Түлкі мен қоянның құйрық алмастыруы — Ертегілер — Bilim

0

О баста түлкінің құйрығы жоқ екен. Қасқыр мен түлкі араз болыпты. Қасқыр қайда барса да түлкінің ізін аңдып, соңынан қалмайды, ұстап алып талап, жей беріпті. Ізін жасыра алмаған түлкі ауыр азап шегіпті.

         Бір қасқыр тағы да аңдып, түлкінің ізіне түсіпті. Түлкі қашып барып, ініне тығылады. Сол кезде қасқыр да жетіп, түлкі інінің аузын тырмалап, қаза бастапты. Осындай қауіпті алдын ала ойлаған түлкі ініне екі ауыз жасаған екен. Әлгі қасқыр іннің бір аузын қазып жатқанда, түлкі екінші аузынан байқатпай сыртқа шығып кетіпті.

         Содан қалың тоғайға келіп сіңеді. Сол жерде жайылып жүрген қоянға кездесіп қалыпты. Ол заманда қоянның құйрығы шұбалған ұзын болыпты. Зымырай жүгіруіне, жауыннан қашып құтылуына кедергі жасап, адымын аштырмайды екен.

         Тоғайда бұлаңдап жүрген ұзын құйрықты қоянды әлгі өзі қасқырдан қашып келген түлкі ұстап алыпты. Ауыз сала бергенде, қоян зар еңірепті:

         – Түлкіжан, сен мені өлтірме, мынау әдемі құйрығымды саған берейін. Көрдің бе, қандай сұлу. Саған жараса кетеді, – деп, арызын айтыпты.

         Бұлаңдаған құйрыққа түлкі де қызығыпты. «Сыпыртқы құсаған мына құйрықпен артымда қалған ізімді сыпырып, өшіріп, кете беруіме де болатын түрі бар. Сонда қасқыр да, басқа қуғыншылар да ізімнен адасып қалмай ма?» – деп ойлапты. Осы мақсатпен:

         – Ендеше, әкел құйрығыңды! – деп, қоянның шартына көніпті. Қоян бұлаңдаған ұзын құйрығын түлкіге беріпті. Түлкі өзінің оймақтай құйрығын жұлып тастап, қоянның құйрығын қадап алыпты. Сөйтіп, бұлаңдап кете барады. Қоян әлгі түлкінің тастап кеткен алақандай құйрығын иемденеді. Қоян мен түлкі құйрықтарын осылай айырбастаған екен.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: