Майлықараша — Ертегілер — Bilim

0

Ертеде бір бай болған екен. Ол байдың үш баласы болған екен, үлкенінің аты Жандос, ортаншысының аты Табанақ, ең кішісінің аты Майлықараша екен. Майлықараша үш жасар екен. Бір күні екі ағасы мал табамыз деп, жолға шығады. Сонда Майлықараша:

         — Ей, ағалар, мен де бір барайын, – деді.

         Ағалары:

         — Жарайды, жүрсең жүр, – деді.

         Үшеуі әке-шешесімен қоштасып, жолға шықты. Жолда келе жатып бір үлкен тасқа келді. Сол тастың түбіне түнеді. Үшеуі жатарда Майлықараша:

         — Ағалар, мені орталарыңа жатқызыңдар, – деді. Екі ағасы орталарына алып жатады. Майлықараша бір ұйықтаса үш күн, үш түн ұйықтайды екен. Екі ағасы Майлықарашаны бір үйдей таспен бастырып кетеді.

         Майлықараша ұйқысы қанып, оянған соң, екі ағасының қастық қылып тастап кеткенін сезеді де тасты көтере-мөтере екі ағасының артынан келеді.

         — Бұл тасты не қыласың? – деді екі ағасы.

         — Шешемнің ұршығының басы жоқ еді, соған бас қыламын, – дейді Майлықараша. Екі ағасы тасты зорға тастатады.

         Тағы да келе жатып, бір теректің түбіне түнейді. Үшеуі бірге жатады. Майлықараша тағы да:

         — Ағалар, мен қорқамын, орталарыңа жатқыз, – деді. Ағалары орталарына жатқызады. Майлықарашаны ағалары енді терекке байлап кетеді. Үш күннен соң ұйқысы қанып оянған Майлықараша теректі сүйретіп ағаларының артынан келеді.

         — Бұл теректі не қыласың? – дейді ағалары.

         — Шешемнің ұршығының сабы жоқ еді, соған сап қыламын, – деді Майлықараша. Екі ағасы теректі шешіп тастайды.

         Бір жерлерге келгенде, Майлықараша бір күрке соқты. Күркенің ішіне құлан мен бұланның етін үйді. Сөйтіп екі ағасына: «Сендер осы етті жеп жата беріңдер, мен жер шолып келемін», – деп, жалғыз өзі жүріп кетті.

         Күнбатыс жақта үш алып бар екен, Майлықараша сол алыптарды іздеді. Бір уақытта оларға да жетті. Үш алыптың ең үлкенінің үйіне келді. Келсе, үйде бір сұлу әйел отыр. Ол айтты:

         — Ей, бейшара, байымның келетін уақыты болды, кішкене қымыз ішіп, тез шыға ғой! – деді.

         — Сабасымен бере тұрыңыз, өзім қанып ішейін! – деп, Майлықараша қымызды сарқып ішіп, сабасын қайтып берді. Әйел аң-таң.

         — Байыңның жолы қайсы? – деді Майлықараша.

         — Анау! – деді үрейі ұшқан әйел.

         Майлықараша әйел көрсеткен жолға келіп жатты. Батыр келе жатыр екен, Майлықараша тұрып айтты:

         — Атыспақ керек пе, алыспақ керек пе?

         — Атыспақ атаң басы деген, алыспақ керек, – деді алып.

Алыса кетіп еді, Майлықараша алыпты жерге алып ұрды, басын кесіп тастады.

         Енді ортаншысының үйіне келді де алыптың әйеліне айтты:

         — Байың қайда?

         Әйел айтты:

         — Аңға кетті.

         Майлықараша барып алыптың келетін жолына жатты. Келе жатқанын көріп, орнынан тұрып:

         — Атыспақ керек пе, алыспақ керек пе? – деді.

         — Атыспақ атаң басы деген, алыспақ керек, – деді ортаншы алып.

         Екеуі алыса кетіп еді, Майлықараша оны да алып ұрып, басын кесті.

         Енді үшіншісінің үйіне келді. Келсе, үйде бір айдай сұлу келіншек отыр.

         — Байың қайда? – деді Майлықараша. Келіншек:

         — Аңға кетті, – деп, байының келетін жолын көрсетті. Майлықараша келіп кіші алыптың жолына жатты. Алып келе жатқанда орнынан ұшып тұрып:

         — Атыспақ керек пе, алыспақ керек пе? – деді. Алып айтты:

         — Атыспақ атаңның басы деген, алыспақ керек. Екеуі үш күн, үш түн алысты. Майлықараша оны да алып ұрып, басын кесті.

         Үшеуінің үйін көтеріп алып келді. Үлкенінің үйі мен әйелін ағасына, ортаншысының үйі мен әйелін ортаншы ағасына, ең кішісінің үйі мен келіншегін өзі алды. Сөйтіп ағайынды үшеуі үш ауыл болып отырды.

         Бір заманда екі ағасы кіші інісін сұлу әйел алды деп, күндеп өлтірмек болды. Екеуі ақылдасып: «Мұны қалай өлтіреміз?» – десті.

         Сөйтіп өзінің қанжарын ұрлап алып, түнде есігіне көлденең байлап қойды. Содан біреуі жылқыны дүркіретіп айдап:

         — Майлықараша, жылқыны жау әкетті! – деп айғай салды. Майлықараша ұйқылы-ояу үйінен жүгіріп шығам дегенде, аяғын қанжар кесіп түсті. Таң атқан соң екі ағасы Майлықарашаны жұртына тастап көшіп кетті және оның әйелі мен үйін ала кетті. Келіншегі Майлықарашаның жанына қанжарын, шақпағын, ішетін тамағын тасып беріп, жылай-жылай кетті.

         Бір заманда бір мұрны жоқ біреу келді, Майлықараша:

         — Неғып жүрген адамсың? – деді. Мұрны жоқ:

         — Екі ағам бар еді, өзім жер-дүниеде не барын иіскеп білуші едім, сонымды күндеп, мұрнымды кесіп, жұртына тастап кетті, – деді. Екеуі жолдас болды.

Бір уақытта бір көзі жоқ келді.

         — Сенің көзің қайда? – деді Майлықараша. Көзі жоқ адам:

         — Екі ағам бар еді, өзім қырағы едім. Соны күндеп, көзімді ойып алып, жұртына тастап кетті, – деді. Үшеуі жолдас болды.

Бір уақытта бір қолы жоқ келді. Майлықараша:

         — Сенің қолың қайда? – деді. Қолы жоқ адам:

         — Екі ағам бар еді, өзім елде шебер едім, соны екеуі күндеп, қолымды шауып, жұртына тастап кетті, – деді. Сөйтіп төртеу болды. Аяқ-қолдары тәуір болып жазылайын деді. Майлықараша бір күндері отырып мұрны жоққа:

         — Иіскеші, дүниеде не бар екен? – деді. Мұрны жоқ иіскеп-иіскеп жіберіп:

         — Осы тұста бір хан бар екен, сол «ханның күйеу баласы келіп, қызын ұзатқалы той қылып жатыр», – деді.

         Майлықараша құбыл екен, бір күміс ер-тоқымды қара жорға ат болып тойға кетті. Ханның күйеу баласы мен қызы сейілге шығып жүр екен. Майлықараша күйеудің алдынан қара жорға болып өте берді. Күйеу бала мен бозбалалар қуып еді, ұстатпады. Қара жорға енді қыздардың жолынан өте берді, олар да қуып, ханның қызы алдынан шығып еді, ат тұра қалды. Ханның қызы қара жорғаны мініп алды. Сол кезде қара жорға алдын ашық, артын тұман қылып қызды алды да жөнелді. Шапқан бетімен жолдастарына алып келді. Сөйтіп қызды қарындас қылып алды.

         Күндердің күні болғанда Майлықараша жолдастарымен аңға шықпақшы болды. Сонда қыз Майлықарашаға айтты:

         — Аға, маған бір мысық тауып бер, ермек қылып ойнап отырайын, – деді. Майлықараша мысық тауып берді де қызға:

         — Анау тауға шықпа, – деп тапсырып, аңға кетті. Бір күні қыз ойнап жүріп, мейіз тауып алды. Тауып алысымен:

         — Мысығым, келе ғой, бір мейіз тауып алдым, жей ғой, – деді. Ойнап жүрген мысық «тұра тұр» деді де ойынның қызығымен қыздың сөзін ұмытып кетті. Қыз мейізді өзі жеп қойды, әлден уақытта мысық келіп:

         — Беремін деген мейізің қайда? – деді.

         — Ойбай, сен келмеген соң, өзім жеп қойдым, – деді қыз.

Мысық ашуланып, құйрығымен қыздың отын сөндіріп, қашып кетті. Қыздың Майлықарашаларға ас пісіріп отырған оты өшіп қалды. Майлықарашаның манағы «шықпа» деген тауына қараса, бір жаман қараша үй көрінеді. От сұрап әкеле қояйын деп, қыз қараша үйге жүгіріп келді, келсе, үйде бір кемпір отыр.

         — Шырағым, басымды қарап берші, жақсы келдің ғой! – деді кемпір. Қыз кемпірдің басын қарап отырып қалды. Кемпір қыздың тізесінен қанын сорып жата берді. Қыз әлден уақытта от алып үйіне келді. Аңнан Майлықарашалар да келді. Келсе, қыздың бетінде қан-сөл жоқ, құп-қу болып кеткен. Майлықараша мұның себебін білейін деп, келесі күні мұрны жоқты жасырып үйге тастап кетті. Мұрны жоқ есіктің алдынан бір ор қазып алып, тығылып жатты. Майлықараша аңға кетісімен, аяғын аңдап басып, кемпір келеді.

         — Майлықараша үйде ме, сайман-садақ қолда ма? – деді үйге кірмей.

         — Майлықараша үйде жоқ, сайман-садақ қолда жоқ, – деді қыз. Кемпір келіп, жан-жаққа қарап, жайғасып отырып, қызға басын қаратты. Тағы да қыздың санынан қанын сорып, тойып, енді шыға берейін дегенде, мұрны жоқ кемпірді ұстап алды. Кемпір мұрынға қойып қалып еді, мұрнын қорғаймын деп айырылып қалды. Кемпір қашып кетті.

         Кешке Майлықарашалар келді. Мұрны жоқ көрген-білгендерін айтты. Енді Майлықарашаның өзі қалды. Таң атты, басқалары аңға кетті, кемпір келді.

         — Майлықараша үйде ме, садақ-сайман қолда ма? – деді, тыстан дыбыс беріп.

         — Майлықараша үйде жоқ, садақ-сайман қолда жоқ, – деді қыз. Кемпір келіп, басын қаратып, тағы да қыздың қанын сорып шығайын дей бергенде, Майлықараша кемпірді ұстап алды. Кешке басқалары келді. Кемпір айтты:

         — Мені өлтірмеңдер, мен қолы жоғыңның қолыңды, аяғы жоғыңның аяғыңды, мұрны жоғыңның мұрныңды, көзі жоғыңның көзіңді жазып берейін, – деді. Майлықараша:

         — Жарайды, – деді. Майлықараша қызға:

         — Мыналардың бәрін жұтып «таста» дегенде, тастар, ал мені жұтып, «таста» дегенде, тастамас, – деді.

         — Сонда менің қанжарымды алып, кемпірдің басын кесіп, бір де башпайын қоймай шапқайсың! – деді.

         Айтқандай басқаларының бәрін жұтып «таста» дегенде, тастады. Қолы жоққа қол, мұрны жоққа мұрын, көзі жоққа көз бітіріп түсіреді. Енді Майлықарашаны жұтып «таста» дегенде, тастамай қойды. Қыз басын кесіп, бір бақайын да қоймай шапты. Бірақ, Майлықарашаны таба алмады. Сол маңда бір көкек ұшып-қонып, ұшып-қонып жүр екен. Қыз ұстап алып, ішін жарып қараса, Майлықараша соның ішінде отыр екен. Майлықарашаның аяғы жазылып кетіпті. Майлықараша серіктеріне:

         — Құдайға шүкір, барлығымыз жазылдық, енді елімізді табайық, – деді.

         — Қызды қайтеміз? – деді серіктері. Сонда Майлықараша:

         — Әрқайсымыз өз жолымызға түсейік. Ал қыз қайсымыздың артымыздан ерсе, сол оны әке-шешесіне апарып салсын, – деді.

         Сөйтіп, әрқайсысы өз жөніне жүре берді.

         Қыз Майлықарашаның артынан ерді. Сосын Майлықараша қызды үйінің жанына апарып тастады да өз жолына келді. Жолмен жүріп отырып, екі ағасынікіне келді. Екі ағасы мұны танымады. Майлықараша жөнін айтып еді, маңайына жуытқысы келмеді. Майлықараша екеуінің де басын алды. Сөйтіп екеуінің де малын алып малданып, жанын алып жанданып, бай болып, барша мұратына жетіпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: