Аңшы — Ертегілер — Bilim
Бір аңшы соңына тазыларын ертіп, аң аулап келе жатады. Бұған кез болып қалған түлкінің зәресі зәр түбіне кетеді. Жүрелеп отыра қалып:
— Я, бәхти-бөден, жолыңа батпан тары құдайы, мына тазылардан құтқара гөр! – деп, жалбарынады.
Түлкінің зарын естіген бөдене:
— Айтқаныңды орындаймын, – деп, тазылардың қарсы алдына барады да жер бауырлай ұшып, иттерді теріс жаққа алдарқатып әкетеді.
Алды-артына қарамай зыта жөнелген түлкі алысқа ұзап кетеді. Тазылардың қарасы үзілді-ау деген кезде, бір қалың шеңгелдің арасына келіп тығылыпты.
Сол арада түлкінің қасына бөдене жетіп келеді.
— Қане, тарыңды бер! – дейді. Түлкі енді бұлтаққа салады.
— Е, есі жоқ бәхти-бөден, әкем диқан болмаса, шешем диқан болмаса, саған батпан тарыны қайдан тауып беремін?
— Ей, сен уәдеңді бұздың ғой, – дейді бөдене наразы болып. Бұған түлкі де көнбейді.
— Төрт аяғым – пырақ, екі көзім – шырақ, екі құлағым – сақ, өзім қашып құтылдым. Сенің не дауың бар, – дейді.
Түлкі осылайша мақтанып тұрғанда, жыми басқан тазы арт жағынан келіп, тарпа бас салыпты.
Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: