Үш таз — Ертегілер — Bilim

0

Ертеде бір ғарып шал болады. Шалдың жан дегенде жалғыз қызы, мал дегенде бір көк сиыры болады. Шал бір күні көк сиырын өзенге суарып, судың жағасында дем алып отырады. Судың жанында шалдан бұрын келген үш таз отыр екен. Қасына келіп отыра бергенде бір таз «өлтіремін» деп жабыса кетеді. Шал байғұс жалынып: «Көк сиырымды берейін, қоя бер», – дейді. Қоя бермейді. «Қызыңды берсең, қоя беремін», – дейді. Шал байғұс қорыққанынан « берейін» дейді.

         Үш таз шалды қоя береді. Шал үйіне келеді. Бірақ ас-су ішпей,  үһілей  береді. Сонда қызы отырып әкесіне:

         — Әке, неге ас ішпей үһілей бересің? – дейді.

         — Көк сиырды жайып жүргенде, бір үш таз жұмбақ айтысып отыр екен, мен қасына бара беріп едім, біреуі жаңылып кетіп, менің жұмбағымның құйрығын үздің деп өлтірмек болды. «Өлімнен қорыққанымнан сені соларға беремің деп уәде ғып келдім», – дейді шал.

         — Әке, оның несіне уайымдайсың? Асыңды іш те ұстаға кете бер, – дейді қызы. Шал асын ішіп, ұстаға кетеді. Бір уақытта қыз бастары жалтырап, жүгіріп келе жатқан үш тазды көреді. Қыз бөркін жүктің үстіне қойып, ұршығын қолына алып, есіктің алдына шығып, тұра қалады. Үш таз жүгіріп келіп:

         — Есікке неге тұра қалдың, қыз ханым? – дейді.

         — Етектеріңді неге түрдіңдер таз ханым? – дейді қыз.

         — Бөркің қайда қыз ханым? –дейді.

         — Шашың қайда, таз ханым?

         — Әкең қайда, қыз ханым?

         — Атам  тышқанның  мүйізінен пышақ соқтыра кетті, таз ханым!

         — Тышқанның мүйізі бола ма екен, қыз ханым!

         — Жұмбактың құйрығы бола ма екен, таз ханым! Таз:

         — Ой, тіліңді тәңірі кессін! – деп, жеңіліп сырт айналып кеткен екен.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: