Білгір адам — Ертегілер — Bilim

0

Ертеде бір ақылды адам болыпты. Күндердің күнінде баласын шақырып алып, бар ақылын үйретіпті. Ақылында:

         «Балам! Біріншіден – қатыныңа сырыңды айтпа, екінші – ақымақпен дос болма. Үшінші – жаңа байығаннан қарыз алма!» – депті.

         Баласы әкесінің бұл айтқан сөздерін мақұлдап көнген. Бірақ, неге айтқанын білмей, талайға дейін түсіне алмай жүріпті. Ойлай-ойлай, ойының түбіне жете алмапты. Бір күндері болғанда, әкесінің айтқандарының бәрін қолымен істеп, көзімен көрмекші болып, бір байдан қасақана қарыз алады. Бір ақымақпен дос болады. Сөйтіп, үйіне келіп бір қойды бауыздап өлтіріп, қолын қандап, үйінің артынан жер қазып көме салып, қатынына келіп:

         — Қатын, мынау менің қолымдағы қанды көрдің бе? Мен бір кісі өлтіріп едім, сен ешкімге айта көрме, – дейді.

         Қатыны: «Ой, тәңір-ай, кімге айтайын, ешкімге айтпаймын», – дейді.

         Сонымен біраз күн өтеді. Бір күні түнде қатынымен ұрсысып қалады. Қатыны азанмен тұра салып, ханға барып арыз береді. «Байым анада бір кісінің қанын ішіп еді, енді мені де түнімен сабап шықты», – дейді. Хан естісімен-ақ жендетін жіберіп, жігітті шақыртады, жендет баласын айдап келе жатқанда, куәлікке досымды ерте жүрейін деп досына келсе, «қолым тимей жатыр» деп бармайды. Қоштасып, бұдан өте бергенде, баяғы қарыздары ұшырасады. Олай-былай деуіне қоймайды, ақшасын сұрайды. Жабысып жағадан алады да, қалмайды. Жанын тықсырып бара жатқан соң, бұрынғы ақшасын жанынан суырып бере салады.

         Бұдан өтіп ханға келеді. Хан: «Не үшін қанішерлік қыласың? Қатының анада бір адам өлтіріп еді, енді мені өлтірмекші болды» деп арыз беріп отыр, рас па? дейді. Бала: «Жоқ, тақсыр, олай еткен емеспін…» – деп шынын бастан-аяқ айтып береді. Хан сенбестен адам жіберіп тексертіп, істің анығына жетіп, сенеді. Бірақ хан мұның әкесінің ақылдылығынан қорқып бағыма бөгет бола ма дегендей мақсатпен баланың көзін жоймақшы болады. Бір терең зындан қаздырып, соған әкесі мен баласын салып көмдіріп тастайды. Екі-үш жыл өтеді. Оған шейін диқандар да қарап жатпастан егінін егіп, зындандардың үстін таптауға жақындатады.

         Бір күні ханның тамағына шөп кетіп ауырады. Дүниеде бақсы-балгер, тәуіптерінің ешқайсысын қоймай қаратса да жазылмайды. Бір күні бұрынғы білгір адамның қадірін білетін бір адам ханға келіп: «Ол жақсы адам еді, сіздің ауруыңызды қалай да болса жазатын еді, алтынның қолда барда қадірі жоқ дегендей, сіз оның қадірін білмедіңіз, жазасын тартқаныңыз осы», – дейді.

         Хан жұртын жиып: «Ол адам шын білгір болса, әлі күнге шейін өлген жоқ» деп, білінбей қалған зынданның маңайынан үңгірлеп қаздырып жатқанда бір сүйек шығады. Бұл қайсысынікі екенін ажырата алмастан, одан да ары қаздырғанда, ақылдының өзін тауып алады. Баяғыда көмерлерінде өзімен бірге бір дорба тоқаш көмілген екен. Білгір содан күніге жеп күнелтіп, тірі жатыр екен. Бірақ қансыз, сөлсіз, өлудің аз алдында екен. Жұрт: «Ханымыз ауырып жатыр еді, сені жазады деген соң, саған жіберіп еді. Біз алып кеткелі келдік, соған жүр», – дейді.

         Білгір: «Жоқ, бармаймын, хан мені бір өлтіріп, енді өзіне керек болғанда ғана шақырды ма! Бар, айтыңдар»,– дейді. Жұрт ханға қайта барып, келмейтінін білдіргенде:«Ендеше, егер мені жазса, күллі бақ-дәулетімнің бәрін берем деп жатыр деңдер», – дейді. Жұрт білгірге қайта барып, ханның сөзін айтыпты. Білгір: «Олай болса, қырық қыз әкеліңдер, бір саты тауып, соған зынданның аузына жеткенше қыздарды жағалата қойыңдар», – деген. Айтқанының бәрін істеді. Сатыдан жоғары өрлеп келе жатып жолдағы жағалай тұрған қырық қыздың бетінен шопылдатып сүйіп, сыртқа шығады. Беті сөлденіп, қызыл кіріп қалады.

         Әбден айығып, ханға келсе, тамағына шөп қадалып, азаптанып өлудің аз-ақ алдында жатқанын көреді. «Сен жазыла алмайсың. Бірақ менің бір шартым бар, соны орындасаң ғана жазылуың мүмкін», – дейді. Сонда халқы да, хан да: «Егер жазатын болсаң орындармыз», – дейді. «Ендеше, ханның жалғыз баласы бар екен, соны әкеліңдер. Алдыңда бауыздаймын, содан жазылар», – дейді білгір. Хан мұнысына: «Балам өлгеннен өзім өлгенім артық», – деп көнбепті. Сонда қарт: «Жоқ, сенің өлгеніңнен балаңның өлгені артық, жас балаң өсіп бізді билегенше, біздің   тұқымымыз құриды» деген соң, «лажсыз» баласын бауыздауға қияды.

         Баланы алып келіп, алдына аяғын буып бауыздамақшы болып тұрып: «Қой, көзіне көрсете бауыздамайық, ханымыз талып қалар», – дейді де,  алдына ши тартып, ханның көзінше баланы шиге кіргізіп, бір қойды аяғын   буып әкеліп, «қор» еткізіп шалып жібереді. Хан жалғыз баламнан айрылдым-ау дегендей «аһ…уһ!..» деп күрсінгенде, тамағында қадалып көлденең   тұрған шөп сызылып көлбеп түсе қалады, һәм ханның өзі де, баласы да аман қалады.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: