Итбай хан — Ертегілер — Bilim

0

Бұрынғы өткен заманда көденің көгерген жасыл кезінде, жерге қар жаумай, жердің түрі кілемнің түріндей жайқалып түрленіп тұрған уақытта, өзендердің сулары орта түспей, Жайсаңның көлі мұхит дариясындай үлкен көл болған мезгілде, бір Итбай деген хан болыпты. Итбайды шешесі тапқанда, күндіз екені де, түн екені де белгісіз болыпты. Егерде мұны тапқаны күндіз болса, күн сәулесі көрінбеген қараңғы болса керек. Күннің сәулесі көкте де көрінбейді, жерге де түспейді, жақын тұрған тауларды да қыздырмапты. Алыстағы даланы да жарық қылмапты. Күннің бір сәулесі тым болмаса Итбай ханның туған үйіне де түспепті.

         Егерде туған мезгіл түн болса, көкте ай, жұлдыздар да көрінбеген шығар, бұлардың біреуі де Итбайға қарай бір сәулесін түсірмепті. Итбай туғанда көк өгіз қозғалып, жер сілкініп, халықтың баршасы қатты қорқыпты. Сонда ақылды данышпандар: «Итбай ханнан дүниеге бір жаманшылық болар», – депті.

         Итбайдың жауыздығындай осы уақытқа дейін қанішер арыстан да, жауыз жолбарыс та, тоймайтын қасқыр да болмаған шығар. Бұлардың айтқан данышпан сөздері бір бұлжымастан орнына келіпті.

         Итбай хан жұртты қашан билер екем деп, асығып жүріпті. Алтайдың әдемі таулары, Тарбағатайдың биік таулары, күрілдеген Жайсаңның көлі, Шіліктің даласы, Емілдің өзені – бұлардың баршалары мұның қол астына қарар. Бұл көз жеткісіз кең жайларда қанша үйлер отырады, бұл жайлардың шалғынында қанша жылқылар мен түйелер жайылып жүреді, бұлардың бәріне бұл ие болар, бәрін бұл билер.

         Жоқ, бұл өзінің кәрі әкесіндей болып билемес, мұның әкесі халықты аяйды. Мұны халық мақтап тілегін тілеп, шүкірлік қылып жалбарынады. Мұның әкесі халыққа алым, шығын салмайды, қарып-қасер, жетім-жесірлерге бөліп береді. Мұның әкесі халық қайғыланса бірге қайғыланады, халық қуанса – бірге қуанады десетін.

         Жоқ, Итбай хан ондай болмайды. Бұл халық үшін туған емес, халық ол үшін жаралған. Мұның әкесі жетпіс жыл дәурен сүреді. Халық бұған не берді, мұны өзге бөтен жұрттан кім білді.

         Жоқ, Итбай хан ондай емес. Мұның атағы бір әулеттен бір әулетке жайылар, бір патшадан бір патшаға кетер, жердің ана шетіне де, мына шетіне де, ойға да, қырға да, биік тауларға да естілер. Бөтен ханға да, бөтен жұртқа да естілер. Қазақ халқының қорқып қалтырап күткені ақырында кез келеді. Итбай ханның кәрі әкесі дүниеден қайтты.

         Итбай хан істі былай бастады, жұрт ішінде залымдық-зұлымдық, әділетсіздік болды. Қорлық, зорлық, өтірік айту, жалған айту көбейді. Қысымшылық, қаттылық, ауыршылық болады. Халық зар жылайды. Итбай хан болып тұрғанда жүз жылдан бермен көрмеген кедейлік, пәленің бәрін көрді.

         — Бұдан әрі қарай бізге де, бала-шаға, тұқымдарымызға да екінші Итбайды жолықтырмасын, – десті жұрт.

         Ай бір айналып жүруге жетпей-ақ, хан әкесінің жаңа қабір топырағы кеппестен-ақ, әкесінің құмға түскен ізі жоғалмай-ақ кінәсыз адамдардың қандары төгіле бастады.

         — Маған жақын тұрған ханның бәрін де қол астыма қаратамын, – деп күшті ханмен біржолата соғыс салады. Бұлар он жылдай соғысып, ақырында Итбай жеңді. Мұндай жеңгеннің несін жеңген деп атаймыз, қанша мықты, қанша жақсы жігіттердің басы кесіліп, қанша балалар жетім қалды. Қанша ата-аналар жәрдемсіз болып күнін көре алмай қалды. Он жылдан бермен қарай жылаған халқының көз жасы төгілген судай болды.

         Хан бұның соғысып жеңгенін, бұрын естілмеген, көрмеген тың бейнетін құттықтап той жасап, тамаша қылады.

         Халықтың көрген кедейлігі, бейнеті, бәлесі бір ғана соғыспенен біткен жоқ еді. Терең Жайсаң көлінің ішіндегі балықтарын санауға болар еді, бірақ халықтың көрген бәлелерін санап тауысуға болмас еді. Қазақтың қыр даласы жалпақ қайғыға толып, жалпақ азап көрген сияқтанып еді.

         Жоқ, сонда да бұлардың көретін бәлелері әлі де алдында еді. Үш жылдай жерге бір тамшы жауын жаумай, тәңірі ие үш жылдай күннің күйдірген ыстығын бір баспады. Осы күнге шейін кілемнің түріндей болып түрленген неше түрлі көк жасыл шөбі, тұнық суы бар қыр-дала қуарып қу медиен болып қалды. Сондай бек қиыншылық уақыт болды. Малдар жүздеп, мыңдап қырылды. Бүткіл ауыл, үй-жайымен аштан қырылды. Халықтың баршалары қатты қорықты, аштан өліп бара жатқан балалардың жылағанына жер күңіренді. Желдің гуілдеген даусы, аш қасқырдың ұлығаны, жылап шулағаны көп жерге естілген еді. Рақымсыз хан өз жұртының шулағанына қарамастан бұрынғысындай тамаша той қылып, аң аулап жүр еді. Итбайдың жұрты өздерінің ханын жеккөретінін көпке шейін жасырып жүрді, ақырында шыдай алмады. Бұлар Итбай ханға қаһар қылды. Түн еді. Тәтті тамаққа тойып, дәмді қымызды ішіп, әдемі қатындарын сылап-сипап сүйгеніне мәз болып, мақтап айтқан өлеңшілердің өлеңін тыңдап, жібекпенен қаптаған құс төсектің үстінде Итбай хан жатқан еді.

         Түндіктің тесігінен көктегі жұлдыздарға қарап бұл түні көпке шейін ұйықтай алмай жатқан. Бір мезгілде мұның құлағына көктен өлеңдеткен дауыс естілді. Бұл белгісіз дауыс күннен-күнге жақынырақ естіле берді. Мұнан кейін айтқан сөздері де анығырақ естілді.

Мұны есіткен соң Итбай хан қорқып кетті. Мұның жай өлең емес екенін білді. Айтылған жыр қызарған шоқтай болып Итбайдың жүрегін күйдірді, өткір пышақтай болып оның жанына батты. Өлтіргелі берген у тамшысындай болып мұның денесіне жайылды. «Не жырлайды екен» деп Итбай хан тыңдап жатты. Ол дауыс өзге адамға естілмеген еді. Кенет хан тыңдап жатып жылап қоя берді. Итбай хан содан көңілін тыя алмастан зар жылады, жүгініп отырып денесі қалтырап-дірілдеп, ерні күбірлеп, құдайға жалбарына берді. «Құдай-а, кешіре көр, халықтың ханын кешіре гөр», – дейді. Бұл дауыс Итбайды төрт түн азаптандырды. Хан осы уақыттың бәрінде қозғалмастан «кешіре көр күнәмды, тоқтата көр мына сұмдық зарды» деп жалына берді. Бесінші түн жақындағанда Итбай хан қалтырап, дірілдеп: «Ей, тәңірі, тағы да азаптайсың ба», – деп күтіп тұрды.

         — Менің енді бұған шыдауға әлім келмес, азат қыл, рақым ет, – деді ішінен.

         Түн болды. Хан дұға оқып жалбарынып көздерінен жас ағызды. Түн мезгілінде баяғы жырлаған қорқыныш дауыс естіліп еді, зар еңіреп жылап қоя берді. Итбай көп жылады. Сонда да жырлаған жыр басылмады, күннен-күнге қаттырақ естіле берді.

         — Жоқ, маған кешірім қылмас, – деп хан үйдің ортасына келіп тұрды, алақтап бұлдыраған көздерімен айнала қарап, сандалып келіп қазынасы жатқан сандығынан бір кесек алтын алып, жан-жағына қарады да үйден шықты.

         Хан мидай даламен басының ауған жағына қарай жүре берді. Бұл қашып құтылайын деген жоқ еді. Аулынан бір шақырымдай жер кеткен еді. Қараңғыда алдынан бір қорқыныш көлеңке көрінді. Бұлар мұның соңынан қалмады. Итбай хан бұлардан қашыпты. Сон да мұның жан-жағынан айғай-ұйғай, жылаған-зарлаған, ойбайлаған, қарғаған дауыстар естіліпті. Ақырында барып әлі кетіп, киімі жұлма-жұлма болып жыртылып табандары қанға боялып, тілініп барып, шаршап жығылды хан.

         Итбай оянғанда, күн ап-ашық, ауа тап-таза, күн жылы екен. Итбай биік жартастың үстінде жатыр, екен. Мұның түбінде Алтай тауының ең әдемі көлі жатады. Ертеңгі уақыт, күн жайма-шуақ болып Итбайдың жанындағы алтынына сәулесі түсіп тұрған екен. Жер дүниенің бәрі тып-тыныш, жан-жағында бір адам жоқ. Әлі кетіп аяғынан тұра алмай, құлағы шуылдап тұр. Жанындағы күннің сәулесі түскен алтын да қас қылғандай айдай болып жарқырап тұрыпты.

         — Құдай атқан, сенің не пайдан бар маған, саған арпаның бір аз ғана дәнін сатып алуға болмайды, – деп айқай салып, алтынды ашуланып лақтырып жіберіпті. Күні бойы қиналып, хан күнді өткізіпті. Қайтадан түн болыпты, өлеңшінің жыры күшейіп, аржақтағы жарықтардан, тұманнан көлеңкелер көрініп жылаған-сықтаған, айғайлаған қарғыс дауыстар естіле беріпті. Хан ең ақырғы күшін жинап алып жартастың шетіне жылжып барып: «Мен кінәлі, мендей кінәлі адам жоқ, дүниеде менің кінәм көп», – деп қатты айқай салып көлге барып түсіп кетіпті.

         Хан жоқ болды. Мұның мұндай болып өлгенін жарқырап тұрған ай, жайнап тұрған жұлдыздар ғана көріпті.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: