Қазақша ертегі: Аш қасқырдың арманы — Ертегілер — Bilim
Шытынаған аяз. Қойлар жылы қорада бырт-бырт күйіс қайырып жатады. Сыртта маң төбеттер маңқ-маңқ үреді. Қорада күзет сақ. Аш қасқыр ауыл сыртын торуылдайды. Арлан бұл маңда қойдың барын сезеді. Сілекейі шұбырады. Сөйтіп ауылға жақын келеді. Мұны сезген төбет арс ете қалады. Қасқыр қаша жөнеледі. Жапан дала. Қасқыр әлдекімге мұң шаққандай, ұзақ ұлиды. Бірақ гулеген боранның гуілі одан басымырақ болады.
Бәрі тағы да жортуылға шығады. Таң атады. Ауылдан өрген қалың қой өріске беттейді. Қасқыр отардың алдын ториды. Сол кезде шопан атына қамшы басады да отардың алдыңғы жағына шығады.
— Қап! – деп өкінеді қасқыр. — Атты қойшы, ашуы қатты қойшы деген осы да!
Қасқыр енді бір жыраны жағалап, отардың екінші шетіне қарай ойысады. Қараса, қойдың соңында екі қойшы әңгімелесіп келе жатыр екен.
— Екі қойшы – ермек қойшы, бір тоқтысын бермек қойшы, – дейді де аузын арандай ашып, қойға тап береді. Үріккен қалың қой дүркіреп, кейін шегінеді. Екі қойшы қатар тұра қалып, қос ауыз мылтықтың шүріппесін басып-басып жібереді. Омақаcа құлап, бір аунап тұрған арлан ақсаңдай басып, аулақ қашып кетеді.
Қасқырдың қарны шұрылдайды. Тағы да жортуылға шығады. Тау қойнауындағы қаптаған малды көреді. Қараса, қой соңында өгіз мінген қойшы жүр екен.
— У-у-у!..– дейді арлан. — Өгізді қойшы – өлген қойшы, жеп болған соң көрген қойшы, – деп, тастардың тасасымен қойға тақап келеді. Өгіз қасқырдың иісін сезе қояды. Желкесін күжірейтіп:
— Мө-ө-ө!.. – деп, қойдың шетіне қарай өңкеңдей тұра ұмтылады.
Жолы болмаған көкжал бұл жерден де қайқаң етіп қаша жөнеледі.
Қасқыр қайғырып, мұңға батады. Өзінің бөрі болып жаралғанына налиды. Амал қанша, аш қарынды жұбату керек. Биік таудың басына шығып, ұзақ тың тыңдайды. Жан-жағына көз салады. Сонау ойдағы бір отардың соңында ойнап жүрген бала қойшыны көреді.
— У-у-у!..– дейді қасқыр аянышты үнмен ұлып. — Бала қойшы, аулақта ойнап қала қойшы!..
Бұл кезде қасқырдың іші бұрынғыдан бетер ұлып сала береді. Аш бөрі бетегеден биік, жусаннан аласа болып, жер бауырлап қойға жақындай береді, жақындай береді. Баланың көзі қырағы екен. Қасқырды көре салады да бар даусымен айқайға басады:
— Бөрібасар, Бөрібасар, айт, айт, айтақ! Сырттан, Сырттан, айт, айт, айтақ!
Баланың ащы даусынан елең ете қалған екі төбет ентелеп кеп, қасқырды тарпа бас салады. Аш қасқыр әлсіз екен. Екі ит адымын аштырмайды.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: