жүргенде Бөжей өледі. Осы кездегі араздық екі жақтың қатын-баласының арасына шейін нық жайлағанға ұқсайды. Өйткені Құнанбай Бөжейге бата оқи барғанда, Бөжейдің үш қызы дауыс айтып отырып, Құнанбайға:

 

Шұбарлығың жыландай,

Жүйріктігің құландай,

Арғы да атаң Ырғызбай,

Айыпқа бердің бір қызды-ай…—

 

деп кінәлайды.

Сонда Құнанбай жағынан барған Сары апаң деген әйел отыра қалып дауыспен айтысқа кірісіп:

 

Мына да қарлар не дейді?

Жақсыдан жаман көбейді,

Жақсының қалған сарқыты ед,

Ұрлап та көмдің Бөжейді, —

 

деп Бөжейдің жаназасына Құнанбайларды шақырмағанды кінә қып сөйлей жөнеледі.

Бөжей өлгенмен Құнанбай, Жігітек жаулығы басылмайды. Мұсақұлдағы үлкен төбелес арты мол арыз болып, ұлық қолына жиылған. Ондағы ел шабу, дүние талау, адам жаралау сияқты үлкен істің бәрі жиылып келіп, Құнанбайдың да аяғын шырмай бастайды. Және сол кезде Қарқаралы қазағының ішінде де Құнанбайды тентек санап, айыптаушы адамдар көбейеді. Бір жағы Тобықты арызы, екінші жағынан сол адамдардың қағазы қосылып ұласып келіп, ақыры Құнанбай тергеу ретімен Омбыға кететін болады. Жұрт бұны айдалады деп дәме қылады, солай шошиды.

Сонымен Омбыға кетер алдында Жігітекке өзі жалынышты болып артымнан арыз бергізбе, мал-дүниеден тілегеніңді ал дейді. Бұл кезде Жігітек сөзіне ие болып қалған Байдалы арыз бергізбеймін дейді. Бірақ соның орайына бұрын Құнанбайдың елден тартып алған көп қыстауларынан он бес қыстау алады.

Омбыға барғанмен Құнанбай айдалып кетпейді. Әлдеқандай түрменен ұлықпен келісіп, істерінің бәрін тоқтатып еліне қайтады. Келісімен Құнанбай бұрынғы ант-аман, серт-уәденің бәрін ұмытып, өзі кетерде жау санап кеткен елдерін бықпырт тигендей қылады. Жігітекке өзі берген 15 қыстаудан он төртін қайта тартып алады. Бұның мінезінен түңіліп, бұрын Байсалша Жігітек жағына шығып кеткен жақын елі Торғай еді. Соны қатты жазалайды.

Бұл рудың басты адамдары Құлыншақ балалары екен. Соларға істеген жазасы Құнанбайдың кектенген адамынан ешбір қаталдықты ірікпейтінін көрсетеді. Ең әуелі мыналардың аулын шауып алады. Наданбай, Сыбанбай деген екі адамын шетке айдатады. Садырбай дегенін Қарқаралының абақтысына салғызады. Бұлардың артында қалған қатын-баласына да жаза тартқызып, бастарын бір араға біріктірмейтін етеді. Әрқайсысының үйін жалғыз-жалғыздан бөліп апарып, Құнанбайдың өз ауылдарының шет-шетіне қондырады. Бұнысы жауының артын тоздырып жіберемін деген саясат еді.

Бертін келе Құнанбай қарсысында жалғыз Жігітек болмай, өзге ұсақ, Торғай сияқты рулар да Жігітекке көш қосқан дедік. Олардың қосылуына себеп болатын Құнанбайдың ел ортасындағы екінші бір үлкен ісі тағы бар. Ол Тобықты ортасында бұл қолданған жер саясаты.

Құнанбайдың өз елімен алысқан жаулығынан басқа көпке шейін ізі жойылмаған бір жұмыс осы жер турасында. Ертерек заманда Кеңгірбай, Ырғызбай тұсында Шыңғыс тауына келіп, Матайды күншығысқа қарай сырып жіберіп, қоныс алып орналасқан Тобықты рулары соңынан үлкен аударысқа түскен. Бұл аударысты жасаушы — Құнанбай. Ол әуелі жалпы Тобықтының жер шегін молайтуға күш салады. Сонымен Шыңғыстың солтүстігінде күзеуі, оңтүстігінде (сыртында) жайлауы болған.

Тобықты, екі шетіндегі Уақ пен Керейді меншікті жерлерінен жылжытып тықсыра бастап, жылдан жыл өткен сайын жер өрісін молайта берген. Бұны істеуші Құнанбай. Көп жерді өзі көшіп жүріп алған. Жазғытұрым ерте жүріп, малы аз кедей ел Уақ жеріне келіп құдық пен қонысты меншіктеп, жазды күні Керейге барып жыл сайын оның жерінен де сондай сыбаға алып отырған.

Анау Бостамбек өлімінің тұсында болған Матай, Тобықты арасындағы жер жанжалының арты да осы Құнанбайдың жуандап, күшейген кезінде кеп аяқтайды. Матайдан бұрын қыстау алып, дегенін істеп келген Тобықты жуандары енді кеп Керей, Уақ жерін алумен қатар Найман жерінен де өріс пен жайлау алады.

Найман мен Тобықтының жер дауын бері келген уақытта Құнанбай ұлық алдына салады. Ол екі елдің үлкен жиынын жасайды. Екі жақ би, даугер шығарысып жүгініске отырады.

Найман биі Қисық деген шешен, мықты берік адам екен. Құнанбай бұған қарсы шешен болмаса да ожар, өр кеуде Доғал дегенді би қып сайлайды да, өзі даугер болып сөйлейді. Екінші жақтан патша ұлығына көз қылып, Тобықтының Бәйіт деген адамына сол талас жерде тұрған бір ескі молаға күнде барып, құран оқи беруді тапсырады. Бәйіт күн сайын қасына бір топ кісі ертіп барып молаға атам бейіті еді деп, құран оқып қайтып жүреді. Құнанбай жер Наймандікі болса да қатар аққан Қос, Құндызды деген екі өзеннің Құндыздысы біздің жаққа қарай ағады. Қос — сендер жаққа ағады, осы бөлік болсын деп, өз дегенін істейді. Матаймен ертеден келе жатқан іргелі дауды тағы да молырақ жер алумен аяқтатады.

Ал Тобықтының өзі ішіне келгенде өз руы мен өзіне жақын руларды өзгеден гөрі құйқалырақ жерге орналастыруға тырысқан. Сонымен бұрын орналасып алған ұсақ рулардың көбін алғашқы ірге тепкен жерлерінен шетке қағып, қоныс аудартады. Олардың орындарына өзі қалаған жақын елдерін орналастырады. Осы ретпен талай ру өз орнын екіншіге беріп, өздері Құнанбай көрсеткен жерлерден жаңа күзеу, жайлау, қыстау алысқан.

Құнанбайдың ұзақ жылға белгіленген қалыпты жоспары болған. Құнанбайдың алғашқы жоспары бойынша ата қыстауынан көшірілуге белгіленген елдің бірі Жуантаяқ деген ру екен. Өз дегенін істемек болып, соларды көшіре келгенде, Құнанбай Жуантаяқтан бір сұлу қыз көреді. Айғыз деген сұлу екен. Бұның аулын көшірмей қалдырып, сол Айғызды өзі тоқалдыққа алады. Әрі ру ішіндегі әмірші, әрі жер иесі үлкен алпауыт-феодалдың жуандық, зорлығынан аман қалған кейбір ел болса, осылайша парамен жан сауғалап қалған. Бірде старшын, аға сұлтан болып жүрген Құнанбай әрі сырт елдерге атақты, әрі үкіметке салмақты болып ап, Жігітекті бойымен басып жыға берген.

Сонымен алғашқы араздық, жаулық кейін ұзақ заманға созылып кетсе де, Құнанбай тұсындағы алыстың бір буыны Жігітектің жеңілуімен бітеді. Құнанбай Жігітектің он жеті адамын Сібір айдатады. Бұл кезде Абай ер жете бастаған еді. Әкесінің Жігітекпен алысқан Тоқпамбет үстіндегі, Мұсақұл үстіндегі төбелестерінде баларақ болса да, мынау тұста Абай ер жетіп қалған еді.

Құнанбай ісінің жоғарыда айтылған көп уақиға, көп тартыстары және барлық сол заманның мінездері ақын Абайдың бала күнінен бастап тегіс көріп, нық байланыса өскен ортасы болатын.

Құнанбаймен алысып жүргенде көп адамынан айырылған Жігітек талай заманға шейін көзге қамшы тигендей болып қалады.

Құнанбай 72 жасында қажыға барып, қажыдан қайтып келген соң 8-9 жыл өмірін ылғи діншілдік, құлшылықпен өткізген.

Құнанбайдың атағын көтере сөйлейтін ру басылары мен дін таратушы қожа-молда мұны мақтағанда Қарқаралыда мешіт салғызды, Меккеде қазақ қажылары түсіп жүретін Тәкие үй салғызды деп айтады.

Құнанбай шешендік сөзге, дау, кеңеске көп елден жүйрік болған. Өз тұсындағы Орта жүздің билерінің алдыңғы қатарындағы кісісі саналған. Ақмола, Семей, Жетісу сияқты губернияларда ел аузында қалған билер жайындағы ескілікте Құнанбай аты көп аталады.

Тобықты ортасында Құнанбай айтты деген сөздердің ішінде едәуір ойшыл адам айтарлық, терең сөздердің мына сияқтысы бар:

 

1. Құл мен қожа майданда теңеледі; жас пен кәрі білімде теңеледі; бай мен кедей жомарттықта теңеледі; жақсы мен жаман өлгенде теңеледі.

2. Адамның қай мінезі өнері болса, сол мінезі айыбы болады.

3. Кісі айыбын айтпақтан оңай жоқ, өз айыбыңды өзің айтқаннан ауыр жоқ.

4. Өткен істен оңай жоқ.

5. Өтірік пен шынның арасы төрт-ақ елі, көзбен көрген шын, құлақпен естіген өтірік.

6. Жарлы кісі жаманар, жаманар да қуанар; жаман кісі жалынар, жалынар да жұбанар.

7. Арымнан жаным садаға, жанымнан малым садаға деген сияқты.

Құнанбайдың кім болғанын білмесек, Абайдың кім екенін білу де қиын болар еді. Бірі әке, бірі бала болғанда бұлар әсіресе, бір тарихи дәуірде, бірыңғай қоғамдық, таптық жағдайда тіршілік еткен адамдар. Екеуінің сыртқы әдісі, жолдары басқа-басқа болса да түпкілігі бір. Құнанбай жайындағы материалдар көбінесе Абайды тануға да жәрдем етеді.