Құланай жарқын

0
79

Баяғыда бір кемпір мен шал болыпты. Кемпір тамаққа тоюды білмейтін мешкей болады. Бұлардың қу торы биесі күніге бір құлын туады екен. Сол құлынды жалмауыз кемпір күнде жеп қояды. Тіпті бір күні жаңағы биені жегісі келіп, шалына: «Осы биенің есімі жоқ, сойып алайық», – дейді. Торы биенің досы – осы үйдің бір тазысы болады. Жаңағы шал осы тазыны торы биеге жібереді. Тазы биеге келіп жылайды: «Енді екеуіміз дос бола алмаймыз. Сені соятын болды. Мені саған жіберді», – дейді. Торы бие: «Сол ма сенің келгенің? Оған қиналма, менімен шын дос болсаң, мені союға апарып, «арқан әкел» дегенде, үзілетін әлсіз жіп әкел, «пышақ әкел» дегенде, өтпейтін пышақ әкел, ал өзің менің құйрығымнан тартып тұр», – дейді. Тазы торы биені шал-кемпірге әкеліп береді. Торы биені құбылаға қаратып жығып, тазының әкелген жібімен аяғын буып, тазыға торы биенің құйрығын ұстатып қояды, шал өтпейтін пышақпен бауыздайын деп жатқанда, торы бие мен тазы аққу болып ұшып кетеді. Бір жерлерге келіп «аққулар» қонады да баяғы қалыптарымен біреуі тазы, біреуі торы бие болып, дос болумен жүре береді. Торы бие күніге бір құлын туып, жылқы көбейе береді. Бұларды қасқырлардан, жыртқыш аңдардан қорғаушы тазы болады. Жылқылардың саны көбейген сайын тазының ісі қиындап, бір күні торы биеге келіп: «Енді маған адам тауып бер», – деп жалынады. Торы бие: «Ол үшін сен адамның басқан ізінен бес уыс топырақ әкеп бер, сонда саған адам тауып берейін», – дейді.       Айтқанындай, тазы адам басқан жерден бес уыс топырақ әкеледі. Торы бие бұған адам тауып береді. Бұның атын Құланайжарқын қояды. Құланайжарқын аса мерген, сондай батыр болады. Ол жүрген жерге ешкім келе алмайды. Жылқыны тазы екеуі қорғап жүреді. Бір күні бұлар далада жүргенде, бір үйдің үстінен шығады. Бұл үйдің ішінде үш қыз отырады. Жаңағы үш қыз Құланайжарқыннан қорқады. Құланайжарқын бұларды өлтірмекші болады, бірақ жаңағы үш қыз жылап қоя береді. «Сіздердің астарыңызды пісіріп жүретін болайық», – деп жалынады. Құланайжарқын бұған келіседі. Құланайжарқын аң атып, әрі жылқыларын бағып жүре берді. Бір күні қыздар ойнап жүргенде, қазанның астындағы от сөніп қалады. Енді бұлар қорқып, үйдің үстіне шығып тұрса, бір түтін алыстан шұбатылып көрінеді. Бұған үш қыз жүгіріп барады. Келсе, жаңағы от мыстан кемпірдің оты болып шығады. Қыздар от алып үйлеріне келіп, Құланайжарқынның алдынан ас пісіріп қояды. Қыздар енді оты таусылып қалса, мыстан кемпірдің үйіне келіп тұрады. Мыстан кемпір мен қыздардың үйінің арасына тас жол салынады. Мыстан кемпір күнде қыздарға келіп, басын қаратып тұрады. Басын қыздардың тізесіне салып, қанын сорып алады да үйіне кетеді. Бір күні Құланайжарқын қыздарға: «Сендер неге жүдеусіңдер, әлде менен қорқып ас ішпейсіңдер ме?», – дейді. Қыздар: «Мыстан кемпір келіп, күнде біздің қанымызды сорып алады», – деп жауап қайтарады. «Олай болса, мен осында бүгінше қалайын, сендер айтпаңдар, мыстан келіп: «батырдың иісі шығып тұр ғой» десе, сендер жаңа кетіп едіңдер және үйде көйлегі тұр деңдер», – дейді. Құланайжарқын кілемнің астына жасырынып қалады. Күндегі мезгілінде мыстан кемпір келеді де: «Үйден батырдың иісі шығып тұр, кірмеймін», – деп дауыстайды. Қыздар Құланайжарқынның айтқанын айтады. Мыстан үйге келіп отыра бергенде, Құланайжарқын шығып, мыстан кемпірді буып тастайды. Өзі ертесіне аңға шығып кетеді. Жаңағы мыстан кемпір қолы байлаулы үйде қалады. Қыздар қасында тұрып, мыстан кемпірге сылқ-сылқ күледі. Біреуі абайламай жүріп, мыстанның қасына отыра қалады. Мыстан кемпір оны аяғымен теуіп өлтіреді. Екіншісін де сүйтеді. Үшіншісі қорыққанынан мыстан кемпірдің қолын шешіп жібереді. Жаңағы қызды ертіп алып, мекеніне қарай тайып отырады. Құланайжарқын келгенде, осындай жағдай болған еді, бұған таң қалады. Манағы мыстан кемпірдің екі қызды өлтіріп кеткенін, енді біреуін алып кеткенін біледі. Құланайжарқын бір қыздың киімін киіп, тас жолменен мыстанға барады да: «Мен де қызың, Құланайжарқын қорлық көрсетті, енді саған келдім, шешеке!» – дейді. Мыстан кемпір бұған сеніп, үйіне кіргізеді. Бір күні Құланайжарқынға басын қаратады. Мыстан кемпірдің басын Құланайжарқын жарып өлтіреді. Құланайжарқын қызбенен бұрынғы мекеніне келеді. Екеуі қосылып, бай болып, барша мұратына жетеді.