Молда мен сиқыршы әйел — Ертегілер — Bilim

0

Ертеде бір молда болыпты. Молданың бір оқыған сиқыршы әйелі болыпты. Әйелі үйінде тамақ ішпейді, молданы сиқырлап ұйықтатып тастайды да, өзі ылғи басқа бір жаққа барып қайтып жүреді.

Бір күні молда әйелін аңдиды. Тамақ дайындап беріп, әйелі үйден кетісімен молда жалма-жан киімін өзгертіп, қараңғы түнде әйелінің соңынан ереді де отырады. Әйел бір молаға барады. Моладан жаңа көмілген адамньң етін алып жейді. Мұны өз көзімен көрген молда әйелінен бұрын үйіне келіп жатып қалады. Артынан көп кешікпей әйелі де келіп жатады.

Таңсртең тұрып молда тамаққа отырғанда, әйел күндегісіндей тамақ жемей қарап отырады. Оған молда ашуланып:

— Менің тамағым саған өлген адамның етінен арам болды ма? – деп, әйелін қамшымен тартып-тартып жібереді.

Сонда әйелі көк кесеге су құйып алады да, байының үстіне шашып жіберіп, қолына бір көк шыбық алып: «Әй, ит болғыр», – деп, салып-салып қалады. Молда табанда сары ит болып шыға келеді. Қатын қолына көсеу алып, итті үйден қуып шығады. Қатын даладағы малайларына итті ұрып өлтіруге бұйырады. Ит қашып қақпадан шыға бергенде, құйрығы қақпаға ілініп, жұлынып қалып, сары шолақ ит болып жөніне кете береді. Ит бетімен қаңғып жүріп, малшыларға кез болады. Малшылардың қойларына қасқыр шауып, жылқыларын ұрылар алып маза бермейді екен. Малшылар сары шолақ итті асырап алады.

Сары шолақ ит келгелі қойлары қасқырдан, жылқылары ұрыдан аман болады. Сондықтан Сарышолақ қасиетті ит атанады.

Бір күні отарына бай келіп, Сарышолақ ит келгелі малдарының амандығын біледі. Иттің қасиетін байқау үшін бай Сарышолақты ауылына ертіп кетеді. Ауылда оған сойған малдың өкпесін тастап тұрады. Байдың ұрасынан жыл сайын алтын қазынасы ұрланып тұрады екен және бай кім ұрлағанын таба алмай жүреді екен. Бір күні сол ұраның жанына әлгі итті байлап қояды. Сарышолақ бірнеше күндей тапжылмай ұраны күзетеді. Бір күні түнде әуеден қап-қара бұлт болып, ұраға үш ұры түседі. Бірақ бұл жолы ұрылар еш нәрсе ала алмайды. Сарышолақ иттің бір қасиеті барын біліп, оны бұрыңғысынан да қадірлеп ұстайды. Итті күн суықта үйге жатқызатын болады. Бұл байдын бір бай досы бар екен. Ол ұл мен қызға зар екен. Өйткені бәйбіше қатыны жылына бір бала туса да, аспаннан бір қара бұлт келіп, көтеріп алып кетеді екен. Сол бай досының қолында бір байға қасиетті иті бар деп естіп, адам жіберіп, хат жазып, қолындағы итті уақытша бере тұруын сұрайды. Бай жанына адам қосып, итін мерзімді күнге беріп жібереді. Итті алып барса байдың бәйбішесі толғатып жатыр екен. Жағалай үй толы адам, қаптап отырған қатын-қалаш екен. Бай барлық адамды үйден шығарып, итті бәйбішенің жанына қояды. Бәйбіше толғатып, бала шырылдап туа бергенде шаңырақтан бір қара бұлт келіп төнеді. Ит арсылдап аспанға шапшып, бұлтты балаға жуытпайды. Бала аман қалады, бұлт көктен арылып, жұрт жинала бастайды, бала ұл болады.

Бай қуанып, ел жиып, ат шаптырып, үлкен той жасайды. Сарышолақты астына төрт қабат жібек көрпе төсеп, тойда бай мақтап отырады. Тойдан кейін бай Сарышолақ иттің мойнына қарғы тағып, ырғап-жырғап қоңыраулы пар атпен қайтарады. Иесіне сыйлық деп, бір айғыр үйір жылқы береді. Байдың Сарышолақ итінің қадірі бұрыңғысынан да артады. Бай оны өз жанына алып шалқиып жататын болады.

Сарышолақ иттің даңқы талай елге жайылады. Бір күндері тағы да бір бай арнаулы кісі жіберіп, байға өтініп, хат жазады. Итін бірер күнге беріп жіберуін сұрайды. Бұл байдың да алтын қазынасын жыл сайын «бұлт» ұрлайды екен. Бай итін қасына адам қосып, бұл байға да беріп жібереді. Ит барған түні байдың ұрасына ұры түсіп, ит оны аман алып қалады. Бұл бай да айғыр үйірлі жылқы мен бірнеше ділдә беріп, иттің мойнына алтын қарғы тағады.

Сонымен Сарышолақ итті бай жалғыз ұлындай жақсы көреді. Оған күн сайын қой сойып, қойдың бауырын беріп тұрады.

Күндердің күнінде байдың үйіне бір хан келіп қонақ болады. Бай қонаққа тоқты сойып, құйрық, бауырын итіне береді. Бай мақтанып итінің барлық қасиеттерін баян етеді. Сол арада хан ерегесіп: «Осы иттің қасиетін көрейін, ертең барлық қораңдағы қойыңды өріске шығар да осы итке бақтыр. Егер бір қойынды қасқырға тартқызса, итіңді алам, ал қойыңды кешкісін аман алып келсе, хандығымды беріп, итіңнің мойнына алтын қарғы байлаймын», – дейді.

Сөйтіп хан кетіп қалады.

Ертеңіне бай барлық қорадағы қойларын өріске шығарып, Сарышолақ итті бірге жібереді. Күн кешке айналған кезде, қойлардың шетіне ат мініп, ақ киім киген біреу шауып келеді де, атынан түсе қалады. Түсе қалады да, үлкен ақ қасқыр болып қойға шабады. Ит те қасқырға қарсы шабады. Екеуі айқаса кеткенде ит қасқырды талап, көзін ағызып, қойды айдап шығады. Қасқыр қансырап, жеңіліп, қойдың шетіне шығады да, адам болып атына мініп, қаша жөнеледі. Ит қойларды кешке аман-есен ауылға айдап келеді. Ит үйге кірсе, байдың төр алдында бір көзі таңулы әлгі хан отыр. Хан байға хандығын беріп, иттің мойнына алтын қарғы тағады. Сонымен енді иттің мойнында алтын қарғы үшеу болады. Иттің қадірі күннен күнге күшейіп, енді ханның барлық бақыты осы итке байланысты болады. Айыбы ит демесе, Сарышолақ адамнан қадірлі болады. Әттең тілі жоқ, сөйлей алмайды, әйтпесе барлық әңгімені адамша түсініп отырады. Баяғы қатынынан кек алғысы келіп, ызадан іші қазандай қайнайды. Кетейін десе хан жібермейді, қашып кетейін десе мойнындағы алтын қарғысымен жолда біреу ұстап ала ма деп қорқады. Өстіп жүріп ит өзінен-өзі жүдеп, ақыры ауырады, тамақ ішпейтін болады. Хан білетін жақсы балгер, емгерлердің бәрін алып қаратады, бірақ ит жазылмайды. Хан ауырлаған шығар деп мойнындағы қарғыларын алып тастайды.

Сол күні түнде Сарышолақ жұрт тегіс ұйықтаған кезде ел-жұртына қашып шығады. Бірнеше күн жол жүріп, ақыры ел-жұртына жетеді. Мұның келе жатқанын бал ашып, қатыны біліп, күні бұрын қамданып отырады. Ит есіктен кірген ыңғайда қатын көк кеседегі суды шашып жіберіп: «Ей, торғай болғыр», – деп көк шыбықпен тартып қалады. Сарышолақ ит баяғы ит қалпынан шырылдап торғай болып, ұша жөнеледі. Ұшып келе жатқанда қаршыға көріп қалып, қуып береді. Торғай жан ұшырып, шырылдап келе жатып, далада егін орып жүрген бір кемпірдің қойнына кіріп кетеді. Сөйтіп, өлдім-талдым дегенде торғайдың жаны қалады. Кемпірдің қасында жүрген екі баласы торғаймен ойнап мәз болып қалады. Торғай шырылдай берген соң кемпір көзіне қарап тұрады да, кесемен су шашып: «Ей, адам қалпына түскір», – деп шыбықпен тартып жібереді. Торғай адам болып шыға келеді. Кемпірге алғыс айтып, басынан өткен уақиғаларды айтып, баян қылады. Сол уақытта кемпір айтады:

— Сенің әйелің басында менен оқып еді, онан кейін ол барып жер астындағы қабір кірпісінен оқыған еді. Сені ол осындай ауыр азапқа түсірген екен, сен енді одан өшіңді аламын десең, мына кеседегі суды таза орамалмен жап та, көк шыбықты қолға ал. Әйелің тап осы күні моншада, ептеп есікті аш та көк кеседегі суды үстіне шашып жіберіп, шыбықпен тартып қал, содан кейін ол сен не десең, сол болады, – дейді.

Бұл жүгіріп кетеді. Келсе, дегендей әйелі моншаға түсіп жатыр екен. «Ат болғыр», – деп үстіне су шашып, шыбықпен тартып жібереді. Әйелі ат болып шыға келеді…

Сөйтіп, молда бір қызға үйленеді. Бұл қыз да сиқырлықты оқыған екен. Қыз молданы қасынан шығармайды. Үйін айналдыра биік берік қорған соқтырып, қақпасын күндіз-түні жапқызып қояды.

Бір күні қақпаға шұрқырап, кісінеп торы ат келеді. Бірақ келгенімен ішке кіре алмайды. Қорғанның сыртында тұрып қыз бен молданы дуалай бастайды, бірақ қыздың оқуы басым болып, торы аттың (қатынның) дуасы дарымайды. Сол арада торы ат қаршыға болып ұшып кетеді.

Қаршыға болып ұшып кеткенде, оқуын қыздан арттырып, молда мен қыз екеуінін басын жою үшін ол тіке баяғы оқыған жеріне тартады. Бірак қыздың дуасы оны жеріне жеткізбей орта жолдан кейін қайырып, тура үйіне келтіріп қондырады. Сөйтіп, қыз қатынды дуамен мәңгілік күң етіп есігінде ұстайды.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: