Депутаттар ел аралады

0
233

 

Ғылым-техника өзгерісі күн сайын жаңаланып, бәсеке жылдан-жылға күшейген заманда өндіріс ошақтарын дамытып, халықтың қажетіне жарату – қазірігі уақыттағы басты мақсаттардың бірі. Ел игілігіне жаратылып, экономикалық қуатты жоғарлататын келелі істер Алматы облысы Көксу ауданында ойдағыдай атқарылып, өз жемісін беруде.

Жер жаннаты – Жетісу жерінен Қазақстан Республикасы Парламент Мәжілісіне депутаттыққа сайланған Омархан Өксікбаев, Амангелді Дәуренбаев, Әбдіманап Бектұрғанов қатарлы халық қалаулылары қаңтардың оныншы жұлдызы жұмыс сапарымен ауданға келді. Экономиканың дамуына серпін беретін келелі істерге кеңінен тоқталып, аудандағы қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігімен танысты. Аудан әкімі Алмас Әділ, «Нұр Отан» партиясы Көксу аудандық филиялының бірінші орынбасары Төлеген Жанысбек және аудандық мәслихаттың хатшысы Әлдибек Досымбековтың бастауымен халық қалаулылары ең алдымен аудандағы ірі өнеркәсіп орындардың бірі – «Көксу» қант зауытына барды.

Таяу жылдардан бері ауданның ауыл шаруашылық саласы қарқынды дамып, ауыз толтырып айтарлықтай нәтижеге қол жеткізді. Әсіресе, Жетісу жерінде қант қызылшасын өсіруде көш бастап тұрған ауданның бүгінгі қарқынды жұмысы көптің көңілінен шығып, халықтың алқауына бөленді. Ірге тасы сонау 1934 жылы қаланған кәсіпорынның бүгінгі аяқ алысы көптің көңілінен шыққаны анық. Биылғы жылдың ерте көктемнен бастап сонау Кеңес заманынан қалған бір қатар ескі техникаларға өзгеріс енгізіліп, зауытқа модернизация жасалған. Бұрын жұмыстың негізгі бөлімі қолмен жасалса, қазір дерліктей автоматқа көшкеніне ризашылық білдірген халық қалаулылары биылғы жыл зауытқа жаңадан алынған екі цехті көзден кешіріп, жұмыс барысымен танысты.

Бір цехқа үш фильтр орнатылса, тағы бір цехқа қантты қайнататын екі ваком аппараты қойылды. Беларуссиядан арнайы компрессор алып келген. Баршаға мәлім болғандай өткен жылы да зауытқа модернизация жасалған. Ол кезде де бір талай техника жаңартылған.Зауыттың жұмысымен жеке-жеке танысқан депутаттар жыл сайын зауыттың техникасы осылай ауыстырылса, алдағы 5-6 жылдың көлемінде зауыт түгелімен жаңарып болатынына сенім білдірді.

Қарқынды жұмыс жүріп жатқан қант зауытының қант қызылшасын жинау, тазарту, өңдеу, мәнерлеу арқылы соңында таза өнім өндіру жұмысымен жіті танысып, аппақ қантты өз қолдарымен ұстап, еткен еңбектің ақталғанына ризашылық білдірді.

Халық қалаулылары аудандағы қайта өңдеу саласының көш басында тұрған іргелі кәсіпорындардың бірі – «Уыз Май» ЖШС майбұршақ өңдеу зауытының тірлігіне де назар салғанды жөн көріп, арнайы ат басын бұрып, ондағы жұмысшылармен әңгімелесті. Жұмысшылардың тұрмыс және басқа да жағдайларын сұрастырды.  Аталмыш мекеменің жұмыс барысымен филиал директорының орынбасары Қанағат Босқынов таныстырды. Ол майбұршақ зауытындағы озық үлгідегі технологиялардың артықшылығы, заманауи техникалардың өнімділігі туралы жан-жақты айтып, кейінгі жылдары өнімді қайта өңдеудің қарқын ала бастағанын жеткізді. Жалпы инвестициялық құны – 315 миллион теңгені құрайды. Зауыттың қуаттылығы жылына 16800 тонна майбұршақ дақылын өңдеуге жетеді. Зауыттың шығарған өнімінің 20 пайызын шетелге эксорт жасаса, 80 пайызы еліміз ішінде сатылады. Облыс бойыншы жылына 400 мың тонна бұршақты өңдей алатын төрт зауыт бар екенін ескрген депутаттар алдағы уақытта бұл кәсіпорындардың қуаттылығын арттыратын жағдайдың жасалатынына сенім білдірді.

Ауданның тыныс-тіршілігімен танысқан соң Парламент Мәжілісінің депутаты Амангелді Дәуренбаев «Нұр Отан» партиясы Көксу аудандық филиялының мәжіліс залында қоғамдық қабылдау өткізіп, қарапайым халықтың көкейіндегі әртүрлі ойды арқалап келген аудандық мәслихат депутаттарының сұрағына жауап берді.

«Өткенде жаңа жыл мерекесі қарсаңында жол полициясы Алматы қаласынан келе жатқан көлік жүргізушісінің машина нөмерін шығарып алған. Ол өзіне салынған айыппұлды төлейін десе, қабылдайтын органдардың барлығы демалып кеткен. Осы айыппұлды төлеуді демалыс күннен басқа күнге қоюға болмай ма?»- деген аудандық мәслихаттың депутаты Шах Гусеннің сұрағына :

– Әрине, әрқандай заң еліміз азаматтарының барлығына бірдей атқарылады. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген болатын Бауыржан Момышұлы. Бірақ та жол ережесін бұзғаны үшін машинаның нөмірін шешіп алады дегенді тұңғыш естіп отырмын. Мен бұл мәселені алдағы уақытта көтеретін боламын,- деп жауап берді.

«Газ құбыры аудандағы бірқатар егістіктерді басып өтеді. Егістікке ауадай қажетті су тоғандарын бұрынғы қалпына келтіріп бере ала ма?», – деген шаруа қожалықтарды алаңдатқан сұраққа:

– Ел болашағы энергиямен байланысты екенін сезінетін уақыт жетті. Әсіресе, қарапайым халықтың тұрмысына өте қажетті екенін бәріміз де ұғынамыз. Газ құбырына да жоғарыдан қомақты қаржы бөлінген. Олар сіздердің жерді пайдаланып болған соң қалпына келтіруге міндетті. Бұл шаруаны жергілікті билік қатаң бақылауға алу керек, – деді халық қалаулысы.

«Алтын асық», «Құлан», «Сыбаға» қатарлы мемлекеттік бағдарламалардың 14 пайыз өсімінің тең жартысын яғни 7 пайызын үкімет төлейтін болған. Қазір сол ақша не үшін төленбейтін болды ,- деген сұрақ қойды Аудандық мәслихаттың депутаты Қалибек Алпысбаев.

– Қазіргі күнде ауылшаруашылық саласын дамыту өзекті мәселелердің біріне айналды. Жоғарыда сіз көтерген мәселе әлі де шешімін таппады. Бұл бағдарламалардан өзге халыққа тіпті де қолайлы мемлекеттік бағдарлама жасалу үстінде. Алдағы уақытта оң шешімін табатынына сенім мол,- деп жауап берді Амангелді Дәуренбаев.

Қоғамдық қабылдау өткізген және Аудандағы әр түрлі өндіріс ошақтарына ат басын бұрған Қазақстан Республикасу Парламент Мәжілісінің депутаттары Елбасы саясатының ауылдық жерлерде ойдағыдай орындалып жатқандығына  шын жүректен риза екендіктерін білдірді.

Алаш ТҰРСЫНӘЛІ, Алматы облысы