Қазақша ертегі: Түлкі мен қырғауыл – Ертегілер – Bilim

0
165

Бір түлкі қалың ағашты аралап келе жатып, ағаштың басында отырған қырғауылды көреді де жақындап келіп:

         — Сәлеметсіз бе, қырғауылым, халің қалай? – дейді.

         Қырғауыл:

         — Жақсы, өзің қалай тұрасың? – дейді.

         Түлкі:

         — Жерге түсіп, сөйлессеңіз қайтеді, бір құлағым естімеуші еді? – дейді.

         Қырғауыл:

         — Жерге түсуге қорқамын, жерде әр түрлі аңдар бар, бізді жеп қоюы мүмкін, – дейді.

         Түлкі:

         — Әй, достым, қазір заман бұрынғы заман емес, жаңа ғана келдім, бұйрық шығыпты, біреуге біреу зорлық қылмасқа, қой мен қасқыр бірге жүрсін, түлкі мен тауық бірге жүрсін деген, – дейді.

         Қырғауыл:

         — Жақсы хабарыңыз бар екен, рақмет, достым! Мына жақтан бір иттер келе жатыр, оларға да хабарыңызды айтыңыз, есітсін, – дейді. Ит деген сөзді естіген соң, түлкі алды-артына қарамастан қаша жөнеледі.

         Қырғауыл:

         — Қайда барасың, түлкім, бұйрықты ұмытып кеттің бе? – дейді.

         Түлкі:

         — Кім біледі, бұйрықты ол естімеген шығар, – дейді міңгірлеп.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: