Иттің сынағы — Ертегілер — Bilim

0

Бір кісінің Майтабан деген танадай нән қара төбеті болыпты. Өзі асқан сақ ит екен. Қора маңына қасқыр жоламапты. Біреу келе жатса, дыбысын алыстан естіп, абалап жар салады екен. Ал ондай ештеңе сезбесе, қара жолдың үстіне барып, көлденең түсіп, тапжылмай жатып алады.

         Бір күні Майтабан тағы да қара жолдың үстіне барып жатса, көрші ауылдың Майлыаяқ деген көк төбеті қарап тұрып, мұның сыры не деп ойлапты. Майтабанның күн сайын қара жолдың үстіне барып жатып алатынын көреді екен. «Мен оған барып сұрайын, мұнысының мәнісін білейінші, не себептен қара жолға барып жатып алады?» – деп ойлапты. Содан Майтабан қара жолдың үстіне барып жата кеткен кезде, Майлыаяқ та қасына жетіп барады.

         – Ей, Майтабан, осы сен не себеппен қара жолға келіп жатып аласың? – деп сұрапты. Бұған Майтабан:

         – Мен осында жатып, адам баласын сынаймын, – деп жауап беріпті. Бұған Майлыаяқ таң-тамаша қалады.

– Сен сонда адам баласын қалай, қайтіп сынамақсың?

– Ол былай: жақсы адам маған таяп келеді де тиіспестен, үндемеген күйі әріректен айналып өтіп кетеді. Ал жаман адам болса, мені көргеннен айқайлап, бажылдап, байбалам салады. Қолында таяғы болса, соны сермеп, маған қарай тап-тап береді. Таяқсыз болса, жерден тас не кесек алып, маған қарай лақтырады. Сол кезде мен: «Сенің неңді бүлдірдім, жөніңе кете бермейсің бе?» – деп, ренішімді танытамын. Осылайша күн сайын осы жолмен қанша жақсы адам, қанша жаман адам өтеді, соны біліп аламын.

Майтабанның бұл сынағына Майлыаяқ таңданып жүре беріпті.

Иттің де сыншысы болады екен.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: