Қырық өтірік — Мұхтар Әуезов — Ертегілер — Bilim
Бар екен де жоқ екен, аш екен де тоқ екен. Ерте, ерте, ертеде, ертегі еткен заманда, халықты хан билепті, халық ханнан зар илепті. Хан бүлік бопты, хан еріксе халық ойыншық болыпты… Нақ осы айтқанның өзіндей заң, ұстараның жүзіндей хан, қаны тасып еріккен хан, шарап ішіп желіккен хан — халқына жар шақырыпты.
— Кім де кім алдыма келіп кідірмей, мүдірмей, қырық өтірік әңгіме құрастырып айтып өтсе және артынан қырық ауыз өтірік өлең айтса, сол адамның төбесінен төмен қарай алтын құямын, бүкіл өміріне жететін байлықты мал-мүлкімнен бөліп беремін. Жаңылмаса, қызымды беріп, күйеу қып, қасыма уәзір етіп отырғызамын. Бірақ сондай сертім бар: егер әңгімесінің я өлеңінің ішіне бір ауыз да болса рас сөз қосылса, тоқтаусыз дарға тартқызамын! — депті.
Ханның бұл хабары ел арасына тарап, жұрттың құлағына тегіс тиген соң, «үмітсіз шайтан» әркімнің-ақ арқасы қозып, иегі қышиды. Не аузы аузына жұқпаған сәйгүлік шешендер, не ақындар ханның алтынынан үміттеніп: «ой, айтпай несі бар?» деп, ханның алдына барып, қиыстырып айта алмай, келістіріп сөйлей алмай, талайлар күнәсіз дарға тартылыпты.
Кейбіреулер даладан «айтамын-ақ» деп құлшынып келсе де, қаһарлы ханды, қанға боялып тұрғандарды көргенде ақылынан адасып, есінен танып, үрейі ұшып, түк айта алмай, сырттан қайтып кетіпті.
Сертін орындай алмай күнәсыздан-күнәсіз ханның ойыншығы болып дарға тартылып өлгендерден ханның сарайы қан сасыпты.
Жұрттың ең соңынан, кедейліктен әбден сіңірі шыққан, мойны ырғайдай, биті торғайдай, өмірінде қарны тойып ас ішіп, қабағы ашылып киім кимеген, ерні кезерген бір жас жетім бала келіпті. Есік алдында отырған жұрт:
— Жаным-ай! Жауқазындай жас бала көрінесің, сенен естияр не шешендер, не ділмарлар айтамын деп келіп, айта алмай, босқа өлгендердің есебі жоқ. Жарқыным, тумай жатып өмірден орын таппай, өлуге асығып жүрген не қылған баласың? Ізінше еліңе қайт! Тілімізді ала ғой, — деседі. Бірақ, бала көнбейді. Хан сарайына кіріп, ханның алдына келіп, алдиярлап бас иіп, тізе бүгеді. Сонда хан:
— Е, не арызың бар? — деп сұрайды.
— Тақсыр! Жарлығыңызды естіп, өтірік әңгіме айтқалы келіп тұрмын, — дейді. Хан миығынан күліп, мысқылдап, баланы көзіне ілмей:
— Үлкендердің қолынан келмеген, сенің қолыңнан қалай келсін, — дейді.
— Тақсыр! Сол көптен менің жаным ардақты ма? Айта алмасам, өз обалым өзіме, рұқсат етіңіз, — дейді.
— Ал, ендеше, сөйлей ғой, — дейді хан. Жетім бала сөйлеп ала жөнеледі.
— Тақсыр! Әкемнің белінде, шешемнің құрсағында жүрген кезімде, әкемнің әкесінің жылқыларын он бес жыл бағыппын. Алған ақыма өзіме қалың беріп, қатын алыппын, бесті-алтылы бала сүюлімін, сол қатынымнан туған балаларымның қолындағы кенжесі, осы уақытта жиырманың бесеуінде; өзімнен он жас үлкен.
Жаздың сарша тамызында, бір қайнап тұрған ыстық күні жылқымды суарайын деп, құрық үстіне құрық салып жау тигендей қуалап жөнелдім. Айдын шалқар бір құдыққа келсем, тақсыр-ай, күннің ыстығын сонан білерсіз, құдықтың суы қалыңдығы кісі бойы, қол ұсыным мұз болып қатып қалыпты. Жалма-жан суат оя қояйын деп ат үстінде тұрып балтамен олай шапқыладым — ойылмады, бұлай шапқыладым — ойылмады, балтамның жүзі жапырылып қалды; балтамды қойныма салып қойып, сүйменімді қолыма алып, олай түйгіштедім, бұлай түйгіштедім, болмады — сүйменім майысып қалды.
Енді не қыламын деп дағдарып тұр едім, бір амал ойыма түсе қалды: дереу кеңірдегімнен ұстап, басымды кеудемнен жұлып алып, шекеммен ақырын ғана мұзды бір нұқып қойып едім, тақсыр-ай, бірі өтірік болмасын, мың жылқым қатар тұрып су ішетін суат ойылды да қалды!
Онан соң, жылқыларымды көк мұзды жарып шыққан сары балауса мен көк жоңышқаға матап салып, санамай, түстемей түгендегенінде, алты құлаш ала биеден туған, жеті құлаш жирен құлыным жылқының ішінде де, сыртында да жоқ болып шықты; ұры алғанын да білмедім, пері алғанын да білмедім, әрі-бері қарап тауып ала қояйын деп жалма-жан құрығымды мұзға шанша салып, басына шығып, төңірекке көз жіберіп едім, көрінбеді. Құрығым аласа болған шығар деп, құрықтың басына пышағымды шаншып, оған шығып қарап едім, тағы көрінбеді. Пышағымның басына қынымды шаншып, оған шығып қарап едім, онда да көрінбеді, көңілім әлі де биіктетуде болып, қамшымды шаншып, тағы биіктеттім, оған да шығып қарап едім, жау алғыр тағы көрінбеді. «Енді не жалғаймын?» деп көзімді жұмып, ойға қалып тұрғанымда қалт есіме түсе қалды. Тілімнің астына салып жүрген тебен инем бар екен, қуанғанымнан соны ада салып, қамшымның басына шаншып және шығып, көзімді адырайтып қарап едім — тағы көре алмадым. Әбден дағдарған соң құрығымнан «апырмай, енді не жалғайын, ақылың болса айтшы» деп ақыл сұрадым. Ол ант ұрғанның жатып тұрып өзімді сөккені ғой, сөккенде не дейді? «Ит болмасаң, айналып жерге қарай бергенше, көзіңді шарт жұмып, аспан жаққа қарасаң болмас па еді?» деген ғой. «Ойбай-ау, аспанды бұлт басып тұрғанын көрмейсің бе?» деп едім, онан жаман балағаттап: «Ант ұрған-ау, қолың жоқ па еді? Бұлттың әрісін әрі, берісін бері серпіп берсең болмас па еді?» деді.
Ойлап тұрсам, оның сөзі де жон екен, дереу қолымды созып жіберіп бұлттың былайғысын былай, олайғысын олай сыпырып жібергенімде, күннің көзі жарқырап шайдай ашылды да қалды. Әбден мұралық беріп, көзімді шарт жұмып, аспанға қарағанымда: тамаша, мұнан артық не болсын? Темірқазықтың ар жағында, Шолпан жұлдызының бер жағында, Қап тауының етегінде манадан бері қарап таба алмай жүрген жирен құлыным, бір бәйтеректің бұлағына шығып құлындап, құлынын емізіп тұрғаны көзіме жарқ ете түсті. Қатыным ұл тапқандай қуанып, құрығымның басында тұрып секіре беріппін. Бірақ екі арамыз теңіз екен, жалма-жан құрығымды қайық қылып, пышағымды ескек қылып сол теңізге түсе қалып едім, шым батып барамын, дереу пышағымды қайық қылып, құрығымды ескек қылып түсе қалғанымда, кірпік қаққанша сыр етіп теңізден өте шықтым.
Жирен құлынға міне салып, жас құлынды алдыма өңгеріп қайтадан теңізге түсе қалғанымда, шым батып барамын; дереу жас құлынға мініп, енесін алдыма өңгеріп, түсе қалғанымда: жануардың сушылы-ай, көзді ашып жұмғанша теңіздің бетімен де емес, түбімен де емес, ортасымен де емес, сыр етіп өте шықтым.
Жылқыға келген соң, жүріс алған неме тағы бошалап кетіп әуре қылып жүре ме деп енесін құлынына, құлынды айғырдың құйрығына байлап, жылқыға қоспай далаға айдап қоя бердім.
Бір уақытта айдын мұздың үстіне қарап тұрсам, бітпеген қу тобылғының түбінде тумаған бір ту қоян жатыр екен; жалма-жан садағымды алып, оғымның масақ жағымен атып едім, өтпеді; масақ жағын кіріске қойып, кер жағымен тартқанымда, жұлдыздай ағып өтті де кетті.
Асығып-үсігіп атымды бір қу қазыққа байлай салып, етегіме тезек тере бердім. Бір уақытта қарасам, атым өз-өзінен ер-тоқымын бауырына алып, тас-талқан болып үркіп, тулап жүр екен, етегімдегі тезегімді төге салып, атыма қарай жүрейін десем, сұмдық-ай, манадан бері тезек деп тергенімнің бәрі бөдене екен, пыр-пыр етіп, алды-алдына ұшты да кетті!
Манағы қу қазық деп атымды байлағаным аққудың мойыны екен; соның серіпкен қанатынан үркіп атымның тулап жүргені де сол екен. Атымды ұстап алып, манағы тебен инемді қазық қылып жерге қағып жіберіп, атымды соған байлап қойып «уһ» деп демімді алдым. Атып алған қоянымды сояйын десем, қынымда пышағым жоқ. «Апырым-ау, қайда қалды?» деп, ойға қалып тұрғанымда, үш күн, үш түнде барып есіме түсе қалды. Баяғы құрығымның басына шанышқан бойымен сонда ұмытылып қалған екен. Соған қайта баруға еріндім де, күрек тісімнің біреуін суырып алып, сонымен соя бердім. Қашаннан өзімнің мал сойғыштығыма салып жеде-қабылдап, қоянды үш күнде сойып болдым; оның етін қақтап, тұздап, енді майын ерітіп алайын деп бір бүтін қазанға салып, еріткенімде менің сорыма май ағып тұрмады. Бүтін қазанды тастай салып, бір тесік қазанға салып едім, тақсыр-ай, мұндай қызықты көріп пе едіңіз, бір тамшы тамбай тұра қалды!
Еріген майды ыдысқа қотарғанымда бір түйе қарнына, бір өгіз қарнына, бір борсық қарнына әрең-әрең сыйғыздым.
«Бұл титтей май менің қай күніме жарайды? Онан да етігімді майлап алғаным олжа шығар» деп, бас салып майлағанымда, бір етігімнің жұлығына зорға жетті. Қонышына жетпеді. Анау етігім мүлдем ауыз тиместен қалды. «Ер еңбегіне бір тойсын» деген сөз бар еді-ау деп, қоянның бір кесек етін қолыммен әрі-бері күн көзіне ұстап пісіріп, аузыма салайын деп апарғанымда, сұмдық-ай, аузым орнында жоқ, жүрегім мұздай болып, «апырым-ай, аузым қайда?» деп, қайта-қайта бетімді сипаласам: аузым жоқ дегенім ойыншық екен, солайымен басым да жоқ екен. Тақсыр-ай, сондағы қорыққаным өлі күнге дейін есімнен кетпейді.
«Апырым-ай, бассыз қалай күн керемін?» деп, алақанымды маңдайыма қойып, ойға батып тұрғанымда, біреу иығымнан тартып: «Әке, мынау басты танисың ба?» деді. Байқап қарасам, өзімнің басым, тауып әкеліп тұрған езімнің балам. «Шырағым, мұны қайдан таптың?» деп сұрағанымда: «Суат ойған жерінде жатыр екен, сенің басың екенін танып әкелдім» деді. Тақсыр-ай, сондағы қуанғаным әлі есімнен кеткен жоқ! «Кеп жаса! Бай бол! Үбірлі-шүбірлі бол!» деп, балама бата беріп алғыс айттым.
Көптен ұйқы көрмей, сергелдең болып жүрген байғұс басым, сол мезгілде ұйқы қыстап қалғандаймын ба? Мұздан төсек, қардан жамылғы қылып жата қалсам, төсектің жылылығына бұйығып өлген адамдай ұйықтаппын да қалыппын. Түн ортасы болған кезде бір нәрсенің сарт-сұрт келген дыбысынан шошып ояндым, қарасам, екі етігім жұдырықтасып, қызыл ала қан болып төбелесіп жатыр. «Батыр-ау, бұларың қалай?» деп сұрағанымда, май жағылмаған етігім жыламсырап: «Қайтейін, май біткеннің бәрін анау жалмауызың ішіп қойды, маған ауыз да тигізген жоқ» деді. Екінші етігім анау етігіме тап беріп: «Өзіңнің кем несібелілігіңнен көрмей, майдың жетпегенін менен көргенің сасқаның ба?» деді. Ашуының әбден келгені емес пе? Маңдайларынан бір-бір шертіп, екеуін екі жағыма қойып жата бердім.
Таң атқан соң, қарасам, көзін ашпағыр, май жағылмаған етігім өкпелеп түнде қашыпты да кетіпті. «Алда жүгірмек-ай!» деп, екі аяғымды бір етікке тығып алып, ізіне түсіп қуа бердім.
Айдан айлар жүрдім; зорығып астымдағы атым өлді, жылдан жылдар жүрдім; етігімнің күйігінен іші жанып, үйімде қатыным өлді. Бір күндерде өгіздің желкесіндегі жауырына қауын егіп, пісіріп отырған бір егіншіге кез келдім. Егінші бишара бір піскен қауынды алдыма қойып: «Жарқыным, пышағың бар екен, өзің жарып жей ғой» деді. Кездігімді суырып алып, қауынға салып қалғанымда, шіркіннің жетесі босап жүр екен, теміртегі суырылып, қауынның ішіне түсті де кетті… «Қап, жолым қырсығып жүрген бейбақ едім, бұ да соның салдары ғой» дедім де, «бала күннен бірге өсіп, біте қайнаған замандасым еді, қалай көзім қиып тастап кетейін» деп, қауынның ішіне сүңгіп кірдім де кеттім. Ал, ізде, тау да қалмады, тас та қалмады, тоғай да қалмады, апта болды-ау дегенде маған ұсап жоқ қарап, сандалып жүрген бір жоқшыға кез болдым. Жоғымның түсін-түгін, ен-таңбасын айтып сұрап едім, құдай соққан неменің «тпу» деп былш еткізіп бетіме түкіріп жібергені ғой. «Ау! Жының бар ма? Heге түкіресің? Мен жоқ сұрап тұрмын ғой!» дедім. О да бір шытынаған неме екен, менен қалыспады; ақырындап «жынды демей не дейін, мен бір айдан бері әлденеше атымды зорықтырып, бір айғыр үйір қысырағымды таба алмай жүргенімде, сен төрт еліге толмайтын теміртекті іздейсің» дегені. Мұның бұл сөзіне шыдай алмай, сол жерде жаттым да төбелестім, қан болмаған жеріміз, жұлынбаған сақалымыз қалмады, ақырында оның да, менің де сілеміз құрып, шаршаған соң екеуміз де төбелесті қойдық, бір-бірімізден насыбай атысып, жөн-жөнімізге кете бердік.
Бір күндерде ұлы жиын ас беріп жатқан қалың елдің үстінен шықтым. «Жақсы болды ғой, осы жиыннан етігіме де, кездігіме де сұрау салайыншы» деп, жер ошақты жағалап келе жатқанда, аста табақ тартып жүрген бозбалалардың арасында табақ көтеріп, баяғы қашқан етігім жүр. Анадайдан көзіме оттай басылды, қатыным бөпе тапқандай қуанып секіре беріппін. Етігімнің де көзі мені шалып қалып, ұялғанынан қып-қызыл болып, қолындағы көтерген әйдік табақ қазы-қарта, жал-жаяны әкеліп: «Кешегі маған жағуға қимаған майың осы ма еді?» деп, алдыма сарт еткізіп қоя салды.
Пай, пай! Тақсыр-ай! Сондағы ұялғаным өмірімде есімнен кетер емес. Мінекей, тақсыр! Туғаннан бергі жердегі басымнан өткен істер осы, — деп бала әңгімесін бітірді.
Баланың қиыстырып, бір ауыз да рас сөз араластырмай айтып, сүрінбегеніне хан таң қалып, дегенін істепті.