Қазақша ертегі: Қарға баласын «аппағым» дер, кірпі баласын «жұмсағым» дер — Ертегілер — Bilim

0

Сүлеймен деген патша кірпі мен қарғаға былай деп бұйрық береді:

         — Сен, қарға, бір күнде жер дүниені аралап, бір жақсы сайрайтын құс тап. Ол құсты менің бас жағыма әкеп отырғыз. Таң атқанда, ол құс мені сайраған даусымен оятсын. Ал, сен, кірпі, барып жердің жүзін тінтіп, бір жұмсақ нәрсе тап. Ол нәрсені әкеліп, дәл менің жастығымның үстіне, бетіме тақау қой. Құстың сайрағанымен оянған кезімде, бетім сол жұмсақ нәрсеге тисін!

         Қарға дамыл таппай, көп жерді аралап, көп құстың сайрағанын естиді. Бірақ бұған бір де бір құстың сайрағаны ұнамайды. Мұның ойлауынша бұлбұл және басқа құстар жаман сайрайтын болып көрінеді. Даусы жақсы құс таба алмай, қарға сорлы қайғырады. «Енді маған өлім келді ғой!» – деп, таң мезгілінде шаршап-шалдыққан қарға ұясына қайтады. Анасын көрген соң балапандары қарқылдай бастайды. Бұлардың қарқылдағаны қарғаға сондай әдемі, сондай нәзік көрінеді. Бұлардың қасында бұлбұл және басқа құстар әлдеқайда жаман сайрайтын боп көрінеді. Қарға қуанып, балапандарын Сүлейменге әкеліп, бас жағынан ұя салып, соған отырғызады.

         Кірпі де дамыл таппай, жердің жүзін кезіп, жұмсақ нәрсе іздейді, бірақ еш жерден таба алмайды. Бұл да жалығып, арып-ашып үңгіріне қайтып келеді. Анасын көрген соң, балалары алдынан шығып, құшақтайды. Кірпі де құшақтайды. Кірпіге балаларының денесі сондай жұмсақ боп сезіледі. Сонда ол жер бетінде менің балаларымнан жұмсақ еш нәрсе болмас деп ойлайды да балаларын Сүлейменнің сарайына алып барып, жастығының үстіне жатқызып қояды.

         Таң атады. Қарғаның балапандары қарқылдай бастайды. Сүлеймен оянып, оларға қарай бергенде, мұның бетіне кірпі балаларының түрпі тікендері қадала кетеді. Қараса, қарғаның балапандары мен кірпінің балалары екен.

         Сүлеймен ашуланып, қарға мен кірпіні шақыртып алып, жендеттеріне бұлардың басын кесуге бұйырады.

         Жазалы болған қарға мен кірпі:

         — Дат, тақсыр! – дейді.

         Сүлеймен:

         — Айт датыңды! – дейді.

         Жазалы екеуі өздері істеген істің бәрін бастан-аяқ баян етеді. Сонан соң Сүлеймен:

         — Әркімге өзінің баласынан артық көретіні жоқ екен ғой. Баласы өзіне балдан тәтті, оттан ыстық, күннен жарық, мамықтан да жұмсақ екен ғой, – деп қарға мен кірпіні жазадан босатып жіберіпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: