Момынбай мен жеті қарақшы — Ертегілер — Bilim
Ертеде өз еңбегімен дәулет құрған Момынбай деген кісі болған екен. Бұл Момынбай асқан жуас, өтірік сөйлемейтін, қарып-қасер, жетім-жесірге рақымды, жақсы адам екен. Сол елде сонымен қатар дүниені құртқан, ұрлық-қарлық, зұлымдықпен аты шығып, жеті қарақшы атанған бір жеті қу болған екен. Күндерде бір күн бұл қарақшылар өзді-өзі сөйлеседі: «Момынбай өз малын баққаннан басқа ешбір кәсіп қылмайды, сонда да оның дәулеті күннен-күнге арта береді. Біз қанша азаптанып, тырыссақ та дәулетіміз еш артпайды. Қой, не қылсақ та амалдап осы Момынбайды құртып, дәулетін олжа қылайық», – деседі. Осылай уәде байласып жөні келсе алдап, жөні келмесе ұрлап, екі-үш жылдың ішінде-ақ қарақшылар Момынбайдың азды-көпті дәулетін құртып, жоқ қылады.
Момынбай дәулеттен айырылып, кедей болған соң, оның бұрынғы дос-жоралары, ағайындары, бірге отырған көршілер мұны тастап, көшіп кетеді. Сөйтіп, Момынбай дәулетінен, ағайын-туған, дос-жораларынан айырылып, қара лашық үй тігіп, жалғыз үй қалады. Лашықтың іші толған жас бала, кемпірі болса ауру, мал атаулыдан қалған жалғыз-ақ көк есек.
Күндерде бір күн Момынбай көк есегіне мініп, жеті қарақшылардың аулына қарай жүреді. Ауылға жақындап келгенде, қалтасындағы үш-төрт күміс теңгелерін есегінің құйрығына қыстырады. Сонан соң ауылдың желкесінде, төбенің басында тамаша қылып отырған қарақшыларға келіп амандасады.
— Момынбай, мал басың аман ба? Жолың болсын! Қай жаққа барасың? – дейді қарақшылар.
— Шүкір, басым аман! «Малың аман ба?» деп несін сұрайсыңдар? Малдың бәрін өздерің жиып алдыңдар ғой! Міне, менің енді бала-шағама қорек қылатын да түк ауқатым болмаған соң, ел аралап, іс табылса еңбек етуге келе жатырмын, – дейді де қош айтысып, Момынбай жөніне жүре береді.
Былай шыға бере, қарақшыларға байқатпай, қолындағы бізбен есегін сауырға шаншып қалады. Біз жанына батқан соң есек құйрығын көтеріп қалғанда, баяғы күміс теңгелердің біреуі түсіп қалады, тағы бір теңге түседі. Сөйтіп, есектің құйрығындағы күміс теңгенің бәрі де жерге түсіп қалады. Момынбай байқамаған болып, артына қарамастан жүре береді. Қарақшылар есектен күміс теңге түскенін көріп, таң қалысып тұрады. «Бұл не ғажап іс, мұның мәнісін білу керек», – деп, ертеңіне бәрі аттанып, Момынбайдың үйіне келеді.
— Момынбай, кеше сен бізбен қош айтысып кете бергенде, есегіңнен күміс теңгелер құйылып қалды. Мұның мәнісі қалай? Жасырмай, расын айтшы, – дейді.
— Баяғы малымнан қалғаны – жалғыз осы көк есек. Осының арқасында үй ішім аш, жалаңаш болмай отыр. Бұл есектің қасиеті сол – сұлы жеген күні күміс теңге түседі, арпа жеген күні ділда түседі, – дейді. Қарақшылар мұны естіп, таң қалысып, шетке шығып кеңеседі: «Бұның сол жалғыз есегін ұрлап алғанымыз енді мақұл болмас, қанша болса да ақша беріп, бұл есекті сатып алайық. Берген ақшамызды тез-ақ өндіріп аламыз ғой!» – дейді.
— Момеке! Бұл есегіңізді бізге сат! – дейді.
Момынбай:
— Бала-шағам ауқат қылып тұрған жалғыз есегімді сатпаймын! – десе де қоймай, көп ділда беріп, есекті алып қарақшылар ауылына қайтады.
Ертеңіне есекті арпаға әбден тойғызып: «Мұның өнерін көрейік!» – деп, қарақшылар бәрі жиылып есекті жығады, төрт аяғын қатты қылып байлайды. «Есектен түскен алтын шашылмасын»,— деп, бір-екеуі қап тосып тұрады. Қалғандары қолдарына бір-бір ағаш тоқпақ алып, есектің ішін тоқпақтай бастайды; арпаға тойған есек тоқпактан өліп кетеді де, олар қабын ұстап үйіне қайтады. Момынбайдың алдағанын біліп, кек алу үшін, ертеңіне қарақшылар Момынбайдың үйіне қарай жүреді. Момынбай бұлардың келе жатқанын көреді. Есек сатып алған көп ділданың қалғанын қойдың ішегіне толтырады да, кемпірдің мойнына байлайды.
Қарақшылар үйге кіре бергенде, сен есіктің бір жағынан шыға қаш, мен қолыма пышақ алып, балағаттап, сені қуайын. Сен қашып барып, жығылған бол, мен сені пышақпен бауыздаған болармын. Мойныңдағы ішектен қан ағар. Сен қорылдап өлген бол да қал! Біраздан соң мен қара сыбызғымды тартып, сені жұлмалап: «Не қылып жатырсың? Тұр!» – деп басыңа тепкен болам. Сен: «Ой, қатты ұйқтап қалыппын ғой!» – деп ұшып тұра кел, – дейді.
Сол екі арада қарақшылар келіп, аттарын байлап, үйге кіре бергенде, кемпір есіктің екінші жағынан шыға қашады. Момынбай ашуланған болып, кемпірдің артынан қуа шығады. Кемпір қашып барып, жығылады. Момынбай артынан жетіп барып, қолындағы пышағымен жығылып жатқан кемпірді «бауыздап» жібереді, кемпірдің тамағынан қан ағып, қорылдап, өліп қалады. Момынбай үйге қайтып келіп, ашуланған болып отырады. Қарақшылар мұны көріп, Момынбаймен сөйлесуге бата алмайды. Біраздаң соң Момынбай ашуы тарқағандай болып, керегенің басында тұрған қара сыбызғыны алып, тартып-тартып, өліп жатқан кемпірді:
— Не қылып жатырсың? Тұр! – деп, басына тепкен болады.
Кемпір тіріліп:
— Ой, қатты ұйықтап кеткен екенмін ғой! – деп, ұшып тұра келеді.
Қарақшылар мұны көріп, таң қалысып:
— Момынбай, бұл не ғажап іс? – деп сұрайды.
— Мұнда ғажап іс жоқ. Бәрі мынау сыбызғының қасиеті. Әртүрлі күйді ойнап-ойнап, өлген кісінің басына тепсең, ұшып тұра келеді, – дейді ол.
Қарақшылар бүған таң қалысып:
— Момеке, осы сыбызғыңызды сатшы! – деп, жабысады.
— Ата-бабамнан мирас болып қалған жалғыз сыбызғыны да маған көпсіндіңдер ме? Сыбызғымды сатпаймын, – дейді Момынбай.
Қарақшылар жабысып, қоймайды. Ақырында, көп ділда беріп, сыбызғыны сатып алып, аулына қайтады. Үйлеріне келсе, бәрінің де әйелдері ауыл қыдырып кеткен екен. Бұлар әйелдеріне қатты ашуланып, барған жерлерінен тауып алып, бәрі де әйелдерін бауыздап тастайды. «Соңынан сыбызғы тартып, тірілтіп аламыз ғой!» – деп ойлайды. Біраздан соң біреуі сыбызғыны тартып-тартып келіп, әйелін басқа тебеді. Ол тұрмайды. Екіншісі келіп, әйелін басқа тебеді – тұрмайды. Үшіншісі келіп тебеді – о да тұрмайды. Сөйтіп, жетеуі де әйелін өлтіріп алады.
Момынбайдың тағы алдағанына көзі жетіп, қарақшылар ыза болып, Момынбайды тірі қоймауға бел байлайды.
Бұл екі арада Момынбай кемпіріне:
— Жеті қарақшыға мен де қолымнан келгенімді қылдым. Енді олар маған мейлінше өшікті, өш алмай қоймас. Мен азық-түлігімді, төсек-орнымды алып, анау үлкен жолдың үстіндегі қара молаға барып жатайын, кеш сайын үйге келіп жүрермін. Егер қарақшылар мені сұрап келсе, сен жылаған болып: «Үш-төрт күн болды, қаза жетіп, дүниеден қайтты. Моласы анау тұрған дегейсін», – деп, кемпірге үйретіп, Момынбай азық-түлігін, төсек-орнын алып, баяғы жол үстіндегі қара моланың ішіне кіріп жатады.
Мұнан соң бірнеше күн өткеннен кейін, қарақшылар Момынбайдың үйіне келсе, қара киіп, шашын жайып, бетін жыртып, дауыс салып, жылап отырған кемпірді көреді.
— Ей, бәйбіше, не болды? – деп сұрайды.
— Тәңірі әуелі жарлы қылды, еңбек етіп мал жиналды, одан сансыз малды, санаусыз қазынамды алды. Ақырында қойнымдағы байымды алды. Үш-төрт күн болды, қаза жетіп, шалым дүниеден қайтты. Моласы анау, үлкен жолдың үстіндегі қара мола, – дейді.
Мұны естіп, қарақшылар: «Қап, тірісінде өшімізді ала алмай қалдық-ау!» – деп көп өкініп, ауылдарына қайтады.
Бір күні жеті қарақшы бір керуенді талап, көп алтын, күміс олжа алып, үйлеріне қайтып келе жатып, нақ Момынбайдың моласына келеді. Қарақшылардың біреуі: «Мынау Момынбайдың моласына кіріп олжамызды бөліп алсақ қайтеді?» – дейді. Қасындағылары мұны мақұл көріп, бәрі де аттарынан түсіп, қап-қап алтын, күмісті алып, молаға кірсе, Момынбай төсекте жатыр екен. Бас жағында бір саба қымыз, табақ-табақ піскен ет тұр. Мұны көріп, қарақшылар: «Апырым-ай, мынау Момынбай, иманды болып, жұмаққа кірген екен! Қарашы, көрінен шығып, тірі кісідей жатқанын. Ет-қымыз дегенін мынау», – деп ойлайды. Таң қалысып тұрып, ақырында отырып олжаларын бөліседі. Алтын, күмісті жетіге бөліп үйіп, қойып: «Мына бөлімді мен аламын», – деп біреуі айтып: «Жоқ, мұны мен аламын!» – деп, екіншісі таласып, жақ-жақ болып жатқанда Момынбай:
— Ешқайсың да алмайсың, мұның бәрі де менікі! – деп, орнынан ұшып тұра келеді.
Мұны көріп, қарақшылардың есі шығып, моладан жүгіре-жүгіре шығып, аттарына мініп алып, алды-артына қарамастан ауылдарына қашады. Бұлар кеткен соң, Момынбай алтын, күмісті жиып алып, үйіне апарып береді. Қарақшылар ауылына келіп, естерін жиып алған соң:
— Бұл Момынбай тірісінде бізге қанша қорлық көрсетіп еді, енді өлгенде де тек жатпай, қанша олжамызды алып қалды. Мұнан қайтсек өшімізді аламыз? – деп кеңеседі.
Сонда біреуі тұрып:
— Ең болмаса моласын қорлайық! – дейді. Бәрі де мұны мақұл көріп, аттарына мініп. Момынбайдың моласына қарай жүреді. Момынбай бұлардың, не оймен келе жатқанын сезіп, моланың ішіне от жағып, бір істік темірді қыздырады да, қарақшының біреуі моланың басына шығып төбесіндегі тесікке таяп: «Мә, бәлем, саған!» – деп, құйрығын түріп, отыра бергенде, Момынбай қызарған істік темірді басып алады. Қарақшы зәресі кетіп, артын қолымен басып моладан тұра қашады.
Бірақ ол қасындағыларына құйрығына таңба басылғанын сездірмейді. Екінші қарақшы келіп, отыра бергенде, Момынбай оның да құйрығына ыстық темірді басып алады. Сөйтіп, өш алуға келген жеті қарақшы құйрықтарына таңба басқызып, ауылдарына қайтады.
Қарақшылар кеткен соң Момынбай нәрселерін жинап алып, үйіне келіп, баяғыдай шаруасын істеп тұра береді. «Момынбай өліп тіріліпті», – деген хабар тез-ақ елге жайылып, ақырында ханның құлағына тиіпті. Хан мұны естіп қайран қалып, Момынбайды шақыртып алады.
— Ай, Момынбай, сені өлді деп естіп едім! Сен қалайша тірілдің? – дейді.
— Тақсыр! Менің өлгенім рас еді, артымда жесір қатын, жетім балаларым, қанша малым, қазынам, жеті құлым қалып еді; сол құлдарым жетімдердің сөзін тыңдамай, зорлық-зомбылық көрсетіп, малдарын бөлісіп алып, қашып кетіпті. Жетімдер мұндай қорлық көріп жылаған соң, жасағанның сол жетімдерге рақымы түсіп, мен тірілдім, – дейді.
Хан мұны естіген соң таң қалып, құлдардың қылған ісіне қатты ашуланып:
— Момынбайым, сенің ол құлдарың осы күні қайда екенін білесің бе? – дейді.
— Білемін, тақсыр! – деп, баяғы жеті қарақшыны көрсетеді. Хан жасауыл жіберіп, жеті қарақшыны алғызып:
— Сендер жетімдерге неге зорлық қылдыңдар? – деп, қаһарлана бастайды.
— Тақсыр! Біз ешкімге зорлық қылғанымыз жоқ және ешқашан құл болған емеспіз, – деп, қарақшылар безектейді.
— Тақсыр! Мен жаңылсам, жаңылған шығармын. Менің құлдарымның таңбасы бар еді. Егер де бұларда таңба жоқ болса, бұлар менің құлым болмағаны, – дейді Момынбай.
— Сенің құлдарыңның таңбасы қай жерінде еді? – дейді хан.
— Менің құлдарымның істік темірмен салған құйрықтарында таңбасы бар, – дейді Момынбай. Хан дереу қарақшыларды шешіндіріп қараса, Момынбайдың айтқаны рас екен. Сонан соң хан жеті қарақшыны мал-жанымен Момынбайға бұйырып беріпті.
Сөйтіп, Момынбай дұшпандарын жеңіп, мақсатына жетіпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: