Алдардың Тазшаны емдеуі — Мұхтар Әуезов — Ертегілер — Bilim

0

Өгіздерді айдап келе жатса, қой баққан бір Тазшаға жолығады. Амандасып, ол-пұл деп отырып, торсығындағы айранынан ішіп, шөлін қандырады.

«Осыны алдап, қойын айдап кетсем» — дейді ішінен Алдар. «Қалай алдаймын» деп отырып, қойшының самайына көзі түседі. Үрпиіп самайынан шығып тұрған шашын көріп, таз екенін біледі. «Енді жайынды таптым» дейді ішінен.

— Қой баққан деген азап қой. Мен де талай қой баққанмын, — деп Алдекең үлкен кеңеске түседі, — қой бағудан көрген бір азабым сол — азапта жүріп, сары қотыр таз болғанмын, Тазша деген ат қандай жаман! Құтыла алмай жүргенде, тәңір жарылқағыр, бір емшінің емдеп жазғаны, — дейді.

— Ол қандай ем істеп еді? — деп, қойшы шап ете түседі.

«Енді қармаққа іліндің бе?» дейді де ішінен, қалай емдегенін айтады.

— Бір күні қойымды жайып отыр едім. Мойнында дорбасы бар бір адам келді. Келіп отырып, басымның таз екенін көріп: «Сорлы, өлесің ғой, емдетпейсің бе?» — деді. Мен ем таба алмай жүргенімді айттым. «Ем таба алмады деген не? Мен-ақ емдеп берейін» деді. «Емдеңіз» деп жабыса кеттім. «Бірақ байдың көп қойын аяйсың ба, қасқыр жеді дерсің. Біреуін сой. Әрі етіне тоялық, әрі басыңды жазалық. Басыңды жазу үшін құйрығы мен іш майы керек» деді. Бір қойдың несін аяйын, сол жерде сойдым да, әрі етін асып, етке тойдық, әрі құйрығы мен іш майын басыма тартып, тазымды жазып алдым. Сол емшіден үйреніп алған соң, бастары таз ауылдас балалар бар еді, солардың бәрін емдеп жаздым. Қой, ойбай, әңгіме айтам деп жолымнан қалдым. Енді жүрейін деп, — Алдар тұра келеді.

— Ойбай, ағатай, менің басымды да емдеп кет, — деп Тазша жабыса кетеді.

— Ойбай-ау, сен де таз бе едің? Манадан бері айтсайшы! Онда емдейін, — дейді.

Тазша қойдан тандап жүріп, бір семіз қойды ұстап алып сояды. Етін асады. Етке тойып алып:

— Ал, емінді істе, — дейді.

— Емімді істейін, бірақ сен шартымды орында, өйтпесе жазылмайсың, — дейді Алдар.

— Орындаймын, — дейді Тазша.

— Орындасаң, құйрық пен шарпы майды басыңа ораймын. Сен ықтау жерде бір күн, бір тұн қимылдамастан, көзіңді ашпастан жатасың. Содан кейін тазыңнан түк те қалмайды, оған дейін қойынды мен жая тұрамын, — дейді.

— Жарайды, — дейді Тазша.

Алдар қойшының басына құйрық пен шарпы майды орап, бір апандау жерге апарып жатқызады.

— Ал, қыбыр етпе. Май әбден сорып алсын, — деп жатқызып тастайды. Сүйтеді де, 100 өгізге қосып алып, қойды да айдап жүре береді.

Қойшы басының тазын майға сорғызып жата тұрсын, енді кетпен күтіп қалған керуенге келелік. Алдарды кетпен әкеледі деп керуеншілер әрі жатады, бері жатады. Бір күн өтеді, екі күн өтеді, үш күн өтеді.

— Әй, осы алдаған болар! — деседі.

Біреуі барып қараса, өгіз түгіл дәнеңе жоқ; бәрі де әшейін шаншылған құйрық. «Ұрған екен!» дейді. Енді бәрі жиналып, күшіне мақтанған керуен басын жатып келіп мазақтайды:

— Апырау, бұл не деген күш! Құйрықты не қылып көтерген, — дейді біреуі.

— Апырай дерсің! Батпақ қалай бірге қопарылмаған! — дейді екіншісі.

— Дірілдемегені несі! «Әуп» деп құйрықты тартып келіп кеткенде, жер теңселіп, көктегі күн домалап барып, азар қалған жоқ па? — дейді енді біреуі.

— Дажал шығады дейтін еді. Тауды тауға соғады дейтін еді. Осы сол дажалың… — деп, енді біреуі келекелеп келе жатқанда, керуен басы ұшып тұрып:

— Тоқтаңдар, енді бірдеңе корейін демесеңдер! Сол қуды тауып алып, құйрығына таңба басып, құл қылмасам, жер үстінде жүрмейін, — деп, тұра көліктерін жектіреді.

— Айтамыз ғой! Осында бір күш бар, — деп керуеншілер сықақтайды. Керуеншілер күн жүріп, түн жүріп Алдарды іздейді. Алдардың кеткен жолымен келе жатса, басына шарпы орап, апанда жатқан біреуге кездеседі. Дәу де болса, осы болар деседі.

— Тұр! — деп айқайлайды. Қойшы тұрмайды. Біреуі келіп теуіп қалады, оған да тұрмайды.

— Мынау өлген адам екен, — деп басындағы майын жұлып алса, бір тазша.

Өлу былай тұрсын, бетіне май сіңіп нарттай болып алған.

— Не қып жатырсың?

— Емделіп жатырмын.

— Неден?

— Тазымнан.

— Құйрықпен, шарпымен емделуге болады деп кім айтты?

— Арт жақтарындағы қой бағып жүрген адам айтты.

— Қайдағы қой жайып жүрген адам?

— Арт жақтарындағы.

— Арт жағың қайсы?

— Е, арт жақтарында қой жатқан жоқ па?

— Қой түгіл, сайтан да жоқ.

— Қойшы әй! — деп, Тазша ұшып тұрады.

— Өзің қойшы, — деп керуеншілер күліседі.

Тазша қараса, қой түгіл дәнеңе де жоқ. Алдардың алдап кеткенін енді біледі. «Енді бай өлтіреді-ау» деп еңіреп, отыра кетеді.

— Сен жылауыңды қой. Біреу алдап жүз өгізімізді айдап кетті. Соны қуып іздеп келеміз. Бізге ер. Сен де табарсың, — дейді керуен басы.

— Ойбай, жүз өгіз айдаған тап сол! — дейді Тазша.

— Е, олай болса, бізді алдаған қу сені де алдаған екен, жолымыз бір екен, жүр ізделік, — дейді.

— Жарайды, — деп Тазша бұларға қосылып, Алдарды бірлесіп іздейді.

— Алдардың тәубаға келуі, дүниеден қайтуы

Керуеншілер мен Тазша Алдарды айлап, жылдап іздейді. Бармаған, сұрастырмаған жерлері қалмайды. Ақырында Алдардың ауылы қайда екенін біледі. Керуеншілер мен Тазшаның тынбастан іздеп жүргенін бір күні Алдар есітеді. «Енді не амал қылдым?» деп ойлап-ойлап, ақыры амалын табады. Бір күні еліндегі кәрі иелерін жиып, Алдар садақа беріп:

— Ал, елдің жақсылары, кәриелері! Бармаған жерім жоқ, баспаған тауым жоқ. Соншама ел кезіп жүріп істеген жақсылығым да болар. Енді бүгінгі күні тәубаға келіп, өткендегіден безіп отырмын. Өмірімнің ұзақ еместігі өзіме аян болып жүр. Сол себептен сіздерден патиқа алу үшін, сонымен бірге көзімнің тірісінде қабырымды тұрғызу үшін шақырып отырмын, — дейді.

Көпшілік «әумин» десіп, патиқа қылып, садақа етін жеп, Алдардың қабырын тұрғызуға кіріседі.

— Алдардың тірі отырып, моласын салғызғаны — тәубаға шын келгені екен, — деседі. Мола салынып болған соң, ертеңіне Алдар әйеліне келіп:

— Қатын! Жайым кетіп барады. Ажал келді-ау деймін, тез молданы шақыр, — дейді.

Әйелі молдаға жүгіреді. Ауылдастары да абыр-сабыр болады. Молданы жетелеп әйелі жүгіріп келсе, Алдардың кірпігі ғана қимылдап жатыр екен. Молданың бір үшкіруге ғана шамасы келеді. Бір үшкірген соң «ық» деп Алдар жан тапсырады.

— Байғұстың не қылса да тілегі түзу екен, садақасын беріп, иман айтуға ілігіп кетті, — деседі кейбіреулер. Алдардың қатыны, балалары, туысқандары у-шу боп жыласады, жоқтау айтысады. Елдің көрпелері:

— Бүгін жұма күн еді. Тілегі түзу екен, марқұмды бүгіннен қалдырмай жерлейік, — деп Алдардың сүйегін жуып, кебінге орайды. Күн батуға жеткізбестен жерлеп те болады. Ертеңіне Алдардың ауылы осы дегенмен:

— Ә, бәлем, көресіні көрсетерміз! Енді құтылып кетсең көрерміз, — деп.

— Қайда қу Алдар, жаны барда шықсын! — деп айқай салады. Бұл айқайды есітіп, үйде отырған Алдардың қатын-баласы шаштарын жайып жоқтау айтады.

Ауылдың кәриелері жиналып, Алдардың дүниеден қайтыс болғанын, кеше ғана жерленгенін есіттіреді.

— Қап, бәлем-ай! Бір күн кешікпеген екенсің, — деп керуеншілер тістенеді.

— Біздің өгізімізді, қойларымызды алып кеткен, — деген сөздеріне елдегілер құлақ қоймайды.

— Алдардың не істеп, не қойып жүргенін біз білмейміз. Артында қалған жетім-жесірлердің де көрінгенге бере қоятын ештеңесі жоқ. Көздерінің жасы кеппей, өздері егіл-тегіл болып отырғанда, мазаларын алмай, жөндеріңе кетіңдер, — дейді.

— Ай, Алдар-ай, тұзаққа бір ілінбей-ақ кеткенің-ау! Бір күн тұрмадың. Бір күн тұрғанында көрсетер едім, бәлем! — деп керуен басы жер сабайды.

— Көрінде өкіргір Алдар, ең болмаса молаңның төбесіне бір отырып кетейін, — деп жүгіріп Алдардың моласына барады. Моланың басына шығып дәретке отыра берем дегенде, осыны істейтінін біліп, әдейі күтіп жатқан Алдар, істік темірді құйрығына пісіп алады.

— Ойбай! — деп керуен басы секіріп жерге түседі. Құйрығын көріп жолдастарының ішек-сілесі қатып күледі.

— Бұл иттің өліп жатса да қарап жатпауын! — дейді керуен басы.

— Алдардың құйрығына таңба басатының қайда? — деп мазақтайды бір керуенші.

— Е, баспаса анау не? — дейді екінші біреуі. Керуен басы әрі өгізден айырылып, әрі құйрығына таңба салдырып ыза болып:

— Ай, Алдар! Сол ақыретке барғанда жағаңнан бір алмасам, атым құрысын! — деп жөніне кетеді.

— Мен де ақыретке тезірек баруыңызды тілеймін! — деп, Алдар керуеншілер кеткен соң, моласынан шығып, үйіне келеді.