Адам болған жылан — Ертегілер — Bilim

0

         Баяғы өткен заманда Құрман қойшы деген бір байдың қойшысы болыпты. Құрман сол байдың он сегіз-жиырма жыл қойын бағыпты. Алатын ақысы бір жылға екі тоқтылы қой екен. Егер қой жоғалтса, ақысын бермей соның есебіне алады екен. Құрман қойшының тапқаны киіміне жарамай сол байдың қойын бағып жүре беріпті. Құрман қойшы бір күні қойын бағып жүргенде, төрт-бес шақырым жерден жанған от көреді. От жанған қалпында тұра қоймаған, қойшыға қарай тартады. Құрман қойшы ойлайды, «апырым-ай, мынау от қалай жүреді. От болса жан-жағына тарап жанар еді және қара түтін шығар еді. Ал мына от жайылып жанбай, тура тартып келе жатыр» деп тұрғанда, от та таянып, Құрман койшыға жақындап келеді. Анықтап қараса, оттың алдында ұзындығы бір құлаштай ақ жылан қашып келеді екен. От қайтсем де сені күйдірем деп келеді екен, ал жылан қашып келеді екен. Жылан қашқан қалпында Құрман қойшының шалбарының балағынан кіреді. Ол жыланды балағынан кіргізбеуге үлгіре алмайды. От та кіруге ыңғайланғанда сабап сөндіреді. Жылан жорғалай омырауынан шығып, оттың өшкенін көріп, жерге түседі.

         Жерге түскеннен кейін адам тілімен сөйлей бастайды: «Сен мені өлімнен құтқардың, мен сенің жақсылығыңды өмірі ұмытпаймын, сен мына қойды таста да менің соңымнан ер, мен саған өзімнің қызымды беремін»,— дейді. Қойшы байғұс қуанады, бірақ «қойды тастап кете алмаймын» дейді. Сен қойға қам жеме, қойдың өздері кешке аман-есен үйлеріне барады,— дейді. Қойшы амалсыздан жыланға ілесіп кете барады, бір жерге барғанда, бір тесікке түсіріп алады, сонан екеуі жер астымен кете барады, бір жерге келгенде төбедей үйілген көп жыланға кез келеді. Құрман қойшы «осынша жыланға жем қылуға алып келе жатыр екен» деп, зәресі зәр түбіне кетіп, өңі қашып тұра қалады. Жылан оның қорқып тұрып қалғанын біліп, «жүр, саған олар тимейді» деді. Ол амалсыз ере берді, жылан үйілген жыланға келгенде қатты бақырып еді, жыландар екі жаққа айырылып, ортасынан қақ бөлініп жол берді. Екеуі біраз жүргеннен кейін алдарынан үлкен ақ үй көрінді, біраз жүріп ақ үйге келді. Жылан айтты: «Осы үй — біздің үй»,— деді. Екеуі үйге кірді. Құрман қойшы: «Бұл мені қызымды беремін деп ертіп келіп еді ғой, бұның қызы тұрмақ ештеңесі көрінбейді» деп ойлап отыра берді. Бір уақытта ас дайындап алып келді. Отырып ас ішіп болғаннан соң, жылан үйінде бір ақ, бір қара қалайы сандық бар екен, екеуін төр алдына жинап қойыпты, ақ қалайы сандықты қойшыға алып берді. «Жер бетіне шыққан соң, алты қанат ақ үйдің орнындай жерді дөңгелектеп сызып, соның ортасына осы қалайы сандықты басыңа жастай ұйықта», – деп, жыландардан өткізіп жіберіп қош айтысып қала береді.

         Құрман қойшы жер бетіне шықканнан кейін бір жерді таңдап алып, алты қанат ақ үйдің орнындай жерді дөңгелектеп сызып, сандықты басына жастай жатып ұйықтайды. Ертеңгісін оянса, аппақ ақ үйдің ішінде жатыр екен, оң жағына қараса, аппақ сұлу қыз ұйықтап жатыр екен, қойшы қорқып қалады, қорыққанынан айғайлап жібере жаздайды. «Бұл пәленің қасына қалай, қайдан жаттым» деп, білдіртпей төсектен түсіп, өзінің жаман шалбары мен тонын іздесе, ондай жаман нәрсе ол үйден табылмады, ылғи асыл киімнен басқа ештеңесі жоқ, асыл киімді киіп, үйден шықса, мал деген жердің жүзін, күннің көзін алады. Бұл жерде ешқандай мал жоқ болатын, барып қойшыдан сұраса, «Құрманның қойы» дейді, «қай Құрман?» десе, өзінің әкесін және елін айтады, «апырым-ай, бұл жынданған қойшы ғой, менің атымды басқа біреудің атына шатастырып тұр» деп, сиыршыға барып сұраса, ол да соны айтады, жылқышыға барса, ол да соны айтады. Бұл қайтып үйге келе жатып ойлайды, «бұл қалай, маған мұнша мал қайдан бітті?» дейді. Ойлап келе жатып, «бұл әлгі жылан берген ақ қалайы сандық екен ғой, ана үйдегі қыз соның берем деген қызы екен, мына мал соның еншісі екен» дейді. Сонымен ойланып үйіне келеді, үйіне келсе, әйелі шай қойып жүр екен. «Байеке, қайда барып қайттыңыз?» – дейді. «Е, мына малшылар жер жайын білмейді ғой, соларға жер жағдайын түсіндірдім», – деп шынын айтпайды. Сонымен бірнеше уақыт өмір сүреді. Бір күні «бұл үйде кім бар» деген дауыс естиді. Әйел далаға шықса, патша киімін киген және уәзір киімін киген бірнеше адам есік алдында тұр екен. Әйелді көріп патшаның дегбірі қалмай, көзі алақтап, біресе әйелге, біресе жолдастарына қарап не айтарын білмей қалады. Сонымен «бұл кімнің үйі?» деп сұрайды.

Әйел: «Құрман байдың үйі», – дейді.

«Күйеуің қайда кетті?» – дейді. «Аң аулай кетті», – дейді әйел. Патша айтады: «Мен осы елдің патшасы боламын, күйеуің ертең біздің ордаға келсін», – деп кетіп қалады. Кешке Құрман келеді, әйелі болған жағдайды айтады, «патша ертең ордаға келсін деп кетті» деді.

Ертемен ерте тұрып атына мініп, патша ордасына барады. Патша Құрманның келуін тосып отыр екен. Құрманды өте жылы жүзбен қарсы алады, дастарқан жайғызып, ас пен шарап құйғызып тамақтандырады. Тамақтанып болған соң, патша: «Әй, Құрман, екеуіміз бұғыншақ ойнаймыз, үш күн мен тығылам, үш күн сен тығыласың, үш рет мен тапсам, сен маған әйеліңді, малыңды бересің, сонан соң басыңды аламын, – дейді. — Егер мен сені үш рет таппасам, мен саған қырық әйелім бар, соны және патшалығымды, мал-мүлкімді берем де атыма мініп кете берем», – деді.

         — Осыған қалай қарайсың, егер сен ойнамасаң да әйеліңді тартып алам, – деді.

Сонымен амалдың жоғынан көніп, үйіне барып болған жағдайды айтады. Әйелі онан соң «ойна» деп қарсы болмайды. Патша артынан хабаршы жіберіпті. «Ертең мен бұғынамын, мені іздесін», – деп хабар беріпті. Ертеңгісін ерте тұрып, бір атты мініп ханды іздеуге кетеді. Әйелі артынан шығып қараса, атқа мініп ханды іздемекке кетіп барады екен. Әйелі айғай салып ерін шақырып алып: «Қайда барасыз?» – деп сұрайды. «Кеше патша бұғыншақ ойнаймыз деп еді ғой, соны іздеуге бара жатырмын», – дейді. Әйелі: «Сіз олай бармаңыз, сіз қазір жылқыдан таңдатып ең жүйрік ат мініңіз, қолыңызға темір құрық алыңыз, сонымен хан ауылына барыңыз, ауылына жақындағанда төбенің үстінде үлкен қара төбет ит жатыр, сіз жақын барғанда сізге үріп жүгіреді, сіз оны жақындатпай қашыңыз, сонан сіз бет алды қаша беріңіз, бір уақытта сізді қуып жетеді, сол уақытта қайта бұрылып итті сіз қуыңыз, сол итті өлтіріп, патшаны сонан соң іздесеңіз, – деді. Хабаршы жіберіп жылқышылардан «ең жүйрік ат ұстап бер» деп сұрайды, жылқышылар жүйрік ат әкеп береді. Қолына темір құрық алып, патшаның сарайына қарай кете береді. Патшаның ауылына жақындағанда, айтқандай, төбенің үстінде үлкен қара ит жатыр екен. Құрман жақындап келгенде, арсылдай үріп тұра ұмтылады. Құрман жалт беріп бет алды қаша жөнеледі, ит те қуады, қаша-қаша талай жерге барғанда, ит қуып жете бергенде, атын кілт бұрып, итті қайта қуады, ит қашады, ол қуады, әрі-бері қуғаннан соң ит шаршайды, итті қуып жетіп құрықпен соғып, іннен-інге тығып өлтіре сабайды. Ит өлермен болып, бір қуысқа тығылады, атынан түсіп, итті құрықпен түрткілеп өлтіруге жақындайды, өлуге таяғанда, «ей, өлетін болдым, енді қой» деп, адам қалпына кіреді. Қараса, әлгі бұғынам деген патша екен, «ертең тағы тығыламын, келіп тауып ал» деп үйіне кетеді.

         Ертеңіне ертемен тұрып кешегі атына мініп, құрығын қолына алып, патшаны іздеймін деп кетіп бара жатқанда, әйелі шақырып алып: «Қайда барасың?» – деп сұрайды. «Патшаға барам, кешегі итті қуам, әйтпесе, бір жерде жүрген шығар», – дейді. «Жоқ, сен олай етпе, құрығыңды таста да үйіне бар, «патша қайда?» деп, әйелдерінен сұра, әйелдері «білмейміз» дер, сен үйінен шығып тауға қарай біраз жүрсең, алдыңнан үлкен кер жол шығады, сонымен батысқа қарай жүре берсең, сол үлкен кер жолдан тауға қарай жалғыз аяқ жол шығады, сол жолмен біраз жүрсең, сайға түсесің, сайдың арғы қабағында бір түп тобылғы тұр, сол тобылғының ішінде қамшы сапқа жарайтын үш тобылғы бар, екеуі сары, бірақ түзу, ал қалған біреуі қисық, бірақ өте қызыл, «мына кисық тобылғы қамшыға шыдамды, берік сап болушы еді және өзі қызыл екен» деп, сол қисық тобылғыны кесіп ал, сонан соң патшаны іздесең, патшаны тауып аласың», – дейді.

Қолындағы құрығын тастап патшаның ауылына келді. Келіп патшаның қатындарынан: «Патша қайда кетті?» – деп сұрайды, қатындары: «Білмейміз», – деп жауап береді. Ауылынан шыққан үлкен кер жолға түсіп жүре береді. Біраз жүргеннен кейін алдынан тауға қарай жалғыз аяқ жол шығады. Сол жолға түсіп алып тауға қарай жүреді. Бір сайға түскенде, арғы бетінде бір түп тобылғы көреді. Барлық тобылғыдан биік үш тобылғы көрінеді. «Осы тобылғыда қамшы сапқа жарайтын тобылғы бар ма екен, көрейінші» деп, атынан түседі, әлгі сапқа жарайтын үш сапты көріп, «осылардың бәрін (үшеуін де) алуға болмайды, мұның қайсысын алайын» деп, біраз ойланған болады да «осы қисығы қамшыға мықты болушы еді ғой» деп, бәкісін алып, қисық тобылғыны ұстап кесе бергенде: «Ей, Құдай атқыр, бұл мен едім» – деп патша шыға келіпті, сонда Құрман: «Ой, тақсыр, мұнда неғып жүр едің», – депті.

Патша қабағы салыңқы ауылына қайтады. Ауылына жақындағанда, Құрман ауылына кететін болады, сонда патша: «Әй, Құрман, сен мені екі рет таптың, ертең тағы бұғынам, келіп мені ізде», – деп үйіне жүре беріпті. Құрман үйіне келіп, ертеңгісін атына мініп кетіп барады екен, әйелі көріп: «Құрман, атыңның басын бұра кет, қайда барасың?», – депті. Құрман патшаны іздейтінін айтады, әйелі: «Сен патшаның үйіне барған соң, әйелдерінен сұра, «патша қайда?» деп, әйелдері «білмейміз» дейді. Сен қора-қопсысын, жер асты-жер үстіндегі қазынасын тегіс көр, сонда бірталай қызық көресің, сонан соң үйін қара, патша жататын төсектің бас жағында үш ақ семсер (қылыш), аяқ жағында үш семсер жатыр, екеуін де ашып қойып, «ойпырым-ай, мынау не деген семсер, мұның қайсысы өткір болды екен?» деп, бәрін бір-бір ұстап көр де бас жағында жатқан үш семсердің ортасындағысын алып далаға шығып, үйінің алдында үлкен тас бар, сол тасқа қылыштың өткірлігін білу үшін шауып жібер, сонан соң ханды тез табасың», – деді. Құрман патшаның үйіне барып кілет, қорасын қарап, онан жер үстіндегі қазынасын көріп, онан жер астындағы қазынасын көріп, түс қайтқанша серуендеп, түс қайта патшаның үйіне келіп, қатындарынан сұрайды. Қатындары «білмейміз» дейді. «Осы хан таптырмайтын жаққа шықты» деп, төсегін ақтара бастайды. Айтқандай, төсегінің аяғында үш, басында үш ақ семсер жатыр екен.

Соларды көріп әрқайсысын бір ұстап көріп, «ойпырым-ай, мынаның қайсысы асыл болды екен, шамасы наркескен деген семсерлер осы болғаны ғой» деп, бас жағындағы үш семсердің ортасындағыны алып, далаға шыға үлкен бір тасқа енді шабайын дегенде, «ағатай-ай, мен едім ғой» деп, патша шыға келіпті. «Ал енді сен мені үш рет таптың, ертеңнен бастап сен тығыл, мен іздеп сені табамын», – деп Құрманды үйіне қайтарады.

Құрман ертең ерте тұрып ауыл қасында үлкен жар бар еді, соған қарай безіп бара жатқанда, әйелі шақырып алады да: «Қайда барасың?» – деп сұрайды. «Әлгі патша келмек еді, ол маған сен бүгін тығыл, мен іздеймін деген, сол енді ана жарлардың бір жерінен орын дайындап қойып едім, соған тығылайын деп барамын», – деді.

Әйелі айтты: «Хан кеше кісі жіберген, ертең тығылмай-ақ қойсын, іздемеймін депті. Үйде отыра бер», – деп, үйіне отырғызып қойыпты. Әйелі шай қайнатып әкеліп, екеуі шай ішіп отырғанда, патшаның ауыл жағына қараса, патша келе жатыр екен дейді. Құрман ішіп отырған шайын тастай салып кебеженің ішіне кіріп кетіпті. «Үй, саған не болып қалды?» десе, «ойбай, патша келіп қалды» дейді. «Ендеше, кебежені салдырлатпай бері кел, мына жерге тығыл», – депті. Көзі жәутеңдей «қай жерге тығыламын» деп, әйелінің қасына келіпті. Әйелі аузы күбірлеп «тфу» деп еді, ұршық болып кетті. Әйелі шайды жинап, ұршық иіріп отыра беріпті.

         Патша келіп: «Құрман қайда кетті?» – деп, әйелінен сұрайды, әйелі «білмеймін, тақсыр» дейді. Патша үйін түгел қарайды, бірақ үйінен таппайды. Ауыл төңірегін қарайды, еш жерден таппай үйін қайта қарайды. Бірақ таппайды, хан қайтар болып атына мініп тұрып, «таппадым» деп айғай салады, әйелі ұршықты шанши салып еді, «мұндамын» деп, Құрман үйден шыға келді. «Ертең тағы тығыл», – деп, хан ауылына кетеді.

Хан келе жатып ойлайды. «Бұл қайда тығылды, осының өзі алаңғасарлау екен, бұл Құрманда ешқандай қасиет жоқ, осы кәптің бәрі әйелден-ау» деп ойлайды да «бұл үйінен басқа жерге тығылмайды, ертең таң ата адам жіберіп бақтырайын, егер үйінен ешқайда шықпаса, бұны ертең қайтсем де табам деген қорытындыға келіп, үйіне келе өзі епті бір қуды шақырып алып: «Саған мен жұмыс тапсырамын, соны орындасаң, ат басындай алтын беремін, бірақ мұны өзің және менен басқа ешкім білмейтін болсын», – дейді. «Құп, тақсыр, не бұйырсаңыз орындауға мен дайын», – деп, екі көзі алтынды естіген соң жасаурап, патшаның алдына жүгініп отыра кетеді. Сонда патша: «Сен көрінбей Құрманның ауылына барып, Құрман қайда барар екен соны бақ, бірақ көрініп қалып жүрме, ертең ерте мен ауылдан шыққанда, қайда екенін маған айтып, өзің көрінбей ауылға қайтатын бол», – деп тапсырады.

Ертең ерте тұрып патша Құрманды іздеуге келе жатқанда, алдынан өзінің тыңшысын кездестіреді, тыңшысы айтады: «Құрман үйінен ешқайда шыққан жоқ, қазір де үйінде жүр, тақсыр», – дейді. Патша: «Жарайды, бара бер», – дейді де Құрманның үйіне кете береді. Құрман әйелі екеуі шай ішіп отырғанда, патшаның келе жатқанын Құрман көре салып, күндегідей қайда болса сонда тығылмай, әйелінің кереметі барын біліп, «патша мені тауып алуға келе жатқанын қара» деп күледі, өзінің абыржып отырғанын сездірмей. Әйелі патшаны көріп, дастарқанын тез жинап «тфу» дейді. Сонда Құрман ине болып кетеді. Инені камзолының жағасына түйрей салып, ұршығын қолына алып, жіп иіріп отыра береді. Патша келіп: «Құрман қайда?» – деп сұрайды. «Білмеймін, кеше кешке таман кеткен, сонан әлі оралған жоқ», – дейді. Патша ертеңгісін үйінде жүргенін біледі. Үйді қарай бастайды, бірақ үйден күдікті ештеңе табылмай әбден сандалады, кешке дейін ананы бір ұстап, мынаны бір ұстап таппай, таппасына көзі жеткен соң, «Құрман, мен таппадым» деп айғай салады. Сонда әйелі инені жерге қадай салғанда, «мен мұндамын» деп, үйінен шыға келеді. Патша: «Ертең тағы бұғын, таппасам, патшалығымды берем», – дейді де кете барады.

Құрман ертемен тұрып шаруасын істеп, ертеңгі асын ішіп отырғанда, үй артына білдіртпей келіп түсіп жатқан патшаны әйелі сезіп қалып, «тфу» деп жіберіп еді, қайрақ болып кетеді. Қайрақты әйелі күлдің ішіне тастай салады. Сол кезде патша жетіп келеді. Келсе, қазір екеуі сөйлесіп отырғанын естіген болатын, қақайып әйелі жалғыз отыр екен. «Құрман қайда?» деп сұрайды, әйелі «көргенім жоқ» деп жауап береді. Үйдің ішін ары-бері қарап, «таппадым» деп айғай салады, «мен мұндамын» деп, күлдің арасынан шыға келеді. Сонымен хан жеңіліп патшалығын бермек болады. «Ертең кел түске таман мен елімді жинап отырамын, ел алдында патшалығыңды өткізіп ал», – деп, атына мініп кетіп қалады.

Құрман ертемен тұрып атын алдырып мініп, патшаның ауылына жүрмек болады. Сонда әйелі айтады: «Сіз барып хандығыңды, қазынаңды өткізіп алғаннан кейін бір түнеп қайтып келіңіз», – дейді.

«Жарайды», – деп Құрман жүріп кетеді.

         Құрман патшаның ауылына келсе, патша елді жинап Құрманға қарап отыр екен. Құрманды аттан көтеріп алып, астына кілем төсеп төрге отырғызып, патша жиналысын ашады. Жиналысында Құрман екеуінің бұғынбақ ойнағанын және пенделік жасап Құрманның әйеліне қызыққанын айтады, «енді маған обал жоқ, тұрмайтын нәрсеге әуреленіп» деп, өзінің кем ақылдығын ел алдында жасырмай айтып, Құрманға былай дейді: «Ел бастаған адам дүниеге қызықпау керек, міне, мен сияқты қызығам десең, менің қалпыма түсесің, ал, ел-жұрт, мен патшалығымды мына Құрманға бердім, енді осы кісі сіздердің патшалырыңыз болады, қош сау болыңдар», – деп тағынан түсіп, Құрманға тәж кигізіп, таққа отырғызады. Патшаның қазынасын және малын, қырық қатынын бәрін алып, орда кісілеріне ескі дәстүрмен жаңа киім беріп, кешке бір әйелдің үйіне түнеп, ертеңіне қайтайын десе, қалған әйелдері жібермейді, «анадан мені жек көресің бе» деп. Қырық қатынның үйіне қырық түнеп, қырық күннен кейін өз әйеліне келеді. Келсе, әйелі бұртиып ашуланып отыр екен. «Саған мен бір түнеп қайтып кел дегенім қайда, сен қырық түнедің, “уәде — Құдай сөзі” деген ата-бабамыз, сен уәдеде неге тұрмайсың?», – деп Құрманмен ұрса кетті. Құрман: «Сен неге ақшаңдайсың, мен патшамын, бұрынғы Құрман екен деме», – деп қожаңдады. «Сен немене, менің тілімді алуға тиістісің, сенің қолыңды патшалыққа жеткізген мен», – дейді әйелі. Құрман: «Сен емес, мені патша еткен Алла тағала, олай деп былжырама», – дейді. Сонымен екеуі ұрсысып төсекке жатады. Төсекке жатқанда әйелі ашуланып жатады. Сонда Құрман: «Әй, әр таман жатшы, жылан иісің шығып кетті», – дейді. Әйелі: «Рас айтасың ба?» – дейді. «Рас айтпағанда», – деп Құрман теріс қарап жатады. Әйелі: «Сонда сен мені тастайсың ба, жылан иісің шықты деп», – дейді. «Тастаймын, қайтесің?», – дейді. «Рас айтасың ба?» – дейді. «Рас айтамын», – дейді Құрман. «Онда қайталап үш рет айтшы», – дейді әйелі. «Рас, рас, рас», – деп айғай салады Құрман. Әйел төр алдына төсек салып жата береді.

Құрман ертеңгісін ұйқысынан оянып көзін ашып қараса, айдалада үй де жоқ, бұрынғы киіп жүрген асыл киім де, шықырлаған сақтиян етік те жоқ, өзінің бұрынғы қойшы күйінде киіп жүрген жаман тоны мен жаман шалбары, одан басқа ештеңе қалмапты. «Енді не істеймін?» деп, аң-таң болып тұрып артына қараса, арт жағында баяғы өзі бағып жүрген бір қора қой мен астына мініп жүрген қызыл өгізі тұр. Өгізіне мініп, қойын өргізіп, «мен патша болдым, қырық әйелім бар, бұл қойды сонда айдап барайын» деп қойды айдап, ханның ордасының жанына апарып иіріп тастап, құрттаған бір қойды өңгеріп, патшаның ордасына барып: «Ей, қатындарым, мына қойды түсіріп алыңдар», – деп, өгіздің үстінде тұрып айғай салады. Қатындары даусын танып үйден жүгіре шықса, бір қойшы қой өңгеріп келіп тұр. Құрман аңырып қарап қалған қатындарына ақырып: «Ал, мына қойды, неғып мелшиіп тұрсыңдар», – деп балағаттайды. Қатындар қойшының балағаттағанына шыдай алмай, қырық қатын, қырық сойыл алып, Құрманды сойылдың астына алып береді. Құрман қашады, өгіз жаяудан оза алмайды. Есі танып өгізден өкіре құлап жер қабады. Қатындар: «Сендей қойшыға сол керек, біздің байымыздың даусын салып, бізді алдамақшы», – деп, алдындағы күлге көміп кетіп қалады. Бір уақыттар болғанда, Құрман есін жиса, күлдің ішінде жатыр, күлмен көміп аяқ жағына бір жалпақ тас бастырып кетіп қалыпты. Тасты аударып тастап, көрден шыққандай үсті-басы жұлма-жұлма болып түрегеліп жан-жағына қарайды, сол жерде қанша жатқанын да білмейді, қазір таң атып келе ме, не күн батып келе ме, әйтеуір, ала көлеңке уақыт, біраз тұрып басы айналып қайта құлап қалады. Біраз қозғалмай сол орнында жатып, аздап есін жиып болған соң, жағдайдың бәрін көз алдына елестетіп, Құрман ойлайды:

«Қой, бүйтіп өлуге болмас, қайтадан жыланға барайын, болған кемшілікті айтып жалынайын, оны ажалдан алып қалып едім, менің істеген бір кемшілігімді неге бір жолға кешірмес екен», – деген ойға келіп, орнынан тұрып үсті-басын қағып, қасында ағып жатқан бұлаққа барып жуынып, ауылдан аулақ барып бір жерге жатып, таң атуын күтеді. Бір уақытта күткен таң да атады, таң атқан соң баяғы өзі көрген жыланның ауылына тартады, соған келіп өзін жылан ертіп келген шұңқырдан түсіп жер астындағы үңгірмен жүре береді.

Баяғы үйіліп жатқан жыланға келеді. Жыландардың үстін басып жүруге болмайды. Айналып өтейін деп, айналып жолдан шығып бара жатқанда, жыландар өзінен-өзі қақ айырылып ортасынан жол ашады, қайта жолға түсіп жүріп кетеді. Өзі көрген үлкен ақ үйге жақындап келгенде, ішінде күбірлеп сөйлескен адам даусын естиді, «бұл не болды екен» деп, үй сыртында тыңдап тұрса, қызбен сөйлесіп отырған әлгі жылан екен. Қызға шешесі: «Неге қайтып келдің?» – деп отыр екен. Қыз жылап, болған уақиғаның бәрін айтады. «Сонан үйдің бәрін көшіріп, осы жер астына кіретін есіктің алдында бір күн отырдым, әлі де артымнан келер деп, бірақ ол келмеді, сонан соң келдім енді, ол келсе, сіз маған қайта бар деп қинамаңыз, мен енді оған қайта бармаймын, ол мені алмаймын деп үш қайыра айтты және мен оған сонша жақсылық жасадым, қойшы басын патшалыққа көтердім, ол сонда да жақсылыкты білмейді», – деп солқылдап қыз жылап жіберді. Қыз жылағанда, шешесі ашуланып: «Егер енді оны көрсем шағып өлтіремін», – деп қаһарланды. Ол бәрін естіп тұрып жаңа келе жатқан адамша тарсылдатып үйіне жақындады. Сонда «осы келе жаткан күйеу ғой» деп, адам бейнесінен жылан бейнесіне енді қыздың шешесі. «Ассалаумағалайкүм», – деп кіріп барғанында, шешесі қаһарланып орнынан ысқыра тұра келді. Ол екі қолын қусырып, бар-жоқты айтып жалынып, болған кемшілікті кешіруін сұрады, жылан райынан қайтып адам қалпына түсті, келбетті келген кемпір екен. Сол кемпір болса да оған берген қызынан он есе сұлу екен, сонда кемпір айтты: «Қызымды неге қуып жібердің?» – деді. Құрман болған жағдайдың бәрін айтты. Екеуінің сөзін ой таразысына тартқандай біраз үндемей отырып, әлден кейін «жарайды, әлде де тексерем» деп, ас әзірлеуге тысқа шығып кетті. Даладан бір қайнап тұрған самауыр әкелді, екеуі отырып шай ішті. Шай ішіп отырғанда, ол сөз бастады. «Ене, анадағы сізді қуған от не, сол маған жұмбақ, соның сырын маған айтыңызшы», – деді. Сонда кемпір ауыр бір күрсініп, былай деді:

«Ол мені жастайымнан оқытқан молда еді, өзі аса сиқыр адам еді, мені оқытып өзінің молдалық дәрежесіне жеткізіп, бірақ маған сиқыр оқуын оқытпады. Сиқыр кітабы бар еді, сол кітапты өзінен тастамайтын, ол әрбір айда бір жеті ұйықтайтын еді, мен сол ұйықтағанда сиқыр кітабын алып оқи беретін болдым, айына жеті күн сабақ оқимын, ол оянар алдында кітабын орнына қоямын, сонан қойшы, сиқыр кітапты түгел оқып бітуге жақындадым, бірақ жылан болу және қайта адам болу өнерін ғана тез үйрендім, басқасын тез үйрене алмадым. Менің оқуым бітуге жақындағанда молда айтты: «Оқуың бітуге жақындады, енді сен үйіңе қайтасың», – деді. Мен оқуды бітіргеннен кейін үйіме қайтпадым, сондағы ойым әлгі сиқыр кітаптың бәрін жатқа біліп алу еді, оқуым бітті, «үйіңе апарамын десе», әзір осы жерде тұрам деп көнбедім. Сөйтсем, мен білмеймін, мен қайтпаймын дегенге әлгі құзғын менде көңілі бар екен деп ойлапты, бір күні маған әйел бол дегендей сөз айтты. Мен ашуланып оны тышқан етіп жібердім сиқырмен, ол қап деп қапы қалды, ол менің неге қайтпай жүргенімді сонда бір-ақ білді де бармағын тістеп қала берді. Мен кітапты алып еліме қайттым. Өзімнің сүйген кісіме қосылдым. Сонан екі-үш бала туды, біз қартайдық. Кейін әлгі кітапты ақ матаға орап, теңге салып қойдым. Сөйтсем, әлгі құзғын молда соны бағып жүріпті де теңге тесіп кіріп, адам болатын қағазын жеп, адам қалпына түсіпті. Түн ортасы болғанда, үстіме біреу ыстық суды шашып жіберді, көзімді ашып алсам, әлгі молда шалыма пышақ салып өлтіріп, енді мені іздеп жүр екен, мен дереу жылан бола кеттім, сөйткенде әлгі от болып маған лап етті, мен атылып қаштым, ол мені қуды, сонан там болдым, сен оны өлтіріп, мені жауымнан құтқардың, ажалдан құтылған соң, мен саған қызымды бердім, ақыры сен де қызымды тастадың, бүгін келмей қалғанда, мен сені шағып өлтіремін деп отыр едім, алдыңа келсе, атаңның құнын кеш деген, сондықтан сен маған қайта күйеу бола аласың», – деді.

Ac ішіп болған соң, бір қалайы қоңыр сандық алып қолыма ұстатты да: «Жер үстіне шыққан соң, төрт қанат ақ отаудың орнындай жерді дөңгелетіп сызып алып, мынаны басыңа жастанып жатып ұйықта», – деді.

Кемпірмен қош айтысып кетіп қалды, жер бетіне шыққан соң төрт қанат ақ отаудың орнындай, жер сызып алып ұйықтады, ертеңгісін тұрса, төрт қанат ақ отаудың ішінде жатыр, қасында бір қыз жатыр, анадағы қыздай сұлу емес екен, далаға шықса малы да шамалы, алғашқы қызындай көп емес екен, үйге келіп киінейін деп қараса, әлгі оның патшалық киімін ала келген екен, патшалық киімін киіп барып, өзінің тағына отырды. Сонан әйелін ордаға көшіріп алып, бірнеше жыл патшалық өмір сүрген екен, тату-тәтті тұрып, дүниеден олар да кеткен екен дейді.


Әлеуметтік желілерде бөлісіңіз: