Зеректік – Ертегілер – Bilim

0
125

Үш жолаушы келе жатса, алдынан бір адам қарсы шығып:

— Беймезгіл жүрген түйе көздеріңе түспеді ме? – деп сұрады.

Жолаушының біреуі:

— Түйеңнің оң көзі соқыр ма еді? – дейді.

Жоқшы:

— Иә,– деп басын изейді. Екінші жолаушы:

— Түйеңнің оң жақ артқы аяғы ақсақ па еді? – деп сұрайды.

— Дұрыс! Сол жақ артқы аяғының сылтығы бар еді,– дейді. Сонан соң, үшінші жолаушы:

— Түйеңнің құйрығы шолақ па, еді? – деп сұрайды. Жоқшы:

— Иә,  құйрығы шолақ, – деп, асығып жауап береді де: – ол түйені қайдан көрдіңіздер? – деп сұрай бастайды. Жолаушылар:

— Көргеніміз жоқ, – дейді.

— Көрмесеңдер, түйемнің белгісін қайдан білдіңдер? Түйемді сендер ұрладыңдар! – деп жоқшы жабыса кетеді. Жолаушылар:

— Ау, жаным, денің сау ма? Түйеңді ұрламақ түгіл көргеніміз де жоқ, – дейді.

Жоқшы бұл жауапқа қанағаттанбайды. Төртеуі бір биге келіп, жүгінеді. Би сұрастыра келе:

— Ұрламасаңдар, көрмесеңдер, ол түйенің бейне-белгісін, көрген кісідей анықтап, байқап, қайдан білдіңдер? – дейді. Жолаушылар:

— Біз ұры емеспіз, мал баққан, малмен көзімізді ашқан шаруаның балаларымыз, сондықтан білдік. Біз тоғышар емеспіз, – деп, жауап береді.

— Қалай білдіңдер? – деп, би қайта сұрайды.

Жолаушылар:

— «Түйенің оң көзі соқыр ма еді?» дегеніміз: түйе бара жатып, ылғи жолдың сол жағындағы шөпті жепті, оң жақтағы шөпті жемепті. Аяғының ақсағын  білгеніміз: тұрған жерінде, түйе артқы сол аяғын  көтеріп  тұрыпты. Түйенің құйрығы шолақ екенін білгеніміз: құмалақ тастағанда, алысқа жіберіпті. Шолақ түйенің құмалағы алысқа түседі, құйрықты түйе құмалағын алысқа тастай алмайды, – депті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: