Аңшы мен сиқыршы әйел — Ертегілер — Bilim
Баяғыда аңшылықпен күн көрген бір адам болған екен. Бір күні аңға шықса, алдынан бір буаз киік ұшырайды. Оны атып алып, төс етін кесіп, отқа қақтап, бір кесіп аузына апара бергенде: «Әйт!» – дейді ар жағынан біреу. Жалт қараса, манағы киік:
— Менің жайымды Орманбет биден сұра! – деп, секіріп-секіріп жоқ болады.
Аңшы енді сол Орманбет биді іздеп табуға бел байлайды. Ол ұзақ жүріп Орманбет бидің ауылын табады, бірақ Орманбет би үйінде болмайды, қаңыраған үйі тұрады. Аңшы сұрастырып білсе, Орманбет бидің басқа бір жерде әйелі болады екен. Ол соған кетеді де өз әйелі оны қуып кетеді.
Аңшы жігіт о да Орманбет бидің соңынан іздеп бармақшы болады. Ақыры Орманбет бидің жаңа отауын табады. Отауға кіріп барса, бір әйел тұрыпты да:
— Сен Орманбет биді іздейсің ғой, – деп, бір жүгенді қағып қалып: «Қара төбет бол!» – деген екен, әлгі аңшы ит болып жүгіре жөнеліпті. Бірақ санасы өзгермепті. Содан қаңғырып жүріп, бай ауылға ұшырайды. Мал сойылып, қан-жын болған жерде ол ауыл иттерінің бәрін жеңіп маңнан қуатын болыпты. Ол үйдің әйелі жыл сайын бала тапса да үш күн жүрген соң, өле береді екен. Итті үйіне әкелген күні де ұл бала табады.
Ел жатып ұйқыға енген уақытта ит тұрған үйдің шаңырағына бір құс келіп қонады да одан жаңа туған сәбидің үстіне төне бергенде, ит шап беріп ұстап алады. Әлгі құс: «Өлтірме!» – деп жалына бастайды. «Мен екінші қайтып осы үйдің баласына залал жасамаймын және өзің үшін бір жақсылық істермін», – деп ант ішеді құс, ит жібереді.
Сонымен ит тұрған үйдің жас баласы ауырмай-сырқамай өсе түседі.
«Бұл иттің зор қасиеті болды» деп ойлайды үй иесі. Иттің мойнын жібекпен қарғылап, шолпы тағады. Сондай жақсы тәрбиелейді.
Бір күндері әлгі ит Орманбет бидің жаңа отауына барып қайтайын деген оймен жүгіріп отырып отауға кірсе, манағы әйел: «Әй, мынау әлі жүр екен ғой, сен бозторғай бол», – деп, жүгенді қағып қалса, торғай болып ұшады да кетеді. Ол ыстық күндері ұзақ ұшып жүрумен әбден шөлге ұрынып шаршайды. Содан ол бір түп шіліктің түбіне қонып, енді ұшуға да жайы болмай жатқанда, ойнап жүрген бір топ бала көріп ұстап алып, қуанғаннан үйлеріне ала жүгіреді. Торғайды ұстаған бала шешесіне келіп:
— Апа, біз торғай ұстадық, – деп мақтанады. Шешесі:
— Кәне, торғайың? – деп қолына алады да:
— Ой, ұшырып алдым! – деп қойнына сала қояды. Балалар жыласа да бермейді. Ақыры әлгі әйел балалары кеткесін, бір жүгенді қағып жіберіп, торғайды бұрынғы адам түріне енгізеді, сосын айтады ол:
— Мен әнеукүнгі алдыңнан киік болып көрініп, сен атып алған мен едім. Мен Орманбет бидің бәйбішесі боламын. Оның ашына әйелі мені киік етіп жіберді. Содан қарақұс та етіп жіберді. Ол сиқырлы болатын, – дейді әйел, – сен ит болып жүргенде, ана бай ауылға құс болып барып, сенің ұстап алғаның да мен едім. Сонда саған жақсылық етермін деп едім. Міне, соның есесі. Енді анау Орманбет би мен оның сиқыршы әйеліне не істе дейсің, қолымнан келеді. Мен қазір одан да күшті сиқыршылық өнер таптым, – дейді. «Ол екеуін есек жасап, артына мың бұттан құм сүйретіп қой», – деп тілек етіпті аңшы.
Содан Орманбет би мен оның ашына әйелі есек болып, осы кезге дейін жүгін тарта алмай бір жерде жүр-міс дегенді аңыз етеді ел.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: