Қазақша ертегі: Әтеш пен тоты — Ертегілер — Bilim

0

Ерте, ерте, ертеде, ешкі құйрығы келтеде, аң мен құстардың ішіндегі ең әдемісі, сымбаттысы әтеш болыпты. Сондықтан ол өте тәкаппар екен. Жүріп-тұрса да маңғазданып, сылаңдай басады екен. Қоқыраяды да жүреді. Бірде-бір аңмен, не құспен сөйлеспейді. Жалғыз серігі тоты құс болыпты.

          Тоты байғұстың үстінде жібі түзу, жөнді киімі жоқ екен.

          Бір күні тоты құс әлгі кербез әтешке келіп:

          — Досым, мен бүгін қонаққа бармақ едім. Жөнді киімім де жоқ. Мына түріммен қалай барамын. Мені сенің досың деп білетін ел мазақтайды ғой. Маған үстіңдегі әдемі киіміңді бере тұршы, – деп, қиыла жалыныпты.

          Әтеш досының сөзіне сеніп, үстіндегі әдемі киімдерінің бәрін шешіп беріпті. Сөйтіп, тоты құс жасанып тұрып киініп алады. Қай мезгілде келетінін айтады.

          — Егер мен кешіксем, дауыстап шақыр. Келмей жатсам, тағы да шақыр, даусыңды естиін, – дейді.

          Сөйтіп, тоты құс әсем киініп тойға кетеді. Бірақ ол қайтып оралмайды. Әтеш оны естісін деп, үсті-үстіне шақырады. Ешқандай хабар болмайды.

          Содан күні бүгінге дейін әтеш тоты құс пен әдемі киімін іздеп, таң қылаң бергеннен күн батқанға дейін айқайлап шақыра береді екен.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: