Қазақша ертегі: Ханның тілсіз баласы — Ертегілер — Bilim
Бұрынғы заманда бір хан болыпты. Ол ханның жалғыз баласы болыпты. Баласының басқа шаруаға кемдігі жоқ, құлағы есітеді, көзі көреді, бірақ сөйлемейді, тілі жоқ. Хан жалғыз баласының тілі жоқтығына ішінен қайғырып, бір күні халқын жинап алып:
— Кімде-кім менің баламды сөйлетсе, мен сол кісіге өгіз тұлыппен алтын беремін. Жан-жаққа жар салып хабар шашты. Бір күні сол хабарды есітіп, бір қарт адам ханға келіпті. «Тақсыр хан, сенің шақырған хабарыңа келдім. Сен айтқан уағдаңда тұрсаң, мен балаңды сөйлетемін», – дейді. «Хан айтпайды, айтса айтқаннан қайтпайды деген қайда. Ханның сөзінде екілік болмайды. Баламды сөйлетсең, тағы да астыңа ат мінгізіп, үстіңе шапан кигіземін», – дейді. «Жақсы, олай болса, ел-жұртыңды жина. Мен айтатынымды сонда айтамын», – дейді. Хан: «Жақсы, болады», – деп, уәзірлерін, атарман, шабармандарын шақырып алып, жан-жаққа ат шаптыртып, халқын жияды. Хан халқын жинап алып:
— Мынау — менің қарт қонағым. Менің баламды сөйлетем дейді. Мен сендерді соның үшін жинап отырмын. Осы қарттың сөзін тыңдаңдар, – депті. Хан: «Қонағым, енді кезек сенікі, сен сөзінді бастай бер», – депті. Сонда қонақ сөз бастапты. «Хан, халқың тегіс жиылды ма, бір. Екінші, мырзаңды менің қасыма жақындатып әкеліп қой. Құлағы естиді дейсіңдер ғой. Сөйлемесе де есітіп отырсын», – депті. «Халық жиылды, мырза да сенің сөзіңді тыңдайын деп қарсыңа келіп отырды, қонағым, сөйле», – депті. Сонда қонақ қарттың сөйлеген сөзі:
— Бұрынғы уақытта бізден бұрын төрт ханның өмірі өткен екен. Бірінші ханның айшылық жерді алты аттайтын бір аты болыпты. Екінші ханның дүниенің жүзін тегіс көретін шар айнасы болыпты. Үшінші ханның дуагөй, өлгенді тірілтетін молдасы болыпты. Төртінші ханның бір айдан ару, сүттен сұлу, көрген кісі кете алмайтын, алдынан көлденең кесіп өте алмайтын бір сұлу қызы болыпты. Қатарындағы үщ хан да сол қызға ғашық болып, үшеуі де сұлу қызға жаушы жіберіпті. Хан қызын мына ханға берейік десе, ана ханнан қорқып, ана ханға берейін десе, мына ханнан қорқып, үш ханның елімен жау болатын болғасын, ешқайсысына бере алмай, хан қызын темір үйге салып бағыпты. Бір хан алып қашып кетсе, пәлеге қалам деп. Сөйтіп жүргенде ханның қызы жарық дүниеге шыға алмай, теңімен ойна,п күле алмай, бұл азапқа көне алмай, құса болып, сары ауру болып, өлер халге келіпті. Қыздың осындай халге келгенін қатарындағы үш хан да тексеру салып біліпті де отырыпты. Үш хан бірігіп, өздерінше уәде қылыпты. Осы қызды өлсе де біз алалық. Тірілтіп алып, үшеуіміздің біріміз алармыз деп, дүниежүзін көретін айнасы бар ханға тапсырып қойыпты. Айнасы бар хан бір күні қарап тұрса, қыз өлер халде жатқан, ана екі ханға хабар беріп айнаны, атты, молданы – үшеуін бір жерге қойыпты. Қыз өлген сағатында қызды барып тірілтіп алып кел деп. Бір уақта айнаға қарап тұрса, қыз өліп, ата-анасы оң жаққа салып жатқанын көреді. Айнамен көреді, айшылық жерді алты аттайтын атқа молда мінеді. Оң жаққа салып қойған қызға барып молда: «Хан тақсыр, мені сенің қызыңа ғашық үш хан жіберді. Мен қызынды тірілтемін. Үш ханның ортасына алып барамын. Үш хан өздері шуылдасып, біреуі алады. Сізге наразылығы жоқ анаған бер де, мынаған бер деген»,— дейді.
Сонда қыз әкесі хан айтады: «Шырағым, молдажан, бұл қыз бізден кетті, енді обал-сауап өзіңдікі. Не қылсаң да өзің біл», – дейді. Молдекең «жарар» деп, өліп жатқан қыздың басына барып, бір дұға оқып еді, қыз басын көтеріп: «Қатты ұйықтап кетіппін ғой», – деп түрегелді. Молдекең қызды киіндіріп алып, айшылық жерді алты аттайтын ала атқа мінгестіріп алып, үш ханның ортасына әкеп берді.
Молда қызды тірілтіп әкелген соң, үш хан біріне бірі қия алмай, даулы болып жатыр.
— Қане, жиылған халық, осы үш ханның қайсысы алуы тиіс, – деп ханның қонағы көпке сөз беріпті. Ханның қол астындағы жиналған көп халық біреуі: «Айна иесі хан алуға тиіс», – депті. Біреуі: «Ат иесі ханға тиіс», – депті, біреуі: «Молдасы бар ханға тиіс»,— депті. Көп халық жамырасып, сөзді бір жерге қоя алмапты. Ақыры ханның уәзірлеріне де салыпты. Олар да айырып айта алмапты. Ханның өзіне де кезек келіпті. Хан да айыра алмапты. Айнасыз көре алмайды, атсыз бара алмайды, молдасыз тірілте алмайды. Үшеуінің қайсысы алады деп халық та, уәзірлер мен хан да айта алмай, дағдарысып тұрғасын ханның тілсіз баласы:
— Мен айтайын, – деп орнынан ұшып түрегелді дейді. Сонда ханның баласының айтқан сөзі: «Айнамен көргеннен не пайда? Бір өлген кісіні көрді де қойды. Атымен барғаннан не пайда? Бір өлген кісіге барды. Бұл қызды өлгеннен тірілткен молда иесі хан алуға тиіс», – депті. Бұрын хан-қарасы сөйлете алмай тұрған мырзасы сөйлегеннен кейін, хан-қарасы шу ете түсіпті. Хан «баламның тілі шықты» деп, қол астын тегіс шақырып, той қылып, баласын сөйлеткен қарт қонағына өгіз тұлып алтынын беріп, ат, шапанын беріп жөнелтіпті. Хан бір күндерде баласын шақырып, сөйлесейін деп сөз сұраса, тағы сөйлемейді. Ананы жібереді сөйлемейді, мынаны жібереді сөйлемейді. Хан «түсім бе, өңім бе?» деп, тағы қайғыда болады. Тағы уәзірлеріне тапсырады. «Баламның сөйлегенін естіген кісіге ат басындай алтын беремін» — дейді. Ханның ат басындай алтынын аламын деп, ханның уәзірлері, құлдары ханның баласы қашан сөйлер екен деп сыртынан бағып та жүріпті. Бір күні ханның баласы отауында ұйықтап жатса, ерте, күн шығар-шықпаста үйдің үстінен екі қаз қаңқ-қаңқ етіп өте беріпті. Ханның тілі жоқ баласы өте мерген екен. Үйінде керегенің басында тұрған мылтығын алып, үйден жүгіріп шығып, ұшып бара жатқан қазды мылтықпен тартып қалғанда, қаздың біреуі жерге дүмп етіп түсіпті. Сонда ханның тілсіз баласы қазға айтыпты: «Үндемесең құтылып едің, үндеймін деп тұтылдың-ау», – депті. Ханның есік алдында қызмет қылып жүрген бір құлы есітіп қалады да ханға жүгіріп барып, «балаң сөйледі» деп, ханнан сүйінші сұрап, ханның ат басындай алтынын алыпты. Хан бір күндерде баласын тағы шақырып алып, сөйлесейін десе, баласы тағы сөйлемейді. «Өтірік сөйледі» деп, ат басындай алтын алған құлын шақырады. Хан шақырғасын амал бар ма, құлы ханға келеді.
— Қалай, құлым, менен өтірік айтып ат басындай алтынымды алдың. Тез әкеліп алтынымды орнына қой. Өзіңді дарға асып өлтіремін, жазаң сол, – дейді. «Я, болмаса, баламды алдыма әкеліп сөйлет», – дейді. Бұл байғұс ханнан қорыққанынан тұра жүгіріп, ханның баласына келеді. Ханның баласы құлдың сөзін тыңдамайды. Жөніне жүре береді. Құл не қыларын біле алмай, ханның алдына қайта келе алмайды. Хан уәзірлерін, жендеттерін шақырып алып, «ана менің пәлен деген құлымды әкеліп, дарға асып өлтіріңдер» деп, жендеттеріне әмір қылады.
Жендеттері айтқан құлын іздеп тауып алып, мойнына шынжыр салып, ханның дарына қарай сүйреп жөнеледі. Құлдың ойбайлаған даусын есітіп, ханның тілсіз баласы жендеттерге жүгіріп келіп, «мына құлды босат» деп ымдайды. Жендеттер оған болмағасын, «ханға мен де барамын» дейді. Жендеттер «мұнысы мақұл болар, хан алдына апаралық» дейді. Сонымен жендеттер ханның алдына құлды апарады. Артынан ханның баласы да келеді. Ханның баласы келіп, тағы құлды босат деп ымдайды. Оған да босатпайды. Ханның баласы не қылар екен деп тұрады.
Хан: «Барыңдар, дарға асып өлтіріңдер!» – деп, жендеттерге ақырады. Жендеттер сүйреп ала жөнеледі. Ханның баласы «тұра тұрыңдар, бұл жазықсыз» деп ұстай алады.
Ханның баласы ханның алдына келіп сөйлейді:
— Мен үйде жатқанымда, екі қаз қаңқ-қаңқ етіп ұшып бара жатқанын есітіп, үйден мылтығымды алып шығып, қаздың біреуін атын түсірдім. Сонда сөйлегенім рас. Үндемесең құтылып едің, үндеймін деп тұтылдың-ау дедім. Бұл құлдың айтқаны рас. Мұны босатыңдар, – деп, құлды босаттырады. «Және менің тілім бар, бірақ сөйлемеймін. «Басқа пәле тілден» деген, қаз үндемей құтылатын еді. Сол секілді сөйлесем мен де пәлеге қаламын деп сақтанып сөйлемеймін, – деп ханның баласы сөздің артын қысқартыпты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: