Тұмарбас батыр — Ертегілер — Bilim
Бұрыңғы заманда бір бай бар екен. Үш қатыны бар да, баласы жоқ екен. Бір күндері бай қатындарына айтады: «Мен қартайдым, сендерден бала тумады, қыдырып әулиеге түнейін, құдай бала бермес пе екен?» – дейді. Темір таяқ алып, темір етік киіп жаяу бала тілеп жүріп кетеді. Айлардан ай өткенде, жылдардан жыл өткенде, темір таяқтан тебендей қалғанда байдың алдынан бір жұлындай жерден түтін шығады. Бай оған жетіп келсе, үйдің ішінде бір жалмауыз кемпір отыр, бай кіріп сәлем береді. Кемпір сәлемін алып, біраз отырған соң, даладан біреу келіп айғай салды: «Адам иісі шығады ғой!» – деп. Кемпір айтады: «Аузыңа бір салатұғын адам отыр». Бұл келген жалмауыз кемпірдің баласы екен, үйге кіріп байды жеп қойды.
Бай кеткенде екі қатыны жүкті болып қалған екен. Байы өлгенде, екі қатын ұл тапты. Бәйбіше баласының атын Тұмарбас қойды, тоқалы баласының атын Байтас қойды. Балалар жеті жасқа келді. Тұмарбас балалармен асық ойнап жүріп, балалармен төбелеседі. Бір баланың асығын тартып алады. Сонда бұл бала айтады: «Сен бізге зорлық қылғанша тентіреп кеткен әкеңді тауып алсаңшы», – дейді. Тұмарбас тез үйіне қайтып келіп, шешесінен сұрайды: «Менің әкем қайда кетті, маған айт», – деп. Шешесі айтады. «Сен тумай тұрғанда кетіп еді, темір таяқ, темір етік киіп еді, құдайдан бала сұрап кетіп еді, содан бері әкеңнің қайда екенін білмеймін», – деп.
Бәйбішеден туған Тұмарбас әкесін іздеп жөнелді. Бір күндері болғанда алдынан бір жұлындай жерден түтін шығады, бала соған жетіп келсе, баяғы жалмауыз кемпірдің үйі екен.
Тұмарбас әкесінің етігі мен таяғын таниды. Кемпір бір қазан ет асып отыр еді. Қарны ашып келген Тұмарбас кемпірден ет сұрап еді, кемпір бермеді. Тұмарбас ашуланды да, кемпірді төбеге бір қойып өлтіріп, қазандағы бар етті жеп, тойып алды. Сөйтіп, отырғанда бір адам даладан айғай салады. «Үйде кім бар? Адам иісі шығады!» – деді. Сонда үйден Тұмарбас шыға келді. «Өзім бармын!» – деп, сол жердс екеуі алыса кетеді. Тұмарбас алып ұрып, басын кесіп алды, әкесін өлтірген дәуді өлтіріп, кегін алды.
Енді бала еліне қайтты. Бірнеше күн жол жүріп үйіне келді, Шешесінен сұрайды: «Маған ірімшік қайнатып қойдың ба?» Шешесі айтады: «Күнде қайнатып қойған ірімшікті күнде бір аққу келіп жеп кетеді». Тұмарбас аққудың келетін уақытын біліп, мылтығын оқтап, бір шидің ішіне келіп тығылып отырады. Бір уақытта аққулар ұшып келеді. Ірімшікке келіп қонған уақытта мылтығын алып тарс еткізеді. Аққу ұшып жөнеледі, артынан Тұмарбас шаба жөнеледі. Біраз жерге барғанда Тұмарбас жоғары қараса, жоғарыдан бір нәрсе түсіп келе жатыр. Қолын тосып ұстап қараса, адамның шынашағы. Оны алып жанқалтасына салды да, артынан шаба берді. Аққу биіктеп ұшып, көрінбей кетті. Бір күн өткен уақытта дарияның жағасында мың бұзау бағып жүрген бір таз балаға жолығады. Тұмарбас таздан сұрайды: «Бұл кімнің бұзауы?» – дейді. Таз айтады: «Ақбар деген ханның бұзауы». Тұмарбас: «Кешке барғанда осы бұзаудың бәрін де байлаймысың?» – деді. Таз айтты: «Кешке айдап барып «байлаңғырдың бұзауы байлан» десем, әрбіреуі әр терекке байланып қалады, ертесіне: «шешіліңдер» десем, шешіледі,–деді. Тұмарбас айтты: «Түнде не жұмыс қыласың?» Таз айтты: «Қыздардың табанын сипаймын. Кешке барған уақытта қыздар мені теріге орап тастайды. Төрден есікке, есіктен төрге домалатады», – деді. Бәрін естіп болған соң, тазды жоқ қылып, бұзауды бағып жүреді, қару-жарағын бір белгілі жерге көмеді.
Күн кеш болған уақытта мың бұзауды айдап ауылға келеді. «Байлаңғырдың бұзауы байлан», – деген екен, бұзаулардың әр-біреуі әр ағашқа байланып қалады. Сонан соң Тұмарбас ханнын үйіне келді. Қыздар күндегі қалыбы бойынша теріге салып Тұмарбасты төрден есікке, есіктен төрге домалатады. Бір уақытта қыздар Тұмарбасты ораған теріден шығарып жіберді. Түнде батыр қыздарменен бірге жатады. Тұмарбас тынығып жатса, ханның кіші қызы Қаныкей ыңқылдайды. Тұмарбас қыздың жанына барып айтады; «Сенің қай жерің ауырып жатыр?» – дейді. Қыз айтады: «Не қылайын деп едің?» Тұмарбас: «Жоқ нәрсең болса, тауып берейін деп едім», – дейді. Қыз: «Шынашағыма мылтық тиіп, сол жерім ауырады. Сол шынашағымды тауып берген кісіге мен тиер едім», – дейді. «Мен тауып берсем. маған тиер ме едің?». Қыз: «Тиемін», – деді. Тұмарбас қыздың шынашағын берді. Қыз сонда мұның Тұмарбас екенін білді. Қыз бен жігіт бірге жатып, көңіл қосып жүрді. Бір күндері болғанда хан жұртына жар шақырады: «Үш қызды сүйгеніне қосамын, халқым жиылсын», – деді. Ханның қол астына қараған барлық халық бірі қалмай келді.
Бір елден жалғыз келсе де, Тұмарбас ханның қызын алыпты. Батыр еліне қарай көшеді. Өз еліне есен-сау келіп, ханның қызымен қосылып, Тұмарбас мұратына жетті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: