Қалауын тапсаң қар жанады немесе әлемдегі ең бай «ерекше» кәсіпкерлер
Олар өз империяларын көп айтыла да, көп жазыла да бермейтін салаларды бағындырудың нәтижесінде құрды. Жыл сайын Forbes миллиардерлердің жаңа тізімін жариялап, олардың байлығын зерттеумен, есептеумен айналысады. Кәсіпкерлер қайда тұрады, жынысы, отбасылық жағдайы, табыс көзі қандай дейтін толассыз сұрақтарға жауап іздейді. Соңғы жарияланған тізімде ең атақты миллиардерлер (139, жалпы байлығы – $526 млрд) инвестициялық бизнесті бағындырғандар болып шықты, екінші орында (129,628 млрд доллар) сән және бөлшек саудадан миллиардтаған табыс тапқандар және үшіншісі (91 , 398 млрд доллар) – энергетика саласын игергендер. Миллиардерлердің көпшілігі мамандығы бойынша риэлторлар, технологтар, қаржыгерлер, кеншілер және металлургтер екен. Қарапайым адамдардан көк қағазға көмілген кәсіпкерге айналу кез келгеннің қолынан келмесі анық. Олардың арасында да қиын салалардың қыр-сырын меңгерген «ерекше» тұлғалар бар. Сол тізімді ұсынамыз.
Ең кедей континенттің ең бай тұрғыны
Африканың кәсіпкері, Нигерияның қант королі — Алико Данготе (Forbes тізімінде №51 орынды иеленеді, құны 13,8 миллиард долларға бағаланады). Сонымен қатар, Данготе — әлем бойынша табысы жылдам өсетін кәсіпкер: өткен жылы ол 557%-ға өсті. Өсудің катализаторы бүкіл Нигериялық қор нарығының төрттен бір бөлігін капиталдандырған — Dangote Cement компаниясының листингі болды.
1977 жылы құрылған шағын сауда компаниясы уақыт өте келе үлкен конгломератқа айналды, алдымен жергілікті алкогольсіз сусындар, сыра және тәттілер өндірушілерге қант тасымалдап отырды, содан кейін Бенин және Ганадада цемент бизнесімен айналыса бастады. Қазіргі таңда Замбияда, Танзанияда, Конгода және Эфиопияда жаңа зауыттарын салып жатыр, Сьерра-Леоне мен Либерияда тасымалдау терминалдары бар.
Данготенің жетістігі билеуші Халықтық демократиялық партияның қолдауымен тікелей байланысты. Кәсіпкер 2003 жылы елдің бұрынғы президенті Олусегун Обасанджоны қайта сайлауға 200 миллион доллардан астам қаражат жұмсаған, кейін елдің келесі билеушісі Умару Мұса Яр-Адуаны да қолдаған. Бүгінгі таңда Dangote Group компаниялары Нигерияның тұз, күріш, тоқыма нарығында үстемдік етеді және жаңа бағыттарды — көлік пен мұнай, газды дамыту процесін жүргізіп жатыр. 54 жастағы Данготе өзінің соңғы туған күніне 45 миллион долларға жаңа Bombardier ұшағын сатып алды. Британдық Daily Mirror кәсіпкердің «Арсенал» командасының 16%-ын сатып алғысы келгенін хабарлаған еді , бірақ миллиардер бұл қауесетті жоққа шығарды.
Ағашпен дос кәсіпкер
Малайзиялық миллиардер Ли Шин Ченгтің IOI тобы (№208, 5 миллиард доллар) тамақ, косметика және металл өнеркәсібі үшін пальма майын өндіреді. Қазіргі таңда оның кәсібі Малайзияда, Индонезияда, Еуропада және АҚШ-та дөңгеленіп жатыр.
Қытайлық дүкеншінің ұлы Ли отбасына көмектесу үшін небәрі 11 жасында мектепті тастап кеткен. Кейін орта білімін аяқтағанымен, бірақ ағылшын тілін жетік меңгермегені үшін Dunlop Estate компаниясында пальма плантациясының менеджері қызметін иелене алмайды. 20 жылдан кейін, 1989 жылы ол өзінен бас тартқан фирманы сатып алады және бұл күнді өміріндегі ең бақытты күн деп санады. Ли пальма ағаштарын өзінің «достары» деп санайды, ал бәсекелестер мен журналистер оны бұл еңбегі үшін «ағаш сүйгіш» деп атап кеткен.
Әтір әлемінің ханшасы
Hong Kong Huabao International компаниясының президенті Чу Лам Ю (№ 409, 2,8 миллиард доллар) Forbes-ке 2008 жылы ең жас миллиардер ретінде енгізілді. Ал отыз сегіз жасында табыс көзі 1,3 миллиард долларды құрап, әлемдегі ең бай адамдардың тізімінде 760-орынды иеленген. Кәсібін он жылдың ішінде парфюмерия бизнесі мен дәмдеуіштер, темекі саудасынан бастаған Чу кейін дербес инвестициялық империя құрды.
Жариялылықты жаны сүймейтін әйел өзін Қытайдағы ең мықты бизнес-стратег ретінде таныта білді.
Байлыққа бастаған лифт
Финн Антти Херлин (№651, $1,9 млрд) бизнесті, яғни KONE лифт компаниясын әкесі Пекка Херлиннен, атасы Гарольд Херлиннен мұра еткен. Бұл кәсібінің нәтижесінде Финн елдегі экономикалық үлестің 20%-ын және акциялардың 60%-дан астамына иелік етеді.
Олардың өмірі журналист Джон Саймонның «Prince KONE» кітабында сипатталған. Әкесі кәсіпкер ғана емес, сонымен қатар психикалық бұзылулардан зардап шеккен деспот болған деседі. Ол өмірінің соңында компанияны үлкен ұлы Антиге қалдырғанымен, кейін дүние үшін бауырлардың арасында араздық пайда болған. Сондықтан жалғыз мұрагер өз байлығын аға-әпкелерімен бөлісуге мәжбүр болды.
Жаңбыр астындағы жұмбақ сәулетші
Соңғы бір жылда қытайлық ландшафт сәулетшісі, Beijing Orient Landscape компаниясының иесі және президенті Хэ Чиаону (№782, 1,6 миллиард доллар) байлығын екі есе арттырып, Forbes тізіміне енді. 2009 жылдан бері Шэньчжэнь қор биржасында саудаланып келе жатқан холдингте оның 72% үлесі бар. Қытайлықтар заманауи демалысты жақсы көреді, сондықтан кәсіпкердің 400 дизайнерден тұратын холдингі өз клиенттерін ортағасырлық дизайндағы гольф алаңдарымен қамтамасыз етеді. Хэ ханым Forbes журналына берген сұхбатта, жаңбырдың астында жүруді ұнататынын айтқан.
Заңды жетік меңгерген король
Ең бай және әйгілі американдық заңгер Джо Джемейл (№833, 1,5 миллиард доллар) «Азаматтық кодекстің королі» деп те аталады. Ол қаншалықты сұранысқа ие болса да, алдына келген сот істерінің барлығын дерлік қабылдай бермейді. Соңғы рет Мексика шығанағында мұнай төгілген BP-ге қарсы сот ісін жүргізу туралы ұсыныс түскен.
Бірақ заңгер, ауқымды ұсынысқа «Мен бос емеспін», — деп жауап берген. 1985 жылы ол Pennzoil және Texaco мұнай компаниялары арасындағы сот процесінде жеңді, бұл тарихтағы ең қымбат сот ісі саналған. Нәтижесінде Тексако 11 миллиард доллар төлеуге мәжбүр болды, ал Джамайлдың алымы 335 миллион доллар қаржыны құрады. Оның арқасында өндірушілер үш қауіпті өнімді қайтарып алды: 600 Ремингтон мылтығы, үш доңғалақты жол талғамайтын HONDA көлігі және Parlodel дәрісі. Таныстары оны бұл ерекше дарыны үшін «құтқарушы», «меценат», «жақсы жігіт» деп атап кеткен.
Сиқырлы түрлендіру
Гарри Поттер сериясының авторы Джоан Роулинг (№1140, 1 миллиард доллар) алғашында жалғыз басты ана болатын. Кейіннен сиқыршы бала, оның басынан өткен түрлі қызықты оқиғаларды қамтыған кітабы әлемге танылып кетті. Енді Роулинг өмір бойы жұмыс жасамаса да, бұл еңбегінен келетін қаламақылар оның қалған өміріне толықтай жетеді. Жазушының Хогвартс сиқыр мектебіндегі өмірін сипаттайтын кітаптары қазірдің өзінде 400 миллионнан астам данамен сатылып, 60-қа жуық тілге, соның ішінде латын және көне грек тілдеріне аударылған. Оның АҚШ-тағы Scholastic баспасының акциялары 1998 жылы бірінші кітабы шыққалы 50%-ға өскен.
Алтын жұмыртқа
Украинаның «Нафтогаз Украины» мемлекеттік компаниясы төрағасының бұрынғы орынбасары Олег Бахматюк бір күні тәуекелге бел байлайды (N 1140, 1 млрд. доллар). Ол 2007 жылы газ тарататын компаниядағы өз үлесін сатып, жаңа кәсіп ашады. Туған жері Ивано-Франковскіде жұмыртқа өндірісімен айналыса бастайды. Бүгінде оның жұмыртқа империясында Украина бойынша 19 құс фабрикасы, 6 жем өндіру цехы, жұмыртқа өңдеу зауыты, 3 асыл тұқымды зауыт, 3 қойма және 9 ферма бар.
2009 жылы Бахматюк Лондон қор биржасында өзінің «Авангард» ауылшаруашылық холдингінің IPO-сын өткізіп, акциялардың шамамен 20%-ы үшін 210 миллион доллар жинақтаған. Оның бизнесі 1 миллиард долларға бағаланды. Холдингі нарықтың төрттен бірі және жұмыртқа өнімдері нарығының жартысынан көбін иеленеді. Бірақ өз өнімінің 17%-ын шетелге экспорттайтын кәсіпкер мұнымен шектеліп қалғысы келмейді. Оны «ақуызға мұқтаж» Азия мен Таяу Шығыс нарығы қызықтыратын көрінеді.
(Фото openbusiness.ru сайтынан алынды)