Қазақша ертегі: Бұл — не қылған батпан құйрық?… — Ертегілер — Bilim
Қарны ашқан қасқыр тамақ іздеп, арсалаңдап келе жатады. Сол кезде түлкі жолығады.
— Қасеке, жолың болсын! Қайда жортып барасың? – деп сұрайды түлкі жылмаңдап.
— Түкем, қарным ашты. Тамақ іздеп барамын.
— Қасеке-ай, менің де қарным ашып келе жатыр еді, өзің кездестің. Жолым болады екен. Бірге іздейік.
— Ал, түке, ендеше, баста, – дейді қасқыр.
Қасқыр мен түлкі жорта жөнеледі. Бір мезгілде төңкеріліп жатқан қойдың тегенедей құйрығына тап болады. Қуанғаннан қасқырдың екі көзі сексеуілдің шоғындай жайнап кетеді. Оп-оңай табыла қалған тамаққа таңырқап, түлкіден сұрайды:
— Түке, түке, бұл — не қылған батпан құйрық, тегіннен-тегін айдалада жатқан құйрық?!
Түлкі ойлаған боп, қипақтай жауап қайырды:
— Апырым-ай, қасеке-ай, бір алаңғасар базарға барған шығар. Арзан бағаға алған шығар. Қанжығасына бос байлап, содан түсіп қалған шығар.
— Ай, түке, сонда да мен осыныңнан қауіптеніп тұрмын.
— Қасеке, сен қауіптеніп, қорқатын болсаң, мен-ақ жей салайын, – деп, түлкі құйрыққа ұмтыла бергенде:
— Тоқта, тоқта! – деп, қасқыр арс ете қалады. Түлкі жалт беріп, құйрығын бұлғаңдатып, шоқиып отыра кетеді. Ашқарақ қасқыр былқылдақ құйрыққа ауызды салып кеп жібереді.
— Қасеке, мені де ескерсейші! Олжаға ортақ емеспіз бе? – деп, түлкі өтірік мүләйімсиді.
Қасқыр оған ала көзімен ажырая қарап, тісін ақситып:
— Был-жыр-рра-ма… – дейді де қойдың тегенедей құйрығын төрт-ақ асап, толғап-толғап, қылғи салады.
Қарны тойып, қарық болған қасқыр аузын кере қарыс ашып, ыңыранып, бір керіліп алады да жорта жөнеледі.
Іші біліп, мұртынан күліп, қасқырдың соңынан келе жатқан түлкі:
— Апыр-ай, қасеке-ай, әлгі май құйрықтан тым болмаса, бір асам дәм татырмадыңыз-ау, ә?! – деп, күңкілдейді.
— Түке-ау, мұрныңа майдың иісі барғаны да жетпей ме! – деп, қомағай көкжал қарқ-қарқ күледі.
Біраздан кейін қасқырдың көзі алақтап, тілі салақтап, жанын қоярға жер таппай, дөңбекшиді де қалады.
— Е-е… құйрық жейтін батырмысың, жан бергелі жатырмысың?! – деп, түлкі қу сықылықтай кеп күледі.
— Емің бар ма, түлкіжан-ау… Түкешім, аясаңшы ағаңды, – деуге қасқырдың тілі әрең келіпті.
У барған ішке су барса, тез өлтіретінін білетін түлкі:
— Удың емі су болады, қасеке. Су ішсең, жаның қалады, сәтін салса, – дейді.
Қасқыр бар қалған күшін жинап, суды тілімен жалап-жалап алады да қалпақтай ұшып түседі.
— Міне, саған батпан құйрық, айдалада тегіннен-тегін жатқан құйрық! – дейді де түлкі өз жөніне кете барады.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: