Дүмше молда — Ертегілер — Bilim
Баяғыда бір молда болыпты. Ол тек кейбір әріптерді танығаны болмаса, түк білмейтін дүмшенің өзі екен.
Бір күні молда бір ауылға келеді де: «Балаларыңды маған беріңдер, мен оқытамын», – дейді. Ауыл адамдары балаларын жинайды, әрі оқытатын үй тігіп береді.
Молда сабаққа кіріседі. Балаларды әлгі үйге жиып алып: «Көп оқығаның аз оқығаныңа үйрет» деп, өзі есіктің алдына шығып, қолын маңдайына тіреп отырады да қояды. «Бұл қандай оқыту?» деп, сұраған кісіге:
— Балалар өзімен-өзі болса, сабаққа да жақсы зейін қояды, – деп жауап береді молда.
Бір күні құрдас екі адам алыстан астық әкелуге аттанады. Қайтар кезде екеудің біреуі бір шаруамен сонда қалып қояды да үйіне: «Екі-үш күннен кейін барамын» – деп хат жазады. Ауылына келген кісі бір қулық ойлайды. Ауылда қалып қойған кісінің зайыбына барып:
— Күйеуің дүние салды, мынау көз жұмар алдында хош айтысып, жазған хаты еді, – деп, әлгі хатты береді. Әйел жылап-еңіреп молдаға келеді. Оған болған жайдың бәрін айтып, күйеуі жазғаң хатты оның қолына ұстатады. Бірақ молда аузын жыбырлатқаннан басқа ләм-мим демейді. Шыдамы таусылған әйел:
— Айтсаңызшы, өлгені рас па екен? – дейді. Молда не дерін білмей:
— Иә, солай, солай… – дейді сасқанынан. Әйел үйіне келіп, бір сиырын сойып, молдаға құран оқытады.
Хат әкелген кісі құрдасының үйіне келсе, үй іші абыр-сабыр, әйел жылап отыр.
— Неге жылайсың? – деп күледі әлгі адам.
— Күйеуі өлген кісі жыламай қайтеді?! – дейді әйел.
— Хатты кімге оқытып едің, олай деп жазылмаған еді ғой!
— Хат молдекемде, сол кісі оқыды, – дейді. Сонда төрде отырған молда масқара болғанын ұғып, үйден шыға жөнеліпті.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: