Тұрсынханның үш ұлы — Ертегілер — Bilim
Баяғы заманда Тұрсынхан деген кісінің үш баласы бар екен. Үшеуі де өнерпаз, шешендігімен «Тұрсынханның үш шешені» атаныпты. Тұрсынханның есігінің алдында екпе бәйтерегі бар екен. Сол бәйтеректің ішін ойып, ат басындай алтын тығып қояды. Оны өзінен басқа ешкім білмейді.
Тұрсынхан өлер алдында балаларын шақырып алып:
— Балаларым, енді мен өлемін, сендерге айтатыным, есік алдындағы бәйтеректің түбіне ат басындай алтын тықтым. Сол алтынды қашан қолдарыңнан мал кеткенде, әбден ішерге тамақ, киерге киім, мінерге ат таба алмағандарыңда, бір қолдарың екеу болып көрінгенде алып, күндеріңді көріңдер! – деп, жүз бір жасында қайтыс болыпты.
Үш баласы бәйтеректің түбіндегі алтынды күнде қарап, бағып жүреді. Бір күні бәйтеректі келіп қараса, алтын жоқ. Біреу ұрлап кетіпті. Үшеуі кім алғанын білмейді. Әрі ойлап, бері ойлап, еліндегі ханға жүгініске барады үшеуі.
Ол хан сондай тапқыр, ақылды екен. Егер өзі білмесе, жұрттан асқан сұлу қызы сөз тауып, талай адамдарды даудан құтқарған екен. Ағайынды жігіттер ханға барып отырады. Сол уақытта үлкені екі інісіне сыбырлап:
— Бұл хан осы жердің бұрынғы ханын өлтіріп, орнына өзі хан болған екен. Жеті атасынан хан емес екен, – дейді.
— Апыр-ай, оны қайдан білдің? – дейді інісі.
— Білдім, жаңа біз сәлем бергенде, басын төмен салып, төмен қарап тұрып алды, атақты хан болса, жоғары қарап алар еді. Онысы өзіне жаман көрінеді. Сондықтан сәлемді төмен қарап алды, – дейді.
Хан үшеуіне ас келтіреді. Оны жеп болған соң, біраз отырып ағасы былай дейді:
— Осы ханның бізге берген палауында бір иіс бар, сірә, өлген адамның топырағына еккен зат па, жоқ болмаса, өлген адамның еті ме? – дейді.
Тағы кіші інісі былай дейді:
— Ханның бізге берген еті иттің еті екен, бағана ет жегенде, иттің иісі шығып тұрды, – дейді.
Бұл үшеуінің сөзін ханның құлы естиді де:
— Ойбай, қонақтарың осындай сөздер айтып отыр,– деп, ханға айтады. Хан ол сөздерді ести сала шешесін, күріш егушіні, қойшыны — үшеуін шақырады. Шешесіне былай дейді:
— Мыналар мені жеті атасынан хан емес дейді, сол рас па? Шешесі ойланып отырып:
— Ол рас еді. Сенің әкең Ораз деген кісі еді. Ол жақсы, батыр адам еді. Бір жылдары осы елдің ханына өштесіп жүреді де көп жолаушы бара жатқанында жолда өлтіріп, орнына өзі хан болып, артынан оның орнына сен болғансың, – дейді.
Күріш егуші былай дейді:
— Ол күрішті анау тұрған көп бейітті айландыра жыртып едік, моладағы адам сүйегінің шашылып жатқандары бар еді. Олардың айтқаны рас болса болар, – дейді. Сонда қойшы былай дейді:
— Ана жылдар қойлар арамза қоздап, енесі сүт бермеді, қозы өлетін болды, сонда қозыға ит емізіп едік,– дейді. Сол жерде хан не айтарын білмей сасып, қызына барады. Барысымен болған уақиғалардың бәрін айтады.
— Әке, саспа, ол адамдарды маған жібер! – дейді қызы. Содан кейін үшеуін хан қызынын сарайына алып барады. Қыз қонақтарды күтіп болған соң:
— Әңгіме айтыңыздар! – дейді.
— Сіз айтыңыз! – дейді үшеуі.
— Мен айтсам айтайын, – деп қыз әңгімеге кіріседі. «Баяғыда бір хан қызы бар еді, өзі асқан данышпан адам еді. Оны бір күні байдың баласы алады. Әлгі қыз бір күні сейілге шығады, қасында нөкерлері бар. Сейілде жүріп, бір кезде жеміс егісіне келеді. Танысып, ағаш аралап жүріп, қыз таңдаған жемісін алғызып жеп жүреді. Бір жерге келіп, қыз бағбанға:
— Ана бір жемісіңізді беріңіз, – дейді.
— Менің сұрағанымды берсең, әперейін,– дейді жемісші.
— Жарайды, айт сұрағаныңды, – дейді қыз.
— Әкең сені бір байдың ұлына берген еді, сол енді келеді. Ол келетін күннен бір күн бұрын маған келіп жолығып кетсең болады,– дейді жемісші.
— Жарайды,– деп, қыз жемісті алып кетеді.
Сол күні кешке жақын күйеу қалыңдық ойнауға келеді. Жеңгелері қызды күйеуге апарады. Қыз күйеуінің жанына барып отыра беріп:
— Ойбай! – деп, жамбасын бір салады. Оған күйеу:
— Оның қалай, неменеге өкіндің, жамбасыңды ұрғаның не? – деп сұрайды. Қыз:
— Бір жерге бір адам пәлен күні кел! – деп еді, мен соған бара алмай ұмытып кетіппін, сол жаңа есіме түсіп отырғаны, сізден рұқсат болса, барамын да келемін,– депті қыз.
— Е, ондай болса, «уағдаға опа» деген барып кел! – деп, күйеу қалыңдығын жіберген екен. Қыз кетіп бара жатқанда, жолда үш ұры ұстап алады. Қыз барлық сырын айтқан соң, ұрылар да еш нәрсесіне тимей қызды қоя береді. Қыз сол бетімен жемісшіге барады. Жемісші келгеніне разы болып:
— Жарайды, рақмет сізге, еш қиянат қылмаймын. Үйіңізге барыңыз. Сізді кел деген себебім күйеуіңізді сынайын деп едім, – деп, қызды қоя береді.
— Міне, әңгіме айт десеңіздер, осылардың қайсысы жомарт, табыңыздар, – дейді қыз. Үшеуі ойланысып отырады да үлкені:
— Бұның күйеуі жомарт. Өзі қалыңдығына кеп отырып, менің біреуде жұмысым бар еді дегеніне жіберіп отырған күйеуінен жомарт ешкім жоқ, – дейді.
Ортаншысы айтады:
— Жоқ, олай емес, жеміс егуші жомарт. Оның жемісі өзінің алдындағы малы, қыздың әпер дегенін әперіп, өзі «кел» дейді. Барған соң ешбір қастық істемей, қайта жіберген жеміс егуші жомарт, – дейді.
Ең кішісі айтады:
— Олай емес, ұрылар жомарт. Олар ұрлықпен күн көріп жүріп, қыз жалынды деп, қоя беріп жүрген ұрылар жомарт, – дейді.
Сонда қыз орнынан тұрып келіп, ең кішісінің білегінен ұстап:
— Ұры ұрының сөзін қуаттайды, алтынды ұрлаған сен екенсің, тап! – депті. Кішісі алтынды алғанын мойнына алып, қыз алтынды тапқызып, үшеуіне бірдей қақ бөліп берген екен, – дейді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: