Аңқау шал мен айлалы жігіт — Ертегілер — Bilim

0

Ерте, ерте, ертеде етек жеңін сүйреткен Есенбай деген шал болыпты. Есенбай, жаңадан алған тоқалы, асқан сұлу қызы-үшеу ғана тұрады екен. Шалдың сұлу қызына жігіттер қызығып, көз салып жүрсе керек.

Бір күні айлалы Асан деген жігіт шалдың үйіне келеді. Шал оны үйіне кіргізбей далада жүріп алады. Сол кезде, өлген біреуді жерлеуге әкетіп бара жатқан адамдарға қарап Асан:

— Анау адам өлген кісі ме? Әлде тірі кісі ме? – деп сұрайды Есенбайдан.

— Тірі адамды көрге апарушы ма еді, – деп ұрсады шал.

         Асан тағы да:

— Мына егіннің иесі бар ма, әлде иесіз егін бе? – дейді.

         Есенбай одан әрі ашуланып:

— Сен өзің ақымақпысың, иесіз егін шығушы ма еді, – дейді.

         Жігіт тағы да шалдан:

         — Үлкен кісі төсегіңізге неше кісі жатасыздар? – деп сұрайды.

         — Нешеуің не, тоқалым екеуіміз – деп ақырады да жүріп кетеді. Асан артынан қалмай тағы да:

         — Қызыңыз шешесі өлген жетім екен. Үнемі жылап отыра ма? – дейді.

         Шал:

         — Жыламайды, күрсініп отырады, – деп кете береді. Ызаланған шал, үйіне келіп тоқалы мен қызына:

         — Ақымақ жігітке кезіктім, – деп оның сұрағаны мен қайтарған жауабын айтады. Сонда қызы:

         — Әке, бәріне теріс жауап беріпсіз. Ана кісі тірі кісі ме, өлі кісі ме дегені артында баласы бар ма, жоқ па дегені екен. Анау егіннің иесі бар ма, жоқ па дегені-күтімі жоқ егіннің жарымы өсіп, жарымы өспегенін сұрағаны. Төсегіңізге неше кісі жатасыздар дегеніне-күндіз екеу, түнде төртеу демепсіз. Өйткені, түнде бұрыңғы күйеуін, сіз кемпіріңізді ойлайсыздар ғой. Қызым күрсініп отырады дегенше-сілкініп отырады деп айтпаған екенсіз, – дейді. Есенбай ойланып барып, ол ақымақ емес, ақылды жігіт екен, барып жауабын берейін, – деп жігітке келеді.

         Асан қыздың қайтарған жауабынан, сілкініп отырамын дегені бой түзеп отырамын дегенін түсінеді де шалға:

— Үйіңізге барып қонақ болуға бола ма? –дейді.

         Сонда шал:

         — Саған дәмді тамақ істеп беретін өз кемпірім өлген. Тоқалым дәмді тамақ істей алмайды, ал қызым қазан ошаққа араласпайды, – дейді. Сонда жігіт:

         — Мен қызыңыздың сілкінгеніне тоямын, – дейді. Қыздың сілкінгеніне тоямын дегенін Есекең жетім қызды мүсіркеген екен ғой деп ойлайды да жігітті үйіне ертіп барады.

         Бірін-бірі осылай көрген жігіт пен қыз бұдан кейін өзара ұнатысып арманына жетіп, қосылыпты-мыс.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: