Бере білген бөле білер — Ертегілер — Bilim
Баяғыда бір жарлы болыпты, мінуге аты, ішуге асы болмапты, бала-шағасы көп болыпты. Мал дегенде маңдайына біткен жалғыз ғана қазы болыпты. «Аштық – атаң емес» деген, тесік тамақ шыдата ма, ақыр соңында сол қазды жемекші болып сойып, пісіреді. Бірақ оған салатын тұзы да, қосып жейтін наны да болмайды. Сонда жарлы тұрып әйеліне:
— Қатын, осы қазды тұзсыз, нансыз жегеннен де ханға апарып тартсам қайтеді? Сөйтіп, одан бірнеше күн тамақ қыларлық астық сұрасам қайтеді, – дейді. Қатыны:
— Мейлің, сүйтсең, сүйте ғой, – дейді. Жарлы ханға пісірген қазды алып келеді.
— Тақсыр хан, – дейді ол, – мынау сізге әкелген сыйлығым еді, аз да болса көптей көріп алыңыз, барымыз әзір, жоғымыз жай, – дейді жарлы.
Хан:
— Рақмет, сізге, рақмет! Ал енді, бұл қазыңды үй ішімізге бірдей етіп өзің бөліп бер! – дейді де жарлының қолына пышақ береді. Ханның ханымы, екі ұлы, екі қызы – не бәрі ханның өзімен алты жан екен. Сонда жарлы қаздың басын кесіп алып, ханның алдына қояды.
— Сіз үйдің басысыз, сондықтан сізге бас лайық, ал бас мойынсыз, хан ханымсыз болмайды, сондықтан сіздің ханымыңызға мойын – деп мойынды кесіп, ханымның алдына қояды. Екі аяғын кесіп екі баласына береді.
— Сендер атаның жолын қуып, ізін басасыңдар, сондықтан сендерге аяқ лайық, – дейді. Сонсон екі қанатын кесіп екі қызына береді.
— Сендер жат жұрттыққа жаратылғансыңдар, ертең бойжеткен соң ата-ананың қасында қалмай, құсқа ұқсап ұшып кетесіңдер, сондықтан сендерге қаздың қанатын беруге тура келеді. Ал жарлы-қонақ, кеудесі жарлыға қалмақ, – деп қаздың бар етін өзінің жанына қояды. Хан жарлының әділ бөлісіне таң қалып, қарқ-қарқ күліп, ырза болады. Өзін әбден сыйлап, тамаққа тойдырып, астық беріп үйіне қайтарады. Мұны бір мырза естіп, жарлы бір қаз апарып ханнан мұнша сыйлық алды, мен одан кеммін бе? – деп жарлының алғанына қызғаныш етеді. Сүйтеді де, ханға ол бірден бес қаз пісіріп әкеледі.
Хан: «Әкелгеніңізге рақмет, бірақ мұны алтауымызға тең қылып бөліп бер», – дейді. Мырза олай салып, былай салып көреді. Бірақ қаздарды тең бөліп бере алмайды. Сонсоң хан, баяғы жарлыны шақыртып алып: «Мына қаздарды сен бөл», – дейді. Жарлы, бір қазды алып хан мен ханымға береді де: «Сіздер үшеу болдыңыз», – дейді, енді бір қазды екі баласына беріп:
— «Сіздер де үшеу болдыңыз», – дейді. Тағы бір қазды екі қызына береді де:«Бұлар да үшеу болады, мына қалған екі қазбен мен де үшеу болдым», – дейді.
Сонда хан: «Міне, әділ болсаң осындай бол! – Бізге де тегіс берді, өзін де ұмытқан жоқ», – депті. «Бере білген, бөле білер» деген мақал осыдан қалған екен. Хан жарлыға тағы да қазынасынан көп сыйлық беріп қайтарады, мырзаны қуып жібереді.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: