Түркістанда жезөкшелер толып жүр. Бабалардың киесі атады ғой!.. 

0

Белгілі журналист Серік Жұмабай туған жері Түркістандағы қылмыстық ахуалдың сын көтермей тұрғанын айтып ҚР Бас прокураторы Жақып Асанов мырзаның «Фейсбуктағы» парақшасы арқылы үшбу хат жолдапты. Әріптесіміздің жанайқайын сол қалпында жариялауды жөн санадық. 

ҚР Бас прокуроры Жақып Асановтың назарына!

Жақып Қажыманұлы! Қазақстан Республикасының Бас прокуратурасына Сіз келгелі бұл салада елеулі өзгерістер орын алып отыр. «Алдымен өзіміз өзгелерге үлгі болуымыз керек!» деген ұстанымыңыз халықтың қолдауына ие болды. Сіздің бастамаларыңыз халықтың жүрегіне бейне бір үлкен сенім орнатқандай ерекше әсер қалдырып отыр.

Жақып Қажыманұлы! Адам тек ел, халық үшін атқарған істерімен ғана тарихта қалатынын түсінетін жасқа келдіңіз. Өзіңізге де прокурорлық та, өзге де атқарған халықтық шаруаларыңыз ескерткіш болады әлі. Біз оның көбін білеміз, риза боламыз және үнемі айтып, насихаттап жүреміз.

Менің Сізге жазып отырған жан сырым – жеке басымның шаруасы емес! Халықтың тілегі, аманаты! Алла куә, мұндағы жазылған әрбір сөйлемге, әрбір әріпке жаныммен, қаныммен, арыммен жауап беруге әзірмін!
Мені толғандыратыны, туған жерімде, қасиетті Түркістан қаласында қылмыс атаулы өршіп кетті, мұны Өзіңізге жеткізуді азаматтық парызым санадым.

Қылмыстың өршуі жөнінен Түркістан қаласы облыс бойынша алдыңғы қатарда тұр. Оны статистикалық деректі өзіңіз ақтарсаңыз да байқайсыз. Мендегі мәліметтер бойынша, 2016 жылдың соңғы 10 айында Түркістанда жалпы екі мыңнан аса қылмыс тіркелген. Бұл не масқара?! Атам қазақ екінші Меккеге балап, бүкіл мұсылманның рухани ордасына айналған Түркістан бүгін адам естіп, көз көрмеген қылмыстардың ошағына айналып барады.

Бір өкініштісі, бұған тосқауыл қоюы тиіс қалалық ішкі істер басқармасы мен жергілікті прокуратура өз жұмыстарына немқұрайлы қарап, халықтың сенімінен шығып кетті десек, артық айтқандық емес. Тіпті, жәдігер қала жезөкшелер үйіне айналып барады. Онда жеңіл жүрісті қыздар қаптап кеткен. Басқа-басқа, бүкіл түркі жұртының киелі ордасы, екінші Мекке, рухани астанада жеңіл жүрісті қыздардың қаптап кетуін қалай түсінуге болады? Аядай ғана әрі киелі жердегі жезөкшелікті жоя алмау – қос құзырлы органға үлкен сын емес пе?

Оның үстіне, қылмыс та өршіп кеткен. Біз мұнымен қайда барамыз? Қалалық ІІБ, жергілікті прокуратураның әрекетсіздігінен қылмыскерлер қылмыс жасаудан қорықпай, өздерінің жауапсыздығын сезініп, небір сұмдық әрекеттерге бара беретін болды. Жасөспірімдер қылмысы да аз емес. ІІБ мен прокуратура қызметкерлері профилактикалық жұмыстарды өз деңгейінде жүргізбегеннен кейін жасөспірімдер қала аумағын бірнеше мөлтекауданға бөліп, топ-топ болып, бір-бірімен жантүршігерлік төбелестерге баратын болған. Бұл дегеніміз, құзырлы органдардың жас болашағымызды тәрбиелеуге және оларды дұрыс жолға салуға бағыттаған шараларының нәтижесіз болғанын көрсетпей ме? Демек, олардың жоғарыда аталған қылмыстардың алдын алуға, болдырмауға және күресуге қатысты жасаған жұмыстары өз деңгейінде емес. Бұл – құзырлы органның қос басшысының (ІІБ бастығы мен прокурордың) қызметкерлер арасында жұмысты қажетті деңгейде ұйымдастыра алмағанының бірден-бір дәлелі.

Ең сорақысы, біз мұндай қылмыстарға төзуге болмайтынын Түркістан қаласының прокуроры Махат Зұлпыхаровқа айтайық деп арнайы алдына барғанымызда, ол бізді қабылдамай қойды, сөзімізді тыңдағысы да келмеді. Тіпті, прокурордың орынбасары Бақытжан Түлеев «Алматыдан журналистер келіп тұр» деп алдына кірсе де, кіруімізге рұқсат бермеді.
Енді ойлаңызшы, журналистердің өзі алдына кіре алмай тұрса, қарапайым халық үшін прокурормен кездесу алынбас қамалдай болмай ма? Тұрғындармен тіл табыса алмаса, журналистермен сөйлесе алмаса, онда ол несіне прокурор болып отыр?! Халық тарапынан Мұхит Зиятбекұлына қойылатын сұрақ көп. Тіпті, біз прокурордың орынбасары Бақытжан Тастанбекұлына қағаз жүзінде бірнеше сұрақ жазып, тастап кеткен болатынбыз. Алайда, екі айдан бері ол сұрақтарға да жауап берілген жоқ.

ҚР «БАҚ» туралы Заңының 20-бабында журналист құқықтары анық көрсетілген. Онда былай делінген: «Журналист ақпаратты іздестіруді жүзеге асыруға, сұратуға, алуға және таратуға, сондай-ақ, мемлекеттік органдарға, барлық меншік нысандарындағы ұйымдарға баруына және өзінің қызмет бабындағы міндеттерін жүзеге асыруға байланысты лауазымды адамдардың қабылдауында болуға және дыбыс-бейне техникасын, фототүсіру құралдарын пайдалана отырып, жазба жұмыстарын жүргізуге құқылы. Сонымен қатар, журналистік куәлігін көрсету арқылы табиғат апаттары болған аудандарда, митингілер мен демонстрацияларда болуға, құжаттар мен материалдардың мемлекеттік құпия саналатын мәліметтері бар үзінділерін қоспағанда, олармен танысуға рұқсат алуға толық құқылы». Осы заңның 25-бабында «Журналистің заңды кәсіптік қызметіне кедергі жасау ҚР заңдарында белгіленген жауаптылыққа әкеп соғады» делінген. Ендеше заңды қадағалаушы органның қаладағы басшысы неліктен мәліметті дер уақытында беруден қашқақтайды? Бұл оның жауапсыздығы ма, әлде заңды білмеуі, белден басуы ма? Түркістан қаласының прокуроры қоғамға зиянын тигізіп, халықтың дер кезінде шынайы ақпарат алуына кедерге келтіріп отыр. Енді мұны Сізге айтпағанда, кімге айтамыз?..

Журналистердің ақпарат алуға, таратуға қатысты жұмыстары заңмен толық негізделген. Кез келген қызмет бабындағы басшы осы қоғамның азаматы, елінің перзенті ретінде журналистер сауалына уақытында жауап беруі тиіс емес пе? Қайта ол қолынан келгенше, ой-өрісінің жеткенінше, қойылған сұрақтарға жауап беруі керек қой. Демек, ол екі ауыз сөздің басын құрап, мәдениетті түрде сөйлей алмайтындығын көрсетіп отыр. Бұдан кейін оның кәсіби біліктілігіне күмәнданбай қайтеміз?.. Сондықтан бұл прокурорға «екі» деген баға қоюыңызды сұраймыз. Себебі, ол тұрғындармен тиімді жұмыс істей алмай отыр. Өкініштісі сол, кейде органға үздіктер емес, іскерлік қабілеті төмен, тек өз пайдасын ойлайтын кездейсоқ адамдар кіріп кетіп жатады. Осының кесірінен прокуратураға адамдар сенуден қалады.

Жақып Қажыманұлы! Сізден үлкен өтініш! Түркістандағы қылмыстық ахуалды ретке келтіруге ықпал етсеңіз екен. Бұған бір шара қолдануыңызды сұраймыз. Сосын, әсіресе, Түркістан секілді киелі қалаға, рухани астанаға қолынан іс келетін, қалаға шын жанашыр бола алатын, тұрғындардың арызын тыңдап, «уақытым жоқ!» демей, өзін сол арыз берушінің орнына қоя алатын (Біреу өзін солай қорласа жақсы көре ме?), нағыз елім дейтін прокурор тағайындасаңыз екен. Бұл жергілікті халықтың Сізге берген өтініш-аманаты! Халықтың арман-тілегі орындалады деп сенеміз!

Ізгі ниетпен, Серік ЖҰМАБАЕВ, 
журналист