Есірік торғай — Ертегілер — Bilim
Құстардың патшасы Қыранның жыл сайын көктем кезінде өз бұқарасына арнап салтанатты той өткізетін әдеті екен. Барлық құстарды тағы да көктемде өтетін той салтанатына шақыртады.
Құс атаулы түгел белгіленген уақытта топ-тобымен патшаның ордасына қарай шұбырыпты. Орда қызметкерлері патшаның нұсқауы бойынша құстарды рет-ретімен қаз-қатар отырғызыпты. Құстар да мәз-мейрам боп, көрсетілген орынға жайғасады. Әр топтың басшыларына төрден сыйлы орын ұсынылады.
Елдің соңына ала торғайлар тобы да жетеді. Патша Қыран бұларға да өз орнын ұсынады. Содан кейін салтанатты мереке басталады.
Ойын-сауық думаны қызған кезде торғайлар өз тегіне жататын біреудің босаға түбінде бүрісіп отырғанын көреді. Үстінде іліп алар лыпа жоқ, қып-қызыл шақа. Көзі жыпылықтап, жан-жағына жаутаңдай қарайды. Оған жәрдем беріп, көңілін аулау үшін:
– Әр торғай бір талдан мамық жұлып беріңдер, анау бауырымызды киіндірейік, – дейді, торғайлар тобының басшысы.
Торғайлар шұғыл іске кіріседі. Әрқайсысы өзінің үстіндегі мамықтан бір-бір талдан жұлып береді.
Үстіндегі қылпығы жоқ қызыл шақа торғай туыстарының көмегі арқасында әп-сәтте құлпырып шыға келеді. Оның әдемі боп кеткені сонша – тіпті, Қыран патшаның өзі мынадай сәулетті, көркем құсты көрмей қалғанына өкініп, әлгі торғайды өзінің қасына шақырып алады да құрметті орын береді.
Қыран патшаның қасынан орын алған торғай айналасына барлай көз жүгіртеді де: «Мен ең сәулетті құс екенмін. Қыран патшаның өзі түр-түсіме қызығып, құрметтеді ғой!» – деген ойға шомады.
Енді әлгі торғай есіріп, өзінен-өзі қоқырайып, паңдана бастайды. Тіпті әлгінде өзіне көмектескен туыстарына да тұмсығын шүйіріп, төбесінен қарайды.
Мұны көрген туыстары қатты ызаланады.
– Тойда тонын сыпырып алғанымыз ұят болар, артын күтіңдер, – деп, басу айтады байсалды кәрі торғайлар.
Жас торғайлардың зығыры қайнағаны сонша — той тарқайтын мезгілдің соңына дейін зорға шыдайды. Ел тарап, әлгі торғай оңаша қалған кезде, топтанып тұрған торғайлар тарпа бас салады да әлгінде өздері берген мамықтардың бәрін бірін қалдырмай қайтарып алады. Сән-сәулетінен айырылған есірік торғай сүмірейіп, бұрынғысынша қызыл шақа кейпіне қайта түсіпті.
Торғайлар:
– Көпке топырақ шашпа! – деп тарап кетіпті.
Мұны көрен Қыран патша:
– Есіргенде ес болмайды! – деп, теріс айналыпты.
Сөйтіп, аяқ астынан лепіріп, дандайсыған есірік торғай тілін тістеп, айдалада жалғыз қалыпты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: