Сиқырлы жүзік — Ертегілер — Bilim

0

Бiр кедей күнi бойы жұмыс iстеп, қатты шаршайды. Бiр арша ағашын әрең кесiп жерге құлатқанда, жоғарғы жағынан екi жұмыртқа домалап түседi де, жарылып қалады. Бiрiншiсiнен бүркiттiң балапаны шығады да, лезде өсiп, адам бойымен бiрдей болады. Екiншi жұмыртқа жарылып, одан алтын жүзiк шығады.

Бүркiт қанатын қағып-қағып қалады да, кедейге:

— Ей, адам ұлы! Сен менi құтқардың. Мен саған мынау алтын жүзiктi сыйлаймын. Бұл – сиқырлы жүзiк. Бiрақ жүзiктен өмiрiңде бiр-ақ тiлек тiлейсiң. Тiлегiң орындалған соң жүзiгiң сиқырын жоғалтып, жәй жүзiкке айналады. Сондықтан тiлегiңдi айтпастан бұрын жақсылап ойлан. Әйтпесе кейiн өкiнiп жүресiң, -дейдi. Осыны айтып, бүркiт ұшып кетедi. Егiншi қуаныштан жүрегi жарылардай боп үйiне қайтады. Жолда зергердiң дүкенiне соғып, зергерден өз қолындағы жүзiктiң қанша тұратынын сұрайды. Зергер: – Екi алтындай болатын шығар, – дейдi. Кедей қарқылдап күлiп жiберiп, бұл жүзiктiң сиқырлы екенiн, оған ешбiр баға жетпейтiнiн айтады. Зергер қара жүректi, арам адам едi. Ол кедейдi қоярда-қоймай қонаққа шақырады. Үйiнде ұйықтап жатқан жерiнде егiншiнiң жүзiгiн ұрлап алып, соған ұқсас жәй жүзiктi салып қояды. Келесi күнi кедей байғүс жөнiне кетедi, зергер есiк-терезесiн мықтап бекiтiп алып:

— Жүз мың алтыным болса, – деуi мұң екен, үстiне алтындар жауа бастайды. Зергер жанталасып, арлы-берлi қаша бастайды, бiрақ есiктi аша алмайды. Дүниеқоңыз зергер алтынға көмiлiп өледi, алтындарын көршiлерi бөлiсiп алады. Ал қайырымды егiншi болса, әйелiне жүзiктi көрсетiп:

— Аллаһ бiзге рақым еттi, ендi қалаған тiлегiмiз орындалады, – дейдi. Әйелi:

— Бiз жер тiлейiк. Егiстiкке жер жетпей жүр ғой, – дейдi. – Жоқ! Бiр жыл тырмысып еңбек етсек, жердi өзiмiз-ақ сатып аламыз, – дейдi күйеуi.

Сол жылы өнiмдерi мол болып, жер сатып алады. Егiншiнiң әйелi:

-Ендi жүзiктен ат пен сиыр тiлейiк, – дейдi. – Соны да жүзiктен сұраймыз ба?

Тағы бiр жыл ерiнбей еңбектенсек, оған да қол жеткiземiз, – дейдi кедей. Келесi жылы ат пен сиыр сатып алады. Әйелi тағы да:

— Бұрын сен Аллаһ Тағалаға жалбарынып, тiлек етушi едiң. Аллаһ тiлегiндi бердi. Қазiр патша боламын, зәулiм сарайда тұрамын десең де, бәрi қолыңда. Шаршап-шалдығып жүргенше, рахатқа батып, тыныш отырмайсың ба?-дейдi. Сонда егiншi тұрып:

— Бiз әлi жаспыз, өмiрiмiз алда. Аллаһқа шүкiр, бiзде қазiр бәрi бар. Жүзiктен бiр тiлек сұрасақ, сиқырын жоғалтады. Алдымызда қиын жағдайлар тап болмайтынына кiм куә? Бiздi қандай сынақтар күтiп тұрғанын қайдан бiлемiз? – дейдi. Ерлi-зайыптылардың арасындағы келiспеушiлiк осымен бiтедi. Кедейдiң қоймалары жыл сайын астыққа толып, бақытты да бақуатты отбасының бiрiне айналады. Жылдар зуылдап өтiп жатады, адал еңбекпен өмiр сүрген егiншi де өмiрден өтедi. Жерлейтiн кезде немерелерiнiң бiрi қолындағы жүзiктi шешiп алмақшы болады, екiншiсi оған қарсы болып:

— Атамыз өмiр бойы бұл жүзiктi қатты қадiрледi, өзi үшiн аса қымбат ескерткiш болса керек. өзiмен бiрге кеткенi дұрыс болар, – дейдi. Осылай үйге бақыт пен байлық әкелген жай жүзiк егiншiмен бiрге көмiледi.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: