Қыз бен тазша — Ертегілер — Bilim
Бұрынғы өткен заманда бір қыз патша болған екен. Қыз патша күндердін бірінде қол астындағы халқына: «Кімде-кім мені алғысы келсе, жатқан жерімнен қозғамай, үш рет тек сөзбен көтерсе, сол кісіге тиемін», – деп жар салады. Сол уақытта бұл хабарды бір тазша естіп, қыз патшаның үйіне келіп:
— Тақсыр, арызым бар, рұқсат етсеңіз, айтар едім! – деп сұрайды. Қыз патша рұқсат етеді, тазшаның сондағы айтқан арызы мынау екен:
— Бұрынғы уақытта бір молда, бір балташы, бір зергер бірге жүрген екен. Күндердің бірінде балташы бір сұлу қыздың суретін жасапты; зергер алтын мен күмісті араластыра қызға лайықты киім жасапты; молда дұға оқып, сұлу қызға жан салыпты. Сонан соң үшеуі: «Мен аламын! Мен аламын!» деп қызға таласыпты. Әрқайсысы өзінше себеп көрсетіпті. Балташы:
— Қыздың суретін жасаған мен, сондықтан қызды мен алуым керек! – дейді.
Зергер:
— Қыздың қыз болуына лайық қылып, ажар берген мен емес пе? Сондықтан бұл қызды мен алуға лайықпын, – дейді.
Молда:
— Менің дұғамнан бұл қызға жан бітті. Сондықтан бұл қызды мен алуым тиіс! – дейді.
Тазша осы сөзді айтып болып, қыз патшаға:
— Осы үшеуінің қыз қайсысына тиісті? Төрелігін беріңіз! – деп сұрайды. Қыз үндемей жата береді. Сонда тазша:
— Мұның төрелігі сізге қиын болғанмен, бізге оңай, біз төрелігін бере аламыз. Ол қыз ағаш ұстасына тиісті, себебі мынау: егер де ағаш ұстасы қыздың суретін жасамаса, ол қыз тіпті болмас еді, деген кезде, қыз патша басын көтеріп алып:
— Ақымақ екенсің! Ол қыз молдаға тиісті емес пе? Молда дұғасын оқымаса, қыздың суретінен не пайда? Молданың дұғасымен қызға жан бітіп тұрған жоқ па? – дейді.
Сонда тұрып тазша:
— Тақсыр, бір мәртебе басыңызды көтердіңіз, соны ұмытпаңыз! – депті. Қыз патша қайтадан жатады. Енді тазша тағы да:
— Тақсыр! Енді бір арызым бар еді, айтуға рұқсат етсеңіз! – деп сұрағанда, қыз патша үндемей жата беріпті.
Тазша тағы да сөзге кірісіпті.
— Бұрынғы уақытта бір қырағы, бір мерген, бір аспаннан зулап түсіп келе жатқан нәрсені кырық кез жерден жоғары қарғып, жерге түсірмей қағып алғыш – үшеуі жолдас болып, бір қалаға келіпті. Қалаға жақындап келсе, бір ақ отау тұр; ішіне кірсе, бір сұлу қыз отыр екен. Бұларды көріп, қыз: «Сендер бұл жерден жылдам кетіңдер!» – депті. Мұнан үшеуі себебін сұраған екен, қыз айтыпты: «Мен осы қаланың патшасының қызымын. Көп жыл болды, қаламызға бір айдаһар жылан келді; ол жылан қаламызды ойран қылып, адам атаулыны тауысып бара жатқан соң, менің әкем сол айдаһар жыланмен сөйлесіп, жыланның әр күніне тамағы үшін бір қыз беруге уәде қылды. Сонан бері күн сайын бір қыздан бере-бере енді қаланың қызы таусылды. Сондықтан бүгінгі тамағы үшін патшаның қызы маған рет келіп отыр, сонымен жыланның бүгінгі тамағы – мен. Сол жыланның келетін уақыты болды, сендерді менімен бірге жеп кетер, жылдам кетіңдер деп отырғаным сол», – депті. Сонда бұл үш өнерпаз өзді-өзі ақылдасып: «Біздер құдай бұйыртса, сол жыланды өлтіріп, бұл қызды және қаланың адамдарын бұл жыланнан құтқарып аламыз. Сол үшін үйдің қасынан жер қазып, жасырынып жатайық», – дейді.
Олар жер қазып алып, жасырынып жатып, ұйықтап қалған екен, бір уақытта бір адамның ойбайлаған даусын естіп, шошып оянып қараса, жылан қызды алып кеткен екен. Жылан қызды алып, алыста ұшып бара жатқанын қырағы көріп, дереу мергенге көрсетеді; мерген көргіштің сілтегенімен жыланның нақ тамағынан көздеп атқанда, оқ көздеген жерінен тиіп, жылан табанда өліп қалады. Қыз өлген жыланнан босанып, аспаннан жерге қарай құйылып келе жатқанда, дереу қағып алғышқа: «Қағып ала көр!» – деседі ана екеуі. Қағып алғыш жерден қырық кез секіріп, жоғары ұшып қызды жерге түсірмей, қағып алыпты.
Бұл үшеуі қызды аман-сау патшаға әкеліп беріпті. Сонда бұларға патша айтыпты: «Барлық дүнием сендердікі және қызымды да үшеуіңізге бердім, өздеріңіз келісіп біреуіңіз әйелдікке аларсыз», – депті. Сонда бұл үшеуі: «Қыз маған тиіс, маған тиіс!» – деп, өзді-өзі таласады.
Осы сөзді айтып болып тазша, қыз патшадан сұрайды:
— Осының төрелігін беріңіз! Қыз жыланды өлтірген мергенге тиісті ме, болмаса, көрсеткен көргіш қырағыға тиісті ме? Жоқ, қағып алған қаққышқа тиісті ме? – дейді. Қыз патша жауап бермей жатады. Сонда тазша:
— Төрелігін сіз бермесеңіз, мен өзім де беремін. Меніңше, қыз қырағы көрсеткішке тиісті, себебі: ол көрсетпесе, жылан қызды алып, құтылып кетер еді, – дейді.
— Жерге түсірмей, қырық құлаш жерден қағып алған қаққышқа тиісті, себебі: қыз жылан жесе де өлер еді, мерген жыланды атып өлтірген соң, жерге құлағанда да өлер еді. Қыздың тірі қалғанына себеп болған қағып алғыш емес пе? – дейді қыз басын көтеріп. Сонда тазша:
— Тақсыр, ұмытпаңыз, басыңызды осыменен екі рет көтердіңіз!– дейді. Бұдан кейін қыз патша қайтадан жатып қалыпты.
Тазша тағы да айтады:
— Тақсыр, айтатын ақырғы арызым бар! Бұрынғы заманда екі қашқын жолдас болыпты. Біреуі бір байдың малайы екен, екіншісі бір патшаның жігіті екен, патшаның кәріне ұшырап, қашып кеткен екен. Екеуі де өнерлі екен, екеуі де өздеріне қорлық көрсеткен бай мен патшадан амалын асырып, өштерін алмақ болыпты. Осы уәдемен екеуі базарға келсе, базарда әлгі бай мал сатып тұр екен, байдың қойны толған алтын екен. Байдың қашқын жігіті, байға білдірмей, байдың қойнындағы алтынның орнына тас салып, алтынды алып кетіпті. Енді патшаның жігіті қасына әлгі жолдасын ертіп, беліне алмас қылыш байлап, тұп-тура патшаның сарайына келеді; келсе, есіктің алдында күзетші тұр екен. Патша сарайы жігіттің өзіне таныс. Ол күзетшіге байқатпай келіп, оның аузы-мұрнын тас қылып, дыбысын шығартпай, жерге көтеріп ұрып, аяқ-қолын байлап тастайды. Сонан қылышпенен қақпаны шауып, шарбаққа кіреді; атын қасындағы жолдасына беріп, өзі патшаның жатқан үйіне кіріп келсе, шам жанып тұр. Патша ұйықтап жатыр екен. Есігінің алдында бір күзетшісі бар екен. Ол күзетшіні де әлгідей қылып байлап тастап, ханның қасында тұрған бір қап алтынды алайын деп, патшаға қарап тұрғанда, патша оянып кетіпті. Сонда әлгі жігіт өзі байлап тастаған күзетшінің мылтығын қолына алып, қарауыл секілденіп тұра қалыпты. Патша мұны өзінің күзетшісі екен деп: «Жаңа бір түс көрдім, жолбарыс келіп, есігімдегі күзетшімді алып ұрып, өзіме қарай жүгіргенде, қорқып оянып кеттім», – дейді. Сонда жігіт: «Тақсыр! Бұрынғының мақалы бар: «Түсіңде қорықсаң, оянғанда қуанасың» – деген, сізге құдай қуаныш береді екен», – дейді. Бұған патшаның көңілі хош болып, қайтадан ұйықтап қалады. Патша ұйықтаған соң жігіт патшаны буындырып өлтіреді де алтынын алып кетеді. Тазша осы сөзді айтып болып, қыз патшадан:
— Тақсыр, осы екеуінің қайсысы батыр, – деп сұрапты. Қыз патша үндемеген соң, тазша:
— Мұның төрелігі сізге қиын болғанымен, маған оңай. Өйткені мен ата-бабамнан бері қарай төрелік етемін: тапа-талтүсте базарда барша адам жүрген уақытта байдың қойнынан алтынды алып, орнына тас салып кеткен жігіт, түнде патша сарайына түскен жігіттен анағұрлым батыр деп есеп қыламын, – депті.
Сонда қыз патша басын көтеріп алып:
— Ақымақ болмасаң, екі күзетшісін байлап тастап, патшаның түсін жорып, ұйықтатып, онымен қоймай, патшаны буындырып өлтіріп, алтынын алып кеткен жігіттен ешкімнің ерлігі озбайды, – депті, басын үшінші рет көтеріп.
Сонан соң қыз патша осы басын үш көтерткен тазшаға тиіп, тазша мұратына жеткен екен.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: