Қара жігіт — Ертегілер — Bilim

0

Қадым заманында, жайқын теңіздің қабағында, бір күшті ханның уалаяты тұрады екен. Бұл уалаятты Темір мырза деген ұлы хан билеп тұрады екен. Бұл бай жақсы, рақымды адам болмапты. Күндей күркіреп, халыққа атағы жайылып тұрыпты. Ханның қазынасында неше түрлі асыл тастар, неше түрлі ою-өрнек салған ыдыстар бар екен. Дүниеде мұнан бай адам болмапты. Барша халық мұның байлығына таң қалып, сәлемге келіп жүреді екен.

         Бұл ханның бір қымбатты дүниесі болыпты, оған бұл дүниенің қазынасы тең келмейтін. Ол қымбат дүние – оның Зайра деген қызы еді. Мұның сұлулығы ешбір адамда жоқ сұлулық. Оның шашына желдің самалы тимеген, ал қара көздеріне күннің сәулесі түспеген екен.

         Зайра кешке жақын бағының ішіне барып, гүлдің жақсы иісімен дем алу үшін серуенге шыққанда, гүлдер иіліп сәлемдескендей бүгілетін. Нешеме бекзат жігіттер қаншама ғашық болып, қара нәркес көздеріне көзі түскенде дәті кетіп, жанын пида қылар еді. Бірақ ханша бірде-бірін хош көріп, қаламапты. Ешкім батып ханшаның маңайына барып «Сені сүйемін» деп, айта алмайтын. Барша халықтар, мұның қол астына қараған бұқарасы еді. Оның бер жағында, ханшаның өзі де күйеуге тиемін  деп ойлаған жоқ. Ата-анасының қолында тұрғанын қуаныш ететін. Бұл туралы мырза Темір ханның ойына да келген емес еді. Мұнымен біраз заман өтті.

         Жыл сайын ханшаның туған күнін құттықтап, қуаныш етіп халық жинап, тамаша той қылады екен. Той болады деген күні халық қуанып жүрді. Хан мен оның қызының қайырлы дәурен сүруіне тілекті болды. Хан өзі тұрған шаһарда той күні халықты шақырып, ойын ойнатты. Ат шаптырып бәйге болды. Балуан күрестіріп, жігіттер өзінің өнерін көрсетіп, тамаша қылды. Бұл тамашаға хан мен ханша қыз өздері келіп қарап тұрды. Кімде-кім батырлығын көрсетсе, ол адамға: «Батырға» деп жазылған жазуы бар тостаған ханшаның өзі беріп тұрды. Өнер көрсетіп жүргендердің арасында бір жігіттің өнері асты. Бұ жігітке ханшаның көзі түсті. Бұл жігіт өзі сұлу, өзі сымбатты, қара арғымак мініп секіртіп, асылдан соққан қару-жарағын жарқылдатып асынған еді. Атын бәйгеге қосқанда алдымен келді. Мылтық атқанда, найзаласқанда – бәрінен өнерін асырды. Нешеме тосқауылдан атын мүдіртпестен секіртіп кеткен еді. Ешбір жігіт мұны қуып жете алмады.

         Перизат қыз бұл жігіттен көзін айырмай қарап тұрыпты. Ғашық оты жүрегінде тұтаныпты.

         Бұл батыр жігіт ханшаның қолынан бәйгеге тіккен сыйлықты алғалы жақындап келгенде, Зайра оған алтын тостағанды бергелі ұсынғанда, буыны құрып, түсіріп ала жаздапты.

         Тамаша біткен соң халық сұрапты: «Бұл батыр жігіт кім?» – деп. Оның кім екенін ешкім біле алмайды. Және оның қайда кеткенін ешкім айта алмайды. Мұнан соң халық оның атын Қара жігіт деп атапты. Ол жігіт жым-жырт болып кетіпті. Сонда да жігіт хан кызының көңілінен кетпей, жүрегі оттай күйіп-жанып, күн-түн ойлай беріпті. Бұл жігіт хан қызының түнде түсінен шықпай, күндіз көзіне елестеп тұратын болыпты. Күннен-күнге ғашықтығы артып, түс көрген сайын шерлі бола беріпті.

         Күндерде бір күн ханнан жаушы келеді. Зайраны ханның баласына айттырады. Хан қызына даяр бол, күйеуге беретін болдым, дейді.

         Қыз Қара жігітті ұмытпаған еді. Сондыктан күйеуге баруға көңілі жоқ, әлі де болса жүрегімнің қуанышы, ғашығым мені келіп алар деп, күдерін үзбеген еді.  Бұдан соң Зайра амал ойлайды.

         Неке қиятын күнін ұзаққа созбақшы болады. Сол себепті ханша ханның баласына – егер мені алам десе, теңіздің жағасына бір биік мұнара тұрғызсын, деп сөз салдырды.

         Ханның баласы бұл айтқанына ықтияр болып, мұнараны неше жылдай тұрғызып иждиһат етіпті.

         Ханның баласы мұнараны тұрғызып болған соң, Темір мырза ханға келіп: «Қызыңды бер», – деп қадалып сұрай бастапты.

         Ханның елі жиылып келіп той жасап, ханның қызы ханның баласына тимек болыпты. Содан кейін жастар сауық құрып теңіз жағасына барады. Зайра мұнараның басына шығады да: «Менің сүйген ғашығым Қара жігіт. Қош-аман бол!» – деп, күлімсіреп тұрып мұнараның басынан теңізге күмп етіп түсіп кеткен екен дейді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: