Ақсақ құла – Ертегілер – Bilim

0
74

Ертеде бір сараң бай болыпты. Оның адам баласында жоқ жалғыз құла тұлпары бар екен. Бай құла тұлпарының тұқымын өсіріп, даңқын асыра түскісі келіпті. Сөйтіп, құла тұлпардың қасына бір биені қосып, жойқын теңіздің ортасындағы адам аяғы баспайтын иен аралға алып барып тастапты. Тұлпар қасқырға да, адамға да алдырмайтын тарпаң екен.

         Арада біраз жылдар өтеді. Тұлпардың тұқымы көбейіп, үйір-үйір жылқы болыпты. Жылқысының қанша екенін көргісі келген бай аралға келсе, шақар тұлпар маңына жолатпай қойыпты. Бұған қызыққан бай ұстамақ болған кезде, тұлпар теуіп өлтіріпті. Керемет тұлпарлар тұқымының аралда екенін естіген ұрылар құла тұлпарды үйірімен айдап кетуді көздеп, аралға барыпты.

         Әуелден тарпаң, оның үстіне ұзақ жыл бойы адам көрмей, тағы боп кеткен құла тұлпар ұрыларды көре сала қарсы шабады. Алдына келгенін тістеп, артына шыққанын теуіп, маңына жолатпайды.

         Құла тұлпармен алысып, әбден қалжыраған ұрылар алдырмайтынына көздері жеткен соң, садақпен атады. Садақ оғы тұлпардың аяғына тиіп, ақсатады. Жараланған ақсақ құла бұрынғыдан бетер құтырады. Ұрылар тобына қасқырдай тиіп, таптай бастайды. Амалы таусылған ұрылар бір шұңқырға түсіп, жан сауғаламақ болады.

         Ақсақ құла мұны көрген соң, өзінен өрбіген үйір-үйір тұқымын ілестіріп келеді де қарақшыларды таптап өте шығады. Оңай олжа таппақ болған ұрылар жаншылып қалыпты.

         Сөйтіп, құла тұлпар үйірімен жабайыланып кетіпті. Одан кейін жалпақ далаға тарапты. Сол жабайы жылқының тұқымы құлан екен.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: