Қазақша ертегі: Кептер мен қарға — Ертегілер — Bilim

0

Бір кептер үлкен қайыңның салалы бұтағындағы қалың көк жапырақтардың арасында бейқам отыр екен, ентіге жалпылдап, жоғарғы жағындағы бұтаққа монтық қара қарға келіп қоныпты. Содан кейін мойнын бір жоғары, бір төмен созғылап, өңешін қырнай қарқылдай бастайды. Қарғаның барқылдақ даусынан кептердің құлағы бітіп, басы зеңіп, мазасы кетеді. Сонда да өзі білер деп, үндемей шыдап бағады. Бірақ қара қарға қарқылдауын тоқтатпайды. Денесі түршігіп, берекесі қашқан кептер:

          — Оу, қарға, таң атқалы балапандарыма жем тасып, әбден шаршап, мына қайыңның саясына аздап демалайын деп отыр едім. Мүмкін болса, біраз қоя тұршы, мазаны алмай, – деп өтінеді.

          Өзінің әніне түсінбегеніне қарғаның қабағы түсіп кетеді. Тұмсығы сорайып, кілмие қарайды:

          — Ей, осылай шаршап отырғанда, көңіліңді көтерейін деп, әдейі сайрап отырған жоқпын ба?! – дейді.

          Кептер өз өтінішін ұқпаған қарғаға таңдана қарайды да әрі ұшып кетеді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: